Постмодернистік танымның басты ерекшеліктерінің біріне айналған иронияның екі мың жылдық тарихы бар. Иронияның сипаттарын анықтауды, зерттеп-зерделеуді Платон [82-84], Аристотель [85-86] сынды ой алыптары бастап берсе, постмодернистік мәдениет мәнмәтініндегі ирония құбылысының сипаты туралы У.Эко [87, с. 460-463], Н.Б.Маньковская [81], В.И. Самохвалова [88], М.Липовецкий [89-90], А.В. Дьяков [91] т.б. еңбектерінде қарастырылған. Адамға, зат пен құбылысқа сырттай жақсы баға берсе де, ішкі мағынасы қарсы келіп, келекеге айналдыратын құбылту (троп) құралы, болмысты жоққа шығарудың бір түрі [21, б. 250] болып табылатын ирония өзінің тарихи дамуында комедиялық және сатиралық сипатқа ие болатын. Бұл жанрдың көбінесе идеологиялық күрес үшін жұмылдырылғаны да шындық. Алайда ирония феномені өзінің эволюциялық дамуында елеулі өзгерістерге ұшырай отырып, постмодернистік мәдениеттің басты ерекшеліктеріне, құралына айналды. Өнердің қай саласына болса да «уақытша келді» деп саналған құбылыстың жарты ғасырдан астам уақыт табан аудармай, тіпті әлем әдебиетін жаулап алуы «постмодернистік ахуал» ұғымын, «постмодернистік дүниетаным» деген терминге ауыстыруға мәжбүрлеп отырғанда, сол дүниетанымды паш ететін құрал иронияға классикалық әдебиеттегідей тек тіл аясында шектеу қоя алмайтындығымыз белгілі болып отыр. Түрлі мәдени құбылыстарды, түрлі жанрларды, салаларды, стильдерді кесіп-пішіп, қайта құрап бір шығарманың бойына жинақтаған постмодернистік шығармадағы иронияның аясы ирониялық дүниетаным деңгейіне жеткен. Біз мұнда ежелден басты қызметі әңгіме өзегі болып отырған мәтінге автордың сын көзімен қарау және кемшілікпен күресу болып табылатын ирония табиғатының өзгергендігіне куә боламыз. Постмодернистік шығармадағы иронияның басты құралы – күмән. Негізгі қызметі – қайта пайымдау, құрастыру, қайта құрастыру, құрылым бұзушылық. Нәтижесі – «бедел дағдарысы».
Д.Накиповтың «От орны» («Круг пепла»), А.Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері» («Сны окаянных»), Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» сынды шығармаларында постмодернистік иронияның осы сипаттары айқын көрініс тапқан, сондықтан біздің танымымыздағы классикалық иронияға деген көзқарастың да өзгеруі тиістігіне көз жеткіздік. Бұл шығармаларда авторлар постмодернистік иронияға жүгіне отырып, белгілі бір құбылысты ирониялық таным арқылы қайта қарастыруды жөн санайды. Осы аталған ирониялық танымды тудыруға ең алдымен батыстық және әлемдік мәдениеттің дамуындағы «постмодерн» аталатын тарихи кезең себепші болғандығын ескерсек, біздің қоғамның да сол «постмодерн» шаққа аяқ басқанын байқауға болады. О.А. Коновалова постмодерн батыстық және әлемдік мәдениеттің дамуындағы жаңа тарихи кезең екендігін және ол тек жаңа мәдени құбылыстарды ғана емес, «ирониялық» деп сипатталатын ұжымдық дүниетанымды, әлемді ирониялық тұрғыдан қабылдауды тудырды деп пікір айтады. Ғалым өзінің даму тарихында біршама өзгеріске ұшыраған иронияның
постмодернистік мәдениеттің мәні мен ерекше белгісіне айналғандығын айтады. Сондай-ақ постмодернистік ақиқатты құрастыру мен қалыптастыру жүзеге асатын басты үлгіге айналғандығын айта келе, иронияның бұған дейінгі даму кезеңдерінде бой көрсетпеген үлгілеу (модельдеу) мен құрастыру қызметінің пайда болды деп тұжырымдайды [92, с. 25]. Осы пікірге сүйенсек, постмодернистік мәдениет аясында дүниеге келген аталмыш романдардағы иронияның мағына, иерархия, дәстүрлі қалыптасқан құндылықтар әлемін бұзуға, қайта пайымдауға деген талпынысына қарап, оның құрылым бұзушылық қызметінің де белгілі бір даму сатысына көтерілгендігін аңғаруға болады.
