Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі



бет12/30
Дата05.02.2022
өлшемі2,57 Mb.
#1879
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30
Жақсылық пен жамандықты онан әрі талдау «Адам қайырымды ма, әлде зұлым ба?» деген түбірлі сұраққа жауап іздейді. Гуманистік этиканың көптеген өкілдері адам жаратылысынан қайырымды және зұлымдық оның табиғатынан тыс деген тұжырымды жауапты ұстанады. Ізгілікті адам концепциясының айшықты көрінісі XX ғасырдың ұлы гуманисі А.Швейцердің өмірді қастерлеу туралы ілімінде байқалады. Оның негізгі сәттеріне тоқталайық.
Адам өзінің ішкі ұмтылысында өмірге қолынан келгенше көмектесуге тырысқанда ғана, кез келген тірі нәрсеге зиян келтірмеуді ұстанғанда ғана нағыз адамгершілігімен көрінеді. Ол үшін өмір қасиетті. Ол ағаштың жапырағын жұлмайды, бірде-бір гүлді үзбейді, бірде-бір жәндікті басып кетпейді. Жазғы түнде шаммен жұмыс істеп отырғанда отқа ұмтылған көбелек қанатының күйгенін көрмес үшін терезені жауып, қапырықта отырды дұрыс көреді (А.Швейцер. Благоговение перед жизнью. М., 1992, 218-бет).
Өмірді қастерлеу этикасы өзге адамдар алдындағы парыздан бас тартып, өздерін еркін сезінген адамдарды мақтау да, даттау да керек емес деп есептейді. Ол қандай формада, қандай жағдайда болмасын, біздің өзге адамдарға қатынасымызда адам болып қалуымызды талап етеді. Сен бақыттысың, сондықтан көп нәрсені құрбандыққа шалуға тиіссің. Өзгелерге қарағанда саған денсаулық, қабілет, талант, табыс, байлық және т.б. көп
мөлшерде берілген — мұның бәрін сен өз-өзінен келді деп есептеуге тиіс емессің. Сен оның ақысын өтеуің керек. Сен өзге өмір үшін өз өміріңнің күшін беруге міндеттісің (А.Швейцер, 225-бет). Алайда, нақты өмір келісімдерге толы, өз өмірімді сақтау үшін мен зиян келтіруі мүмкін өзге өмірлерден өзімді қорғауым керек. Мен өсімдіктерді, жануарларды жою арқылы өзіме азық табамын. Менің бақытым өзгелерге зиян келтіруден құралады. Шындығында, этикалық емес, тек өмір қажеттілігі мен этиканың қойыртпағы болып табылатын нәрселерді адамдар этикалық ретінде тұтынады. Сонымен, гуманистік этикада қайырымдылық, ізгілік — бұл өмірді бекіту, адамның өз күшін дұрыс пайдалануы. Жақсылық, ізгілік — бұл өзінің өмір сүруі үшін жауапкершілік. Зұлымдық адамды күшінен айырады, жамандық, күнәкарлық бұл өз-өзіңе деген қатынастағы жауапсыздық.
Этиканың негізгі категориясы қайырымдылықты қарастыру оның «пайда» түсінігімен арақатынасын анықтамай толық жүзеге аспайды. Пайда адамдардың экономикалық ұмтылыстарының соңғы мақсатын білдіреді. Бұл, әсіресе, ұзақ жылдар бойы теңестірілу мен аскетизм рухында тәрбиеленген, байлық, ләззат алу, табыс туралы ойлаудың өзі әдеттен тыс саналған кешегі тоталитарлық қоғам мүшелері үшін маңызды.
Қайырымдылық пен пайданы қарсы қоюдың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бар. Кезінде Аристотель «Никомах этикасында» этиканың айналысатын мәселесі жай игіліктер емес, жоғары игіліктер деген болатын. Еуропалық этикада әр түрлі ойшылдар моральдық әрекет пен утилитарлық әрекет арасын пайымдады. Алайда «қайырымдылықты» да, «пайданы» да біріктіретін нәрсе бар: ол қалыпты әлеуметтік құндылықтарды білдіреді. Егер қайырымдылық адамның мақсатымен көбірек байланысты болса, ал пайда - бұл белгілі бір мақсатқа жету үшін жарамды құралдардың сипаттамасы. «Пайда», «табыс» - бұлар көп мақсаттарға аз құралдармен жетуді білдіретін негізгі ұғымдар. Мұндай пайдалы әрекетті арнайы зерттейтін ғылым праксеология деп аталады.
