ІІ тарау МЕМЛЕКЕТТЕГІ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ МӘСЕЛЕСІ АҚПАРАТ КӨЗДЕРІНДЕ
1.1. Еліміздегі денсаулық мәселесі баспасөз беттерінде «Адамның мінез-құлқын жетілдіретін әрекеттер оның өз денесін жетілдіру үшін жасайтын әрекеттеріне ұқсайды. Адам денесінің жетілуі – денсаулығы: егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек. Денсаулыққа белгілі бір мөлшерде сақтанудың арқасында ғана жететін болғандықтан: мөлшермен ішіп-жесең – денің сау болатыны, мөлшермен еңбек етсең – күш қосылатыны сияқты, жақсы мінез-құлық мөлшерлі әрекеттер арқылы келеді»-дейді данышпан Әл-Фараби. Ал А.Шопенгауэр «Денсаулықтың өмірдің қалған барлық игілігінен артықтығы сол – дені-құрсағы сау жаралы ауру корольден анағұрлым бақытты. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Қазір дүние жүзінде медицинаның ерен жетістігі жайында жиі айтылады. Сонымен бірге тез айығып кетуі ауыр соғатын созылмалы және емделуі қиынға түсетін сырқат түрлері көбейіп кеткен сияқты.
Адамзат ғасырлар тоғысында денсаулық сақтауда зор табыстарға қол жеткізді. Қазір Жер шарында адамдардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен алғанда 68 жас болып тұр, жекелеген дамыған елдердің көпшілігінде бұл деңгей едәуір көтеріліп, 80 жасқа қадам басты. Ал енді дүние жүзіндегі адамдардың 40 пайызы мекендейтін дамушы мемлекеттерде адамдардың өмір сүру деңгейі әлі де болса 60 жасқа жете қойған жоқ. Көрсеткіш әралуан, оның себебі де әрқилы. Енді мәселенің қойылуы да жаңа көзқарастар туғызуда. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары индустриялық қоғамның қарыштап дамуы әлемге көп өзгерістер әкеліп, адамдардың мінез-құлқына тосын нәрселердің сіңісе бастауына қатты әсер етті. Модернизация мен урбанизацияның салдары бар және технологиялық жетістіктерге жіпсіз байлану секілді тұрмыс-тіршілікте адамдардың бір орнында бас алмай, ұзақ уақыт отырып жұмыс істеу дағдысы бой көтерді. Жасына қарамастан, кісілердің жүріп-тұруы сирексіді, тамақтану кестесі бұзылды, темекі шегу жаппай етек алып, адам жүйкесіне залалын тигізетін азық-түліктерді тұтыну және экологияның күрт нашарлауы салдарынан адамдардың жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, тыныс жолдары органдарының демікпе сырқаттарына шалдығуы жиілей түскені еш жасырын емес. Әлемнің медик-ғалымдары мұндай ауру түрлерінің кең етек алуының түпкі себеп-салдарын әр елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен деп зерттеу қорытындысын жасап отыр. Бұл, әрине, түпкі бір себебі болса, адамдар өз денсаулығын үнемі қадағалап отырса, өз тағдыры өз қолында екенін және аңғартады. Өркениетті елдер өз тәжірибесінде бұл бағыттың дұрыс екенін талай мәрте дәлелдеп келеді. Құрт ауруы секілді әртүрлі дертке ұрындыратын сырқат түрлерінің алдын алу, сақтандыру шараларын пәрменді ету мақсатты бағдарламаға арқау болса, сол қоғам сөзсіз сауығады. – Мәселен, бұл санатқа қай мемлекеттерді жатқызуға болады? Оның Қазақстандағы шешімі қалай болып жатыр? – Қазір Финляндия, Швеция, Норвегия, АҚШ, Жапония сияқты мемлекеттерде адамдардың орташа өмір сүру жасы 80-ге жетті. Бұл — зор табыс. Әлем ғалымдары осы елдердің медицина саласындағы қол жеткізген тәжірибесіне сүйене келе, дүние жүзінде қоғамдық денсаулық сақтаудың басым бағыттарына таңдау жасап отыр. Атап айтқанда, индустриялық қоғамнан ақпаратты қоғамға өту кезеңінде адамдар өз денсаулықтары үшін жауапкершілікті өздеріне көбірек алады да, мемлекет адамдардың денсаулығы үшін қажетті әлеуметтік жағдайларды ғана жасайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының “ХХІ ғасырда баршаның денсаулық жетістіктері саясатының негіздері” (1999 ж.) деп аталатын құжатында адам денсаулығын жақсарту стратегиясы салауатты өмір салтын қалыптастыру ісі және сырқаттың алдын алу бағдарламасы баға жеткісіз құндылықтар деп жазылған. Және осы қағидаттарға иек артуды ұсынады. Біздің елде бұл мәселе мемлекеттік тұрғыдан оң шешілуде. Елбасы Н.Назарбаев халық денсаулығын жақсарту ісінде қамқорлық пен берік ұстанымын әрдайым байқатуда. Халықтың саулығы мемлекет үшін еш нәрсеге айырбасталмайды деген міндетті жан-жақты ұқтырады. 1997 жылы 3 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ұлттық орталық құрылды. Мұндай мақсаткерлікпен құрылған мекеме ТМД-да ғана емес, Еуропаның бірқатар елдерінде әлі күнге дейін жоқ.
Мемлекет басшысы жаңа орталықтың алдына бірнеше мақсат қойды. Біріншіден, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша ұлттық саясат бағдарламасын әзірлеу қажет болды. Бұл тың іске мүдделі министрліктер мен мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекші өкілдері қатысып, белгіленген шешімдерді байсалдылықпен талқылап, оны жүзеге асыруға белсене атсалысты. Екіншіден, халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі білімі мен хабардарлығын арттыру күн тәртібіне шықты. Үшіншіден, бұл мақсатқа байланысты атқарылған жұмыстарды ғылыми тұрғыдан саралау және мониторинг жүргізу қолға алынды. Қазір мұның бәрі іс жүзіне асырылуда.
Алғаш рет Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде адамдардың ауырмауы, олар сырқаттана қалса, дер кезінде сауықтыру мәселесі бойынша жасалған мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін беруде. Кез келген жаңа істің бастауында әлбетте қиындықтар болмай тұрмайды. Халықтың денсаулығын жақсартуға себі тиетін мұндай қоғамдық іске білек сыбанып кіріскеніміз рас. Ең әуелі салауатты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік мүдде тұрғысынан тиянақталып, оның құрылымдарын аяғынан тік тұрғызуға В.Девятко, С.Сейдуманов секілді білікті ғалым мамандардың бірге іс атқарды/2/. Біз 1998 жылы Елбасының тапсырмасымен бұл мәселе бойынша республикалық бағдарлама әзірленді. Оған еліміздің айтулы ғалым-дәрігерлері, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының сарапшылары мен кеңесшілері де шақырылды. Кешенді бағдарламада 2010 жылға дейін халықтың денсаулығын жақсарту және қоғамның бұл мәселедегі бағыт-бағдарын жаңа мазмұндық сипатта шешу көзделді.
Біз Елбасының бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, үлкен саяси ерік-жігермен туған халқының денсаулығы мықты, күшті болуы үшін қатты қадағалап тапсырған мәселесін тереңінен түсінгеніміз де ақиқат. Жалпы, әр адам өз денсаулығына өзі қарауы керек. Әрі бір де бір ел азаматы дәрігер назарынан тыс қалмауы да ерекше нәрсе. Алайда бұл ұлттық саясат болып көрініс тапқан тұста ресми құжаттардың қабылдануы, оны жүзеге асыру тетіктерінің жан-жақты болуы жаңа арнаға тез бетбұрыс жасады. Бұл мәселе Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Стратегиялық дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады және ол биылғы Жолдауда жалғасын тауып отыр. Елбасының Жарлығымен 1998 жылы Халықтың денсаулығы туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды /3/. Бюджеттен қаржыландыру жолға қойылған соң ұлттық әлеуметтік саясат қоғамның саулығын көрсететін айна іспеттес мәнін одан әрі арттыра түсті. Бұл салада бәрін де саралап, негізгі бағыттардың жүзеге асуына жәрдемдесетін жаңа қызметтің құрылымы және оның қызметкерлері аз шығын жұмсап, адам денсаулығына тигізетін ықпалы мен ешқандай ақшамен өлшенбейтін пайда әкелудің қайнар бұлағы болды. Жыл сайын дүние жүзінде туберкулезге, темекі шегуге, нашақорлыққа және АҚТ/ЖҚТБ дертіне қарсы адамзат болып жұмылып күресудің күндері белгіленген. Біз бұл ортақ мақсатқа сәйкес жанды жұмыстардың арқау жібін үзбей, әрдайым жалғастырар жолын республика деңгейінде ойдағыдай атқаруда. Ана мен баланы қорғау, отбасының жылуын сақтау секілді ұлттық деңгейде көтерілген міндеттердің баянды болуы біздің еліміздің тарихи дәстүріне де, қазіргі өміріне де тән. Қазақстанда жұмыс істейтін барлық халықаралық қоғамдық ұйымдар да адам өміріне қауіп төндіретін сырқат атаулының алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы әртүрлі инвестициялық жобаларға атсалысып, бұл медициналық істің жүйелі атқарылуына үлесін қосып келеді. Бір ғана дерек келтіре кетейік.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметін қолға алған алғашқы үш жылдың өзінде 3 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға қол жеткізілді.
Бұл ең әуелі озық халықаралық технологияны енгізуге тиісінше мүмкіндік берді. Елбасының Жарлығымен 2002 жыл мемлекетіміз бойынша Денсаулық жылы болып жарияланып, жылдың бір күнінде дене тәрбиесімен белсене айналысудың мемлекеттік фестивалін өткізген тұста Астана уақытымен 11.00 сағатта бір мезгілде 4,5 млн. қазақстандық жаттығу алаңына шықты. Бұл — бұрын-соңды болмаған оқиға. Осы көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Келесі жылы елімізге арнайы сапармен келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Ли мырза Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ұлттық орталыққа бас сұғып, оның жұмысымен танысқаннан кейін мынадай шешім қабылдады: Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы бұл орталықтың базасы негізінде Орталық Азия мемлекеттерімен байланыс жасаудың үйлестірушісі ретінде танылды /4/.
