Халықтың би өнері. Би өнерінің шығу тегін біз, ертедегі бақсылардың қобыз тартып билеп жүріп, ауру адамдарды емдеуімен байланыстырамыз. Және оның музыкамен синкретті түрде байланыса дамып отырғанын дәлелдейміз. Би өнерінің музыкалық-эстетикалық тәрбие берудегі орны ерекше. Би өнері балалардың дене тұлғасының сымбатты қалыптасуын, музыкалық ырғақты нақты сезіне білуін жетілдіреді, әсемдікті, эстетикалық талғамдарын арттырады, мәдениетке деген сезімін оятады.
2. Өзін-өзі танудың рухани жолдары 2.1. Рухани құндылықтар Әлем өзінің байлығымен және алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Әлемді рухани-практикалық игеру процесі барысында адам болмысты өз құндылықтары арқылы қарастырады. Бұл қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар тұлғаның сезімдері және ұмтылыстарымен сәйкес келетін әлемге деген ерекше эмоционалдық реңге ие болатын қатынасты білдіреді. Адамның әлемге қатынасының ерекшелігі оның өзін және өзге адамдарды, қоршаған дүниедегі заттарды, құбылыстарды, процестерді қайырымдылық, әділеттілік, сұлулық, пайдалылық және т.б. тұрғысынан бағалап, құндылықтар арқылы қарастырумен сипатталады.
Құндылықтық қатынас әрқашанда адамның бойында белгілі бір эмоциялары - қуану, сүйсіну, таңдану, табыну т.б. туғызады. Оның ішіндегі ең жоғарғысы - қасиеттерге табыну. Адамға қасиеттер қажет, мейлі ол дін болсын немесе діни емес қасиеттер болсын. Бұл мәселе, әсіресе, қоғамның адамгершілік тұғырлары мен мәдени дәстүрлерінің құнсыздануы мен деградациясы кезінде өзінің өзектілігін байқатады. Құндылықтар - қасиеттер. Қасиетсіз адам жануарға айналып кетеді. Оларға деген табынушылық қатынас бала кезден, ана сүтімен бірге, өзінің ана тілі арқылы моральдың негіздері ретінде өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін игерудің нәтижесінде орнатылады. Қасиеттер адамның бойында моральдық жауапкершіліктер жүктейді, сезімін айқындай түседі. Құндылықтық эмоцияның ең жоғарғы формасы - "жамандықтан" тазаруды білдіретін катарсис болып табылады. Әдебиеттерде айтылғандай "катарсис" терминінің көпмәнділігі эстетика тарихында оның әртүрлі түсіндірмелерінің пайда болуына әкелді. Шындығында бұл термин антикалық әдебиетте эстетикалық, психологиялық, этикалық, тіпті діни мағыналарда да қолданылады. Бұл көпмәнділік кездейсоқ емес, ол антикалық эстетиканың ерекше сипаты болып табылады. Антикалық эстетиканың үйрететін катарсисі немесе тазалануы тек эстетикалық ұғым емес, ол моральға да, интеллектке де, психологияға да қатысты, яғни бүтіндей алғанда адамның барлық қырына қатысты (Лосев А.Ф., Шестаков В.П. История эстетических категории. М., 1965, 89 б.).
Жалтырағанның барлығы алтын емес. Құндылықтарды танудағы ең қиын мәселе – нағыз құндылықтарды жалғандарынан ажырата білу. Ол тек теориялық жағынан алғанда ғана қиын. Біз қайырымдылық пен зұлымдықты ешқайсысына анықтама бермей-ақ ажырата аламыз. Бұл жерде барлығын "таза суға" шығарып, күмәнсіз ететін гумандылықтың өлшемі қызмет етеді. Тіпті барлығы зұлым болғанда да зұлымдықтың аты зұлымдық, ешкім қайырымды болмаса да қайырымдылықтың аты қайырымдылық. Тек қайырымдылық пен адамға қызмет ететін нәрсе ғана нағыз құндылық болып табылады.
