Байланысты: konstruktivti bilim beru adisteri pani boi nsha oak mi-20-31
13-дәріс. Оқыту мен оқу үдерісінде Lesson study қолдану. Lesson Study сыныпты зерттеу нысандарының бірі болып табылады, бұл 1870-ші жылдары Жапонияда тәжірибені жақсарту мен жетілдіру мақсатында пайда болған. Lesson Study тәсілі Макота Йошида Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияда жаңа тәсілдің таныстырылымын жасағаннан кейін, Жапониядан тыс жерлерде 2007 жылдан бері танымал бола бастады. Аталған елдердің зерттеушілері жапондық ғалымдардың халықаралық зерттеу аясында көрсетілген академиялық жоғары жетістіктеріне ықылас танытты. Йошида бұл жетістік Lesson Study-дің жапон мектептерінде кеңінен қолданылуынан болып отыр дегенді алға тартады, сондықтан қазіргі кезде Шығыс Азияның бірқатар елдерінде мұғалімдердің педагогикалық білімдері мен тәжірибесін дамытуға арналған тиімді құрал ретінде белсенді енгізіліп жатыр. Рефлексия Lesson Study нысанының бірі болып табылады деп айтуға болады. Соған қарамастан, Lesson Study-ді енгізу жөніндегі қызметті кәсіби деп атау үшін белгілі қағидаттар мен практикалық амал-шаралар сақталуы керек. Нақты айтқанда, Lesson Study мұғалімдерді оқыту мен тәжірибесін дамытудағы ынтымақтастық тәсіл болып табылады, және де іс-әрекеттегі зерттеу сияқты бірқатар циклдерді қамтиды. Lesson Study-де ең бастысы «сабақты зерттеу» немесе «сабақты зерделеу» үдерісі болып табылады, бұл үдеріс барысында ынтымақтастықтағы мұғалімдер оқу сапасын арттыру үшін белгілі бір тәсілді қалай дамытуға болатындығын анықтау мақсатында оқушылардың оқу үдерісін зерделейді. Lesson Study-дің түйінді сипаты креативтілік және ғылыми дәлдік болып табылады. Креативтілік оқытудың жаңа тәсілдерін әзірлеу мақсатында бірлесе жұмыс істейтін мұғалімдер бастамасымен жасалады, ал ғылыми дәлдік жаңа тәсілдің тиімділігін көрсететін оқушының оқуы туралы деректер жинауды көздейді.
Атап айтқанда, Lesson Study тәжірибені жақсартудың демократиялық жолы болып табылады. Топтар әдетте кемінде үш мұғалімнен тұрады, бұл тәжірибесі мен білімдері бір-біріне жайлы әсер ететін фактор болып есептеледі. Топ мұғалімдері көп жағдайда бір мектепте жұмыс істейді, бірақ практиканы жақсарту мақсатында бірлесе жұмыс істеу үшін басқа мектептердің мұғалімдері де тартылуы мүмкін. Кейде топты кәсіби ұйымдастыру үшін белгіленген тәсілдерді немесе оқу бағдарламаларының аспектілерін пайдалану бойынша жұмыс тәжірибесі бар, тиісті дайындықтан өткен мұғалімдер шақырылуы мүмкін. Сонымен бірге барлық топ мүшелері толық көлемде және бірдей дәрежеде үдеріске тартылады. Тек бір мұғалім ғана сабақ беретіндігіне қарамастан, топ өзіне ол үшін жауапкершілік алады және кез келген оқыту мен сабақты бағалау жеке мұғалімге ғана емес, тұтас барлық топтың жұмысына қатысты беріледі. Lesson Study-дің тағы бір демократиялық ерекшелігі, мұғалімнің жинақтаған білімімен ауқымды педагог қауыммен бөлісуі болып табылады. Жапонияда мұғалімдердің тәжірибесін қолдауға және зерттеулердің жеке топтамаларын дайындауға көмегін тигізу үшін Lesson Study нәтижелері жүйелі түрде жарияланып тұрады. Lesson Study топтары сондай-ақ әріптестерімен бірлесіп жаңа тәсілді оқыту мен оқу бағдарламаларының аспектілерін модельдейді және жүргізілген зерттеулер туралы талқылауларды ұйымдастырады. Жапонияда Lesson Study бүкіл мектептің қызметін үйлесімді етуге ықпал ету үшін оқушылардың құндылықтар жүйесі, атрибуттары және жеке қасиеттері тұрғысынан бағаланады.
Үдеріс Lesson Study тәсілі бастапқы кезеңде оны бірлесіп егжей-тегжейлі жоспарлауды көздейді. Содан соң топтың бір мүшесі зерттеу сабағын өткізеді, ал қалған мүшелері – қадағалайды. Оқушылардың оқу үдерісіне қатысты барлық нәтижелерді бүкіл топ мүшелері зерттеу сабағы аяқталғаннан кейін бірден жүйелейді және талдайды, содан кейін Lesson Study-дің анағұрлым тиімділігін қамтамасыз ету үшін оқу үдерісінде алынған нәтижелерді есепке ала отырып, бірлесе жұмыс қайта жоспарланады.
Уақыт өткен сайын Lesson Study үдерісінде қалыптасып, бекітілген бірқатар қадамдар бар:
Lesson Study тобы оның жұмысының нәтижелілігін қамтамасыз ететін ережелер жүйесін келіседі, үдеріс барысында барлық мүшелер бір-бірімен сыйластық қарым-қатынаста болады.
Топ зерттеудің сұрақ түрінде ресімделген түйінді идеяларын келіседі және нені, кімді оқытуды анықтайды, мәселен, «Олардың оқуын жақсарту үшін Х-ті Ү-тің мүмкіндіктерін анағұрлым тиімді пайдалануға қалай үйрете аламыз».
Топ мүшелері зерттеудің түйінді идеяларына қатысты жауап табу үшін әдебиеттерді зерделейді және жоспарлау кезінде оларды пайдалану үшін нәтижелерін қорытады.
Топ зерттеу сабағының ортасында қандай сыныптың және қандай үш «зерттелетін оқушының» болатынын шешеді және оқу үлгерімі жоғары, орта және төменгі деңгейдегі сынып топтарын ұсынады.
Топ зерттеу сабағын «зерттелетін оқушылардың» меңгеруіне ерекше назар аудара отырып, оны жоспарлайды.
Бір мұғалім зерттеу сабағын жүргізеді, осы уақытта басқалары – «зерттелетін үш оқушыға» ерекше көңіл бөлу арқылы қадағалайды және ескертпелерді жазып отырады.
Мұғалімдер осы зерттеу сабағы туралы олардың пікірін түсіну үшін бірнеше оқушылармен сұхбат жүргізеді.
Топ зерттеу сабағы аяқталсымен бірден талқылау жүргізеді. Талқылау белгіленген құрылым бойынша жүреді:
жоспарлау үдерісінде жасалған алдын ала болжамдармен салыстыра отырып, «зерттелетін оқушылардың» оқуын қадағалау және болған айырмашылықтардың себебін анықтау;
тұтас сыныпты оқыту;
зерттеу сабағының барысы және оқыту үдерісі;
белгіленген және зерделенгендердің негізінде және соларға сәйкес келесі зерттеу сабағының мақсатын қою.
келесі Lesson Study-ді топпен бірлесе жоспарлау.
Lesson Study циклінен кейін (әдетте үш немесе одан көп) топ оқу тәсілдері мен оқу бағдарламаларындағы қабылданатын және көпшілікке таратылатын өзгерістерді келіседі.