Адам денсаулығына қорған болатын бұл ұлттық саясатты жүзеге асыруға медициналық мекемелердің тартылуы қандай деңгейде болды? Жалпы, бұл өмірде әрбір адам жыл сайын дәрігерге өздігінен қаралып тұруы керек. Бірақ өмірде олай бола бермейді. Бәз-баяғы енжарлықтың салдарынан тек әлдеқандай сырқаттың белгісі білініп, жиі мазасын алған кезде ғана біздің ағайындар дәрігерге қарай құстай ұшады. Оған дейін осы бір енжарлық дағды болып қалыптасқанындай, дәрігерге көрінуден бойын аулақ салып жүретінін жасыруға болмайды. Сондықтан да салауатты өмір салтын қалыптастыру бала бақшадан, мектептен басталуы керек дейміз. Соңғы жылдарда атқарылған жұмыстың зерттеу қорытындысы бойынша 1998 жылғы көрсеткішпен салыстырып қарайтын болсақ, мектеп оқушыларының басым көпшілігі денсаулық мәселесі негізінен жеке бастың гигиеналық тазалығынан басталатынын жақсы білетіні толық байқалды.
Осы мерзім аралығында салауатты өмір салтын насихаттаудың нәтижесінде темекі шегушілердің қатары 14 пайызға төмендеді, ал арақ-шараппен әуестенушілердің саны 15 пайызға кеміді. Еліміздегі оқу орындарына валеология пәні енгізіліп, әр сағат сайын қазір 45 мың оқушы мен студент дәріс алады. Бұл ретте осы пәннің оқулығын әзірлеген профессорлар Л.З.Тель, Е.Л.Дамитов және медицина ғылымдарының кандидаты А.Әділхановтың еңбегін атап айтуымыз жөн болады.
Өмірінде дәрігерлерге қаралмаған адамдардың болуы мүмкін бе? Мүмкін. Ұлттық орталықтың бөлімшелері барлық облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында, аудандарда тұрақты жұмыс істейді. Сұрау салудың мына бір дерегіне назар аударайықшы. Сонда көрсетілгеніндей, адамдардың 20 пайызға жуығы денсаулығын тексеру үшін дәрігерге еш уақытта қаралмаған екен. Тек 63,8 пайызы соңғы он екі айдың ішінде ғана дәрігерге барып көрінген. Соңғы жылдары нақты әдістемелік насихаттың нәтижесінде адамдардың дәрігерге сақтық шаралары тұрғысында қаралу деңгейі әжептәуір өсті. Бір қызығы, дәрігерге көрінуге келгенде әйелдердің белсенділігі өте жоғары. Қалада тұратын әйелдердің 85 пайызы дәрігерлерге тұрақты қаралуды жөн санайды. Ауру түрлерін жіктеп айтатын болсақ, жұқпалы аурулардың етек алуынан дәрігерге барып көрінушілердің үлесі едәуір. Түйіндеп айтқанда, сұрау салуға қатысқан адамдардың 63,5 пайызы дәрігерге қаралғаннан кейін салауатты өмір салтын қалыптастыруға біржолата бет бұрған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Тағы да дерекке жүгінейік. Дәрігерге алдын ала қаралған балалардың саны бұрын 1,5 миллион болса, 2002 жылы олардың саны 4,4 миллионға жетті. Ауылда тұратын ересек адамдардың өз денсаулығын күтуге деген ынтасы күрт өзгерді. Мәселен, 2002 жылы 4,1 миллион адам дәрігерге қаралған.
Ал 2006 жылы олардың қатары біршама азайғанмен, адамдардың денсаулық күтімі жақсара бастағанын байқататын факторларды да ескеруіміз керек. 15-49 жас аралығындағы әйелдер арасында 2005 жылы 1,6 миллион адам, ал 2006 жылы 4,1 миллион адам алдын ала медициналық тексеруден өтті /5/
Біз жоғарыда келтірген, ерекше тізімге енген ауыр сырқаттардың алдын алу үшін балалар мен ересектер арасында, әйелдер топтарында, сондай-ақ ана мен баланы қорғау жүйесі бойынша ақпараттық білім беру қызметін жүйелі жолға қойдық деп толық айтуға болады. Әрине, түрлі аурулардың салдары әлеуметтік, гигиеналық, сондай-ақ тұрмысы төмен адамдардың ортасында көбірек байқалатынын жасыруға болмайды. Кейбір кісілердің тапқан нәпақасы ақылы қызмет көрсететін дәрігерге қаралуға жетпейтін болуы да мүмкін. Алайда мынаны ұмытпайық: мемлекет адамдарға тегін медициналық қызмет көрсетуге айрықша назар аударып отырған кезеңде әрбір адам осы қамқорлықтың не үшін жасалатынын, денсаулығының мықты болуын қадағалау қажет екенін терең түсінгені абзал. Ешкімді де итермелеп дәрігерге апара алмассың. Бірақ қоғам үшін әрбір адамның денсаулығы қымбат. Адамдар жақсы тынығып, спортпен айналысып, қимыл-қозғалысты жиілете түсуі өздері үшін алтыннан да қымбат денсаулық қамы деп айтып жатудың өзі артық. Әншейінде бай адамдардың ғана денсаулығы жақсы болады, ал кедейлердің өмірі мұнар тартып тұрады деп түсіну бекершілік. Ауру айтып келмейді. Артық тамақ ішсең де зиян, таңдау мен талғамның өзара бірлігін әрбір адам білуі тиіс. Экологиялық жағынан таза азық-түлікті тұтыну жөніндегі мәселенің мәнісі басқа. Қоғамның саулығы үшін барша адамның денсаулығын сақтаудың осындай мемлекеттік іс-шаралары жан-жақты қолға алынуы өз нәтижесін береді. Сол үшін де өткен жылы Үкіметтің шешімімен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жан-жақты қадам жасау шаралары жөніндегі жоспар бекітіліп, қазір ол барлық өңірде жүзеге асырылуда.
Таяудағы үш жылдың өзінде елімізде 100 аурухана салыну мәселесі де қойылып отыр. Бұл — үлкен тірліктің бастауы. Әрине, 100 аурухана салумен түйінді, қордаланып қалған мәселенің бәрін шешіп тастай алмаспыз.
Бірақ жаңа, сәулетті ауруханалардың іске қосылуы медициналық қызметтің сапасына, әсіресе, алыс ауылдарда тұратын адамдардың денсаулығын сақтауға тигізетін әсері өте көп. Дертті ерте анықтау мен одан сақтандыру жөніндегі жоғары технологиялық орталықтардың құрылуы жоғары сапалық ақпараттық технологиялар жүйесін дамытып, соның ішінде науқастардың ұлттық электрондық медициналық картотекасын жасау арқылы жәрдемдесу барлық атқару органдарының күнбе-күнгі міндетіне айналғанын ескерсек, біз бұл ретте көп ілгері қадам басамыз. Әлеуметтік өміріміздің басқа салаларына қарағанда медицинада реформалық өзгерістер көп жасалмаған болып көрінуі мүмкін. Шындығы солай ма? Солай екені рас. Енді мемлекет медицина саласына қажетті қаржыны тауып беріп отырса, дәрігерлердің кәсіби деңгейін көтеру міндетінің салмағы да аз емес. Онсыз да ақ желеңді абзал жандар туралы “ақша алмаса, аттап баспайды”, “бас дәрігердің бәрі байып кетті” деген сыңайда көп мін тағылып, сын айтылып жүргенін білеміз, естиміз. Меніңше, мемлекет қаржысын ұрлап, жымқырмай, орын-орнымен мақсатты жұмсаса, ауруханалар сүреңсіз болып тұрмас еді ғой. Қалай болғанда да дәрігерлер бұдан былай озық технологияны игеру үшін заман талабына сай ізденіс жасамайынша, өз кәсібін адал атқарды деу өте қиынға соғатын болады. Мәселенің екі жағы бар. Медицина ғылымын өркендету дегенде, осы салада қызмет етіп жүргендердің орта жасы 46-да екенін ескерсек, ол да ойландырмай қоймайды. Сондықтан медицина саласына жастарды көбірек тартып, олардың ауылдық жерге барып қызмет етуі – мемлекеттік мәселе. Жастарды тәрбиелеп, олардың жолын ашу да аға буынның парызы. Күндердің күнінде отбасылық медицина өмірімізге жаппай енетін кез де болады. Медицина саласында реформа жүргізу дегеннің өзі адамдар сұранысына жауап табудан басталады. Жақсы дәрігер керек, озық технология керек, жағдай туғызу керек. Дәрігерлер арасында “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген қағида бар. Өміршең қағида. Адам ғұмыры табиғи қартаюдың жолынан өту керек қой. Қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастырудың түпкі тіні осы қағидаға темірқазық болып тұр. Бұл айтылған мәселелердің барлығы баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген тақырыптар.
Жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2006 жылдың 13 қаңтарындағы №210 нөмірінде «Бекзаттық» атты тақырыпта портреттік мақала жарияланған. Мақалада автор Шәмша Беркімбаева « Сонау ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар.»-екендігін атап көрсетеді. Оның бірі – адам тәрбиелеу, екіншісі – адам жанына араша түсу. Онсыз жер бетіндегі жұмырбасты пенделер жетімсіреп, рухы ортайып, қуаты азайып, тәні қартайып кеткен болар еді. Сондықтан да қай қоғамда да ұстаз бен дәрігерге қажеттілік жоғалуы мүмкін еместігі айтылады. Себебі бірі адам баласының тән саулығына, екіншісі жан саулығына еңбек етеді. Мақалада осыдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының 1050 түрлі емді қамтыған “Шипагерлік баян” атты ғылымнамалық ұлы еңбегінде: “Алланың адамзатын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті – тек қана мінсіз бітістік. Міне, бұл –тұлғалық, мүшелік бітістік. Тұлғалық бітісте кемістік болмаса, әрқандай мүшелерінде сырқаттық зақым қалдырған зардап болмаса, науқастық бейнет тартпаса, одан артық бақ қайдан болмақ”,– деген ұлағатты сөзін келтіреді. Содан бері медицина саласы қаншалықты