Құндылықтар әлемі – сөздің кең мағынасында мәдениет әлемі, адамның рухани әрекетінің саласы, тұлғаның рухани байлығының өлшемін білдіретін оның адамгершілік санасының, басымдылықтарының саласы. Әрбір мәдениеттің өз құндылықтар кешені бар. Құндылықтар адам болмысының әртүрлі формаларына деген қатынасты білдіретін адамзат мәдениеті болып табылады. Құндылықтар - өмірге, еңбекке, шығармашылыққа, адамгершілік насихаттарға, еркек пен әйел арасындағы байланысқа, адам өмірінің мәніне деген бағалаушы қатынас. Құндылықтар – материалдық және рухани қажеттіліктерді өтеу процесіндегі қалыпты нәрселер. Қалыпты мәнге қайырымдылық, сұлулық, әділеттілік идеалдары ие болуы мүмкін.
Құндылықтар дүниетанымның ықпалымен қалыптасады, өйткені адам әрқашан өзінің әлеуметтік тәжірибесі барысында әр алуан көзқарастарды біріктіруге ұмтылады. Біз құндылықтық бағдарлардың қайта бағаланып жатқан өзгерістер дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Құндылықтардың алмасу процесі әдетте ұзаққа созылады. Құндылықтық бағдарлар, идеалдар жаңа мәнге ие бола отырып, қайта түлеуі мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда мәдениеттің өз нормалар, рәміздер, стандарттар қоры бар. Алайда мұнан адамзаттың рухани тарихында тек бір идеалдар ғана үнемі қайталанып келіп отырады деген ой туындамауы тиіс. Мәдениет, әрине өркениетті, өйткені ол үнемі белгілі бір құндылықтық бағдарларды өндіріп отырады. Құндылықтар қоғам үшін ең маңызды деген әдет-ғұрыптардың, нормалар мен мағыналардың қызметін өзіне бағындыра отырып, оны реттейді. Құндылықтар адамға қоршаған нақтылықты тануға мүмкіндік беретін мағыналар жүйесін толығымен қайта құрып отырады. Әлемнің барлық алуан түрлілігінің құндылықтық сипаттамаларының бастаулары қайырымдылық, өмір, сұлулық болып табылады.
Заттар мен құбылыстардың сипаттамалары табиғаттағы, қоғамдағы, адамдағы процестердің бүтіндігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Адамның өз өмірлік әлеміне деген қатынасын өзіндік тиесілік пен өзіндік бекітілудің құндылықтық құрылымы айқындайды. Адамдардың, дәуірлердің, мәдениеттердің, адам қоғамдарының арасында қаншалықты айырмашылық болғанымен, олардың барлығы құндылықты-мәнді диспозициялардың жекелеген жағдайларынан туындайды және оны өз бойында тасымалдайды. Бұл ментальдылықтың барлық деңгейлерінен көрінеді: жеке тұлғалық және ұжымдық бейсаналылықтан дүниетаным жүйелерінің ішкі мәнді ұйымдасқан күрделілігі мен институционалданған этностық нормалар мен ерекшеліктеріне дейін.