Утилитаризмнің негізін қалаушы И.Бентам ізгілік пайдаға қарсы тұрмайды, өйткені мүдделер әр түрлі, ізгілік үлкен мүдде үшін кіші мүддені құрбан етуді білдіреді деп санайды (Изб. соч., т. 1, 21-бет). Утилитаризмнің негізгі құндылықтарын мынадай афоризмдер (қанатты сөздер) арқылы аңғаруға болады: «Табысқа ұмтыл», «Өз мүддеңнен шыға отырып, барлығынан пайда тап», «Мақсатқа жетуде тиімді құралдарды қолдан». Мұндай адамның бойында тартымды қасиеттер болады: мақсаткерлік және тәуекелшілдік, тәуелсіздік, батылдық, үнемшілдік, тәртіптілік және т.б. Егер пайданы өзімшілдікпен араластырмаса, онда пайда принципі жеке мүдделер үйлесімділігінің маңызды тетігі ретінде көрінеді, жалпы игілікке жақындатады.
Әрине, пайдалылық принципін абсолюттендіріп, оны жоғарғы ізгілік ретінде мұрат тұтуға болмайды. Пайдалылық принципі, сөз жоқ, жоғары гуманизмнің абсолюттік мораліне қайшы келеді. Мысалы, алкоголь, темекі өнімдері, экологияға зиянды техника өндірісі сияқты бизнес түрлері тұрғындардың бір бөлігі үшін пайдалы. Қызмет көрсету мен тауардың кейбір түрлерінің нарыққа тартылуы оларды экономикалық тұрғыда ақтағанымен, адамдарда жаман әдеттер туғызады, қоғамның адамгершілік денсаулығына зиян келтіреді.
Пайдалылық принципі жоғары моральға қайшы келгенімен, ол қоғамдық қатынастарға ене отырып, ол үшін жағдай туғызады, қоғамның үйлесімді дамуының, ондағы адамдардың күш, қабілеті ашылуының маңызды факторына айналады. Қайырымдылық пен пайдалылық арақатынасын қарастыру әлеуметтік және моральдық әділеттілік мөселесін туындатады.
Қайырымдылықтың нақтыланған формасының бірі әділеттілік болып табылады. Ол ізгіліктер арасында негізгі орын алады, өйткені адамдар арасында игіліктер мен зұлымдықтар бөлінісін сипаттайды және бағалайды. Әділеттілік адам өмір сүруінің тәсілдері мен шарттарының бағасы ретінде адамдар өмірінің мәнімен тығыз байланысты. «Әділеттілік, — деп жазады Д.Роулс, — ғылым жүйесінде ең басты ізгілік ретінде ақиқат саналатыны сияқты, қоғамдық институттардың ең басты ізгілігі болып табыладың (Теория справедливости. - «Этическая мысль», М., 1990).
Қоғам өз мүшелеріне игілік беріп қана қоймай, ол әділеттілік принципімен тиімді реттелгенде ғана жақсы ұйымдасады. Жалған теорияның ертелі-кеш теріске шығатыны сияқты, әділетсіз қоғамдық қатынастар да жойылуы немесе түзетілуі тиіс. Әділеттіліктің кепілдікке берген құқықтары саяси сауда объектісі бола алмайды.
Әділеттілік ұғымы, сонымен қатар, салыстырмалы, нақты-тарихи болып табылады. Алғашқы қауымдық мәдениетте әділеттілік «қанға – қан, жанға – жан» мағынасында талионға жақын тұрды. Ру игілігі құдайлардың мәңгіге бекітілген заңдары қамқорлығында болды. Әділеттілік осы қасиетті дәстүрлерге дұрыс қатынаспен сипатталды. Оны бұзғандар жазаға тартылды. Оның көріністерінің біріне рулық кек алу институты жатады.
Рулық құрылыстан өркениетке өтуге байланысты әділеттіліктің жоғарыдағы ұғымы оның бөліп (таратып) беру түсінігімен алмасты. Алдыңғы орынға әділеттілік-теңдік шықты. «Бәріне бірдей бөлу» идеясы мен көбірек алып қалуға ұмтылу адамзаттың кейінгі моральдық дамуына үлкен ықпал етті. Әділеттілік пен теңдік туы астында революциялар, бүліктер, басқыншылықтар болды. «Әлеуметтік әділеттілік» ұранымен большевиктер Ресей империясындағы бай және іскер адамдарды қырып жойды. Жетпіс жыл бойы номенклатура КСРО-дағы бөлініс құралдарын қолдарында ұстады. Теңдікті жүзеге асыру үшін мемлекеттік биліктің қандай да бір тетігіне қоғамдық өнімді орталықтандырған басқару құқығын беру керек болды. Алайда бұл моральдың салдары адамдардың орасан зор мөлшерінің жойылуына және қалғандарының кедейшілікке ұрынуына әкелді. «Әлеуметтік әділеттілік» деген тіркес те «халықтық демократия» деген сияқты жай семантикалық бос сөз болды. Бөлуші әділеттілік идеясы - әрбір индивид өз адамгершілігіне сай алуы тиіс деген идея өркениетті адамзат қауымдастығында өз мәнісін жоғалтады.
Алайда абстрактылы теңдік пен бөлініс әділеттілігінің жарамсыздығы әділеттіліктің моральдық принципінің құнсыздануын білдірмейді. «Адамзат санасының табиғатында, — деп жазады Д.Белл, - әділеттіліктің моральдық талаптары барлық әлеуметтік тәртіптің қажетті негізі болып табылады: заңдылықтың болуы үшін билік әділ болуы тиіс. Және, ақырында, дәл осы адамгершілік идеялар, яғни қалаулы нәрсе туралы көзқарастар адамзат ұмты-лыстары арқылы тарихты қалыптастырады» (Культурные противоречия капитализма. М., 1976).
Теңдік туралы идеяның өзі гуманистік әлеуетін сарқыған жоқ. Бұқаралық санада теңдіктің үш түрі кездеседі: Құдай алдындағы, мораль алдындағы және заң алдындағы теңдік. Теориялық ойдағы «мүмкіндіктер теңдігі» концепциясы қызығушылық туғызады. «Нәтижелер теңдігін» талап ету байлықтың кедейлер пайдасына қарай радикалды қайта бөлінісін білдіреді, ал бұл бөлініс пен экономикалық өсімнің арасындағы байланысты бұзады. Кірістің шамалы болса да қайта бөлінісі инвестиция есебінен тұтынуды ұлғайтады және экономикалық өсімнің қарқынын баяулатады. Кезінде Аристотель «мөлшер бойынша теңдік» пен «абыройы бойынша теңдіктің» айырмашылығын айтқан болатын және теңге теңсіз ретінде, теңсізге тең ретінде қатынас орнату әділетсіздікке әкелетінін айтқан еді.. Сондықтан да дәрігер мен санитардың, жүмысшы мен менеджердің, ассистент пен профессордың теңсіздігі туралы айту басқа нәрсе.
Алайда қоғам игіліктердің бірден-бір қолға жинақталуы мен қалғандарының кедейшілікке ұрынуына жол бермеуі тиіс. Қоғамдық топтар арасындағы мүндай айырмашылыққа әр түрлі әлеуметтік қимылдар қарсы тұруы керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жөне моральдық мәселелерді реттеуде мемлекеттің рөлі күшеюде. Ендігі жерде өмірдегі теңсіздік үшін жауапкершілікті нарыққа артып қою мүмкін емес. Аутсайдерлердің (жолы болмағандардың) топтық құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Бұл мәселелерді шешу адамзат прогресіне әділеттілік жолымен жетуге жағдай жасайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет