тұрақты болуы үшін орта тап өкілдерінің маңызы қандай болса, бейтарап
сөйлеу тілін жақсы меңгерген тұтынушылардың саны – сол тілдің
өміршеңдігінің кепілі болмақ.
Әдеби сөйлеу тіліне келетін болсақ, «әдеби тіл» дегеннің мазмұны, сипаты
жөнінде жалпы тіл білімінде анық, айқын, үзілді-кесілді айтылған тұрақты пікір
жоқ [77, б.7] дегенімен, әдеби тіл қазақ тіл білімінде біршама жақсы зерттелген,
жолға қойылған. Әрине, әдеби тіл ұғымы көбінесе жазба тіл тұрғысынан
қаралғандықтан, ауызша әдеби тіл әлі де біраз зерттеуді қажет етеді. Зерттеуші
Қ.Күдеринова әдеби тілдің бүгінде мынадай қызметтерін көрсетеді:
- қазақ ұлтын қалыптастыратын, тәрбиелейтін құрал;
- қазақ ұлтын бір мақсат-мүддеге біріктіретін күш, ұйытқы;
- жалпыхалықтық тілдің нормативті базасы;
- толыққанды коммуникация құралы;
- ойжасампаздық қызмет атқарады;
- танымдық қызметі бар;
- ойжүйелеуші қызметі бар [67].
Осы қызметтерін атай келе, ғалым әдеби сөйлеу тілін бізде халықтың
қанша пайызы күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданады, тіпті оны
қолданудың қажеттілігі бар ма, адамдар неге әдеби тілден гөрі қарапайым
сөйлеу тілінде пікірлескенде нағыз өз ана тілінде сөйлеп отырғандай жеңіл
сезінеді секілді сұрақтар қояды. Оның жауабын «Қазіргі әдеби тілдің келбеті
өзгерді ме?» деген мәселеден іздеу керектігін де айтып өтеді. Яғни «қарапайым
сөйлеу тілінің лексикасы, синтаксистік құрылысы әдеби тіл мәтінінде
халықтың өзіне жақындау үшін арнайы қолданылып, әдеби тіл мен қарапайым
сөйлеу тілінің арасында шекара алынып, тігісі жатқызылып бара жатқанын
байқаймыз. Мысалы, қазіргі БАҚ-тың күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге әбден
араласып, елдің түкпір-түкпіріне қолжетімді дүниеге айналуы әдеби тілді
жалпы халыққа түсінікті етіп, жергілікті ерекшеліктерді бейтараптандырып
отыр» [67] деп жауап береді. Бұдан бейтарап сөйлеу тілінің маңызы тағы
көрінеді.
Осы жерде бейтарап сөйлеу тілі мен әдеби сөйлеу тілінің арасында қандай
айырмашылық бар деген тағы бір заңды сұрақ туады. Ол екеуінің
ерекшеліктерін төмендегідей кестемен берсек:
Кесте 12 – Әдеби сөйлеу тілі мен бейтарап сөйлеу тілінің өзіндік ерекшеліктері
Әдеби сөйлеу тілі
Бейтарап сөйлеу тілі
1
2
Қатаң нормаларға бағынады.
Нормадан гөрі тілдік дағдыға негізделеді.
Құрылымы жағынан белгілі бір
талаптарға бағынады.
Құрылымы тыңдаушыға бағытталғандықтан,
дискурс аясында дайындықсыз және
машықсыз сипаты басым болады.
Адресанттың өзін-өзі бақылауы жоғары
деңгейде, коммуникативтік рөлге
толықтай кіреді.
Адресанттың өзін-өзі бақылауы сәл бәсеңдеу,
бірнеше коммуникативтік рөлдерді қатар алып
жүруі мүмкін.
50
12-кестенің жалғасы
1
2
Жағдаят нормаға бағынады
Жүйе жағдаятқа бағынады
Сөзімізді қорытындылай келсек, ауызекі сөйлеу тілін зерттеу
антропоөзектік парадигма аясында зерттеудің маңызы бүгінде артып отыр.
Әсіресе, болашақ ұстаздарға ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін білу аса
қажет. Ауызша тілдің бұл түрінің қыр-сырын меңгеру арқылы мұғалім алдына
келген оқушының тілдік портретін құрастырып, оған қажетті жол таба алады.
Адамның МЕН-і ауызекі сөйлеу тілінде ерекше көрінетіндіктен, тұлға туралы
көптеген мәлімет алуға да болады. Ал бейтарап сөйлеу тілі жалпы тілдің, әдеби
тілдің негізін қалайды. Тіпті оқытушы – білім алушы арасындағы дискурстың
түр-түрі де осы бейтарап сөйлеу тілі төңірегінде өрбиді. Сонымен қатар
болашақ мұғалімге әдеби тілдің нормаларын білу керектігі айтпаса да түсінікті.
Демек, ауызша тілдің қай түрін болмасын зерттеу және оқытудың қажеттілігі
анық.
1.2 Ауызша сөз мәдениеті және педагогикалық дискурс
Жоғарыда тілдің қызметі, оның сөз жүзіне асқандағы формалары жайында
біраз «сөз» қозғадық. Енді сол «сөздің» мәдениет тұрғысынан жеке адам және
бүкіл қоғамның өміріндегі орнына тоқталсақ.
«Мәдениет» ұғымына анықтама беру оңай емес. Латын тілінің сөзі бола
тұра, біздің тілімізге «өңдеу», «тәрбие», «білім», «даму», «құрмет» деген
түсініктерге жақын аударылады. Сонымен мәдениет деп:
- қоғамның белгілі бір тарихи кезеңдегі дамуы, сол кезеңдегі бүкіл
қоғамның дамуын;
- адамзат қауымының рухани және материалдық тұрғыдан қол жеткізген
табыстарының жиынтығын;
- адамның жекелеген сала бойынша даму көрсеткішін атай аламыз.