Құндылықтар мәселесі қоғамның идеологиялық тұғырлары дискредитацияға ұшырап, мәдени дәстүрлері құнсызданған кезде, әрбір халық өзін мазалаған сансыз сұрақтың ең болмағанда бір бөлігіне жауап табу үшін өзінің өткен тарихы мен мәдениетіне бет бұрған кезде, тарихтың өтпелі, дағдарыстық кезеңдерінде өткір қойылады. Өткен ғасырдың өзінде ғылымда "аномия" түсінігі қалыптасты. Бұл - өмірлік идеалдар түбірімен өзгеріп, қалыптасқан құндылықтар жүйесі қайта пайымдалатын өзгермелі ахуалда сананың шарасыздық жағдайын білдіретін түсінік. Бұл тек жекелеген адам үшін ғана емес, бүкіл қоғамға да ауыр сын. Афины демократиясының дағдарысы Сократқа мынадай сұрақты қоюға мәжбүр етті: "Игілік дегеніміз не?" Бұл жалпы құндылықтық теорияның негізгі сұрағы болып табылады. Антикалық және ортағасырлық философияда ойшылдар құндылықтық сипаттамаларды, дәлірек айтқанда этикалық, эстетикалық, діни сипаттамаларды нақтылық, шынайы болмыс ұғымының өзіне енгізді. Бұл ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін ойшылдарды мазалап келген сұрақтардың бірі. Бір қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Құндылық - бұл құнды нәрсе. Алайда, адам үшін не құнды және неге құнды? Кейде біреу үшін құнды нәрсе өзгелер үшін құнсыз болатын кездері де кездеседі. Бірақ онымен ешкімнің келіскісі келмейді және әрқайсысы өзі үшін құнды нәрсені нағыз құндылық деп есептейді. Кімдікі дұрыс?
Бұл мәселені құндылықтар теориясы немесе аксиология (грек тілінде "axіa" - құндылық және "logos" – ілім) шешуге ұмтылады. Аксиология - құндылықтардың жаратылысы туралы, оның нақтылықтағы орны мен құндылықтық әлемдегі құрылымы туралы, яғни әлеуметтік және мәдени факторлар мен тұлға құрылымы арасындағы әртүрлі құндылықтардың байланысы туралы ілім.
Құндылықтар мәселесінің XІX ғасырдың ортасына дейін философиялық талдаудың дербес объектісіне айналмағанын айта кетуіміз керек. Антикалық философияда ғана емес, онан кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заман философиясында да құндылықтық сипаттамалар нақтылық, болмыстың шынайылығы ұғымдарына енгізілді. Классикалық философияда құндылықтар болмыспен тұтас күйінде қарастырылды және сондықтан аксиология дербес философиялық пән ретінде бөлініп шыққан жоқ. Аксиология философиялық зерттеудің дербес аймағы ретінде болмыс ұғымы екі элементке ыдырағанда ғана пайда болды: нақтылық пен құндылық әртүрлі талап пен ұмтылыстардың объекті ретінде қарастырылғанда аксиологияның басты мақсаты болмыстың жалпы құрылымындағы құндылықтың мүмкіндігін және оның нақтылық айғақтарына деген қатынасын көрсету.
Құндылықтар өмір сүріп қана қоймайды, сонымен қатар бір-бірімен салыстырыла отырып өзіндік құндылықтық қатарды, құндылықтық сатыны құрайды. Бізге белгілі барлық құндылықтар адамға бағытталған және шындығында, кез-келген құндылық өзінің нақты тарихи пайымдалуы мен іске асуында салыстармалы. Алайда мұнан тек нақты тарихи өмір сүретін адамдар мен әлеуметтік топтардың қажеттіліктері мен мүдделерін өтейтін игіліктер ғана құнды және барлық өзге құндылықтардың өлшемі болып табылатындай адам алдында категориялық талап ретінде қойылатын құндылықтар-мақсаттар жоқ деген пікір туындамайды.
Әдебиеттерде құндылықтардың жіктелуі әдетте былайша беріледі: витальды (өмір, денсаулық, игілік, экология және т.б.); әлеуметтік (әлеуметтік статус, жағдай, байлық, отбасы, тәуелсіздік және т.б.); діни (құдай, сенім, ғұрып, шіркеу және т.б.); моральдық (қайырымдылық, достық, сүйіспеншілік, парыз, адалдық, әділеттілік және т.б.); эстетикалық (сұлулық, идеал, үйлесімділік және т.б.); саяси (заңдылық, мемлекеттілік, ата заң, азаматтық еркіндіктер және т.б.). Осылайша құндылықтар жалпы динамикамен сипатталатын мәдени реттеушіліктің қозғалмалы саласын білдіреді.