алға жылжығанымен, адамзат дәрі-дәрмектің қанша түрін ойлап тапқанымен, денсаулық мәселесі өзектілігін жойған емес. Иә, дені саудың ғана малы түгел. Сондықтан, адам жанына дауа, тәніне шипа іздеп, ақ-пәк киініп қасымызда жүрген қасиетті мамандық иесін — дәрігерді дәругер деген дұрыс. Себебі ол – қай-қайсымызды болсын қорғайтын Алладан келген жауынгер, оққағар қалқанымыз, сырқатқа қарсы тұра алатын қарулы еріміз. Нағыз дәрігер қаншама адамның көңіліне шарапат сеуіп, өміріне шипанұр сыйлап жүр. Керісінше, оның жіберген қателігі орны толмас қасіретке әкелуі де мүмкін. Алматы дәрігерлерімен кездескенде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Инженер өз ісінен кемшілік жіберсе, кейін оны түзетуге мүмкіндігі бар. Ал дәрігердің қолында – адамның өмірі”,– деген болатын. Дәрігер деген Дара жұрттың ішінде адам үшін тәндауа іздеп түн қатқан, табиғатынан дәрігер болуға жаралған ақ халатты абзал жандар қаншама! Солардың бірі және бірегейі – Гүлзада Рахманбердіқызы Ізбасарова. Автор Гүлзаданы “Міне, қазақтың қызы, даланың қырмызы гүліндей биязы, Алатауындай тәкаппар, халқындай қарапайым, ұлтындай ұлық, аналарындай парасатты, аруларындай сұлу” деп таныстырған./9/ Бұл адамды бағалау деген сөз. Мақала иесі Шамша Беркімбаева кейіпкері туралы былай дейді: «Мен Гүлзаданы “Қазақтың дәрігер қызы”, деп таныстырар едім. Оның несі мақтаныш, екінің бірі дәрігер емес пе деуге де болар. Жоқ, Гүлзада – арашашы, қамқор, өз кәсібіне адал дәрігер. Ол – денсаулық сақтау ісін ұтымды ұйымдастыра алатын білікті басшы. Ғұлама Әл-Фараби бабамыз: “Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып екеуі біріккенде біз өз бойымыздан, әрі өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгілікті, қайырымды адам боламыз”,– деген екен. Осы қасиеттер Гүлзаданың бойынан табылатынын оны білетін адамдар жоққа шығара қоймас. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, “Құрмет” орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлзада Ізбасарова 1969 жылы Алматыдағы медицина институтын бітірген соң еңбек жолын №1 қалалық ауруханада қатардағы дәрігерліктен бастап, бас дәрігердің орынбасарына дейін өседі. Жас маман сол кездегі астанамыздың денсаулық сақтау жүйесінің ең қиын буыны болып есептелетін дәрігердің білімділігі мен біліктілігі, төзімділігі күнде сынға түсіп отыратын №4 және қалалық жедел жәрдем ауруханаларында тәжірибе жинақтайды. Тіпті тәжірибелі хирургтер қиын операцияларға реаниматолог- анестезиолог ретінде Гүлзаданың қатысуын қалайды екен. Сондықтан болар, жас дәрігерде көп нәрсені өзім де біледі екенмін ғой деген өзімшілдік мінез пайда бола бастайды.
Ол мынадай бір оқиғаны еске алады. Операция үстінде пышаққа түскен адамның қаны өзгеріп бара жатқанын көріп, бәрі әбігерге түседі. Сөйтсе, қанды реттеп тұрған аппараттың бір тетігі шығып кетіпті. Оны тауып, тез іске қосып үлгеріпті әйтеуір.
“Бұл маған үлкен сабақ болды,– дейді Гүлзада. – Біздің жұмыста ешнәрсеге ұсақ-түйек деп қарамау керек. Күнделікті істеп жүрген шаруа ғой дегендей тоқмейілсу болмау керек. Адам өмірін бірнеше секөнт шешуі мүмкін. Бұл менің дәрігерлік өмірімде ұстанған қағидам болды. Оны жас мамандарға да ескертіп отырамын”. Тағы бірде қыстың қақаған аязында далада жатып қалған маскүнем әйелді әкеледі. Ес жоқ, түс жоқ. Дене қызуы 34 градусқа дейін түсіп кеткен. Басқалар енді ештеңе істей алмаймыз, өте кеш, қояйық десе де, Гүлзада ем-домын жасап, түні бойы қасынан кетпейді. Әлгі әйел бірнеше сағаттан соң есін жиып, көзін аша салысымен бір жұтым арақ сұрапты. Иә, нағыз дәрігер алдына ғұлама келсе де, қаңғыбас келсе де емдеуге тиіс.»