Мәдениет ұғымының болмысы оның мазмұны, қолданылу аясы, түрлері
арқылы ашылады. Мәдениеттанушы ғалымдар жалпы мәдениеттің мынадай үш
үлкен түрін атап көрсетеді:
1) Физикалық мәдениет. Физикалық мәдениет адамның денсаулығын,
дене шымырлығын жақсартуға бағытталады. Ол гигиена, валеология,
медицина, спорт, туризм т.б. ғылымдарының негізінде жүзеге асады.
2) Материалдық мәдениет. Бұл түріне адамның өмір сүруіне қажетті ішер
асы, киетін киімі, тұратын баспанасы, көлігі, қол-өнерінің бұйымдары,
ауылшаруашылық және малшаруашылық құрал-саймандары, өнім өндіретін
шикізаттары, қару-жарағы, аңшылық, саятшылық жабдықтары, саз аспаптары,
ыдыс-аяқ, жиһаз т.б. жатады. Этнографтар табиғат сыйынан тыс адам қолынан
шыққанның бәрі материалдық мәдениеттің айғағы бола алады деп санайды [78,
б.7]. Қазіргі таңда адам санасының жемісі болып табылатын компьютерлердің
өзі материалдық мәдениеттің үлкен бір түрі. Басқаша айтсақ, материалдық
мәдениет шындық өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы заттармен тығыз
51
байланыста қаралады [79, б.65].
Материалдық мәдениет соңғы екі-үш ғасырда ерекше дамуда. Оның
барлығығылым мен техниканың алға басуымен байланысты.
3) Рухани мәдениет. Рухани мәдениетке жеке адамнан бастап, бүкіл
қоғамның дүниетанамы, ділі, діні, моральдық этикалық нормалары мен
халықтың
ұстанатын
әдет-ғұрып,
салт-дәстүрлері
т.б.
жатады.
Мәдениеттанушы С.Темірбеков рухани мәдениеттің бастауы жайында:
«Мәдениеттің қалыптасу кезеңі адамның адам болуынан, адамдар арасындағы
қарым-қатынасқа қажет қарапайым норма, ереже, тыйым, бұйрықтардан
басталады, ал рухани мәдениетке жатқызатын әдебиет, өнер, дін, бұқаралық
ақпарат құралдары т.б. кейінгі уақыттың жетістігі» деп көрсетеді [80, б.52].
Адамның рухани әлемінің құндылықтарын түсінбей, тұтас ұлттың
мәдениетіне бойлау қиынға соғады. Себебі әрбір тұлғаның өз ішкі мәдениетінде
халықтың мәдениетінің көріністерін тануға болады. Әр ұлттың таным
мәдениеті әртүрлі болғанымен, белгілі бір жалпы адамзаттық құндылықтарға
келгенде өзара тоғысады, мысалы: өмір мен өлім, жақсы мен жаман, білім мен
надандық т.б. Тіл ұлттардың мәдениетін бөліп тұратын болса, сөйлеу оларды
біріктіріп тұратын көпір іспеттес.
Қазақ тілінің рухани және материалдық лексикасын зерттеуші ғалым
К.Күркебаев жоғарыда аталғандардың құрамдас бөліктері ретінде ғылымда
этнос мәдениеті, этникалық мәдениет, ұлттық мәдениет, шығыс мәдениеті,
постфигуративтік (дәстүрлік) мәдениет, конфигуративтік (замандастық)
мәдениет, предфигуративтік (жас ұрпақтық) мәдениет, сөз (сөйлеу)
мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, тамақтану мәдениеті, киіну мәдениеті, төл
мәдениет, жалпы адамзаттық мәдениет, аймақтық мәдениет, жазба
мәдениет, кәсіби мәдениет, көркемөнер мәдениеті, экологиялық мәдениет, оқу
мәдениеті,
ғылым
мәдениеті,
экономикалық
мәдениет
секілді
топтастырушылық та бар екенін айта келе, рухани және материалдық
мәдениетті төмендегідей бөліп көрсетеді [78, б.6-8]:
Сурет 8 – Рухани және материалдық мәдениет жүйесі
52
Сөз өзінің формаларының көптігімен, мәдениет салаларының барлығына
дерлік қызмет етеді десек болады. Білімнің қалыптасуы, дамуы және берілуі сөз
формалары арқылы жүзеге асады; түрлі эмоциялар, зияткерлік де сөз арқылы
беріледі (жазбаша болса да); әлем мен адамды эстетикалық тұрғыдан танудың
түрі болған поэзия, ән, театр, әдебиет – бәрі де сөзге негізделген. Физикалық
мәдениет сөзге мұқтаж емес десек те, қарапайым жаттығу жұмыстары кезінде
айтылатындардың барлығы да сөзге келіп тіреледі. Адамның ішкі мәдениетінің
өзі оның сөйлеу мәдениетінен көрінеді. Жалпы айтқанда, мәдениеттің қандай
түрі мен саласы болмасын, сөз формалары арқылы жүзеге асады немесе
қолданады.
Сонымен, тіл, сөз бен мәдениеттің байланысы даусыз. Яғни мәдениеттің
кез келген түрі адам әрекетіне, ал ол әрекеттің көрінісі «сөз» дейтін болсақ,
мәдениет пен сөздің байланысы айқын. Зерттеу жұмысының нысаны – сөз
болғандықтан, алдағы тақырып та ауызша сөз мәдениеті жайында болмақ.
«Мәдениет» сөзінің өн бойында «тәртіп», «жүйелілік» деген мағыналар
жатыр. Бірақ осы ретте қандай тәртіп, ненің жүйелілігі деген сұрақтар тағы
туындайды. Осыдан келіп, сөз мәдениетінің күрделі құбылыс екенін
байқаймыз.