Белгілі поляк философы және эстетигі Р.Ингартен құндылықтарды витальды (өмірлік) және мәдени деп бөледі. Алғашқылары – бұл утилитарлық құндылықтар, пайдалылық құндылықтары. Екіншілері – бұл таным құндылықтары, эстетикалық құндылықтар, әлеуметтік қасиеттер мен адамгершілік құндылықтары (Ингартен Р. Исследования по эстетике. М, 1962) Н.Ресчер өзінің құндылықтар типологиясында оларды әртүрлі адамзаттық қажеттіліктерімен, мүдделерімен, талап-тілектерімен байланыстырады. Н.Ресчер бойынша құндылықтардың мынадай категориялары бар: материалдық, экологиялық, моральдық, әлеуметтік, саяси, эстетикалық, діни, интелектуалдық, кәсіби, сезімдік.
Құндылықтардың типологиясын сондай-ақ ресейлік және қазақстандық зерттеушілер де келтіреді. РҒА әлеуметтік зерттеулерінің мәліметі бойынша негізгі он төрт құндылықтың тұрақтылығы байқалады (яғни адамдардың құндылықтың санасының негізін құрайтын және ресейліктер өмірінің әртүрлі салаларында үнемі өзінің ықпалын байқататын құндылықтар): адам өмірі, еркіндік, адамгершілік, қарым-қатынас, отбасы, жеке бақыт, ұрпақ көбейту, әрекеттің мәні және күнкөріс көзі ретіндегі жұмыс, игілік (кіріс, денсаулық), инициативтілік (дәстүрді құрметтеу), тәуелсіздік, мейірімділік, беделділік, заңдылық.
ҚР ҰҒА Философия және саясаттану институтының мәліметі бойынша республика тұрғындары үшін ең басты құндылықтарды былайша төрт топқа біріктіруге болады (Общечеловеческие и национальные ценности в изменяющемся обществе. Алматы, 1997, 131-132 бб).
1. Өмірдің тұрақты және қалыпты деңгейі, республикадағы бейбітшілік пен тыныштық, отбасындағы береке, денсаулық, жеке және отбасы қауіпсіздігі, жақсы төленетін жұмыс, ұлтаралық келісім.
2. Азаматтардың құқығы мен еркіндігінің кепілі, экономикалық қауіпсіздік, жеке тәуелсіздік.
3. Қазақстанның тәуелсіздігі, кәсіпкерлік үшін жағдайдың жасалуы, қызметтік карьера.
Қазақстанда респонденттердің 2/3 демократияны тұлғаның құқығы және абыройымен, азаматтық еркіндікпен, құқықтық мемлекетпен байланыстырады. Кейбір респонденттер ғана демократияның кеңестік түсінігін ұстанады – ертеңгі күнге деген сенім, өмірдің жоғары материалдық деңгейі.
Қоғамдық дамудың құндылықтық негіздерін іздеу, құндылықтардың белгілі бір жүйесін таңдау қарама-қайшылықты, бірақ табиғи процесс. Әлеуметтік реттеудің жоғары деңгейіне негізделген құндылықтардың белгілі бір иерархиясы мен арнайы жүйесінсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Бұл қоғамдық институттар мен адамдардың (индивидуалды болсын, ұжымды болсын) мақсатты әрекеттерінің нормативті бақылауының нақты және арнайы жүйелерін жасауға мүмкіндік беретін өлшемдердің құндылықтар жүйесінде бекітілуімен сипатталады. Сонымен қатар бұл қоғамда белгілі бір тәртіпті қамтамасыз етеді және әр алуан қоғамдық субъектілердің "құндылықтық ынтымақтастығын" қалыптастырады.
ХХ ғасырда ең алдыңғы орында әдетте прагматикалық деп аталатын кәсіпкерліктің "насихаттарына" негізделген құндылық бағдарлар шығады. Бұрынғы КСРО тұрғындарының бұқаралық санасында бұл насихаттар кешегі күнге дейін теріске шығарылып келді. Алайда, бұл моральдық көңіл-күймен шабыттана отрып, біз прагматизм туралы көп нәрсені аңғара бермейміз. Прагматизмде адамның өз алдына мақсат қоя білу қабілетімен, оны іске асыруымен, жағдайға ықпал етуімен, өзгелерімен бірлесе отырып нақтылықты өзгертулермен өмірдің қоятын міндеттерін шешумен сипатталатын жалпы белсенді, әрекетшіл жан ретінде адамға қойылатын талаптар универсалданады және біріктіріледі.
Кейде пайда мен табысқа бағдар ұстанатын сананың типін "реалистік" деп атайды. Мұндай адамда белсенділік, инициативтілік, дербестік сияқты қасиеттер болады. Кәсіпкерлік пен бәсекелестікте тұлғаның автономиясы, оның мақсатқа ұмтылушылығы мен еркіндігі бұқаралық құбылысқа айналады. "Өзге үшін емес, өзім үшін өмір сүргім келеді" деген формула прагматикалық дүниетанымды сипаттайды. Алайда мұны бірден эгоистік сананың дәріптелуі деп есептеуге болмайды. Бұл ойды былайша да жеткізуге болады. "Біреуге қызмет етіп, тәуелді болғым келмейді, өзіме-өзім қожа болғым келеді". Егер шығыс данышпанының тәуелсіздігі өз-өзінен бас тартуға негізделсе, ал бизнесменнің тәуелсіздігі қоғамдық күштің көрінісі ретінде байқалатын байлыққа ие болу мен оны көбейтуге негізделеді. Бұл капиталдың (ақшаның) барлық нәрсеге айнала алу қабілетінің арқасында мүмкіндік болады: тауарға да, тауар емес нәрсеге де.
Әрине, прагматизмнің құндылықтарын абсолюттендіруге болмайды. Прагматик ертеңгі күннің игілігі үшін кейбір нәрселерден бас тартуға дайын. Алайда, келешекке бағдар ұстау, әлеуметтік жаңашылдық, ойлаудың ептілігі, мұның бәрі прагматикте бір нәрсеге- қалып қоймау, пайда түсіруге бағынады, онсыз ол прагматик, яғни "іс жасайтын" адам емес. Пайдакүнемділік адамда ең басты нәрседен – сүйе білу қабілетінен айырады. Сүю, ұнату - өзіңді беруді, жомарттықты білдіреді, ал пайдакүнем өзін фаустық үлгі бойынша, яғни жанын әзәзілге беру арқылы сақтауға қабілетті.
Қазіргі қоғамның құндылықтарын талдау адамдардың негізгі құндылықтық бағдарларын қарастырмасақ жеткіліксіз болар еді. Мысалы, қазіргі замандағы көрнекті психоаналитик және этиктердің бірі Э.Фромм жемісті емес және жемісті бағдарларды бөліп көрсетеді. Бұл жерде берілген ұғымдардың белгілі бір индивидтің мінезін сипаттау емес, "идеалды типтер" екендігін ескеруі қажет. Әдетте әрбір тұлғаның мінезі бұл бағдарлардың барлығын немесе кейбірін білдіреді, бірақ оның біреуі басымдылыққа ие болады.
Жемісті емес бағдарлар рецептивті, қаналушы, сараңдық және нарықтық бағдарларға бөлінеді. Рецептивті бағдарда адам барлық игіліктердің көзі сыртта жатыр, қалаған нәрсеңді алудың жалғыз тәсілі – мейлі ол материалдық болсын, сүйіспеншілік, білім, ләззат алу болсын, оны тек осы сыртқы көзден алу деп есептейді. Ең бастысы - өзің сүю емес, сүйікті болу. Олар тек беделді адамға, қамқоршыларға ғана емес қандай да болсын көмек көрсетуге қабілетті адамдардың барлығына да бағынышты. Олар бизнес саласында әлсіздеу, өйткені олар тәуелсіз емес және жасқаншақ. Жалпы алғанда алушы бағдардағы адамдардың дүниетанымы оптимистік және ашық-жарқын болып келеді, олардың өмірге және оның сыйына деген сенімділіктері бар, бірақ күнкөріс көзін жоғалту қаупі туғанда олар тынышсызданып, беймаза күй кешеді.
Қанаушы бағдардың рецептивтілікпен ұқсастығы, олар үшін де барлық игіліктің көзі өзінен тыс орналасады деп есептеуде. Ал айырмашылығы, қанушы тип бір нәрсені өзгелерден сыйға аламын деп үміттенбейді, қалаған нәрсесін олардан күшпен немесе қулықпен тартып алады. Интеллектуалдық әрекетте ол сұғанақтықпен (плагиаттық) айналысады. Өзгелерден тартып алған нәрсе оған үнемі өзінікінен жақсы көрінеді де тұрады. Олардың құндылықтық қондырғысы дұшпандықтың және манипуляцияның (жұмсаушылықтың) қойыртпағымен боялған және олар кекесінге құмар болып келеді. Әрбір адам қанаудың объекті ретінде қарастырылады және пайдалылығы бойынша бағаланады.
Сараңдық бағдардағы адамдар сыртқы дүниеден қандай да болсын жаңа нәрсе аламын дегенге сенбейді; олардың қауіпсіздігі сараңдық пен үнемдеуге негізделеді, ал шығынды қатер ретінде қабылдайды. Олар өздерін қорғанмен қоршап алады және олардың басты мақсаты - өзінің қоймасына барынша көп әкеліп, мейлінше аз беру. Олар өмірлік субстанциялардың өзін-өзі толтыру функциясы бар екенін, белсенділік пен күш жұмсаудың энергияны арттырып, ал баяулықтың оны жоятынын түсінбейді. Шығармашылық акті – олардың өмір бақи сенбейтін құбылысы. Олардың девиздері: "Күннің астында жаңа ешнәрсе жоқ", "Менікі – бұл менікі, ал сенікі – бұл сенікі".
Нарықтық бағдар тек қазіргі заманда ғана басымдылыққа ие болды. Нарықтық қатынастар қазіргі қоғам дамуы мен қызмет етуінің негізі болып табылады. Сондықтан нарықтық құндылықтық бағдарды "нарықтың" экономикалық ұғымымен шатастыруға болмайды. Құндылықтың нарықтық ұғымы, айырбас құндылғының пайдалылықтан үстемдігі адамдар арасындағы, адам өзіне деген қатынастарда құндылықтың осы ұғымын қалыптастырды. Өзін тауар ретінде, ал жеке құндылығын айырбас ретінде қабылдауға негізделген мінездің бағдарын нарықтық бағдар деп атайды.
Соңғы онжылдықтарда "тұлғалық нарық" деп аталатын бағдар қалыптасты. Ондағы және тауар нарығындағы бағалаулардың принциптері бірдей: біріншісінде тұлға сатуға ұсынылса, екіншісінде – тауар . Табыс көбіне адамның өзін рынокта қаншалықты жақсы сата алуына, оның "қорабының" қаншалықты тартымдылығына, оның қаншалықты сергек, берік, жіті және сенімділігіне, оның отбасылық жағдайына, қандай клубқа жататындығына, керек адамдармен таныстылығына байланысты. Адам өзінің өмірі мен бақыты туралы ойланбайды, қалай өтімді тауарға айналуын ойлайды. Ұтымды тауар сияқты адам да тұлға рыногында сәнді болуы тиіс, ал сәнді болу үшін тұлғаның қандай түрінің сұранысқа ие екендігін білуі тиіс. Мұндай үлгілердің картинасын жарнама, газеттер, журналдар, кино, теледидар, радио береді.
Қазіргі адам өзін базардағы сатушы ретінде де, тауар ретінде де қабылдағандықтан оның өзін-өзі бағалауды өзінен тыс жағдайларға бағынышты. Егер ол үлгеріп отырса - құны бар, ал олай болмаса – ол құнынан айырылады. Ол өзінің күш-жігерімен біртұтас емес, өйткені оны қолдану процесіндегі өзін көрсету емес, оларды сату процесіндегі оның табысы маңыздырақ.
