Мәтін тапсырмалары
Қазақы жылқының қандай тұқымдарын білесіңдер?
Мәтінді бөліктерге бөліп, әр бөліктің атауын қойыңдар.
Жылқы жасына қарай қалай атайды?
«ЖЫЛҚЫ — МАЛДЫҢ ПАТШАСЫ»
Қазақтың көшпелі тұрмысындағы жылқының орны ерекше. Шексіз-шетсіз далада жаяу адам ұзаққа бара алмайды, шаруасын да мезгілінде бітіре алмайды, ал астында аты болса, қашқанда құтылып, қуса жетіп деген-дей тіршілік ете алады. Сол себептен қазақтың «Жылқы — ердің қанаты» деген сөзі жылқының адам өміріндегі орнын дұрыс көрсетеді. Қазіргі автомобиль, мотоцикл, теміржол, авиация, сумен жүзетін кеме — бәрінің қызметін жылқы жалғыз атқарған. Соңдықтан қазақ жылқыны өте жоғары бағалайтын, оның үстіне жылқының қымызы — өте құнды, шипалы табиғи сусын; қылы — арқан, жіп, желі, көген ескенде, олардың мықтылығын сан есе асыратын. Жылқының еті — өте жоғары сапалы тамақ, қазысы тағамдық та, емдік те қасиеттері мол дүние. Жылқының терісінен түрлі қасиетті бұйымдар жасалады (құлын жарғақ, етік, жүген, айылтартпа, құйысқан, саба, өмілдірік, үзеңгі бау, қанжыға бау, ноқта, шідер, қамшы т.б.)
Қазақтың өмірі қаншама ғасыр жаугершілікпен өтті. Солардың барысында халқымыздың басына сан рет өлім хаупі төнген жерден оны құрып кетуден жылқы аман алып қалған, ата-бабаларымыз, әже-аналарымыз сан рет төніп келген ажалдан атқа мініп қашып құтылған. Жаумен айқасып, жеңіп, қуғанда да атпен қуған. Қазақстан деген ұлан байтақ жерді азғана қазақ иемденуіне себеп болған бірінші қазақтың өзі болса, екінші — жылқысы. Жылқысыз жаяу халықтың қолынан бұл келмес еді. Соңдықтан қазақ жылқыны ер қанаты деп есептеп, жанындай жақсы көреді.
Қазақтың халық жырларыңдағы батырларының қайсысын алсаң да ішінде жаяуы жоқ және олардың аттары құр көлік емес, батырлардың жан серігі, қиын кезеңде тіпті тілдесетін, «ақыл айтатын» кеңесшісі де. Тайбурыл мен Байшұбар, Тарлан ат қандай қасиетті пырақтар, оларды мал санатына қосуға аузың да бармайды.
Жылқы туралы қазақтың мақал-мәтелі де көп: «Жылқының сүті шекер, еті бал». «Жүзден — жүйрік»; мыңнан — тұлпар», «Адам жылқы мінезді» Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы кісінескенше», «Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ», «Алуан-алуан жүйрік бар, бабына қарай шабады», «Жылқы — малдың патшасы», «Ат тұяғын тай басар», «Жортар аттың тоғы игі» «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас», «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса ас көп», «Қасқа айғырдың баласы қасқа болмаса да төбел болар», «Алып анадан туады, тұлпар биеден туады», «Кедей болайын деген жігіт биесін сатып ат қылар, жалғыз болайын деген жігіт туысын ұрсып жат қылар», «Бие көп болса, құлын көп», «Құлындаған биеден құдықтағы су қалмас», «Тай тулап үйірінен кетпес», «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп», «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас», «Жылқы құлын-нан көбейер, ақша тиыннан көбейер», «Ат аунаған жерде түк қалар», «Жорғадан туған жортақ бар, батырдан туған қоркақ бар», «Ат баспаймын деген жерін үш басады, ер көрмеймін деген жерін үш көреді», «Атының сыры иесіне мәлім», «Арық атқа қамшы ауыр», «Сауын саусаң бие сау — боз қырау түспей суалмас», «Ат мінбей атаңды мақтама», «Құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер», «Ат айналып қазығын табады, ер айналып елін табады», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Тай мінген — балаға жарасар», «Қу байтал екі айғырды аш қалдырар», «Тұлпар болар құлынның мүшесінен белгілі», «Жақсы ат жанға серік, жақсы ит малға серік», «Ат сүрінбей жер танымас», «Құрық тимес құлын жоқ» т.б. жылқы туралы мақалдардың бұл бір бөлшегі ғана. Басқа мал туралы мақал-мәтел мүншалықты көп емес. Көп мақалдарда жылқы мен адам қатар айтылады. Ал мақал өзінің тура мағынасымен ғана қолданылмай, көп жағдайда астарлы мағына берерін ескерсек, қазақтың жылқыны жақсы көретіндігінің шегі жоқтығы осыдан-ақ байқалады.
Жылқының тұқымдары көп — 200-ден астам. Қазақ жылқысы тұқымға бөлініп, терең зерттелген жоқ деп те айтуға болады. Алайда төрт топ жылқы тұқымы жеке аталып жүр. Бұлар — жабы, адай, көшім жылқылары және Қостанай жылқысы.
Бие құлынды 10 ай көтереді, күн жылынып, от молыққан кезде отжақпас айының аяғында — көкектің басыңда құлындайды. Құлын қыс түскенше жетіліп, өсіп қалады. Бие үйірден ұзап, оңаша жерге барып құлындайды. Құлын туғаннан кейін 5—10 минутта басын көтеріп алады да, тұруға әрекет жасай бастайды. Бір-екі сағатта сан рет құлап-жығылып ақырында түрегеледі, аяғын әлтек-тәлтек басып, анасын тауып еме бастайды. Жылқының ең бір осал болатын мезгілі осы кез, құлындап жатқанда биені де жарып, құлынын да жалғыз-ақ қасқыр жеп кетуі мүмкін. Ертеңіне-ақ бие құлынымен үйірге қосылады. Жаңа туған құлын сағат сайын емес, минут сайын өседі. Бір тәулік болған құлын анасын танып, еміп соңынан қалмайды. Бір жетілік құлын емін-еркін, кұламай шауып жүреді. Бір айлық құлын ұзақ шабысқа жарамаса да, үйірден қара үзіп қалмайды, көктемгі көшке кедергісі жоқ. Алты айдан асқан құлынды жабағы дейді, күзгі үдере көшіп-қонуға да еш кедергісі жоқ. Бір жасқа келгеңде еркек құлынды тай, ұрғашысын ұрғашы тай немесе байтал дейді. Екіден асып үшке дейін құнан, үштен төртке дейін дөнен дейді, одан кейін бесті дейді, еркегін айғыр немесе ат, ұрғашысын бие дейді. Құнажын, дөнежіндер де байтал делінеді, айғырдан шығып кетіп құлындаса бие делінеді. Жылқының жасына, түсіне, жынысына, мінезіне, жүрісіне қарай сан-алуан аттары болады, оларды білгісі келген адам Ш. Жанғабіловтың «Қазақша мал атаулары» (Алматы, «Қайнар», 1982) деген кітабынан табады.
Достарыңызбен бөлісу: |