Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: Филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Г. Ж


В) Мәтінге өзге тілден сөз енгізу



бет40/48
Дата12.03.2022
өлшемі0,51 Mb.
#135299
түріДиссертация
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   48
Байланысты:
Диссертация Сәулембек Г.Р.

В) Мәтінге өзге тілден сөз енгізу. Мәтін жазылған тілден басқа тілге ауысып отыру роман құрылымындағы лексикалық қатарларға жасалған тәжірибелер санатына жатады. Бұл секілді тәжірибелерді Д.Амантайдың
«Гүлдер мен кітаптарынан», Д.Нақыповтың «От орнынан» («Круг пепла») кездестіруге болады. Мысалы, Д.Нақыпов: «Услышала его послание: «Battman tendu, вперед, в сторону, назад, demi-ptie по первой позиции, с правой ноги, с левой, и обратно, 4 раза, 64 такта, две четверти, медленно, затем port-de bras»» [108, с. 21]» (курсив біздікі), – деп орыс тіліндегі романның балеринаға қатысты желісінде балет қимылдары терминдерін француз тілінде берсе, Доктың Алматының кешегісі мен бүгінгісінің арасында жүгірген ой ағындарынан тұратын естеліктерінде «...Олжуха ужасая «кыз-куу»-иствовал истово, … [108, с. 46], – деп қазақ тіліндегі «қыз қуу» сөзін орыс тіліндегі жұрнақтармен біріктіріп етістік мәндегі жаңа сөз ойлап табады. Д.Амантай
романында гүлдер мен кітаптар атауын тізбектей береді де, сол тізбектелген тізімнің арасында гүлдердің латын тіліндегі атаулары және кітаптардың ағылшын тіліндегі атаулары да кездесіп отырады. Романнның «Кітаптар» атты тарауының «Моби Дик немесе Ақ кит», «Анна Каренина», «East of Eden»,
«Ағайынды Карамазовтар», «Қызыл мен қара», «Иосиф және оның ағалары»,
«Қылмыс пен жаза», «Бесін», «Дерсу Узала», «Қош бол, Гүлсары»... «Tender is the Night», «Ақ гвардия», «Будденброктар... » [28, б. 56], «Гүлдер» тарауының
«Жарайды, көлеңкеге төзе білетін қылқан жапырақты монстера, сингониум, қырыққұлақ, scinndapsus pictus, philodendron melanochrysum, spathiphyllum blandum, schott, аспидистра, шырмауық, tradescantia virginiana, зербина, саркококка, фикус жайында байсалды әңгіме мен қозғайын» [ 28, б. 7] (курсив біздікі) деп («East of Eden», «Tender is the Night», scinndapsus pictus, philodendron melanochrysum, spathiphyllum blandum, schott, tradescantia virginiana) ағылшын және латын тіліндегі атауларымен араластырыла берілуі романдағы сөйлемнің тұтастығын бұза отырып оқырманмен ойын әдісі жүзеге асқан. Әлемдік әдебиетте постмодернистік шығармалардағы осындай тәжірибелермен салыстыра қарастырсақ, У.Эконың, С.Беккеттің шығармаларында бірнеше тілдің кірістіріліп отыруы да, жоғарыда біз атап өткен жазушылардың мәтін құру стратегиясымен сәйкес келеді. Мысалы, У.Эко
«Имя Розы» романында «Бывают моменты крайне сильной физической утомленности, сочетающейся с двигательным перевозбуждением, когда нам являются призраки людей из прошлого («en me retraçant ces details, j’en suis á me demander s’ils sont réels, ou bien si je les al rêvés»). Позднее я узнал из превосходной работы аббата Бюкуа, что именно так являются призраки ненаписанных книг» [87, с. 8], – деп француз тілінде немесе «per speculum et in aenigmate» (в зеркале и в загадке; в отражении и иносказании (лат.)) деп латын тілінде мәтін жұрнақтарын ендіріп отырса, С.Беккет «Billet doux Смеральдины» әңгімесінде : «Я часто думаю, отчего я люблю тебя так сильно. Я люблю тебя über alles in dieser Welt, mehr als alles auf Himmel, Erde und Hölle» [110, с. 275]. (Больше всего в этом мире, даже больше всего на небе, земле и в преисподней),