Сөз мәдениетінің өзін ауызша сөз мәдениеті және жазба сөз мәдениеті деп
шартты түрде бөлеміз. Сөз мәдениетінің өзі тіл білімінің ерекше бір саласы
ретінде XVIII ғасырдан бастау алады [81, б.10] десек те, ауызша сөз мәдениетін
зерттеу нысандарының ішінде кенжелеу қолға алынған деп айтсақ болады.
Оның себебі – ауызша сөз мәдениетінің күнделікті өмірмен, тілді қолданудың
қайтарымсыз болуына байланысты. Әйтсе де ауызша сөз мәдениетінің
зерттеудің маңызы бүгінде артып отыр. Оны академик Р.Сыздық та өз
еңбегінде: «Сөз мәдениетін ғылыми-практикалық тұрғыдан сөз етуде зерттеу
жұмыстарына динамикалық-тарихи қырынан келуден гөрі, статикалық тұрғыда
қарастыру бірінші кезекте тұрады, яғни сөз мәдениетінің қалыптасу тарихы, әр
кезеңдердегі сипаты дегеннен гөрі, дәл бүгінгі жай-күйі, проблемалары, даму
бағыты, болашағы (перспективасы) деген мәселелерге алдымен көңіл
аударылады. Мұны тіл қолданысының өзі сұрайды, бұл – бүгінгі әлеуметтік
сұраныс» [11, б.23] деп атап көрсетеді. Оның әлеуметтік сипаттағы мәселеге
айналуының да себептерін ғалым жақсы атап көрсетеді [11, б.213-214] және біз
өз тарапымыздан ғалымның сөзін мысалдармен дәйектей түстік:
1) Әртістер мен әншілердің, сонымен қатар радио мен теледидар
жүргізушілерінің, тілшілердің төл дыбыстарымыздың табиғи үйлесімін
сақтамай, бұзып айтуы. Актерлар өз рөлдерін, ал әншілер әндерін жазылған
мәтін бойынша жаттайды, хабар немесе бағдарлама жүргізушілері алдын ала
дайындалған жазба мәтінді оқу арқылы айтады. Яғни ауызша айтылу керек
мәтінде жазба тілдің элементтері байқалып тұрады. Мысалы, қазір көп
бағдарлама жүргізушілері «жоғарыда айтқанымыздай»,«жоғарыда айтып
өткеніміздей» деген секілді сөздерді жиі қолданады. Ал шын мәнісінде,
«жоғары» деген сөз көруге бағытталған нысан болғандықтан, оның жазба тілдің
элементі екені белгілі. Осы секілді оқушылар мен студенттердің ауызша тілінде
«құрылысшы», «жұмысшы» деп айтудың жиілеп бара жатқанын байқаймыз.
53
2) Сөйлеу кезінде болуы керек логикалық, ой екпіні түсетін кідірістерді
біле бермеу, ауызша сөздің құрылымын сақтай алмау. Жастар өлеңді, көркем
шығарманы ауызша оқып беруде біршама қиналады. Ауызша сөйлеуде сөзінің
бас-аяғын құрай алмай қалатын кездер жиі кездесетін болды.
3) Билингвизмнің салдарынан қазақ дыбыстары мен сөздерін, тіпті сөйлем
құрылысын орыс тіліне салып айту: мэн кэлэмін, жыным келеді (орыс тіліндегі
«ы» дыбысының айтылуымен), мен ойлаймын т.б.
Әрине, жоғарыда аталған мәселелердің себептері көп-ақ. Дегенмен,
бастыларының бірі – біздің ауызша тілге, ауызша сөз мәдениетіне жіті көңіл
бөле алмай келе жатқанымызда.
Қандай ғылым саласы болса да, оның дамуы зерттелуімен тығыз
байланысты. Осы кезге дейін жалпы тіл білімі болсын, қазақ тіл білімі болсын
ауызша тілдің толыққанды зерттелуіне біршама алғышарттар жасалды. Ауызша
тілге деген қызығушылық Цицеронның кезінен басталады десек болады. Ол өз
еңбегінде: «Дұрыс сөйлей білу – ол мақтаныш емес, ал сөйлей алмау – нағыз
масқара, себебі «дұрыс сөз» – жеке оратордың қасиеті емес, ол барша рим
халқының қасиеті» [82, б.49] деген болатын. Осы ұстанымды ұстанған қазақ
халқы да сөзге, әсерлі сөйлеуге көп мән берген. Оны халық ауыз әдебиеті, ақын,
жырау, жазушылардың айтқан-жазғандары дәлел. Қазақ халқы негізінен асқан
шешендігіменерекшеленген халық болғанын білеміз. Алайда қазіргі кезде сол
шешендіктің ізі де қалмай бара жатқан секілді. Қазақша шешен ойлаудан гөрі,
қорқақтап, шошына сөйлеп, күмілжитін ұрпақ өсірудеміз. Осы күні біз өз
ойымызды өзіміз дұрыс жеткізе алмайтын, ойының ұшқыр шабытына ырық
бере алмайтын ынжықтық хәліне тап болғандаймыз. Әлеуметтік желілердің,
уақыт ырғағының өте жылдам болуының әсерінен бұрын бес күнде
орындайтын шаруаны қазір бес сағатта орындайтын болдық. Бұрын той,
отырыстарда қыз-жігіттеріміз айтысқа түсіп айтысып, жыр-толғау айтып
ақындық, шешендік өнерлерімен жарысқан болса, қазір шешендік бір жақта
тұрсын, тіпті бір-бірімен тілдесуден де қалып, ұялы телефондарынан көз алмай
отыратын болдық. Осыдан келіп адамдардың бойында ұқыптылық, сөздің
мәніне терең бойлау секілді қасиеттер біртіндеп жоғалып бара жатыр. Бұл,
әрине, ойланатын мәселе.