Ойлаудың мұндай типі қазіргі білім беру жүйесінде де өзінің терең ықпалын тигізеді. Оқытудың мақсаты ең алдымен нарық үшін пайдалы ақпаратты барынша көп жинақтауға келіп тіреледі. Студенттерге өте көп нәрсені білу керек, тіпті олардың ойлануға да күші мен уақыты жетпей қалады...
Барлық бағдарлардың да өмірде өз үлестері бар, ал олардың қайсысының болмасын басымдылығы индивидтің өмір сүретін мәдени отрасының ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, қанаушы бағдар табиғи және адами ресурстарын тек өз елінде ғана емес, шамасы жеткен өзге елдерде де пайдаланып қалуға тырысқан авторитарлы жүйелерде үстемдік етті. Олар күштің құқын жариялап, оны күштінің тірі қалуын мәжбүрлейтін табиғат заңымен байланыстырды. Сүйіспеншілік пен тәртіптілік әлсіздік деп аталынып, ал ой толғау - қорқақтардың айналысатын ісі деп саналады.
Жемісті құндылықтық бағдар – бұл адам бойындағы мүмкіншіліктерді іске асыру мен күштерді пайдалану қабілеті. Жемістілік адамның өзін жаратушы және иесі ретінде қабылдауын білдіреді. Жемістілік көркем шығармашылыққа ғана сәйкес емес. Жемістіліктің классикалық үлгісін Гете Фауст бейнесі арқылы береді (Гете. Фауст. – 2 бөлім, 5 акт).
Нарықтық бағдардың жемістіліктен айырмашылығы шартты сипатқа ие. Нарықтық бағдарды сынау жоғары этика тұрғысынан жүргізілетінін ескеру қажет. Нарықтық бағдар қалыпты нәтижелер беру үшін, оның қатысушылары белгілі бір ережелерді сақтауы тиіс. Тек жүріс-тұрыстың жалпы ережелері ғана нарықтық тәртіптің тұтастығын бере алады. Аралас тәртіп жағдайында беімделу қабілетін арттыруға мүмкіндік беретіндей етіп жүріс-тұрыс ережелерін өзгерткен топ қана табысқа жете алады. Мұндай эволюция тура жолмен емес, әр түрлі типтегі тәртіптер арасындағы бәсекелестік барысында үздіксіз "тәжірибелер жасау", үнемі сынақтар мен қателіктер процесінде қалыптасады. "Жүріс-тұрыс эволюциясы тегіс өтпейді", - деп жазады Ф.Хайек - өйткені оларды сақтайтын күштер дұрыс және әділетті деп есептелетін қалаптасқан көзқарастармен қайшылыққа келеді" (Пагубная самонадеянность. М.,1992, 39 б.). Егер өркениет бірте-бірте алдын-ала моральды өзгерту пиғылының нәтижесінде қалыптасса, онда негізгі моральдық құндылықтардың жоқтығы нарықты оның сыбайлас және қылмыстық вариантына айналдырады деген тұжырым келіп шығады.
Әрине, өмірдің алдында бас ию этикасы бойынша жақсылық пен тұлға рыногының арасында келісім болуы екіталай. Алайда, мынадай сұрақ туындайды: нарықтық бағдар қай моральға келеді? Бірақ жоғары адамгершілік құндылықтар моральдың бүкіл мазмұнын тауыса алмайды. Сонда, нарықтық бағдардың құндылықтары қандай моральды ұстанады? Жеке мүдделердің өзара әрекетін реттейтін қатынастарға өзінің әділеттілік (сіңірген еңбегіне қарай), теңдік (құқық), тұлға автаномиясы, адам абыройы сияқты принциптермен бірге әлеуметтік келісім моралы сәйкес келеді.