– деп француз тіліндегі мәтінге неміс тіліндегі тіркестерді жиі кірістіріп отырады. Бұл мысалдардан аңғаратынымыз, осылайша кірістірілген өзге тілдегі сөздің мағынасын анықтап, мәтін құрылымына қайта оралу арқылы ғана жалпы сөйлем беретін мағынаны түсінуге болады. Мұнан өзге ендірілген сөздердің сол тілдің әліпбиінде берілуі де визуалды түрде құрылым бұзушылыққа қызмет етіп тұр. Дегенмен, бұл авторлардың шығармаларында кірістірілген сөздердің аудармалары мен түсіндірмелері сол шығарманың өзінде беріліп отыратындығымен ерекшеленеді. Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптарынан», Д.Нақыповтың «От орнынан» интермәтіндер мен кірме сөздердің түсіндірілген тұстарын көре алмаймыз. Мәтінге бұл секілді шетелдік сөздерді ендірудің не линвистикалық, не көркемдік мақсаты жоқ, тек оқырманды мәтіндер шырғалаңына тартып, көңіл көтеруді мұрат тұтады. Бұл тәсілді қолдану арқылы сөйлем қисындылығы мен нақтылығынан айрылып, мәтіннің мән-мағынасына нұқсан келіп отыр, яғни оқырман мәтінді дұрыс түсіне алу үшін оны бірнеше
бөліктерге бөліп, өзге тілден алынып кірістірілген сөздердің мағынасын түсіну үшін арнайы оқулықтар, энциклопедиялар, яки сөздіктерді ақтаруға немесе оқырманның мәтіннен тыс жинақталған білім қорына саяхат жасауына тура келеді. Осы ойынды қабылдаған оқырман әрбір сөздің мағынасын ұғынып, қайта мәнмәтінге оралу үшін бірнеше мәтіндер қабатын сүзіп шығуға мәжбүр болады да, автордың гипермәтінге негізделген ризоматикалық құрылымына қанығады.
Постмодернизм бағытында жазылған шығармалардың ерекшеліктерін санамалағанда, көптеген зерттеу еңбектерінде мәтіннің құрылымдық және баяндау деңгейлеріне қатысты ерекшеліктерінен метапрозаны тілге тиек етеді. Түп-тамыры әдебиеттің терең қатпарларында жатқан бұл әдіс, әлемдік әдебиетте ертеден бар құбылыс. Мәселен, шығыстың әйгілі «Мың бір түн» ертегісінен, испандық жазушы Сервантестің «Дон Кихот», Ричардсонның
«Памелла», Джефри Чосердің «Кентерберийлік әңгімелер» шығармалары осы әңгіме ішіндегі әңгімеге құрылса, постмодернистік тұрғыдан бұл тәсілді дамытқан Хорхе Луис Борхес, Владимир Набоков, Джон Барт т.б. болды.
Ал метапрозаны зерттеуге ХХ ғасырда ғана ерекше көңіл бөлінді деп есептейді көпшілік ғалымдар. Орыс ғалымы М.Липовецкийдің пікірінше, зерттеушілер тарапынан метапрозаға деген қызығушылық, бұл тәсілдің бұдан бұрын да әдебиетте қолданылғандығы туралы зерттеулер, оның постмодернизм поэтикасының белгілі бір әдісі ретінде көрініс тапқаннан кейін үдей түскен. Себебі бұл құбылыс жөнінде орыс әдебиет зерттеушілері арасында Д.М. Сегал
«Литература как охранная грамота» атты еңбегінде орыс метапрозасы туралы кеңінен қарастырылып, метапоэтиканың басты қағидалары жүйелі түрде айтылғанымен «метапроза» сөзі еш кездеспейтіндігін алға тартады [111, с. 45]. Мәселен, С.Г.Бочаров әдебиеттегі бұл құбылыстың бастауын (ХVІІ ғасыр) Сервантестің «Дон Кихотынан» көреді [112].
Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдік әдебиетте метапроза категориясын 1970-80 жылдардан бастап сан қырынан зерттеу жүргізіліп келеді. Л.Хатчин
«Narcissistic Narrative: The Metafictional Paradox» [113], Б.Хатлен. «Borges and metafiction» [114], Р.Имхоф «Contemporary metafiction: A poetological study of metafiction in English since 1939» [115], М.Н. Липовецкий. «Русский постмодернизм: Очерки исторической поэтики». [1, с. 46-47], П.Во «Metafiction. The Theory and Practice of Self-Conscious Fiction» [116], Д.М. Сегал «Литература как вторичная моделирующая система» [117] атты іргелі еңбектер мен қатар, А.В. Злочевскаяның «Три лика мистической метапрозы XX века: Герман Гессе
– Владимир Набоков – Михаил Булгаков» [118] атты монографиясы, О.С. Мирошниченконың «Поэтика современной метапрозы: На материале романов Андрея Битова» [119], В.В. Десятовтың «Русские постмодернисты и В.В. Набоков» [120], И.В. Суслованың «Типология «романа о романе» в русской и французской литературах 20-х годов XX века» [121] атты диссертациялық жұмыстары, А.Вяльцев «Роман самосознания» [122], О.Н. Турышева өзінің
«Жанровая парадигма метапрозы» [123], М.П. Блинова «Структура
постмодернисткого метатекста» [124] тақырыптарындағы ғылыми мақалалары және т.б. осы тақырып төңірегінде жазылған еңбектерді атап өтуге болады.
Алайда постмодернизм бағытының қазақ әдебиетінде де, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің әдебиетінде де аса кең етек алмағандықтан, метапроза айналасындағы зерттеулер өте аз. Бұл ретте қазақстандық зерттеуші Л.В. Сафронованың «Автор и герой в постмодернистской прозе» [125] монографиясында, В.Савельеваның «Наш современный роман как жанровый микс и некоммерческий проект» [109], О.А. Валикованың «Роман трилогия А.Ж. Жаксылыкова «Сны окаянных» в контексте русской литературы» атты докторлық диссертациясында [126] т.б. еңбектерде біршама қарастырылған.
Жоғарыда аталған еңбектерде метапроза практикалық және әдістемелік жағынан зерттелгенімен зерттеушілер бұл құбылыстың атауына келгенде ортақ мәмілеге келе алмаған сыңайлы. Өйткені осы күнге дейінгі зерттеулерде ол
«романшы туралы роман», «туынды роман», «өзін-өзі танушы роман»,
«автотақырыптық роман», «нарциссистік роман» деген атаулармен берілген. Бұл құбылысқа бірінші себеп, әдебиеттің әр кезеңінде (парадигмалар ауысқан сайын) категориялардың мазмұнының толығып жетіле түсуі болса керек. Екіншіден, әр ғалымның көзқарасы тұрғысында басымдық танытатын тұстары айтылып, сол мәселеге кеңірек көңіл бөлуінен туындап отырғанын байқаймыз. Мәселен, ортағасырлық «Мың бір түн» ертегісі формалық жағынан мәтін ішіндегі мәтін (мәтін→мәтін) немесе мәтін ішіндегі мәтіннің ішінде берілетін мәтіннен (мәтін→мәтін → мәтін→мәтін) (Ертегінің баяндаушысы әйелдер қауымын жазықсыз жазалаған Шахрияр патша мен уәзір қызы Шаһризаданың хикаясынан хабардар етуі алғашқы мәтін, Шахрияр патшаға Шаһризаданың ажал сағатын ұзарту үшін айтқан мың бір түн бойы айтқан қызықты әңгімелері мәтін ішіндегі мәтін, ал Шаһризаданың баяндаған «Саудагер мен дию» сияқты хикаяларының ішіндегі үш қарияның әңгімесі мәтін ішіндегі мәтіннің ішіндегі мәтінге мысал бола алады) тұрса, ХVII ғасыр туындысы Мигель де Сервантестің «Дон Кихотында» жоғарыда атап өткеніміздей тәсіл жетіле түсіп, мұнда автордың өзін-өзі бағалауы элементтері қосылып, роман ішінде өзінің шығармашылық үдерісінен (прологта) хабардар етіп отырады. Қазақ прозасына келсек, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармаларынан метапрозаның үлгісін көруге болады. С.Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» авторлық өзін-өзі талдау, оқырманмен кеңес және фрагменттілікпен, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» мәтін ішіндегі мәтін қалыбымен және мәтін ішіне ендірілген оқиғаны баяндаушының болуымен ерекшеленеді. Метапроза құбылысының постмодернистік шығармаларда бой көрсеткенімен, бұдан бұрын да әдебиетте қолданылған әдіс екендігі анықталғанын жоғарыдағы мысалдардан белгілі болып отыр.