Қазақ тіл білімі сияқты шетелдік ғалымдардың еңбектерінде де ауызша сөз
мәдениеті жалпы сөз мәдениетінің аясында қаралып келді. Атап айтар болсақ,
француз тіл білімінде тіл сыны (critique du langage), неміс тіл білімінде сөз
мәдениеті (sprachkultur) және тіл тазалығы (sprachpflege), ағылшындарда
көпшіл тіл мәдениеті (popular culture of language), Польшада тілдік мәдениет
пен тіл мәдениеті, Болгарияда тілдік этикет, Венгрияда сөйлеу мәдениеті
(besze kultura) секілді ұғымдармен шекаралас келеді. Қазақ тіл білімінде тіл
мәдениеті мен сөз мәдениеті жарыспалы қолданылса, ал Чехия, Словакия мен
Вьетнамда екеуі де бөлек-бөлек тұрақталып, қаралады [83, б.10].
Поляк тіл білімінде «сөз мәдениеті» үш мағынада қолданылады:
1) тілді жетілдіруге бағытталған әрекет;
2) тілді дұрыс қолдана білу деңгейі;
3) тіл білімінің бір саласы ретінде [84, б.9].
54
Кейіннен әйгілі поляк ғалымы Анджей Марковский «сөз мәдениеті
дегеніміз – тілді кез келген жағдаятта еркін қолдана алу» деген мағынасын
қосады [85, б.16].
Қазіргі кезде ауызша сөз мәдениетіне әлем ғалымдарының ерекше
қызығушылығын байқауға болады. Мысалы, француз лингвисті Жан Веронис
өз президенттері Николя Саркозидің шаршытоп алдындағы сөйлеген сөздерін
жинақтап, «Николя Саркозидің сөздері» атты еңбек шығарды. Онда ол
президенттің сөздері негізінде ауызша тілдің әртүрлі қырын суреттеп көрсетеді.
Ал ағылшын ғалымы Л.Трастың ауызша сөз мәдениетіне қатысты «Eats, Shoots
and Leaves» еңбегі өз отанында бірнеше миллиондаған тиражбен сатылуда.
Автордың жұмысы, негізінен жазба сөз мәдениетіне арналғанымен, еңбекте
ауызша сөз мәдениетіне қатысты да көптеген мәліметтер табуға болады.
Мысалы, Л.Трастың айтуынша, ағылшын ойын-сауық бағдарламаларының 2/3
бөлігі ауызша сөз мәдениетін дамытуға бағытталған [86].
Жапонияда да қазіргі зерттеулер ауызша сөз мәдениетінің этикалық
аспектісін дамытуға арналуда. Жапон тілінде тілдің ер және әйелге арналған
нұсқалары болғандықтан, бұл өте маңызды болып саналады [87, б.136]. Ауызша
сөз мәдениетінің этикалық аспектісі көптеген елдердің зерттеулерінде орын
алады. Айталық, корей тілінде сөздік қатынастың үш формасы (төменгі –
балалармен сөйлескенде, орташа – өз құрдастары мен достарымен сөйлескенде,
ал жоғары – өзінен үлкен адамдармен қарым-қатынас жасағанда) болғандықтан,
олар тілдегі этика мәселесіне көп көңіл бөлуге мәжбүр. Сондай-ақ иран тілші
ғалымдары да қазіргі таңда ауызша тілдегі этикаға ерекше тоқталу керек деп
есептейді. Ауызша тілдің ұлттық этикасын қайтару үшін тілдік пуризмге жүгіну
керек дегенді алға тартады [88, б.136].
Орыс тіл біліміндегі ауызша сөз мәдениетінің зерттелуі жайында өткен
бөлімдерде біршама тоқталған болатынбыз. Сондықтан бірден қазақ тіл
біліміндегі ауызша сөз мәдениетінің зерттелуіне жасалған алғышарттарға
көшсек. Ол алғышарттардың негізін жалпы сөз мәдениетіне, қазақ
стилистикасына қатысты зерттеулер құрайды. Атап айтар болсақ, Н.Уәли
«Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері» [5], М.Балақаев, М.Серғалиев
«Қазақ тілінің мәдениеті» [89], Қ.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер»
[90], І.Кеңесбаев «Сөз талғамы – өрелі ойдың кепілі» [91], Ә.Қайдар «Қазақ
тілінің өзекті мәселелері» [92], Р.Әмір «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік
ерекшеліктері» [54], Қ.Неталиева «Орфоэпия нормалары туралы» [93],
И.Ұйықбаев «Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері» [94], С.Исаев «Қазақ әдеби
тілінің тарихы» [95], Б.Шалабай «Қазақ тілінің стилистикасы» [96], Р.Сыздық
«Сөз құдіреті» [97], «Тілдік норма және оның қалыптануы» [11], «Қазақ әдеби
тілінің тарихы» [77], «Ауызша дамыған әдеби тіл» [65], Ғ.Қалиев «Қазақ әдеби
тілінің тарихы» [98] еңбектері қазақ ауызша тілі мен сөз мәдениетінің
зерттелуіне негіз қалаған болатын. Бұл зерттеулер ауызша тілдің нормалық,
қатысымдық аспектілерін қарастыруға, сөз мәдениетінің басқа тіл білімі
салаларымен байланысын айқын бағамдауға мүмкіндік берді. Ал бертін келе,
З.Ахметжанова, З.Ерназарова, З.Өмірзақованың «Дискурстың прагматикалық
аспектісі»[99],
Ф.Оразбаеваның
«Тілдік
қатынас
негіздері»
[27],
55
Қ.Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» [51], Т.Аяпованың
«Сөйлеу әрекетiнiң онтогенезi: синтаксистiк семантиканың дамуы» [100],
З.Ерназарованың «Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингистикалық аспектісі»
[101],
О.Жұбаеваның «Қазақ тiлi грамматикалық категорияларының
антропоөзектiлiгi» [102] және А.Алдашеваның «Қазiргi қазақ әдеби тiлiндегi
лексикалық жаңа қолданыстар /1976-1991 жылдардағы баспасөз материалдары
негiзiнде» [103] атты зерттеу жұмыстары қазақ ауызша тілі мәселелерін
тереңірек зерттеуге жол ашты. Аталған еңбектер ауызша тілдің теориялық
базасын қалыптастырып қана қоймай, оны қазіргі кездегі тіл білімінің маңызды
салаларымен байланыстыра қарастырған. Сондай-ақ М.Жолшаеваның
«Функционалды грамматика» [104], Қ.Мұхамадидің «Қазiргi қазақ тiлiндегi
қимылдың тездiк тәсiлiнiң мағыналық құрамы мен берiлу жолдары» [105],
З.Бейсенбайқызының «Сөз мәдениетінің негіздері» [106], З.Бейсенбаеваның
«Тіл мәдениеті» [107] еңбектерінде қазақ ауызша тіліндегі қолданыстар мен
олардың қазіргі кездегі өзгерістері туралы бірқатар тың ақпараттар беріліп
өтеді. Ал Ә.Әлметова «Сұхбаттасу мәдениеті» [108], Д.Әлкебаева «Сөз
мәдениеті» [9], З.Абдулжанова «Ауызша тілдегі тілдік бірліктердің
қатысымдық
сипаты»
[26],
Қ.Айтмұхаметова
«Институционалды
коммуникация» [109] секілді ғалымдардың зерттеулері ауызша сөз мәдениетін
теориялық тұрғыдан толықтырып отырған еңбектердің ішінен табылып отыр.
Сонымен қатар ауызша сөз мәдениетін шешендіктану мен әдебиет саласымен
байланыстыразерттеген ғалымдар да аз емес. Мысалы: Ә.Болғанбаев
«Насихатшының тіл шеберлігі жайында» [110], «Лекторлық өнер шеберлігі»
[111], Г.Қосымова «Шешендік өнердің негіздері» [112], С.Негимов «Шешендік
өнер» [113], Қ.Мәдібаева «ХIХ ғасырдағы ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттiң
айырым белгiлерi мәселесi тұрғысында» [114], Г.Смағұлова, К.Күркебаев,
Ә.Жұмағұлова «Шешендік сөздердің дискурсы» [115] еңбектері мен
мақалаларын атай аламыз. Ал ауызша сөз мәдениетін оқытудың
алғышарттарын М.Балақаев «Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту
методикасы» [116], Ф.Оразбаева, С.Рахметова «Қазақ тілін деңгейлік оқытудың
ғылыми-методологиялық негіздері» [117], Ж.Дәулетбекова «Сөз мәдениетін
оқыту: ғылым мен білім тоғысында» [118], А.Қыдыршаев «Шешендіктануды
оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» [119], А.Жапбаров «Қазақ тілін оқыту
арқылы тіл дамытудың әдіснамалықжәне әдістемелік негіздері» [120],
Н.Құрманова «Шешендік өнерге баулу» [121], Б.Жұмақаева «Абай Құнанбаев
шығармаларын қазақ мектептерiнiң 5-8 сыныптарында оқыту әдiстемесі» [122],
А.Фазылжанова «Дұрыс сөйлейік» [123], Ж.Сүлейменова «Қазiргi қазақ тiлi
морфологиясын жоғары мектепте оқытудың ғылыми-әдiстемелiк негiздерi»
[124], Ш.Ерхожина «Студенттердiң кәсiби қатысымдық құзыреттiлiгiн
қалыптастыру
–
модулдiк
технологияның
түпкi
нәтижесi»
[125],
М.Құдайбергенова
«10-сынып
оқушыларының
сөйлеу
мәдениетін
қалыптастыра оқытудың әдістемесі» [126], М.Әжіғалиев «Жоғары оқу
орындарында «Педагогикалық шешендіктану» курсын оқытудың әдістемелік
жүйесі» [127], Ж.Абилхаирова «Филолог-студенттердің тіл мәдениетін
жетілдіру әдістемесі» [6], А.Игінісова «Мектеп оқушыларының сөз мәдениеті»
56
[29], Б.Керімбекова «Қазақ әдебиетiн оқыту әдiстемесi» [128], Г.Чукенаева
«Лингвоэкологияны жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесі» [129] т.б.
сияқты ғалымдар өз зерттеу еңбектерімен негіздеп берген. Аталған еңбектердің
барлығы зерттеу жұмысының барысында қаралып, әрқайсысы тиісті
бөлімдердің жазылуына арқау болды.
Сондай-ақ қазақ ақын-жазушылары, ағартушылары да қазақ ауызша сөз
мәдениетінің дамуына көп үлесін қосқан. Соның ішінде А.Байтұрсынұлы «Тіл
тағылымы» [130], М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытовтың педагогика мен
психологияға арнаған зерттеулерін, Ғ.Мүсіреповтың әдеби-сын еңбектеріндегі
сөз мәдениетіне қатысты жазғандарын айтпай кетуге болмайды.
Ғ.Мүсіреповтың әдеби тілге, сөз мәдениетіне қатысты ойлары көп айтыла
бермесе де, жазушының олар жайында біршама тұжырымдары бар. Тілге
қатысты «Сөз талғамы – өрелі ойдың кепілі» (баспасөз мәдениетіне арналған
республикалық ғылыми-практикалық конференция баяндамасы), «Асқындырып
алмайық, достар» (бір топ жас ақын-жазушылардың сол жылдары газет, журнал
беттерінде жариялаған шығармалары тіліне сын), «Авгейдің ат қорасынан
бастайық» (қазақ тіл мәдениеті жайлы) т.б. еңбектерінде Ғ.Мүсірепов қазақ тілі
ауызша және жазбаша сөз мәдениетінің көптеген мәселелерін қозғайды [131,
б.76-77]. «Тіл өз бойындағы бас асылды – айқын, дәл, әсем, әуезді сөздерді
мұқият сұрыптап алып, оны әрі қарай сүйіспеншілікпен дамытуды талап етеді.