Гүлзада Рахманбердіқызының бойындағы адамгершілік қасиеттер мен оның қабілеттілігін байқаған сала басшылары Үкімет құзырындағы ауруханаға бас дәрігердің орынбасары қызметіне ұсынады. Содан бері, міне, табаны күректей 24 жыл Г.Ізбасарова Қазақстан Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасында бас дәрігердің бірінші орынбасары қызметінде. Бұл, сөз жоқ, сыйлы орын, өз саласында жоғары лауазым. Алайда жауапкершілігі өте жоғары. Бұл мекеменің контингенті – ілтипат пен күтімге үйреніп қалған өмір бойы басшылық қызметте болғандар, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері. Мұнда да Гүлзада Рахманбердіқызы абыройлы қызмет етіп келеді. Білгір маман, беделді басшы, медицина ғылымдарының докторы Бекмахан Құралбаев басқаратын ұжымның толағай табысы бар десек, әрине, бас дәрігердің клиника жөніндегі орынбасарының да үлесі қомақты. /10/
«Егемен Қазақстан» газетінде журналист Бақтияр Тайжанның «Бірлеспеген білек әлсіз» атты мақаласы жарық көрді./13/ Алматыдан Шымкентке арнайы келген кәсіпкерлер ауру балаларға ел болып көмектесудің үлгісін көрсетті. ВИЧ жұқпалы ауруына байланысты көңілсіз оқиғалардың соңы бұрынғы анықталғандарымен шектелмей тұр. 28 қыркүйек күні олардың саны 69 балаға жетті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұқпалы аурумен күресу, алдын алу және ошағын жоюдың мүмкін болған барлық тетігін іске қосып жатыр. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық СПИД орталығы, БҰҰ жанындағы балалар қоры ЮНИСЕФ және екі халықаралық ұйымнан келген мамандар төрт топқа бөлініп, жан-жақты жұмыс жүргізуде. Шымкенттегі ащы оқиға – ол күнәсіз бүлдіршін, дәрменсіз ата-ананың ғана емес, мемлекеттің, халықтың жанына батқан үлкен қайғыға айналды. Қайғы бөліскенде ғана жеңілдейді десек, 29 қыркүйек күні Шымкентке Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кәсіпкерлік кеңесінің мүшесі Ержан Досмұхамедов бастаған бір топ қауым келді.
– Жауапсыздық, бейқамдық біздің ең бейкүнә, өзін-өзі қорғауға әлі дәрмені жетпейтін буынымызға атылған оқтай тиді, — деді ол. — Оларды індеттен арашалау үшін кәсіпкерлерге үндеу жариялағанбыз. 10-12 күнде 3 млн. теңгеге жетті. Оны осындағы арнаулы қорға аударамыз. Осы іске шетелдік кәсіпкерлерді де тартып жатырмыз. Бүгін бізбен бірге Американың алтын өңдіруші компаниясының президенті Брайян Севидж мырза да келді.
Ол Қазақстанда жұмыс істеп жатқан инвесторлар ішінен 1 млн. доллар қаржы бөлдіруге уәде беріп отыр. Жиында жазушы Дидар Амантай, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың бас директоры Ж.Асқарова, “Альянс-Полис” сақтандыру компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы С.Сейфуллин сөйлеп, сауапты істен өздерінің шет қала алмайтынын, көмектесуге қашанда әл-әзір екендіктерін жеткізді. Қазақстандағы шетелдік компаниялар арасынан 1 млн. АҚШ долларын жиып, қорға аударуды өз мойнына алған Брайян СПИД-тің бір ұлттың ғана емес, әлемдік проблема екендігін, онымен күрес үнемі жүріп отыратындығын әңгімеледі. Американдық профессор И.П.Коркан осындай індетке жол бергендерді қатал жауапқа тартқанымен, ақша жинаумен мәселе орнына келмейтінін айтты. Не істеу керек? Қазақстанда медициналық тың ізденістерімен танымал болған профессор сырқат жандарға көмегі тиіп жүрген өзінің ғылыми негіздегі жасуша клеткаларымен жұқпалы ауруға ұшыраған балаларды емдеуді ұсынды. Бұл балалардың бойындағы жұқпалы дертті алып тастауға мүмкіндігі жетпегенімен, өмірін ұзартуға себепші болады екен. Соңында қор төрағасы, ВИЧ инфекциясына ұшыраған бүлдіршіннің атасы сөз сұрады. Ол кейбір журналистердің жағдайды қалай түзеу мен ата-аналарға қалай кеңес берудің жолын мамандарды қатыстыра отырып іздестірудің орнына ВИЧ жұқпалы дерті төңірегінде жағымсыз әңгімелердің шоғын көсеп, елді үрейлендіріп жүргенін ашына айтты. Ақпарат құралдарының өркениетті елдердегі әріптестерінен үлгі алу жағын әңгімелеп, елге пәле тілеп емес, көмегі тиюі керек екендігін жеткізді. Бұл біздегі БАҚ-қа сабақ алатын жай.
Еліміздегі денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуі бойынша: елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын халық денсаулығының елеулі индикаторлары: күтіліп отырған өмір жасының ұзақтығы (бүгінгі таңда Қазақстан әлемде 96-шы орын алып отыр); ана мен бала өлімі (54-шы орын); туберкулездің бизнесті жүргізуге әсер туі (87-шы орын); АИТВ\ЖҚТБ-ның бизнеске әсер етуі (60-шы орын). 2016 жылы бала туудың артуы, халықтың жалпы өлім-жітімінің төмендеуі байқалып отыр, бұл табиғат өсім көрсеткішінің өсуіне әкелді. Орташа өмір жасының ұзақтығы артып отыр. Ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туған балаға шаққанда 45,0 құрады. Бала өлімі көрсеткіші 2016 жылы 1000 балаға шаққанда 15,1-ден 14,1-ге дейін төмендеді. ДДҰ-ның деректері бойынша Қазақстан туберкулезбен сырқаттанушылығы жоғары елдердің қатарына жатады. Бірақ соңғы жылдарда төмендеу үрдісі орын алып отыр. Республика халқының өлім-жітім себептерінің арасында қан айналымы жүйесінің аурулары бірінші орын алып отыр. Жыл сайын осы себептен 80 мың қазақстандық қайтыс болады. Тұтас алғанда, соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырамады. Саланың негізгі көрсеткіштері денсаулық сақтау жүйесінің қарқындылығы мен тиімділігін арттыру бойынша қосымша шаралар керектігін айғақтайды. Мемлекет басшысы тапсырмаларының маңыздылығы мен жауаптылығын түсіне отырып, денсаулық сақтау министрлігі саланы дамытудың мынадай басым міндеттерін айқындап отыр: денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін еңгізу; медициналық көмекке қол жетімділікті және оның сапасын арттыру; әлеуметтік елеулі аурулардың деңгейін төмендету; медициналық, фармацевтикалық білім мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру. Қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесі орталықтандырылған әкімшілік басқару принциптері негізделіп жұмыс істеп жатқандығы белгілі. Бұл іс жүзінде бәсекелестіктің дамуына және медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін артуына септігін тигізбейтіндігін көрсетіп отыр. Басқарудағы негізгі мәселелер болып министрлік пен өңірлерлің арасында тиесілі үйлесіміділіктің жоқтығы; білікті басқарушылардың тапшылығы; түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге емес, нормативтердің сақталуын бақылауға негізделген басқару; медицина ұйымдары дербестігінің жетіспеушілігі. Осыған байланысты, әкімшілік реформа шеңберінде, жергілікті басқару органдары мен медицина ұйымдарының арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктерді бөлу үшін денсаулық сақтауды басқарудың оңтайлы схемасын белгілеу қажет. Облыстық денсаулық сақтау құрылымдарының қызметін үйлестіруді күшейту мақсатында Денсаулық Министрлігі олардың басшыларына үміткерлерді міндетті түрде министрлікпен келісу тәжірибесін енгізуді талап етеді. Түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағыт алып, бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалану қаржыландыруды жетілдіру болып табылады. Ол үшін ерікті медициналық сақтандыру жүйесі мен бәсекеге қабілетті жеке секторды дамыта отырып, денсаулық сақтаудың бюджеттік моделін бұдан әрі дамытуға күш салу ұсынылады. Денсаулық сақтау үйымдарын автономдауды арттыру мақсатында оларды шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар мәртебесіне кезең-кезеңмен ауыстыру көзделіп отыр. Медициналық үйымдардың басшылары өздерінің әкімшілік-шаруашылық қызметтерінде, оның ішінде қызметшілер құрамын материалдық ынталандыру мәселесінде барынша дербес болады. Наурыз айынан бері облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшыларын оқыту басталды. 50-ден астам менеджер магистратурада оқуларын аяқтауда, тағы 60-ы мамандандыру курстарында оқуда. Олардың басым көпшілігі өңірлерде жұмыс істеу үшін жіберілетін болады. Тұтасымен, саладағы кадрлардың жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін ЖОО түсетіндердің квоталарын анықтау бөлігінде, оларды кейіннен аулдық елді мекендерге жұмыс істеуге жіберу үшін, заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Сондай-ақ, ауылда жұмыс істейтін жас мамандарды, оның ішінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді заң жүзінде бекіту қажет, бұл туралы Президент жас ғалымдармен өткізген кеңесінде тапсырма берді. Ұзақ жылдар бойы әлеуметтік салада медициналық қызметкерлер жалақысының аса төмен болғандығы белгілі және нақты нәтижеге, яғни ұсынылатын медициналық қызметтің сапасына байланысты болған жоқ. Сондықтан бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі тұр. Министрліктің алдында таяудағы екі жылдың ішінде бірыңғай ақпараттық жүйенің шеңберінде бағдарламалық кешендері тәжірибиелік пайдалануды енгізу мәселесі тұр, бұл үшін халықаралық консалтинг тартылатын болады. Жобаны әзірлеу үшін Нұрсұлтан пилоттық өңір болып белгіленді. Президенттің жолдауына сәйкес емделушілердің электронды медициналық картотекасын құру жөніндегі жұмыс басталды, қойылған міндеттерді жедел шешу үшін Министрлік денсаулық сақтауды ақпараттандандырудың ұлттық орталығын құруды жоспарлауда. Мұнымен қатар, телемедициналық технологиялар белсенді пайдаланатын болады. Қазірге таңда телемедицина Алматы облысының ауылдық аудандарындағы, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстарының 34 ауданындағы барлық халыққа қолжетімді болып отыр. Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында Астана қаласында жаңа түрдегі медицина кадрларын даярлау мен қайта даярлау үшін ғылыми, практикалық база, инновациялық білім, ғылым мен басқарушылық технологилары трансфертінің орталығы болатын медициналық кластердің әлеуметтік мүмкіндіктері пайдаланатын болады. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша 100 денсаулық сақтау ұйымын салудың негізгі идеологиясы оларды тозған және пайлануға жарамсыз объектілердің орнына енгізу болып табылады. Бұл ретте, басымдық мамандықтардың кеңейтілген спектрі бойынша қазіргі заманғы сапалы медициналық қызметті ұсынуға қабілетті көп бейінді стационарларға берілетін болады. Сонымен қатар, Министрлік қазіргі уақытта стационарлық ұйымдардың шамамен 40-тан астам түрін, басым көпшілігі мамандандырылған үлгідегі перзентханалар, диспансерлер мен басқалар болатын, жұмыс істейтін ауруханалық секторды қайта құрылымдау жөніндегі жұмысты жүргізуде. Осыған байланысты 2008 жылы желінің мемлекеттік нормативтерін әзірлеуді және аурухана ұйымдарын типтеу жүргізуді жоспарланды. Бұл стационарлардың қызметін оңтайландыруға және оларға көрсетілген қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыра отырып, бірыңғай стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді. Фармацевтикалық салаға халықаралық тәжірибенің негізінде әзірленген тиісті практиканың ұлттық стандарттары енгізілетін болады. Тегін және жеңілдікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөніндегі одан арғы жұмыстар жалғасатын болады. АИТВ/ЖҚТБ таралуына қарсы іс-қимылдар жөніндегі жаңа бағдарламаны іске асыру басталды. Өршу себептерін ескере отырып, донорлық қанның қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында министрлік қан қызметін жетілдіру бағдарламасын әзірледі /7/.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген «Отбасы және денсаулық» журналы 2002 жылдан шыға бастады. Ай сайын шығатын республикалық ғылыми-көпшілік журнал. Редакциялық кеңес: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице министрі, м.ғ.д., профессор Айқан Ақанов, м.ғ.д., академик Мұхтар Әлиев, психология ғылымының докторы, академик, журналдың тәлім-тәрбие саласы бойынша кеңесшісі Жәмила Намазбаева және т.б. белгілі медицина қызметкерлері. Бас редакторы – Сырымбет Кәрімұлы. Журнал «Тағылым», «Қазақстан-2030», «Тәрбие», «Демалыс», «Тәресте күтімі», «Дәрігерлік тәжірибе», «Күндізгі аурухана», «Сұлулық салоны», «Ата дәстүр», «Дәрісхана», «Жад», т.б. айдарлардан тұрады. Ал оқырмандарға ұсынылып жүрген екінші бір басылым бұл – 1929-31 жылдары «Денсаулық жолы» деген атпен шығып тұрған, 1990 жылдан «Денсаулық» деп аталатын ай сайын шығатын республикалық түрлі-түсті суретті ғылыми көпшілік журнал.
Журналдың бұрынғы редакторлары – 1929-1930 жылдары Мұқамбетқали Тәтімов, 1930-1931 жылдары Бисенғали Әбдрахманов, 1931 жылы Санжар Аспандияров, 1990-1991 жылдары Бейбіт Қойшыбаев, 1992-1993 жылдары Жақсылық Түменбаев, одан кейін Молдахмет Қаназ басқарды. Құрылтайшы: «Денсаулық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, журнал Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде тіркеліп, тіркеу туралы №602-Ж куәлігі берілген. Журналдың «Жан дәру», «Ғылым», «Халық емі», «Өзекті мәселе», «Қаперіңізде жүрсін», «Дәріс», «Махаббат мектебі» тағы да басқа айдарлары бар. Оқырмандарын қызықтыратындай материалдар басылып тұрады. Президент биылғы Жолдауында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту жөнінде нақты міндеттер қойғаны белгілі.
Түйіндеп айтқанда, денсаулық тақырыбына арналған баспасөз материалдары түрлі мәселелерді жіктеп айтып, оның пәрмені қандай табыстарға қол жеткізетіндігін талдап көрсетуде. «Біз бүгін де, ертең де дамыған, өркениетті елдермен тек білім беру және денсаулық сақтау мәселесі бойынша бәсекеге түсетін боламыз. Осы екі өмірлік өлшем қай елде озық болады, сол елдің айы оңынан туады. Үлкен даму жолына түседі. Сондықтан да Мемлекет басшысының қойып отырған міндеттерін жүзеге асыру ерекше мәнді»,-деген ұранмен оқырман назарына мақалаларды ұсынып жатыр. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағы басқару, қаржыландыру, үйлестіру мен бақылау тетіктерін қайта саралау арқылы медициналық қызметтің сапасын арттыруға қол жеткізетіндігіміз баса айтылған. Ең әуелі медицина мекемелерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейеді. Сол себепті медициналық қызметтің мемлекет көрсететін бөлігін анықтап беретін уақыт жетті әрі оны жеке қызмет көрсетумен шатастырмаған жөн деген ой баршаның көңілінен шығып отыр. Өйткені, жеке меншік медициналық қызметтің дамуына да мүмкіндік беру керек. Одан соң адамдардың орташа өмір жасының ұзақтығы деңгейін арттыру, ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендету орасан тірліктердің орнықтылығын талап етеді. Өйткені, бұл жағдай жуық арада түзелмесе, демографиялық саясаттың мәні болмайды. Мектептер мен барлық жоғары оқу орындарында бастапқы медициналық даярлықтан өткізудің нәтижесі жастардың өз денсаулығын күтуінен көрінеді. Ол бірте-бірте таным-түсінігі мол сапалы кадрлар даярлауға жәрдемдеседі. Жасыратыны жоқ, қазір медициналық қызметкерлердің жалақысы жылдан-жылға өсіп келе жатқанымен, әлі де аз. Медицина саласына ішкі жалпы өнімнен бөлінетін үлесі жағынан Қазақстан кешегі кеңестік кеңістікте Ресейден кейінгі екінші орында тұр, дегенмен бұл экономикалық қарқынды даму жолына түскен ел үшін місе тұтатын көрсеткіш бола алмайды /6/.