Постмодернизмге жаңа бағыт ретінде қарағанымызбен, оның жеке бағыт ретіндегі ұсынатын әдіс тәсілдері жоққа тән. Ол өзіне дейінгі барлық бағыт- ағымдарда бар әдіс-тәсілдерді өзінің қолайына қарай меншіктеп қолдана береді. Алайда постмодернистік шығарма көбінесе бір ғана әдіспен шектелмейді. Ежелден келе жатқан жыр, дастан, миф, ертегі сияқты ауыз әдебиеті
үлгілерінде постмодернистік романның ерекшеліктері деп көрсетіліп жүрген әдістердің бірсыпырасы (метапроза, интертекст) кездесіп отыратындығы секілді, постмодернистік романдардың ерекшеліктерін қарастырғанда кейбір ерекшеліктердің алғашқы роман үлгілерінде орын алуы осы себептен туындайды. Сондай-ақ ол өзіне дейінгі мәтіндердің синтезінен тұрады. Постмодернизм теоретиктерінің бірі У.Эконың «Әр көркем дәуірдің өз постмодернизмі» бар деген фразалары да осыдан келіп шыққан болар. Г.Елеукенованың постмодернизмнің белгілерін Ғ.Мүсіреповтің
«Этнографиялық әңгімелерінен» [127] көре білуінен белгілі бір бағыттың пышақкесті үзіліп, келесі бір бағыттың тап-таза парақтан бастала салмайтындығы сияқты заңдылықты аңғаруға болады. Сондай-ақ бұл туралы батыстық зерттеушілердің М. де Сервантестің «Дон Кихот», Х.Л. Борхестің шығармаларын постмодернистік роман қатарына жатқызғандығы да әдеби сабақтастықтың көрінісі. Алайда ескіге жаңа көзқараспен қарау, ескіні жаңаша пайдаланудан тұрады. Жалпы әдебиеттегі әдіс тәсілдердің барлығы да, әдеби бағыттар, белгілі парадигмалар ауысқан сайын жаңа көзқараста пайдаланылып, ол құрылымдық жағынан, қызметі жағынан өзгеріске ұшырап отырады. Алайда терминдік тұрғыдан берілген анықтамалардың мазмұны бір-бірінен тым алшақ кетпейді, сондықтан біз зерттеуімізде «метапроза» атауын қолдансақ, қате болмайды деп есептейміз.
«Метапроза, сондай-ақ кейде метабаяндау (ағыл. metafiction) – басты тақырыбы әдеби мәтінді қалыптастырып дамыту үдерісі, зерттеу болып табылатын көркем шығарма» (аударма біздікі) [128]. Метапроза – басты нысаны көркем шығарманы тудыру үдерісі, көркем шығармада әдеби мәтін табиғатын зерделеу болып табылатын ұғым атауы. Қысқаша осылай анықтама бергенімізбен, зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде оның табиғатын аша түсетін бірнеше сипатына тоқталмай өтуге болмайды. Ғалымдар метапрозалық шығарманың жоғарыда атап көрсеткен басты ерекшеліктерін постмодернистік философия тұрғысынан детальді түрде зерттеп, әртүрлі ерекшеліктері мен айырым белгілеріне қарай оны түрліше жіктейді.
Метапрозаны егжей-тегжейлі зерттеген Патриция Во «Metafiction. The Theory and Practice of Self-Conscious Fiction» атты еңбегінде метапрозаны негізгі сипаттарын жан-жақты тереңдей ашып, жүйеге түсірген. Еңбекте зерттеуші метапрозаның көркемдік жүйені сипаттайтын, әдебиеттің сыны мен теориясын қамтитын интертекстуалдық аллюзиялар, референцияларды қолданады, сондай-ақ мәтінге ойдан шығарылған қаламгерді ендіріп, оның ойдан шығарылған шығармасын талдау жүргізетін қырына тоқталады. Метапроза авторларының өзінің жазғандарына түсінік беріп, өзін кейде ойдан шығарылған шығарма кейіпкерлерімен салыстырып баяндаудың түрлі деңгейіне көшіп, баяндаудың әдіс-тәсілдерінің қалай өзгеріп отыратындығын ашық талқылап, ақиқаттың бір ғана қырымен шектелмейтінін дәлелдеуге талаптанатындығын да айтады. Зерттеуші метапрозаның ішкі қасиеттеріне талдау жасай отырып, бұл қасиеттерінің кейде бірлікте, кейде жеке-дара кездесетіндігін де ескертеді [116].
Біріншіден, метапрозалық шығарманың кейіпкері – жазушы. Жай жазушы емес шығарма ішіндегі шығарманың авторы. Оқырманның назарын өз әрекетінің ішкі және сыртқы мән-мазмұнына және өзі жазғалы жатқан мәтінге аудартып отыратын шығармашылық үдеріс үстіндегі қаламгерді кейіпкер етіп алуы метапрозалық шығарманың басты сипаттарынан саналады. Шығарманы тудыру үдерісі үстінде автордың өзін-өзі бақылай, зерттей отырып баяндау арқылы шығарманың жасандылығын ишаралап отыру, оқырманды өзінің көркем шығарманы жасау үдерісіне қатыстыру, оны қосалқы автор ретінде қабылдау, өзі тудырып отырған шығарма туралы ой-толғамдары және пікірлерімен бөлісу секілді әдістер метапрозаға тән басты ерекшеліктер болып табылады.
Мұнда модернистік шығармалардағы субъект постмодернистік шығармаларда маңызын жоғалтып, тек мәтіннің өзі негізгі мәнге ие болды. Әрбір мәтін өзінің жазылу уақытында ғана белгілі бір мағынаға ие болады.
Түрік әдебиеттанушысы Нуруллаһ Четиннің «Роман талдау әдістері» («Roman çözümleme yöntemi») атты еңбегінде постмодернистік шығармада шындықтың бейнесінен гөрі оның құрылымдық элементтері маңызды деген тұжырымын айтады. Басқаша айтқанда, романның түсіндірген, баяндаған мазмұн мен мағына қабаттарынан, идея, сезім мен деректерден гөрі бұлардың қалай жеткізілгені, қалай сипатталғаны және қандай техникамен, дискурспен ұсынылғаны маңызды. Осыған байланысты метапроза маңызды орынға ие болғандығын айта келе, роман жазу үдерісі романның басты тақырыптарының біріне айналғанын сөз етеді [129, s. 113-114].
Жоғарыда келтірілген пікірді негізге алсақ, мұнда классикалық шығармаларда басты мәселе өмір шындығы болса, модернистік туындыда субъектінің өмір шындығы туралы ойлары алдыңғы қатарға шығады, ал постмодернистік шығармаларда өмір шындығы туралы мәтіннен гөрі, оның құрылымы алдыңғы қатарда. Модернистік шығармалардың орнына келген постмодернистік шығармалар жаратушы субъектке емес, мәтіннің өзіне ден қоятындығымен ерекшеленеді. Ол – өзіне дейінгі мәтіндер мозайкасын: ауыз әдебиетін, әдеби шығармаларды, тарихи оқиғаларды т.б. қайта пайымдау арқылы өзіне назар аудартуға, «қайдан келді?», «қайда барады?» деген сауалдарға жауап іздеуімізге мәжбүрлейтін бүгінгінің жаңалығы. Яғни шығармалардың бізге түсіндірген, жеткізген, бейнелеген мазмұны мен түсінік қабаттарынан, пікір, сезім және ақпараттардан гөрі, оның қандай жолмен, әдістермен ұсынылғаны, қандай құрылыммен жеткізілгені маңыздырақ.
Ежелден келе жатқан бұл тәсілге постмодернизм бағытының келуімен ерекше көңіл бөліне бастауына, тіпті постмодернистік шығармалардың сипатының бірі ретінде танылуына оның осы бағыттың бірнеше ерекшеліктерімен тұспа-тұс келуінен болса керек. Сонымен постмодернизмдегі метапрозаның басты қызметі мәтін тұтастығының бұзылысына себеп болып, екі немесе одан да көп мәтіндер қабатының пайда болуына ықпал етсе, екіншіден автор «Жаратушы» болудан бас тартып, өз билігін кейіпкеріне береді. Әрі бұл әдіс жазушыны шығармасы үшін жауапкершіліктен босатса, екіншіден прозаны
түрлі машықпен түрлендірген, қилы тәжірибелерді сынау алаңына айналдырған қаламгерлердің өздері тудырған шығарманың табиғатын түсіндіруге қолайлы болды. Мұндай шығармалардың авторлары көбіне-көп әдебиет сыншысы, әдебиеттанушы болуының да мәні зор болды. Постмодернизмнің әдіснамалық негіздерін қалыптастыруға теориялық еңбектерге қоса, метапрозалық шығармалардың да қосқан үлесі басым болды. Метапрозалық шығармалардың кейде филологиялық роман аталуының басты себептерінің бірі де осы. Сонымен қатар постмодернизмнің болып өткен ақиқатты қайта пайымдау сынды қызметі де осы тәсілді қажет етті. Жазушының өз-өзін пародиялау, өзіне дейінгі мәтінді пародиялау немесе түрлі құбылыстарға ирониямен қарау да осы тәсілдің аясында жүзеге асты.
Метапроза құбылысы көнеден келе жатқан әдіс екендігіне қарамастан, қазақ топырағында дүниеге келген постмодернистік шығармаларды пайымдауда оның жоғарыда атап өтілген қырларының қайсысы қандай дәрежеде пайдаланылды, осыған назар аударатын боламыз. Постмодернизмнің көнені пайдалана отырып, жаңа жасайтынын ескерсек, қазақ прозасында осы үдеден шыға білген Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», А.Жақсылықовтың
«Ант ұрғандардың түстері» романдары мен Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесін негізге алатын боламыз.
А) Енді метапрозаның осы ерекшеліктеріне орай Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романына талдау жасап көрейік. Д.Амантайды қазақ әдебиетінде постмодернистік бағыттың авторлық ойын, интертекстуалдылық т.б., басты қағидаларын эксперименттік орайда қолданған автор ретінде қарастыруға болады. Соның нәтижесінде оның шығармасы дәйексөздерден, аллюзиялардан және реминисценциялардан тұратын «әдебиет орманына» айналып, ал автор мәтін жасау үдерісін ішкі жағынан көрсете отырып, дәстүрлі әдебиеттегі оқырман назарынан таса автордың шығармашылық шеберханасына саяхатқа шақырады.
Эксплицитті авторды ендіруді көркемдік-эстетикалық міндет етіп алған постмодернистік әдебиеттің көптеген өкілдерінің шығармашылығындағы бұл дәстүрді Д.Амантай да қолдануды құп көреді. Жазушы-Дидар «Тәңір кітабы» атты роман жазбақ болған жазушы-Әлішер туралы роман жазған. Нарратологиялық дискурс тұрғысынан талдасақ, шығарма бірнеше баяндау деңгейінен тұрады, реалды автор Дидар Амантай болса, шығарманың баяндаушысы-нарратор немесе эксплицитті автор – Әлішер. Романның осындай құрылымдық деңгейлерден тұруы метапрозалық әдіске тән.
Автор әдеттегі баяндау шеңберінен шығып, өз туындысының кейіпкеріне айнала отырып, реализмнің қалыптасқан әдіс-тәсілдерінен ауытқып, баяндау тәсілдеріне жасалған тәжірибелерді қазақ романына өлшеп көреді. Мұндағы мақсат, біріншіден, реалистік шығармалардағы (өздігінен болып жататын өмірдің өзі тәрізді оқиғалар, өздігінен әлдебір әрекеттерді жасап жататын кейіпкерлер жаратушы-автордың көзге көрінбейтін «қолымен» орындалып, жүзеге асатын) баяндау қалыбына төңкеріс жасау деп топшылауға болады.
Екіншіден автордың өз-өзіне өзгеге қарағандай сын көзімен қарап, сырттай бақылау жасауға талпынысын байқаймыз.
Мәтін ішіндегі мәтін қалыбындағы «Гүлдер мен кітаптарда» «Тәңір кітабы» атты роман жазбақ болған жазушы Әлішер шығармашылық әлемі арқылы өз-өзіне талдау жасап, өз-өзін бақылап, өз-өзіне баға береді. Метапрозаға жүгінген бұл шығармада бәрін көріп, білуші негізгі-автор тасадан шығып, реалистік шығармадағы шынайылықтың елесін сыпырып тастап, реалдылық әсерін жоққа шығарып тұр. Осы арқылы жазғалы отырған романының жай қиялдан туған жасандылығын оқырманның есіне қайта-қайта түсіріп отырады.
Орыс әдебиет зерттеушісі М.Липовецкийдің зерттеулеріне сүйенетін болсақ, метапрозалық шығарманың басты тірегі – белгілі бір дәрежеде автордың егізінің сыңары немесе өкілі ретінде сөйлейтін жазушы-кейіпкер образы, ал мәтін құрылымы оқырманға бірде мәтін ішіндегі мәтінге, бірде сыртқы мәтінге назар сала отырып, екі шындықтың өзара жымдасуын тура немесе жанама түсіндірмелер арқылы баяндаудың екі сатысын салыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқырманның басты назары мәтін тудырған тұтас әлем образына емес, әлі аяқталмаған образдың құрастырылу және қайта құрастырылу үдерісіне ауады да, шығармашылық ойынның қатысушысына айналады [1].
Метапрозалық шығарма кейіпкері жазушы-Әлішер жазушы-Дидардың сыңары немесе өкілі тәрізді. Роман құрылымы оқырман назарын бірде сыртқы Әлішердің өмірі, жан күйзелісі, оның басынан өтіп жатқан оқиғаларға, бірде мәтін ішіндегі мәтінде орын алған тәңірді ардақтаған түркілердің басынан кешіріп отырған оқиғаларға алма-кезек аударып отырады. Нәтижесінде оқырман жазушы-Дидар мен кейіпкер-жазушы Әлішердің әлі аяқталмаған
«Тәңір кітабының» жазылу үдерісін бірге бақылауға мүмкіндік алады. Әлішердің романының алғашқы нұсқасымен танысқан оқырман, қайта жазылған нұсқасының мүлде басқа мазмұнда, басқа қалыпта жазылғанына куәгер бола отырып, шығармашылық ойынның жанама түрде қатысушысына айналады. Олай дейтін себебіміз, Әлішер оқырманды өзінің қаламгерлік шеберханасына шақырып, жазу машығы туралы мәліметтермен, өзіндік ой- толғамдарымен таныстырып қана қоймай, романның тағы бір нұсқасы, оқырмандық нұсқасы да болу мүмкіндігін ишаралайды.