Осы тұста ешкімнің аулында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы –
қазақ деген халық, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да, ана тілін таза
сақтаған. Тіл – халықтікі. Жазушы тілді халықтан үйренеді. Сөйте тұра,
жазушы халыққа тіл үйретуі тиіс» [132, б.120] деп, әдеби тілдің бастауы –
халықтың ауызша сөйлеу тілінде жатқанын баса айтып кеткен.
А.Байтұрсынұлы болса, ауызша сөз мәдениетіне қатысты шешенсөз,
бейнесөз, қимылсөз, шешенсөзгер, замансөз, биліксөз, насихатсөз, қошаметсөз,
білімірсөз т.б. секілді терминдік ұғымға ие сөздерді ұсынып, «айтушы» мен
«сөйлеушінің», «естуші» мен «тыңдаушының» бір еместігін айтады. «Кез
келген адам өмірде көргенінен, естігенінен, байқағанынан, аңғарғанынан
ақпарат жиып, өзінше ой түйіп оны келесі адамға, айналасына, өз ортасына
ауызша айтады. Мұны қалай атауға болар еді? Сонымен бірге адам өз өмірінен
өткен жайттарды немесе көзі көрген адамдардың өнегелі істері, тағылымды
сөздерін есіне ала отырып, өз ортасына ауызша айтып береді. Мұндай
айтылымдарды не деп атау керек? Адам табиғаттың тамаша бір суретін алғаш
көрді, таңданды. Соны қолмен қойғандай қылып айтты. Болмаса өзі туып-өскен
жердің табиғатын тамсана отырып ауызша суреттеп берді. Оның бұл суреттеуін
зерттеуде не деп атайды? Адамдар жақсы адамнан жақсы тағылым алады.
Айналасына тек ізгілік нұрын шашып жүретін адамдардың жақсылығын,
адамгершілігін, жалпы адамдық келбетін, сырт сұлулығын сөзбен сомдап,
екінші біреуге үлгі ретінде ауызша айтады. Оның бұл айтынын не деп атау
қажет?» [133, б.61-62] дегендей, ауызша сөздің өзінің түр-түрі (Байтұрсыновша
– айтыны) бар екенін айтады. Осы түрлерін жеткізу барысында мағына, мазмұн
құрастыру машығы жетіліп, үн қату, тіл қату, сөйлеу, айту мәдениеті
қалыптасады. Соның ішінде «айтудың» басқаларына қарағанда, мағыналық-
57
мазмұндық мәні ауқымды әрі салмақты. Айту – нақты ойды, деректі
мағлұматты, ең бастысы, екі жаққа да қажетті ақпаратты мақсатты, мүдделі
түрде сыртқа шығару. Айту – нақты мекенатқа (адресатқа) бағытталады. Айту
естушіге емес, тыңдаушыға қаратылады [133, б.45]. Осылайша ауызша сөз
мәдениетінің шыңы – айту екендігін атап өтеді. Тағы да сол секілді
С.Медеубекұлы өзінің «Шешенсөз» [133] еңбегінде А.Байтұрсынұлының сөз
мәдениетіне қатысты пікірлерін шебер тұжырымдап береді.
Жоғарыда аталған зерттеулерді топтастыра келе, жалпы сөз мәдениеті
нормалық, қатысымдық және этикалық аспектілерден қарастырылып
жүргендігін байқаймыз. Сөз мәдениеті ғылымының негізгі аспектілерін Н.Уәли
өз зерттеу жұмысында сызба түрінде төмендегідей көрсетеді [5, б.42].
Сурет 9 – Сөз мәдениетінің негізгі аспектілері
Ауызша сөз мәдениетін де көрсетілген аспектілер тұрғысынан қарауға
әбден болады. Тек нормалық аспекті тұрғысынан келгенде ғана біраз даулы
мәселелер туындайды. Әрине, сөз мәдениетінің тірек ұғымы – норма. Дегенмен
ауызша тілде норма бола ма? Нақтырақ айтсақ, ауызша тіл нормаға бағына ма?
«Сөз мәдениеті дегеніміздің өзі – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану
(лексикалық),
дұрыс
құрастыру
(синтаксистік),
дұрыс
қиюластыру
(морфологиялық),
дұрыс
дыбыстау
(орфоэпиялық),
сауатты
жазу
(орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын
ұстану, орнықтыру, жетілдіру. Тілдік норма тек жазба әдеби тілдің «мүлкі»
емес, диалектілік сөздер де, қарапайым сөзқолданыстарының да нормасы
болады, яғни ауызша сөйлеуде де белгілі бір «белгілердің» нормалардың
болатыны аян. Бірақ норманың жазба мен ауызша қолданыстағы бөліністері
түп-тамырымен
өзгеше,
яғни
жазба
әдеби
тілдің
нормалары
кодификацияланады, ал ауызша сөйлеу нормалары кодификацияланбайды,
«еркіндік» мол болады» [11, б.26-67] деп академик Р.Сыздық өз зерттеуінде
анық айтып кеткен болатын. Алайда біз ауызша сөйлегенде қаншалықты
норманы сақтауды мақсат етеміз?
Л.В.Щерба: «Жеке адамның сөйлеужүйесінзерттеу – ең дұрыс зерттеу.
Егер ауызша тілді сол қалпында жазуға түсірсек біз, фонетика, морфология,
58
синтаксистен қаншама қате жібергенімізді көрер едік. Өз сөзін қайталап оқыған
адам «қалай ғана қате жібергем» деп таң қалар еді» [66, б.36]. Сондай-ақ ғалым
ол қателердің өзіндік себептері бар екендігін алға тартып, керісінше ауызша
тілді белгілі бір қалыпқа, нормаға салудан қорқу керектігін айтады. Қазіргі
таңда тура «қағаздағыдай» етіп сөйлеу осыдан шығып жатса керек. Мысалы,
төмендегі ғалым Р.Сыздықтың ауызша сөйлеген сөзіне назар аударайық:
Мен баяндама әуөлі // сөзүмдү мынадан бастасам ба дейм // Осдан дәл 45
жыл бұрұн // Құдайберген Жұбанов туралы өмірбаянынан алғашқы
мағлұматтарды берп // сол кезде көрүнген / танылған еңбектері туралы ең
болмаса атап, тақырыбын айту жөнүнде тапсырылған баяндаманы жасап
едім, университетте өткен конференцияда // Сонда осы Нұргелділер студент
екен // Нұргелді. Үйгө сыймай // есігінен сығалап тұрып тыңдадық деді // ол
баяндаманы. Сол баяндамада // әрине ол баяндаманы жасау // жазуға //
жасауға ең үлкөн көмөкті мен Құдекеңнің туған інісі бірге замандас болып
жүрген // бір инстит // қатар институтта жұмыс істеп келе жатқан Ахмет
Қуанұлы Жұбановтан // Ахмет ағадан алып едм // Ол кісі енді ... / әйтпесе мен
қайда туды, неде // қайда оқыды // түгел білмейміз ғой // жазылып қалған да
ешнәрсе жоқ екен // Сол 45 жыл бұрұн айтылған / тыңдаған / көргөн / білген
портреттерімді Жұбанов туралы // Қүдайберген Жұбанов тұр портретімде //
Аханның айтуы бойынша // Жұбановтың өң бойнда Құдай Тағала берген
бірнеше ... // немене дейміз // қасиет бар екен // Адамға тән қасиет бар екен //
Соны... // Сол қасиеттерді... // Бес алты түрлі қасиет екен // Сол кімнің /
Аханның айтуы бойынша / мен кейінгі бір мақаламда кейінгіде бір он шақты,
оннан аса мақала жазғам екен // Сол бір мақаламда әдейі жазыппын былай
деп:...
Қарап отырсақ, тілдік қабат нормалары, әсіресе синтаксистік норма
сақталған деуге келмейді. Бірақ «сөз» дәл сол сәтте түсінікті болды, әрі өз
адресаттарына әсерлі болды. Бұл – ауызша әдеби тілдің үлгісі болатын. Ал
ауызекі жәнебейтарап сөйлеу тілі үлгілерінің қағазға түскен түрі мүлдем
түсініксіз болып келеді. Демек, ауызша әдеби тілге келгенде біз нормаға
жақындаймыз да, ал ауызекі, бейтарап сөйлеу тілінде әрбір сөзімізді нормаға
сай түзетіп тұра алмайды екенбіз. Бірақ ауызша тіл бей-берекетсіз сөйлене
береді деген сөз емес. Сөйлеуде өз дітімізге жету үшін біз белгілі бір жүйеге,
ережеге, құрылымға бағынамыз. Яғни ауызша тіл нормалық тұрғыдан қатаң
түрде тек орфоэпиялық нормаға ғана бағынып, қалған нормаларда «еркіндік»
болады.
Ауызша сөз мәдениетінің қалыптасуына оның қатысымдық аспектісі де
үлкен рөл ойнайды. Адам табиғатынан әлеуметтік қатынастарға тәуелді.
Біріншіден, адам үшін өзі секілді қоғамдық ортаның бір бөлшегі болу аса
маңызды. Біз қашан да жалғыздықтан қорқамыз. Жалғыз адам өзін қорғансыз,
керексіз сезініп, айналаға деген қызығушылығы, белсенділігі төмендей
бастайды. Осыдан келіп, оның отбасыға, достарға, әріптестерге, таныстарға
қажеттілігі туындайды. Қазақ мұны «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деп
бір сөзбен шебер айтып кеткен.
Екіншіден, адам тек тілдік қатынасқа түскенде ғана тұлға ретінде
59
қалыптасады. Зияткерлік және тағы да басқа өзінің қабілеттерін аша алады.
Тілдік қатынас тұлғаның эмоционалдық қырын да шыңдайды. Дүниетанымын
кеңейтеді, ойлауын, есте сақтауын, қиялын дамытады.
Үшіншіден, адам әрқашан басқалардың өзін жақсы жақтан бағалағанын
қалайды.Бұл бағалау өз кезегінде адамда белгілі бір эмоция мен сезімдер
тудырады. Ол эмоциялар адам үшін аса маңызды. Себебі олар адамның
психикалық және физикалық қалпына үлкен әсер етеді. Ғалымдардың
зерттеуінше, тұлғаның психикалық тұрғыдан тұрақты болуы үшін жағымды
және жағымсыз эмоциялардың ара қатынасы 7:1 болуы керек екен. Қазіргі
таңда адамдардың жағымды эмоцияларға деген қажеттілігі артып отыр.
Осының бәрі адамның басқалармен жағымды көңіл-күй тудыра алатындай етіп
сөйлесуіне тікелей байланысты.
Ауызша сөз мәдениетінің қатысымдық сипатының жүзеге асуына көбінесе
коммуникативтік бөгеттер кедергі келтіреді. Коммуникативтік бөгеттердің өзін
үлкен үш топқа (әлеуметтік-мәдени, психологиялық және тілдік) бөліп қарасақ,
соның ішінде тілдік бөгеттердіңауызша сөз мәдениетінің қалыптасуы мен
дамуына ықпалы зор [134, б.159]. Сонымен қатар коммуникативтік бөгеттердің
қай түрі филолог-студенттердің оқу үдерісінде жиі ұшырасады? Дұрыс сөйлеу
дағдысы мен коммуникативтік бөгет, білім алушылардың үлгерімі арасындағы
байланыс қандай?
Білім алушылардың оқу үдерісінде тілдік коммуникация дағдысын
меңгеру деңгейі мен коммуникативтік бөгеттерге тап болуының арасында
белгілі бір байланыс бары даусыз, яғни тиімді коммуникация дағдысын еркін
меңгерген білім алушылар коммуникативтік бөгеттерге сирек ұшырайды; ал
коммуникативтік бөгет аз болған сайын, оқу үлгерімі де жоғарылайды. Аталған
өзара байланысты Қазақстандағы Сулейман Демирель университеті, филология
факультетінің 2, 3, 4-курс студенттеріне жүргізілген сауалнама да дәлелдеп
отыр.
Осылайша, білім алушылардың басым бөлігі (70%, сауалнамаға
қатысушылардың жалпы саны – 67) оқу үдерісінде ұялшақтық,
коммуникативтік сәтсіздіктен туындайтын шаршытоп алдында сөйлеуге деген
қорқыныш сияқты психологиялық сипаттағы бөгеттер жиі кездесетінін атап
көрсеткен. Содан соң оқу үдерісінде коммуникативті бөгеттермынадай
себептерге байланысты екендігін түсіндіреді, олар: есте сақтау қабілетінің
төмендігі («есте сақтауым нашар, түсініп тұрамын, бірақ ойымды жеткізе
алмаймын»), уақыт тапшылығы («оқуға, кейбір әдебиеттермен танысуға
уақыт жетпейді»), өз-өзіне сенімсіздік, ойын ашық айтуға қорқыныш.
Шаршытоп алдында сөйлеу кезінде, студенттердің байқауынша,
ұялшақтық, қобалжу, жайсыз көңіл-күй, сенімсіздік, шаршытоптан қорқу
секілді бөгеттер ұшырасады. Мысалы: «Тыңдармандарға белгілі бір ақпаратты
жеткізу – үлкен жауапкершілік, сондықтан көпшіліктің алдында сөйлеуді
ұнатпаймын», «Өзімді тыңдалмай қалудан қорқамын», «Өзіме аса назар
аударылғанын қаламаймын». Студенттердің 30%-ы сөз мағыналарын жете
білмеу, оларды орынды қолданбау, сөйлеу техникасы сынды бөгеттер
болатынын көрсеткен.
60
Ал «Оқу үдерісіндегі коммуникативті бөгеттерді жоюдың қандай тәсілдері
бар?» деген сұраққа студенттер мынадай жауаптар берген екен: «Өз
ұялшақтығыңды жеңу үшін көбірек топ алдына шығу», «Бәріне түсінікті етіп
ойыңды жеткізуге дағдылану», «Есте сақтау қабілетін жаттықтыру, көп
оқу және тек ана тілінде сөйлесу», «Сабақ кезінде көбірек сабақ айту»,
«Адамдармен көп араласып, көпшіл болу», «Шаршытоп алдында сенімді түрде
сөйлеуге машықтану және сұрақтарға жауап бере білуді үйрену», «Ауызша
сөзді жетілдіру, үлгісөздерді көбірек тыңдау», «Өз ойыңды сауатты дәлелдей
білу», «Тіл табиғатын сезіну, ауызша сөздің құрылымын меңгеру» және т.б.
Байқағанымыздай, «оқу үдерісіндегі (тұлғааралық коммуникацияда да)
кездесетін коммуникативті бөгеттерді жеңуде коммуникант пен рецепиенттің
жеке қалаулары, өзара дұрыс коммуникация орнатуға деген ынталары, өз
алдында тұрған адамды тыңдауға ниеті, оған ақпараттың маңызды тұстарын
жеткізе білуі және соңында ортақ бір шешім шығара алуы үлкен рөл ойнайды».
Сауалнаманың нәтижесінде оқу үдерісінде психологиялық және тілдік
бөгеттер көбірек ұшырасатыны көрінді. Ал оқу үлгерімі коммуникативтік
бөгеттерді жоюға тікелей байланысты екендігіне сауалнамаға қатысушылардың
барлығы келісіп отыр [135, б.42-43].
Ғалымдар жоғарыда айтылған коммуникативтік бөгеттерді болдырмаудың
бірден-бір жолы – сөздің қатысымдық сапаларын жақсы білу және оны дұрыс
қолдану деп есептейді [136, б.147]. Н.Уәли сөз сапасының өзі алдымен тілдік
және тілдік емес (экстралингвистикалық) шарттарға тәуелді деп көрсетеді. Яғни
сөйлеушінің ойлау мәдениеті, тыңдаушыға қарай сөз таңдауын сөз сапасына
әсер ететін тілден тысқары шарттар десе, тілдік факторға сөйлеушінің тілдік
амал-тәсілдерді дұрыс қолдануды жатқызады [137, б.135-136].
Сөз мәдениеті саласын терең зерттеушілердің бірі, орыс ғалымы Б.Головин
сөздің төмендегідей қатысымдық сапаларын атаған болатын:
1) сөздің дұрыстығы (точность речи);
2) сөздің тазалығы (чистота речи);
3) сөздің дәлдігі (ясность речи);
4) сөздің логикалығы (логичность речи);
5) сөздің мәнерлілігі (выразительность речи);
6) сөздің бейнелілігі (образность речи);
7) сөздің қолжетімділігі (доступность речи);
8) сөздің өтімділігі (действенность речи);
9) сөздің орындылығы (уместность речи);
10) сөз байлығы (богатство речи) [138, б.214].
Ал А.Байтұрсынұлы, М.Балақаев, М.Серғалиев, Н.Уәли, Б.Шалабай
бастаған бір топ қазақ ғалымдары сөздің дұрыстығы, дәлдігі, логикалылығы,
байлығы, тазалығы, мәнерлілігі, қысқалығы мен нұсқалығы секілді сапаларын
негіздеп көрсеткен.
Алайда аталған сапаларын сипаттауда көбінесе жазба тілдегі мысалдар
алынған болатын.Біз өз кезегімізде сөздің қатысымдық сапаларының ауызша
тілдегі көрінісін келтіріп көрейік.
Сөзді, грамматикалық тұлғаларды, сөз тіркестері мен сөйлемді тілдегі
61
мағынасына сай қолдану, ақиқатты дәл бейнелейтіндей етіп жұмсау сөз
Достарыңызбен бөлісу: |