У.Эко «Постмодернизм, ирония, занимательность» атты еңбегінде өзінің эстетикалық теориясының тезисін: «Постмодернизм делает иронию, игру и занимательность своими главными принципами в создании художественных произведений, при этом, способом и формой самого постмодернистского произведения становится цитата и цитатность: используя формы разработанные писателями, художниками, архитекторами прошлого, постмодерн вкладывает в них свое содержание, призывая иронически относится к продуцируемым им реинкарнациям старых образов» [31, с. 78], – деп, дәйексөз бен дәйексөзділіктің ирониялық сипатына мән бере отырып, жаңа мәнмәтінде тың мағынаға ие болған мәтін өзінің бұрынғы мағынасына мысқылмен қарайтындығын айтады. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз, құрылым бұзушылыққа негізделген постмодернистік дискурс техникасының маңызды қырларының бірі белгілі ережелерден бас тарту болып табылса, оның бірден-бір көрінісін үш автордың да романдарынан көре аламыз. Олар мәтін тұтастығына, этикаға, моральдік құндылықтарға негізделген классикалық шығарманың мақсаты мен мазмұнына, әдеби тіл нормаларына, ғасырлар бойы қалыптасқан имани түсініктерге, ежелгі фольклорлық мұраларға төңкеріс жасайды, әжуамен, күмәнмен қарайды. Осылайша мәтіндерден бірнеше деңгейдегі күрделі иронияның сипатын көруге болады. Романдардағы ирония құрылым бұзу қызметінің арқасында тарихи өзгерістерді тіркеп, оған назар аудартып қана қоймай, ескі мәдени формаларды бұза отырып жаңа формаларды құрастыруға арналған тетікке айналған. Ихаб Хассан постмодернизмнің бұл ерекшелігінің формаға зарары молдығына тоқталып өтеді [93, p. 193]. Ал Ортега-и-Гассет ХХ ғасырдағы өнердің негізгі сипаттарына тоқтала отырып, оның негізгі белгілері ретінде «тірі формаларды» бейнелеуден бас тарту, шығармашылықты ойынға айналдыру, метафизиканың орнына иронияға бас қою, санадан тысқары, адам баласы ақыл-ойы арқылы танып біле алмайтын рухани дүниелер мен жасалған тәжірибелер тысында болуы мүмкін нәрселерді мойындаудан бас тарту, ізгілікті жоюды атайды [94, с. 227-228]. Постмодернистік иронияның басты нысандарының бірі – мәтін. Ол мәтінге күмән көлеңкесін түсіріп, оқырманға абсолютті ақиқат болмайтындығына, оның екінші, үшінші қырлары болуы мүмкіндігіне ишара жасап отырады. Мәтін бұзылымның осы бір әдістері «От орны», «Ант ұрғандардың түстері», «Гүлдер мен кітаптар» романдарына тән ортақ әдістер дегенімізбен, олардың бір-бірінен айырмашылықтары да жоқ емес. «Гүлдер мен
кітаптарда» роман тұтастығы метапроза, интертекст арқылы бұзылса, «От орнында» жалпы роман құрылымы бірнеше бөлек-бөлек сюжет желілері және кейіпкер Гевраның шизоидты сандырақтары арқылы бұзылып, автордың шизофрениялық дискурсты қолдануы мәтіндегі сөйлем, сөз құрылымының бұзылысы секілді ұсақ бұзылыстарға да себепші болған. «Ант ұрғандардың түстерінде» шизофрениялық, эзотерикалық, психоделикалық дискурстардың қатар қолданылуы, романның метапрозалық сипаты мәтіннің тұтастығынан бастап, фонетикалық бұзылыстарға дейін қызмет етіп тұр.
80-жылдардағы әдебиеттің беталысы туралы пікірінде Михаил Эпштейн авангард, модернизм, структурализм мезгіл жағынан алып қарағанда өзіне дейінгі әдебиеттен айрықша, сондай-ақ өзіне тән ерекше көркем әрі философиялық тілі бар, ең соңғы мектептер болғандығын атап өтіп, ендігі әдебиетте ешқандай моно тіл, ешқандай әдіс шындықты толықтай бейнелеуге, өзіне дейінгі әдістерді ығыстырып шығаруға шамасы жетпейтіндігін тілге тиек етеді [95, с. 385]. М.Н. Эпштейн сипаттап отырған ХХ ғасырға тән батыстық мәдени құбылыстарды тек бір ғана әдістің немесе бір ғана бағыттың аясына сыйдыру мүмкін болмаса, Ж.-Ф. Лиотардың постструктуралистік теориялар ықпалымен жазылған «Постмодерндік ахуал» («The Postmodern Condition») атты еңбегінде постмодернистік дискурс деп аталатын мұндай құрылымның қалыптасуына адамзат постмодерн дәуірінің талаптарына жауап бере алатын жекелеген әмбебап дискурстың болмайтынын сезіне бастап, жалпы біртұтас баяндау, сөз саптаудың дұрыстығына күмән келтіруі себеп болғандығын айтады. Ол постмодернизмнің философиялық ұғым ретіндегі ерекшеліктерін анықтап берумен қатар, модерн шағында өзге де баяндаулар (нарративтер) арасында басымдыққа ие болған метабаяндау (метанарратив) ұғымын да енгізді [96]. Ғалымның пайымдауынша постмодерн шақты бейнелеуге баяндаудың (наррацияның) сандаған түрлері жекелей алғанда сәйкес келмейтінін, дұрысы сол баяндаулардың (нарациялардың) бір-біріне ешбірінің басымдығынсыз ықпалдаса алуы мен қатар өмір сүруі екендігін айтады. Осылайша Ж.-Ф. Лиотар мәтінді баяндаудың иерархиялық түріне қарсы шығып, жан-жақты ақпараттанған, постөндірістік қоғам плюрализміне баяндаудың бейиерархиялық түрі сәйкес келетіндігін қостайды. Мұнан өзге бұл жазушылардың бейклассикалық бағытта қалам тербеуі үшін жаңа дискурсты, жаңа танымды (эпистеманы), жаңа метабаянды (метанарративті) қалыптастыру, ескісін, яғни өзіне дейінгілерді диалектикалық терістеусіз мүмкін емес болғандықтан, иронияның құрылым бұзушылық қызметіне жүгінді.
Романдардағы ирониялық дүниетаным онтология мәселесін де қамтыды. Бұған басты себептердің бірі кеңестік кеңістікте, атеистік қоғамда өмір сүрген авторлардың діни қыспақтан шыққаннан кейінгі рухани ізденіс, жалпы діндер негіздерінен үйрену, шалыс басу, дағдару, қайта жол табу секілді үдерістер болды. Нәтижесінде жылдар бойы қалыптасқан түсініктерімізді қайта ой елегінен өткізу, оның дұрыстығына күмәндану секілді үдерістер әдебиетті де айналып өтпеді. Батыс өркениетіндегі әрбір діннің өз дауысы бар делінген плюрализмнің қазақ мәдениетіндегі көрінісін А.Жақсылықовтың,
Д.Амантайдың, ал Ф.Ницше мен М.Хайдеггердің нигилизмінің ықпалын Д.Нақыпов шығармаларынан көре аламыз.
Зерттеуші Т.Ю. Сидорина ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі дағдарыс тудырған түбегейлі өзгерістерге назарын шоғырландырған орыс өнері мен әдебиеті сол кезең проблематикасы мен характерін анықтап бергенін айта келе,
«Для искусства эпохи кризиса характерно… нарастание мистических настроений, интерес к мистике и теософии, обращение к мистическому философствованию, сопоставлению культурных и религиозных традиций, религиозных текстов и т.д. Эти настроения находят прямое отражение в литературе и искусстве того времени…» [97, с. 376-378], – деген ой түйеді. Ғалым сол дәуірдің эсхатологиялық (дүниенің, адам өмірінің баянсыздығы туралы, ақырзаман мен о дүние туралы діни ілім) көңіл-күйін бейнелеуші – символизм бағытының өкілдері Вяч. Иванов, А.Белый, А.Блок, Д.Мережковскийлердің шығармашылық ізденісі барысында эзотерикалық тәжірибелерге бой ұрғаны жөнінде дәлелді зерттеу тұжырымдарын ұсынады. ХХІ ғасыр басында қазақ өнері мен әдебиетіндегі осындай тәжірибелерді жоғарыда аталған жазушылар шығармаларында көрініс тапқан.
Әдебиет пен өнердегі ізденістер модернистік-постмодернистік бағыттағы тәжірибелерді сынап көруге ұласып жатты. Мифті қайта жаңғырту, эзотерикалық тәжірибелерге сүйену және кейіпкердің СӨК-ін мәтінге ендіру, мәтінмен ойын т.б. Д.Нақыпов, А.Жақсылықов сынды қаламгерлеріміз пайдаланған әдістердің бір парасы. Осы секілді тәжірибе орыс қаламгерлері арасында В.Пелевиннің «Сары жебе» («Желтая стрела»), «Чапаев пен Пустота» («Чапаев и Пустота»), В.Сорокиннің «Кезек» («Очередь»), «Норма», Ю.Кисинаның «Юта Биргердің хикаясы» («История Юты Биргер»), «Неміс асханасының жалпы тарихы» («Всеобщей истории немецкой кухни»),
«Елтаңбалық лентадағы жазбалардан» «Записках на гербовой ленте» және түрік жазушысы Хасан Али Топташтың «Көлеңкесіздер» («Gölgesizler») шығармаларында кездеседі.
Біз авторлар шығармашылығындағы ирониялық дүниетанымды төмендегіше жүйелей отырып (6-суретке қараңыз), әрбір құбылысқа жеке-жеке тоқталатын боламыз.
Сурет 6 – «От орны», «Ант ұрғандардың түстері», «Гүлдер мен кітаптар» романдарындағы постмодернистік иронияның сипаттары
Достарыңызбен бөлісу: |