Романның метапрозалық орайда жазылуын «Бұдан ертерек тез жазып тастауға ниет еткен кітабы есіне түсті. Бірақ қолы жүрмей қойды» [28, б. 7] деп берілетін алғашқы тараудан-ақ білеміз. Кітап ішіндегі кітап авторы Әлішер шығармашылық үдерісінің қыр-сырлары, екі желі арқылы ашылып отырады. Біріншісі роман авторының баяндауы арқылы ашылса, екіншісі кейіпкер- автордың өз ойлары, ішкі монологтары, диалогтары арқылы ашыла түседі.
«Бірақ, Әлішер үрде тұтқан жеті рудың тарихын қамту үшін Иса, әләйһис сәләм, пайғамбар дүниеге келген уақыттан бұрынғы екі жүз жетпіс сегізінші жылдан, яғни отыз үшінші рудың немесе біз шежіре таратқан жеті аталық мөлдір баянымыздағы алғашқы қаһарман әулеттің тамамдалып, отыз төртінші
ру хикаясы әңгімеленетін мерзімнен бастап анық санағанды жөн көрді: қаламгер төрт жүз жиырманы – бір ру жасын – беске көбейтті, ол дегені – бес ру немесе екі мың бір жүз жыл», – деп Д.Амантай өз кейіпкерінің қасында отырып жазған романын оқып, оқырманға түсіндіріп баяндап отырғандай әсер қалдырады. Автордың баяндауындағы сөздер ақырындап кейде Әлішердің төл сөздеріне, кейде Дидар-Әлішердің өзгелік төл сөздеріне ұласып кетіп отырады. Мысалы, «Романды басынан бастап мұқият оқуға кірісті. Оқыған сайын көңілі құлазыды» деп келетін тұстарында автордың сөзі екені айқын. Ал мұнан кейін келетін «Уақиғалар қайғылы, құрастырылған әңгімелер – қасірет толы ауыр бейнет. Бұл кітап кімге жәрдем бере алады. Керісінше, адамның қайратын мұқалтады, тауын шағады, үмітін үзеді...» деп келетін сөйлемдер ешбір тыныс белгісіз, азат жолсыз берілген кейіпкер Әлішердің ішкі монологынан тұрады да, ары қарай «Ол ары қарай оқыды» деп қайта Д.Амантайдың баяндауына ұласады. О.Н. Турышеваның «Жанровая парадигма метапрозы» атты мақаласында метапрозалық шығарманы тудырудың келесі екі түрі бар екендігіне тоқталады: «в метапрозе следующих литературных эпох синтез повествовательной рефлексии о письме и о чтении, как правило, распадается; эти две тематические линии расходятся: с одной стороны, оформляется проза о писателе и творческом процессе, с другой – проза о читателе и художественной рецепции» [123, с. 368]. Жүйелеудің бұл келтірілген талаптарына сәйкес, романда шығармашылық тұлға, яғни жазушы кейіпкер етіліп, оның шығармашылықпен айналысу, роман жазу үдерісіне орын берілгендігін анықтасақ, екінші қырының да орын алғандығын байқаймыз. Мұндағы романды жазушы да, оны оқушы да кейіпкер-автор.
Романның «Достар мен әйелдер», «Ештеңе», «Рисале – Түркі – оқиға» тарауларында кейіпкер Әлішер өзімен сұхбаттасуға келген жорналшы Жәмиламен болған диалогында өзінің жазып жатқан кітабының мақсатына, құрылымына, қалыбы мен мазмұнына тоқталып өтеді. Өзінің роман жазудағы пәлсапалық пайымдарымен бөлісе отырып, жаңа әдеби бағыттар жөнінде түсінік беріп отырады.
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет