Дипломдық ЖҰмыс мамандығы Қостанай, 2022


Дипломдық жұмыстың құрылымы



бет6/7
Дата02.03.2022
өлшемі72,89 Kb.
#134089
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Диплом Б.Момышулы теориясы.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.


1 Б.Момышұлының әдеби көркем туындыларының теориялық негіздері
1.1 Қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.


Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады.
Жасында Жамбыл қаласындағы интернатта тәрбиеленіп, сондағы орта мемтепті бітіргеннен кейін бірнеше жыл бойына өз ауданында, Қазақстанның астанасы Алматы қаласында, мекеме қызметінде болады.
1936 жылы Бауыржан Момышұлы Совет Армиясының қатарына шақырылады. Содан бергі 15 жыл ішінде ол қатардағы солдаттан гвардия полковнигі дәрежесіне шейін өсті.
1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады[2].
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» (1947, 1960, 1962, 1988; қазақ тілінде «Арпалыс» 1948, 1959, 1977, ауддарған Қ. Сағындықов) атты кітабында суреттеліп, жан­жақты жазылды. Бауыржан Момышұлының өміріне арналған Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-дилогиясы жарық көрді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды[3].
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді[4].
Бауыржан Момышұлы – соңғы панфиловшы. 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста үш мәрте қоршауда қалған. Соғысты Бауыржан полковник лауазымында, 9 гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі ретінде аяқтады. 1990 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы (қайтыс болғаннан кейін) беріледі.
1073-гвардиялық атқыштар полкінің 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының майоры Бауыржан Момышұлының әскери мінездемесі:
«1910 жылы туылған, ұлты қазақ, әлеуметтік жағдайы бойынша – қызметкер. Жалпы білімі – орта, әскери білімі – бір жылдық. Қызыл армияда 1932 жылдан 1934 жыл аралығында және 1936 жылдан күні бүгінге дейін. Майдандағы армияда 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап.
Жолдас Б.Момышұлы 8-гвардиялық дивизиясында оның құрылғанынан бастап қызмет атқарады. Ол каһарлы соғыс мектебінен өткен ажал көзіне бірнеше рет қараған, әр ұлт жауынгерін жеңіске жету мақсатында тәрбиелеген ержүрек командир.
1941 жылдың қазанында Мәскеу үшін шайқаста Б.Момышұлы басқарған батальон жаумен аянбай шайқасып, оған елеулі соққы көрсетті.
Жеке құрамы батыс майданында орналасқан 1073-полк командирі Момышұлымен бірге жау шабуылы мен нақты пәрменділігіне төтеп беріп отырды. Басқа дивизиялармен бірлесіп, Мәскеу түбінде неміс басқыншыларының талқандалуына жол ашты.
1942 жылдың қыс, көктем мезгілдерінде Калининский майданында қалың қар қыс, қатты аяз, жолсыздық, содан соң көктемгі лайсаң мен батпақты жер жағдайларында гвардиялық атқыштар полкінің қарқынды шабуылдары нәтижесінде мыңдаған неміс солдаттары мен офицерлерін, көптеген танктер мен автомашиналарын және басқа да әскери техниканың көзін жойып, ондаған ауылдар мен қыстақтарды босатты.
Дивизияның көпшілікке танымал ерліктері оның гвардиялық атануы, Жауынгерлік Қызыл Ту және Ленин ордендерімен марапатталуы майор Момышұлы басқаратын 1073 атқыштар полкінің жауынгерлік жетістіктерімен байланысты[5].
Майор Момышұлы – қазақ елінің даңқты ұлы, Кеңес одағының тағдыры сынға түскен қиын кезеңде қолындағы қаруымен ел намысын қорғаған. Өз елінің үздік өкілі, айбынды жауынгер үкімет наградасына ұсынылады».
Көзі тірісінде–ақ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы үлгі тұтар батыр бабаларымыздың бірі болып қала беретіндігі айқын.
Бауыржанның ұлы Бақытжан Момышұлы өз сөзін: «Мен үшін әкем басқаларға да сияқты ержүрек жауынгер, танымал жазушы, заманауи адам, ең бастысы жақын адамым болып қалады. Ал, немерелерінің есінде ол гүрілді зор дауысы бар тікенек сақалды қайырымды ата ретіне қала бермек. Әкем халықпен бірге жүрсең жалғыз қалмайсың деуші еді. Мен осы сөзді баршаңызға бағыштаймын, ел аман, жұрт тыныш болсын» деп түйіндеді.
1956 жылы отставкаға шыққанға дейін Бауыржанның Совет Армиясы қатарында болғаны белгілі. Ол Ар­мия қатарында жүріп, ара-кідік өлеңдер жазған. Сол азын-аулақ өлеңдерінен-ақ Бауыржанның ақын жанды адам екені, туған елін, советтік Отанын, дос-жаран адамдарын ақын жанымен жақсы көретіні, айнала дүниеге, әсіресе туған жер табиғатына ақын көзімен қарайтыны, ақын жүрегімен тебіренетіні анық байқалды. Әйткенмен әдебиет саласында жазушының өндіріп қызмет еткен кезі соғыс біткеннен кейінгі жылдар. Мұнда ол қаруды тастап, қаламды қолына алған болатын.

Әр қазақ үшін қасиетті осы қара шаңырақта батыр Бауыржанның, дана Бауыржанның, қамқор ата һәм қатал әке Бауыржанның рухы қалықтап жүргендей, бөлменің ішін өзінің айбын-айбарына толтырып жібергендей сезімге бөлендім. Бір ғажап, таза, асқақ рухпен тыныстадым. Баукең университетінің толық курсынан өткен, бүгінгі таңдағы Момышұлдары әулетінің отағасы мен отанасы, Баукеңнің бел баласы Бақытжан аға мен Алланың рахымы түсіп сүйікті келіні болу бақытын иемденген Зейнеп апайдың сырлы әңгімесіне сусындадым.


Сұрапыл соғыс кезінде және одан кейінгі ондаған жылдарда бар қазақтың намыс қайрағындай мақтанышы болып, елі мәңгі сүйсініп айта жүрер Ерліктің ерен жырын жасындай ойнатып, дауылдай сапырған Бауыржан батырдың жұлдызы туған елінің көгінде мәңгі жарқырап тұра бермек. “Мой Бауырджан” деп Алаштың тағы бір ардақты азаматы Олжас Сүлейменов айтқандай, көкбайрақты қазақ жұртында әркімнің кеудесін күмбірлеткен өз Бауыржаны бар. Себебі, көзі тірісінде, орда бұзар отыздан асар-аспасында-ақ ерлігі мен өрлігі, ерендігі мен өрендігі аңызға айналып үлгерген Баукең – жалпы ұлттық дәрежедегі қаһарман. Ол тұтас халықтың бөліп-жармайтын ортақ әрі әрбір қазақтың жүрегіндегі кіршік түсірмейтін аяулы сезімі сияқты меншіктеген өз Бауыржаны болуға лайықты ұлылық тұғырына көтерілген тұлға. Уақыттың мәңгілік, бақилық кеңістігінде оған пендешілік шаңы жұқпайды. Қала берді, Бауыржан бүкіләлемдік, күлліғаламдық күрделі де сирек құбылыстардың санатына қосылады.
Құдайға мың қайтара шүкір-тәубе деп айтайық, осындай асылдан қалған тұяқ, батырдан тараған ұрпақ барына. Бұл да болса халқымыздың бір көз қуанышы, көңілдегі жұбанышы болар. Тәңірдің қазаққа ырымдап тартқан бұл да бір сыйы шығар. Тек осы сыйдың қадіріне жете білсек болғаны. Баукеңнің өз сөзімен айтқанда, нөмір екінші Момышұлы, Бақытжан аға қазақтың қабырғалы қаламгері, ойы – дана, жаны таза жақұт жан. Бүгінге дейін әке рухына арнап үш кітап жазды. Мейірі қана сүйген немересі Ержанды да Баукең еркелете нөмір үшінші Момышұлы деп атайтын. Қазір ол бір институттың дыңдай оқытушысы. Баукеңнің шөберелері, нөмір төртінші және бесінші Момышұлдары – Нұрсұлтан мен Мадияр өз әулеттерін, атақты батыр аталарын мақтан тұтып, Зейнеп әжесінің әдемі тәрбиесімен өсіп келеді[38].
Өзі шексіз қарапайым болса да Бақытжан ағадан әке тағылымын мол байқар едіңіз. Сырттай емес, ішкі мәдениетінен, ой-өресінен, дүниені қабылдап тануынан, жан қатпарларының тереңіндегі көзге шалына бермес тұсынан. Ал, Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова, қазақтың келіні қандай болуы керектігінің үлгісіне айналған Зейнеп апай кезінде бетіне жан қаратпаған айбынды атасы туралы “Шуақты күндер” атты тамаша кітап жазып, айды аспанға бір шығарғанын ел біледі. Әлемге әйгілі әзиз әке рухын ардақтай білген, арыстан атаның аруағын асыра түскен, перзенттік парызға адалдықты сақтай білген бір әулет болса, осы Момышұлдарындай болсын. Халқымыз үшін тәу етер әулие орнындай қастерлі қара шаңырақтың шырақшыларындай Бақытжан аға мен Зейнеп апайдың біз тыңдаған әңгімесі көкірегі зерек көпшілік қауымды да бей-жай қалдырмас.
Б.Момышұлы: Әкеммен бір әңгімелесіп отырғанда айтып еді: “Я приговорен к славе, а ты обречен быть сыном” деп. Осы сөздің мәнісін кейін түсіндім. Қазір алпыстың жетеуіне аяқ бастым. Өзім де әкемін, атамын. Бірақ мен ең алдымен Бауыржан Момышұлының баласымын. 90-ға, 100-ге келсем де, бәрібір Бауыржанның баласы болып қала беремін. Жұрт осы үйге Бақытжан деп емес, Баукеңнің баласы, Баукеңнің қара шаңырағы деп келеді. Міне, осы маған үлкен бақыт. “Үй-орман Бауыржан Момышұлыныкі, мен пәтерақысын төлеуші ғанамын” дейтінім әзіл де болса, шындыққа жақын болатыны да сондықтан.
Алпысыншы жылдар-ау деймін, әкем Совминнің таудағы демалыс үйінде Үндістанның кемеңгер жазушысы Рабиндранат Тагордың мерей тойына арнап баяндама жазып жатты. Үйде баяндамаға қажетті бір қағаздары қалып қойған екен, мен соларды апарып бердім. Барсам, бөлменің іші көк түтін, барлық жер толған кітап. “20 минуттық баяндамаға бола осыншама кітап жинағаныңыз не?” деп мен күлдім. “Дурак! – деді әкем сонда маған. – Осы баяндаманы көп қиналмай жаза салуыма да болар еді. Бірақ өйтсем мені Тагордың аруағы кешірер ме еді? Мен Тагордың терең ойын, даналық әлемін, жалпы тынысын кеңірек біле түссем деймін. Болмаса, Тагормен жаңа танысып отырған жоқпын. Оның философиясы көп реттерде біздің қазақтың даналығымен үйлеседі”. Әкемнің бұл айтқандары дәл сол арада зердеме жетті ме, жетпеді ме, білмеймін, әйтеуір, келесі сәтте ол менің қалайда сытылып кетуге асығып отырғанымды байқап қалды. “Сен менен қашақтама, – деді сосын, – қашып көр! Бірақ, қандай жолмен, қалай қашсаң да менен құтыла алмайсың, мен алдыңнан шыға беремін”. Бұл сөздің де мәнісін кейін, өте кеш түсіндім. Ақтөбеге барсақ та, Қарағандыға, Павлодарға, Шымкентке барсақ та[39] – қайда барсақ та әкеміз алдымыздан шығады. Мәскеуге барсақ та сол. Не портреті, не кітабы, не сыйлас жолдастары, әкеміздің рухы, шапағаты – әйтеуір аруағы жебеп алдымыздан шығады да тұрады. Бір ғажап нәрсе.
Көзі тірісінде, 70 жылдығының қарсаңында тәуекелге бел байлап, әкем туралы бес-алты мақала жаздым да, оларды “Огни Алатау”, “Лениншіл жас”, “Жетісу”, “Вечерняя Алма-Ата” сияқты газеттерде жариялаттым. Неге десеңіз, өзі туралы жан сырымды, пікірімді көзі тірісінде білсін деп ойладым. Ішінде өкініш кетпесін, мені бала кездегі анау-мынауды кешірмеді деп ойламасын дедім. Көзі жұмылған соң 100 кітап жазсам да – әкеме не пайда. Біреулер “тірі әкесіне ода жазып мұнысы несі? Өзін-өзі жарнамалау ғой” деп ұнатпады. Әкем болса, “Мүмкін, жазғаны дұрыс та болар, өзінің бір ойы бар шығар” депті де қойыпты.
Бір жолы: “Бір кіндіктен жалғызбын. Осы жалғыздықтың қинайтын түрі бар” деп мұң шаққаным есімде. Әкем сонда: “Балам, халықпен бірге болсаң, жалғыздық көрмейсің. Халықтың жолымен жүрсең адаспайсың” деген еді. Осы айтқаны да әулиедей келді де тұрды.
Әкем қайтыс болған соң ішімнен күйзеле жабырқап, сағынып, қатты қиналып, қолға қалам ұстай алмай бірсыпыра уақыт жүрдім. Сосын өзіме-өзім келіп, “Восхождение к отцу” деген кітап жазып шықтым. Жақсылықты қалай ұмытайын, тура әкемнің туған күні, 1986 жылдың 24 желтоқсанында ақиық азамат, марқұм Сейдахмет Бердіқұлов “Жалын” баспасынан “Сүйінші данасын алып кет” деп телефон соғып еді. Әрине, ол кітапты “восхождение” деп есептемеймін. Бәлкім, әке танудағы бірінші баспалдақ болар.
Мұның алдында, кітап өндірісте жатқанда әкемнің майдандас досы Дмитрий Федорович Снегин телефон соққан. “Бақытжан, мен саған өкпелімін!”. “Дядя Митя, неге ренжідіңіз, не боп қалды?”. “Өкпелегенім, бұл қолжазбаны мен баспадан емес, сенің өз қолыңнан алуым керек еді, – сосын сәл үндемей қалды да, – Ал қуанғаным... Балам, әке туралы осылай жазу керек” деді. Сонда мен жылап жібердім. Мен үшін өте бір үлкен баға осы болды. Әкеге арнаған екінші кітабым “Во имя отца”, үшіншісі “Сыновья великого волка” деп аталды.
Халық пен қоғамға әкеміз туралы кішкентай болса да жаңа ой қосу мақсатымен жазып едім бұл кітаптарды. Өзімше тапқан соқпағым: философиялық арна, рухани жағынан келдім, көзбен көргендерімді жүрек сүзгісінен өткіздім. Бірақ әлі қорытындыға жеткен жоқпын. Өйткені, оның сүрген өмірі мен қалдырған мұрасы – сарқылмас тақырып. Әке туралы, жалпы, жақын адам туралы жазу өте қиын. Әрі әкем ту сыртымнан, иығымның үстінен бақылап, бағып тұрғандай, бағыттап, жүректің құбыланамасын түртетіндей. Құдды қатал редактор сияқты, әй, мына жерің дұрыс емес, мына жерде кішкене төмендеп кеттің, мынаны түзе, өтірік айтпа, өзіңнің ойыңды жазуға құқың бар, бірақ өтірік айтуға сенің ешқандай хақың жоқ деп талап ететіндей. Міне, бұл жастайдан санаға сіңген әке тағылымы болар.
Тағылым демекші, бала кезімде әрбір каникул сайын әкем плацкарт вагонға салып Жуалыға жіберетін, барғым келмей жылағаныма қарамайтын. Барғасын бәрін ұмы­тып, балалармен ойнап кетемін. Қошқар, тана, қозы, лақ. Ауылдың тыныс-тіршілігі. Қазір соны кәрі жеңгелерім қоймай айтып: “Қозылардың арасында рахаттанып ұйықтап қалатынсың” деп күледі. Кейін сол үшін әкеме алғыс айтқаным бар. Әкем сонда: “Сені Қара теңізге де, Қырымға да жіберуге шамам жететін. Бірақ та тамырың үзілмесін, ата-бабаңның кіндік қаны тамған топырағына аунасын, Жуалының желіне кеудесін тосып, жан сарайың ашылсын, ана тіліңнің қадір-қасиеті құлағыңа сіңсін, туған-туысқаныңнан алыстап кетпесін, қаланың тасбауыр мінезі бойыңа сіңбесін деп мен сені ауылға жіберетінмін” деген еді. Әкем мақсатына жетті. Қазіргі аз да болса қазақы қалпым, қазақша психологиям, ұлттық рухым үшін де әкеме қарыздармын.
З.Ахметова: Онысы рас. Кейін Ержанымызды қазақша оқыттық. Кеңес өкіметінің кезі ғой, талай жолдастарымыз: “Ойбай, бұларың не? Кейін оқуға түсе алмай қалады ғой, дұрыс қызмет істемейді ғой” деп жік-жапар болды. Сонда Бәкеңнің айтқаны ғой: қызмет істемесе істемесін, қазақ болсын деп. Бұл да Атаның бір аманаты сияқты[40].
Ал енді, Ата көзінің тірісінде-ақ аңыз болып, бүкіл әлемге атағы жайылған, алты алаштың ардағына айналған ұлы тұлға. Сондықтан, әрдайым халық назары қалт еткізбей бағатын бұл шаңырақты ұстаудың өзі өте қиын. Қиын дегенде, жауапкершілік. Қай заманда да атақты адамдардың қайғысы мен бақыты қатар жүреді емес пе. Ата – алды қатты кісі болатын. Ол түсінікті. Атаның мінезі жібектей есіліп тұратын еді десек, ел өзі де күлетін шығар. Қандай қыз болмасын тағдыр жазуымен басқа босағаны аттап, бір үйге келін болатынын біледі. Сөйткен қыздың біреуі едім мен де. Бірақ енді дәл Ата сынды арыстанның апанына түсіп кетем деп ойлаған жоқпын ғой. Ата-анамның рухына бас ием. Осы арыстан Атаның бүкіл ойлы-қырлы, қалыпқа сыймайтын мінезіне төзе білгендігім сол өз ата-анамнан алған қазақы тәрбиенің нәтижесі деп ойлаймын.
Туған енем бір жыл бұрын қайтыс болыпты. Мен Бәкеңнің туған анасының әпкесінің, былайша айтқанда, нағашы апасының қолына келін болып түстім. Сондай бір асыл адам еді. Енемнің де, анамның да орнын сол кісі жоқтатпады. Қайынбикесі ғой Атаның. Бақытжанды да кішкентай кезінде баққан сол кісі.
Ол кезде Атаның басқа отбасы бар, бөлек тұрады екен. Кейін атамызбен отасқан апай қайтыс болғанда өзінің өтінішімен біз Атаның қолына көшіп келетін болдық. Бақытжан: “Кішкене кезімде болмаса, кейін әкеммен бірге тұрып көрген жоқпын. Енді, жасым отызға келгенде басым онымен бір жерге сыймайды” деп әуелде біраз шалқайды. Сонан кейін мен айттым: “Айналып кетейін, бармасаң бармай-ақ қой, мына Ержанды алам да, атам үйіне өзім барамын. Осы кезге дейінгі әкеңмен араларыңдағы қарым-қатынаста шаруам жоқ. Бірақ ендігі жерде сын маған қалады, ұяты маған келеді. Мен атамды күтуім керек”. Енді, біз кетеміз деп тұрған соң Бәкең қайда барады?
Бұл 1972 жыл. Сонымен, әкеміздің, атамыздың қолына көшіп келдік. Алғашқы жыл, бір жағынан өте ауыр, қиын жыл, екінші жағынан, әке мен баланың, немеренің бір шаңырақтың астында, бір дастарханның басында бастары біріккен жыл болды. Соншалықты бір бақытты жылдар, өкінішке қарай, тез өте шыққан қанатты жылдар болды.
Атаға келін болу Жаратқан иемнің, тағдырымның маған тартқан ғажайып сыйы әрі зілбатпан жауапкершілік еді. Сонда бар-жоғы 25 жаста болатынмын. Әрине, Тәңірім ерекше жаратқан алып тұлға, табиғаты айрықша жанның бабын табу маған оңайға түскен жоқ. Бірақ сол қиындығына қарамай Атаның алдында мен өте үлкен университеттен өттім. Әрбір сөзінің, әрбір қимылының астарын ұғуға тырыстым. Атаның мінез қырларын ұғуға, түсінуге, өзімше ой қорытуға тырысып отырдым. Кішкене кезімнен күнделік жазуға әуестенген адам, соның өзін күнделікке ақырын түртпектеп түсіре жүріп, ол кейін Ата жайындағы “Шуақты күндер” кітабына айналды. Амандық болса, осы кітаптың бір кезде цензурадан өтпей қалып қойған қомақты бөлігі жеке кітап болып бөлек шығады.
Кейін Атаның айқайына да зар боп қалдық қой. Атаның айқайын да сағынатын халге жеттік. Кейде тіпті Атаға іштей ренжіген кезімде, ішімдегі запыранды күнделікке төгіп тастаған жерлерім де жоқ емес. Оны жасырып қайтейін. Бірақ соның өзінен де Атаның талай ұлылығын, кемеңгерлігін білдік. Мысалы, Ата кенет үстелді тарс еткізіп ұрып: “Көзіме тура қара! Көзіме тура қарап сөйле! Мен кісінің көзіне тура қарамасам, ойын оқи алмаймын, көзін жасыратын адаммен сөйлескім келмейді!” – деп айғайлайтын. Құдай сақтай көр, Атаның көзіне тура қарау деген, енді, лаулаған өртке түсіп кетумен бірдей ғой. Бірақ сол Ата: ойыңды ашық айт, алдыңда қазулы көр тұрса да ақиқатын сөйле, жалтақтап бас име! – дейтін. Мінеки, өстіп жүріп айтатұғын жерде айтып тастау, айтпаса сөздің атасы өледі дегенді ұстану маған сол Атадан жұқты. Бәкеңнің кейде “Қазақ келінге “Енесінің топырағынан” дейді. Осы сен “Атаның топырағынан” емессің бе?” деп әзілдеп күлетіні бар[41].
Ата шежіре еді. Әлі күнге дейін Атаның айтқандары, үйреткендері Темірқазықтай алға сүйреп келеді. Қарапайым ғана нәрседен әңгіме басталып, сөз өрбіп кетеді де, әрі қарай тереңдей береді, дами береді. Телефонда сөйлесу мәдениетін білмейтін бейтаныс біреудің қоңырауынан кейін Ата әуелі қатты ашуланып, содан кейін маған қазақ халқындағы сәлемдесу дәстүрі, сәлемнің сан алуан түрі жайында қанша күн бойы әңгімелеп беріп еді. Сол әңгіме жаңағы кітапта “Сөз анасы – сәлем” деген үлкен тарау болып кетіп бара жатыр. Арасында аяқ астынан сұрау қойып, сенің ойыңды білетіні болушы еді. Арасында бір нәрселерге көңілі толмай қалады. Қуанып қалады, ренжіп қалады дегендей... “Бар жоғал!” деп қуып шыққан кездері де болды. Бір керемет ұлылығы, Ата өзі кінәлі болғанда бала-екеш баладан да кешірім сұрауға еш арланбайтын.
Айтылуы тиіс бір жағдай бар. Келін болып келген алғашқы кезде әкесі мен баласының ара қатынасына ешбір түсінбейтінмін. Таң қалатынмын. Бұл қалай? Әке мен бала. Бірін бірі көрмей-ақ айлап, жылдап жүре береді. Анда-санда көре қалған кезде бірде олай, бірде былай. Шекісіп қалады, қайтадан ілезде татуласады. Өзім куә болған, маған қатты әсер еткен бір оқиға мынадай. Бұрынырақта Бақытжан бірінші операциядан өтіп, ауруханадан шығар уақытта Ата аяғына салмақ түсірмей сүйеніп шықсын деп таяқ әкеліп беріпті. Содан бірнеше жылдан кейін жасалған операция өте ауыр болды. Бұл жолы Ата балдақ әкелді. Сонда Бақытжан “Біріншіде таяқ әкелдің. Екінші ретте балдақ әкелдің. Енді үшінші ретінде табыт әкелетін шығарсың” деді. Ата қап-қара боп түтігіп, теріс айналып шығып кетті. Шығып бара жатқанда иығы селкілдеді. Жыламайтын адам болса да көзінен жас шыққанын білдім. Атаның отбасы бөлек болатын. Содан кейін сен әкеңе неге сондай қатты сөз айттың деп Бәкеңе ренжідім.
Бақытжан көбінесе нағашыларының қолында өскен. Нағашылары сонау Қаз дауысты Қазыбектен бермен тарайтын Қарқаралы, Егіндібұлақтың қаракесектері. Ата сыртта жүрді. Атаның өміріне серік болған біраз апалар болды. Бұл – ол кісінің тағдыры. Бақытжанның әке алақанын, мейірін көп көрмегені білініп тұрды. Қазір құдайға тәубе қылып, іштей мақтаныш та етемін. Алла-ай, сол алты-жеті жылда үш Момышұлының басын біріктіріп, қиындыққа қарамай түсіністік табуына менің де кішкене септігім тиді-ау деп тебіренемін. Анам марқұм айтушы еді: он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады деп. Сол сөз рас екен. Енді қазір қарап тұрсақ, мына Бәкең әкесі туралы үш кітап жазды. Өзгелер айтпаған, өзгелер байқамаған қырынан келді. Соның біреуі Мәскеуде жылдың таңдаулы кітабы деп танылды. Құдайдың құдіреті, бұл Бақытжан текті атаның баласы екенін білгізді. Он жылға кетті, күнде таң азаннан тұрып, әкесіне, ата-баба аруақтарына бағыштап құран оқиды. Күнделік жазады, соны күнде “Бисмиллә ир-раһман ир-рахим” деп бастайды. Осының өзі де Ата рухының әмірі сияқты[32].
Жоғарыда айтқанға орайлас тағы бір оқиға. Біз бірге тұрған алғашқы жылы аяғындағы соғыста алған жара ашылып, Ата жүре алмай, төсекте жатып қалды. “Титімдей жараға бола үкіметтің тегін тамағын ішетін жайым жоқ” деп ауруханаға жатуға көнбеді. Дәрігерлер амалсыз ем-домын күнара үйге келіп жасайтын болды. Үнемі шалқасынан жатып шаршайды, кітап оқи беруге көзі жарамайды, бірдеңе жазайын десе, тағы жаза алмайды. Одан бұрын Бақытжан ағаң жамбас сүйегіне бес рет операция жасатқан ғой. Бәкең гипсте жатқан кезде жиһаз фабрикасында істейтін інім бір қызық үстел жасап берген. Алдыңғы сирақтары қысқа, артқылары ұзындау, төсектің үстінен кигізіп кеп қалғанда, тура парта сияқты, жатқан адамның кеудесіне келе кетеді. “Сондайды қайтадан Атаға неге жасатпасқа?” деп ойладым да, осы ойымды дереу ініме айттым. Інім Атаның дәл туған күні, 1973 жылғы 24 желтоқсанда үстелді жасап, жалтыратып алып келді. Ата алғашында оның не екенін түсінбеді. Менің інім Камалды Ата жақсы көріп: “Камал паша” деп атайтын. “Ау, Камал паша, мынауың не?” дейді. “Ата, қазір көресіз” деп інім үстелді төсегіне кигізе қойды. Сосын мен басындағы жастығын сәл биіктетіп едім, ой, тура балаша қуанды. Керемет! Тұратын кезде алға қарай сырғыта салады. Арыстандай ақыратын Момышұлы балаша қуанды дегенге біреу сеніп, біреу сенбес. Ештеңеге шағынбайтын, қабырғасы қайысып, жамбасы тесілсе де қиналғанын білдірмей жатқан қайсар адамның осы бір болмашы нәрсеге риясыз қуанғанын көрсеңіз. Ал енді тынбай жазсын келіп, ал енді қағаздарын ақтарсын! Ой, бір рахаттанғаны-ай! Атаның осылай қуанып, мәз болып жатқан үстіне Бәкең келіп: “Пах, пах! Журналистер мынаны көрсе, Момышұлы орнынан тұра алмай жатып та жұмыс істейді деп, тағы бір ерлігіңе куә болып мақала жазар еді. Мен ғой бір жыл жаттым гипсте тасқа бөленіп. Сонда мына бейшараға қиын болды-ау деп тым құрса халімді сұраған біреуі болмады ғой” деп күлді. Ата осыған аяқ астынан қатты ашуланып, баласын “Пошел вон, дурак!” деп қуып шықты. “Пожалуйста” деп шығып бара жатыр еді: “Тоқта, балбес!” деп айғай салып қайырып алды да: “Сен қашаннан бері өзіңе садақа тілейтін бұралқы итке айналғансың?! Елге еткен қай бір еңбегіңді бағаламады деп міндет қылып тұрсың сен!” деп ақырды[33].
Ата осы ауыр сөздерді айтып тастады. Осы кезде Бақытжанның көзіне жас толып кетті. Қатты қиналды. Сәлден соң айтты: “Папа, кешір! Ойланбай сөйлеп, жаныңды жаралап, сызат түсірсем, кешір! – деді, – мен бөтен емеспін, өзің айтқандай, сенің черновигіңмін ғой. Жығылып-сүрінсем де, жердің қаттылығын сезіп, өмір сүруді өзіңнен үйреніп келе жатырмын ғой. Кешір, папа, егер артық айтсам”.
Ақыр соңында әке мен бала көңілдегі кірді жуып, татуласып кеткен. Өйткені, Атаның жүрегі қатты да, жұмсақ та емес, ұлы жүрек болатын.
Б.Момышұлы: Үкімет батыр атағын бермесе де, халық әкемізді батырым, қаһарманым деп ардақ тұтқаны белгілі. Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет, генералдыққа төрт рет ұсынылған екен. Бірақ соның бәрінде шовинистік саясаттың кесірінен өтпей қалған. Димекең де екі рет қатты кіріскенде Қорғаныс министрі Гречко “Через мой труп” депті дейді. Ал екінші жолы тікелей Брежневке өтініш жасағанда: “Димаш, тарихты қайта қарамай-ақ қояйық” деген жауап алыпты.
Қ.Аманжол: Бақытжан аға, рұқсат болса осы арада ертеректе өз аузыңыздан естіген бір жайтты еске салғым келеді. Дінмұхамед Қонаевтың Баукең басына құран оқыта келгенде айтқан мына бір әңгімесі сіздің жаңағы пікіріңізді қуаттай түскендей.
Димекең кезекті бюро өткізіп, серіктерімен шығып келе жатса, дәлізде Баукең жолығады. Сонда Бюро мүшелерін тоқтатып, Баукең: “Димаш, – дейді Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Лященконы нұсқап, – вот с ним я вместе учился в военной академии. Тогда он был троечником, я был отличником. Сейчас я полковник, а он – генерал-полковник. Честь имею!”. Осылай депті де Баукең бұрылып жүре беріпті.
Баукең академияда сабақ беріп жүрген кезінде кейін маршал, Қорғаныс министрі болған А.А.Гречко “Бауыржан Момышұлы лекцияны жақсы оқиды, бәрі жақсы-ау, тек акценті бар” деп сынап соқтыға беріпті. Бір рет тиісіпті. Екі рет. Үш рет. Сонда Баукең Гречконы орыстың тұздықты сөзімен әдемілеп сыбап салады. “Қанеки, осы сөздерімде акцент бар ма?” деп сұрады дейді сосын Баукең. Болашақ министр қып-қызыл боп кетіпті. Осыған қарағанда Баукеңе Батыр атағын беру туралы ұсыныстардың Мәскеуден неге өтпегендігіне таңдануға да болмайды-ау[34].
Б.Момышұлы: Міне, осы тасқамалды бұзған адам – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Ол кісі біздің әулет үшін, әкеміздің аруағы алдында үлкен екі ерлік жасады. Әуелі Нұрекең жарты ғасыр бойы сонау Кремльдің қоршауында жатқан әкеміздің жұлдызын жұлып алды деуге болады. Сонда 1990 жылдың желтоқсанында әкемізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілуімен құттықтаған жеделхатында Нұрсұлтан Әбішұлы сондай бір жақсы тілек, жылы лебізін айтып, “Баукең жұлдыз алған күн – халықтың жұлдызы жанған күн” деген әдемі қанатты сөзбен мәтелдей түйіндеген екен. Расында да содан көп ұзамай еліміз тәуелсіздік алып, халқымыздың жұлдызы жанды ғой. Сол жұлдыз Азаттығымыздың жолбасшысындай болды. Әкеміз “Әділеттілік жеңеді, бірақ кешігіп жүреді” деп өзінің және туған халқының тағдырларын қатар меңзеп айтқандай.
Келесі жылға қалдырмай, 31 желтоқсанда Жоғарғы Кеңесте әкемнің Алтын Жұлдызын маған тапсырғанда: “Нұреке, тілек халықтыкі еді, еңбек сіздікі болды” деп Нұрсұлтан Әбішұлына риясыз алғысымды білдірген болатынмын.
Нұрекеңнің екінші ерлігі – Ресейдің қақ төрінде, сонау Мәскеу түбіндегі Волоколамск қаласында, генерал Панфиловпен қатар әкеміздің ескерткіш-бюстін орнатуы. Жеңістің 60 жылдығымен орайласқан ашылу салтанатына Зейнеп тәтең екеуміз қатыстық. Ескерткішті Елбасы өзі ашты, ғажап сөз сөйледі. Сол жолғы тебіреністі қуаныш үстінде Нұрекеңнің қасыма келіп қолымды алып: “Бақытжан, мені де, сені де, елді де Баукеңнің аруағы қолдай жүрсін” дегені де естен кетпес өнеге емес пе. Иншалла, Алла жар болсын Нұрекеңе! [35]
Сонда Волоколамскіден Мәскеуге қайтып келе жатқан жолда орманға бұрылып, бір дорбаға толтырып топырақ салғызып алдым. Бұл, енді, мамыр айы. Алматыға келген соң, әкеміздің қайтыс болған күні 10 маусым, сол күні күллі отбасымызбен Кеңсайға барып, әуелі өзім құран оқып, тәтең ақ байлап, “Әке, бір кездегі ортақ Отан болған, өзің кеудеңді тосып жаудан қорғаған жерден топырақ әкелдім. Ол да қазақтың талай боздағының қаны төгілген, шейіт болған, майдандас достарың, жауынгерлерің жатқан жер. Ол жер де бізге бөтен емес. Риза бол” деп жаңағы топырақты қабіріне қостым.
З. Ахметова: Атаның өзінің бір сөзі бар: “Сексен мен жүздігімді ұрпақ атар, – Тарихтың түкпірінен сөз келгенде” дейді. Құдайдың құдіреті, 90-ды айтпаған ол кісі 80 мен 100-ді айтқан. 80-нінде мемлекеттік дәрежеде үлкен той болды. Атаның Жұлдызы келді. Бүкіл халық тойлады. 90 жылдығы облыста, ол да жақсы өтті. 95 жылдығында біз өзіміз Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен үлкен ас бердік. Ал енді, міне, Атаның 100 жылдығы келе жатыр. 100 жыл – бір ғасыр. Үлкен бір белес. Ендеше, бұл бір толайым қорытынды болуы керек.
Осы арада Атаның архивіне, мұрасына қатысты бірер сөз. Бізбен біраз жыл бірге тұрып, содан қайтадан үйленіп, бөлек кетер кезінде Ата бүкіл архивінің кілтін маған беріп еді. “Балам, құдайға аманат, саған аманат” деп еді. Бес-алты жылда архивін бір рет те сұратқан жоқ, сол маған сенім артқан күйі Ата өмірден өтті. Ата қайтыс болғаннан кейін көзімнің жасын көл етіп жылап отырып, шелпек пісіріп, құран оқытып, Атаның архивін: “бисмиллә” деп ашып сонда көріп едім бірінші рет. Қазір кейбір баспалардың, заңды мұрагері Бақытжан Момышұлы бар бола тұра, рұқсат алып алдынан өтпестен Атаның кітаптарын шығара салуына, кейбір газеттердің бір жайларды анық-қанығына жетпей жүрдім-бардым жаза салуына қарағанда, біз бір Атаның архивіне, мұрасына қатысы жоқ, шетте жүрген қаймана қазақ сияқты болып бара жатқандаймыз. Әрине, шындығында олай емес[36].
Атаның аманат-архивін, барлық мұрасын, хатқа түскен түгел қазына-дүниесін бір жерге жинақтап, көп томдық етіп шығару көптен бергі арман еді. Бақытжан екеуміздің тілек-қалауымыз бойынша осы игі іске мұрындық болған танымал үлкен ғалым, Атаның жанашыры әрі жақын інісі Мекең аға (Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, сондағы Бауыржантану орталығының жетекшісі Мекемтас Мырзахметовті айтады – Қ.А.). арқылы айтылған өтініш-ұсынысты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов азаматтықпен қолдап, қаржы бөлгізіп, қазіргі әкім Бөрібай Жексембин әрі қарай дамыта жалғастырып, қазірде Тараздағы ғылыми орталықта Атаның 30 томдығын әзірлеу жөніндегі жұмыс бірыңғайланып қалды. Мұндағы материалдың 70-80 пайызын Атаның үйдегі аманат-архивінен өзім рет-ретімен жүйелеп дайындап беріп отырдым. Жақында Республика Парламентінде Атаның 100 жылдығын ЮНЕСКО шеңберіндегі халықаралық деңгейде өткізу және мына 30 томдық мұрасын мемлекеттік тапсырыс есебінен шығару жөнінде депутаттық сауал жолданғанын естіп қуанып қалдық. Енді Ата мұрасын бір жерге жинақтау жөніндегі арманымыздың орындаларына сеніміміз мол.
Ата сияқты ел ардақтысын құрметтеу орайындағы көңілге кірбің түсіретін ұсақ-түйек түйткілдердің бәрін тізбелей бермей-ақ қояйық. Бәрі орнына келер. Әйткенмен, 100 жылдық мерейтой ұлы тұлғаға сай лайығымен өткені дұрыс. Жоспарлы шаралардың ішінде, Алматыда бола ма, туған жері Жуалыда бола ма, республикалық мәрте­бедегі мұражай бой көтерсе, өзі өмірден өткен 26 жылдан бері көзімнің қарашығындай сақтап отырған Атаға қатысты дүниелердің бәрін табыс етіп, әрқайсысының тарихын жеке-жеке жазып, бәрін әдемілеп орны-орнына қойып берер едім. Алматыда Атаның ескерткіші орнатылса, Атаның атында офицерлерге арналған орден белгіленсе, жаңағы Атаның 30 томдығының ішінен ойып, келген қонақтарға тартатын сыйкәделік даналар шығарылса, халқымыз үшін, жас ұрпақ үшін Ата тойының ғибрат-тағылымдары молырақ болса деген осындай-осындай тілектеріміз бар.
Иә, Баукеңнің өмірі - қаһармандық үлгісі, ұлттық намыстың қайрағы. Баукең мұрасы - ұлт рухының ұлы оқулығы. Баукең университетінен өткен әрбір адам халқына, ұлтына неғұрлым жақындай түседі, еліне деген перзенттік махаббаты арта түседі. Сөнген жұлдыздардың жарығы миллиондаған жылдарға жетеді екен. Туған халқы үшін, кейінгі толқын ұрпақтары үшін қазақтың бас батыры Бауыржан өнегесі таусылмақ емес. Ендеше, Баукеңнің алдағы жүз жылдық асуы да Алаш айбынын, мәртебесін асыра түсері сөзсіз. Сонымен, Жер планетасына 2010 жыл - Бауыржан Момышұлының жұлдызды жылы таяп келеді. Қапы қалмайық, ағайын. Баукеңнің биігінен табыла білейік.
"Бiздiң мақсатымыз - ата-бабамыздың ғасырлар бойы өмiрiнiң тiрегi болып келген рухани құндылықтарын жас буынға насихаттау. Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұралар - тiл, дiл, тарих, дәстүрiмiздiң үзiлмеуiне атсалысу.Оған мұрагер болу" деп атап өттi.
Елiмiздiң болашағы жастар болғандықтан бiздiң тәуелсiз мемлекетiмiзге берерiмiз көп.
Жастық шақ-адам өмiрiнiң ең маңызды, ең қымбат кезеңi, ең биiк шыңы. Адамның бүкiл өмiрi, оның осы жастық кезеңiне тiкелей тәуелдi. Әсiресе, жастық шақ адамның тарихи ерлiктер жасайтын, ақылы мен парасатының, санасы мен ой-өрiсiнiң толысып, жетiлген, күш-қуатының артқан кезеңi. Немiстiң ұлы ақыны И.Гете: "Адам өмiрiнiң биiк шыңы - жастық" десе, ал қазақ халқының қаһарман батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: "Жиырма жас-тарихи ерлiктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әзiр болу керек",- деп айтқан болатын.
Бауыржан Момышұлы: "Бiрiншiден, бесiк жырын айтатын келiндердiң азайып бара жатқанынан қорқамын, екiншiден, немерелерiне ертегi айтып бере алмайтын әжелердiң көбейiп бара жатқанынан қорқамын, үшiншiден, дәстүрдi сыйламайтын балалардың өсiп келе жатқанынан қорқамын. Өйткенi, бесiк жырын естiп, ертегi тыңдап, дәстүрдi бойына сiңiрiп өспеген баланың көкiрек көзi көр бола ма деп қорқамын, көрдiң қолына мылтық берсең ата салады, теңге берсең ала салады, пышақ берсе сұға салады, намыстанбай бұға салады" деген.
Қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының аса күрделі өмір жолы Елбасындағы ірі тарихи кезеңдермен тұспа-тұс келеді. Өткен XX ғасырдың басында, атап айтқанда – 1928 жылдан бастап үнемі ат үстінде сапар шегіп, бұрынғы КСРО, қала берді одан тыс алыс елдерді аралап, көзімен көріп қайтты. Шығысы — сонау Қиыр Шығыспен, батысы – Америка континентіндегі Куба мемлекетімен, оңтүстігі — Термез, солтүстігі — мүк басқан, азулы азынаған аязды, бет қаратпайтын боранды терістіктің кең алқабын аралап қайтқаны белгілі.
1932 жылы алғашқы әскери дайындықты Өзбекстанның Термез қаласында өткен Б.Момышұлының әскери өмір жолы осы жерден бастау алған болатын. 1933-1936 жылдары кіші командирлер құрамын дайындайтын курсты да сонда тамамдап, ішкі командир санатында іріктелген арнайы топтың құрамында әскер қатарына шақырылған. Кеңес Қызыл Армиясының қатарына командир ретінде шақырылған алғашқы қазақтардың бірі. Мұнан кейін ол тұрақты әскер қатарына біржолата қалып, ғұмырының 25 жылында, яғни 1955 жылға дейін Қызыл Армия құрамында әртүрлі шенде құрама командирінен дивизия командиріне дейінгі дәрежеге жетті.
1936 жылы Қиыр Шығыстағы шекаралық әскери құрамы артиллериялық взводының командирі дәрежесіне көтеріліп, өзі қызмет еткен полктің ат спорты командасының капитаны, әрі жаттықтырушысы міндетін қоса атқарған.
Қиыр Шығыста әскери қызметін өтеп жүрген Б.Момышүлы әскердегі адал, әрі шынайы қызметі үшін армия құрамындағы ат спорты жарысының жеңімпазы ретінде маршал В. Блюхердің қолынан марапат алды. Ол тұста бүкіл КСРО әскери құрамында бес маршал ғана болғаны анық. Бауыржан Момышұлы сол бес маршалдың біреуі В. Блюхердің қолынан арнайы марапат алған.
Момышұлы 1941 жылдың басынан Қазақ КСР-і әскери комиссариатында аға нұсқаушы қызметін атқарып жүрген кезінде — еріктілердің бірі ретінде батальон командирі дәрежесінде 316 атқыштар дивизиясының құрамында Ұлы Отан соғысына – майданға аттанды.
1942 жылы И. Панфиловтан кейінгі сегізінші атқыштар дивизиясының командирі генерал И.Чистяковпен тізе қоса қан майданды бірге кешті.
Бауыржан Момышұлының қаһарман командир ретіндегі атақ-даңқы, әсіресе, фашистер КСРО астанасы — Москваны басып алу үшін барлық қарулы күштерінің негізгі тобын шұғыл шоғырландырып, Волоколам, Старая Русса — Холм бағыттарында жанталаса ұмтылған кезеңде 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың алғашқы айларында бүкіл елімізге әйгілі болды. Сол кездерден бастап барлық Кеңес баспасөзі қазақ халқынан шыққан қайтпас, қайсар қолбасшы туралы тоқтаусыз жазатын еді.
Б. Момышұлы 1955 жылы әскер қатарынан толық босағаннан кейін жазушылық жолға түсіп, өзінің әскери мемуарлық шығармаларын жазуға кірісті. Жазушылықпен айналысып қана қоймай, Жазушылар Одағының қоғамдық өміріне етене араласып, әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырып, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовпен бірлесе отырып, үнді жазушылары мен Қазақстан жазушылары арасында шығармашылық көпір салып, сол қоғамдық ұйымды басқарды.
Жазушының 1941 жылы жазыла бастаған "Ұшқан ұя" шығармасы 1946 жылы баспаға ұсынылды және 1960 жылдардың аяғында жазушы Т.Иманбековтің аудармасымен қазақ оқырмандарына толықтай таныс болды. Оның бұл шығармасы негізінен аяқталмаған. Кейбір зерттеу деректеріне сүйенсек, бұл шығарма үш кітаптан тұруға тиіс екен.
Куба саяхаты жазушының өміріндегі ең зерделі сапары болып есептелінеді. 1959 жылы Куба революциясы жеңіске жетіп, Америка континентіндегі алғашқы социалистік мемлекет ретінде қалыптасып жатқан тұста Б.Момышұлы Куба мемлекетінің басшысы Ф.Кастроның арнайы шақыртуымен бір айға жуық сол елді аралап қайтып, өзінің "Куба әсерлері" деген атпен сапарнамалық шығар
Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембиннің қолдауымен Бауыржантану ғылыми орталығы батыр Баукеңнің 30 томдығын бірден жарыққа шығармақшы[41].
Көзінің тірісінде-ақ өмірі аңызға айналған халқымыздың қаһарман перзенттерінің бірі Бауыржан Момышұлы туралы әлі толық айтылып та, жазылып та біткен жоқ. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Жамбыл облысына орнығып, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі аталғалы бері атқарған көптеген сүбелі еңбектерінің бірін, міне, осы батыр мұрағатындағы сарғайған құжаттарды жинақтап, көптомдық әзірлеуге байланысты жасап жатыр десек, артық айтқандық емес.
Бұл үшін ғалым алдымен университет қабырғасынан Бауыржантану ғылыми орталығын ашты. Әлбетте, оны ұйымдастыру, қаржыландыру көзін заңдастыру деген істің басында облыстың бұрынғы әкімі, әдебиет пен өнердің жанашыры Серік Үмбетов тұр. Ұлтымыздың ерлігі мен өрлігі, елдігі мен кеңдігі хақындағы батыр ойларынан тұратын рухани қазынаны халықтың көзайым қуанышына айналдыру деген осы ұлықты істің тізгінін бүгінде Бөрібай Жексембин бекем қолға алып, ғылыми орталықтың іздеу, табу, оқу, бір ізге түсіру деген сияқты инемен құдық қазғандай істерін мүлт жібермей қадағалап отыр. Адамның пендешіліктен биік азаматтық тұлғасы елдік мәні бар осындай рухани істерге мұрындық болған кезде бұрынғыдан да зорайып көрінеді.
Көптомдық деген, әрине, айтқанға ғана оңай. Ал бұл том-том кітаптарға не енеді, ол қандай мұрағаттардан алынды, оның ішінде ұлттық рухани байлығымызды шын мәнінде қанағаттандыратын тарихи құнды дүниелер бар ма деген сауалдардың әр санада қылаң берері де сөзсіз.
Ғылыми-зерттеу орталығының тағы бір елеулі жұмысы – Бауыржан Момышұлына арналған тұлғалық көлемді энциклопедияның сөзтізбесін (екі мыңнан астам мақаланың аттары) жасап, ғалымдар мен ақын, жазушыларға ұсынуды ұйғарып отыр. Осы ретте, ғалымдар мен қаламгерлер ұрпақ игілігі үшін қолға алынған ортақ іске барынша атсалысады деп күтілуде. Өйткені, энциклопедияны даярлаудың аса қиын, күрделі тұсы әскери, соғыс терминдері болып тұр. Сондықтан еліміздің әскери саласындағы мамандардың қолұшына да зәруміз. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери өмір шындығы мен ғылыми-теориялық танымдар, тың ойлар, жаңаша пікірлер Баукең қолжазбаларында молынан ұшырасады. Осы деректер көзін кең түрде терең, жан-жақты энциклопедия­лық тілмен жазып ұғындыру тек қана әскери мамандардың қолынан келеді. Сонымен бірге, Баукеңнің кісілік келбетін кеңірек ашып көрсетуге жауынгер жазушының көп саланы қамтыған 2000-нан астам фотосуреттері қоса берілетін фотоальбомы да көпшілік назарына ұсынылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет