Рухы биік тәңірлік танымымен айғақталған қазақтың ділдік қуаты, өнерінде де көрініс тапқан. Сондықтан ұлт өнерінің рухы – қазақтың өзіндік ерекшелік қырларының парасаттылық деңгейін анықтаған ұғым. Ұлттық рух – нақтылы, саналы кемелділік пен бірлестіктің нәтижесі. Халық ұлы идеямен өмір сүрсе, оның рухы биік болады. Асқақ идеялы ойдың негізі халықтық өнермен тығыз байланысты. Ұлттық рухты асқақтату үшін қандай өнер түрлері насихатталуы қажет? Өнердің түрлері көп, олар ұлттық рухтың көтерілуіне әсер бере алады ма? деген сұрақтар кімді болса да мазалайды. Дәл қазіргі кезде қазақтың ұлттық рухы қандай дәрежеде? Бұл сұрақтардың барлығының мәні бар сұрақтар. Себебі ұлттық рухсыз тәуелсіз мемлекетімізді нығайту мүмкін емес. Сол себепті бүгінгі күнгі мәдени-саяси мәселелердің басты проблемасы халықтың рухын тәрбиелеу болып саналады. Ұлттық рухты тәрбиелеп, шыңдайтын немесе ұлттық рухтың тірегі – күй. Олай болса күй өнерін ерекше атауға болады. Кез келген халық өзінің рухын қасиетті ұғым-түсініктермен биіктете алады. Ол ұғым-түсініктер де ұлттық рухтың шынайы көрінісімен, ақиқатқа бет бұрумен астасып жатады. Рух ұғымы – шын мәнінде адам бойындағы белгілі бір қуатты құбылыстың бүкіл денеге таралуы. Осыған байланысты, нәзік әлемді құрайтын қуат күшінің адам жанымен байланысы туралы рухты ерекше атаймыз. Нәзік сезімді саз-сарынмен келетін күйдің қуаты да ерекше құбылыс. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын күйдің қоңыр үні – рухани қуат көзі. Ол қазақ үшін аса қымбат.
Табиғат құбылыстарын, оның сұлулықтарын зерделей отырып, адамның түрлі наным-сенімдерін қалыптастырып, саналылық пен біліктілікке жетелеп, әсемдік пен сезімдік түсініктері, өнердің дамуына, ең алдымен, адамның мәдени-әлеуметтік дамуына бірден-бір негіз болған деуге болады. Сонымен, өнер дегеніміз – шығармашылық ой. Адам тек ақылмен ғана өмір сүрмейді, сонымен қатар, сезіммен де өмір сүреді. Сезім – біздің дүниені қабылдауымыздағы, оны танып зерделеуіміздегі, өмір сүрудегі, болашақты болжап ойлаудағы қабілеттердің негізгі бөлігі. Адамзат баласына ақыл-ой, білім тәжірибесі қандай керек болса, көркемдікке, сұлулыққа тәрбиелейтін сезім тәжірибесі де соншалық қажет. Дүниетаным, өмір туралы білімдер жинағы адамның сезімі арқылы қалыптасқан өнер арқылы, оның қатынасы арқылы танылады. Бұл қатынастар мен сезімдердің көрінісі – адам сезімін ізгілендірудегі бай өмір тәжірибесін жинақтаған құбылыс. Осы тәжірибелік құбылыс адамның ішкі дүниесін парасаттылық, ізгілік деңгейіне көтеріп, сезімдік, сергектікпен әлеуметтік мәдениетін орнықтырғанын көреміз. Халықтың рухани мұрасының өзегі өнер болғандықтан, түптеп келгенде өнер тарихи-әлеуметтік ортаның ерекшелігін тануға, оның ішіндегі күй өнеріне, оның төл қасиетін тануға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қазақ философиясын зерттеу еңбектерінде бұл терминдер әлі де болса тұрақты мән-мағынаға ие бола алмай келе жатқаны да рас. Сондықтан да бұл еңбектің мазмұны күйдің қазақ болмысындағы орнын саралаумен байланысты терминдердің орнығу сапасын зерделеу арқылы мұраларымыздың мәнін ашып тануға, оның ұғымдық деңгейін орнықтыруға ықпалын тигізеді деп те ойлаймыз.
Өмірлік шындық көркем шындықтың негізін анықтайды. Әртүрлі оқиғалар арқылы өмірлік материалдар өнер туындысына нәр беріп, оның мәнін тереңдете түседі. Шынайы өмір көрінісінен мәнді ештеңе жоқ. Сондықтан да оқиғаның әлеуметтік мәнін айқындауға қатысты құбылысты сезіну, пайымдау ғана өмірдің философиялық мәнін тануға жетелейді. Сондықтан да өнер адамдары адам тағдырына, оның ащы-тұщы жақтарына зерделей қарап, оны бейнелеп бере алатындай, өмірдің өзіне лайықты түр табады.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі әлемдік рәміздер дәстүрлі дүниетанымдағы құндылықтарға иек артады. Қазақтың ауызекі көркем мәдениеті түрлі көркем формаларға және өзінің бай тарихына ие. О. Сүлейменов осы жөнінде мынадай ойын ұсынады: «Өткен және болашақ қарсы айна тәрізді бірі-бірінен тәуелді. Тамырсыз ағаш – оған қатты сөйлегіштер не жарық таратушылар іліп қоюға ғана болатын, кепкен діңгек пен ондағы жемістер сияқты. Оны отынға кесе салуға да болады. Ешқандай өкінішсіз, кел келген халықты өткенің жоқ деп сендіре сал - сосын отынға жібер. Қаншама тамырлары кеуіп қалған ағаштарды біз өзіміздің сиреуші орманымызда көре аламыз» (Сүлейменов О. Язык письма. Алматы – Рим. 1998. С. 205.).
Әрбір халық тарихтың қайталанбас жаратылысы болғандықтан оның бет-бейнесі де, рухани бітімі де өзінше болып келеді. Демек, халқымыздың дәстүрлі мәдениеті, дәстүрлі талғам-нанымы ұлттық рухани ізденістер талабына сай келіп, қазақ халқының мәдени болмысына айналуы тарихи-мәдени қажеттілік болып табылады. Кеңес өкіметі кезінде қазақ мәдениеті деген ұғым бар болғаны этникалық бояу ретінде қолданылғаны белгілі жәйт. Ол жылдарда қазақ тілінде өтетін түрлі мәдени шаралар қазақи сарында болғанымен де, ал мән-мағынасы жағынан марксистік-лениндік идеологиялық сипатта болатын. Бірақ, өкінішке орай, мұндай жасанды құбылыстардың барлығын да (қазақ музыкасы, қазақ мектебі, қазақ газеті және т.б.) қазақ мәдениетіне жатқызатынбыз. Сондықтан да, олардың аты қазақша болғанымен де бағыт-бағдары да, тіпті мазмұны жағынан алғанда ұлттық мәдениетке мүлде сай келмейтін. Олай болса, «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қандай мәдени құндылықтарды насихаттаймыз? Біздің ұлттық мәдениетіміздің әлемдік өркениетте алатын орны қандай?» деген сияқты сансыз сұрақтар кез келген этномәдениеттің санасын мазасыздандыратын мәнді сұрақтар екендігінде дау жоқ. Халықтың көркемдік көзқарастарын оның дүниетанымынан бөлек алып қарау мүмкін емес. Әсемдік пен көріксіздің қоғамдық түсінігі, олар адамдардың жүріс-тұрысы мен олардың өмірінің жағдайларына қатысты болғандықтан, дүниетанымдық мағлұматтар болып табылады. Олар эстетикалық мұраттың деңгейіне өз ықпалын жасайды, сол тұрғыдан өнер өмір туралы пікір айтады.
Қоғамдық сананың өсуіне қарай қоғамның көркемдік көзқарастары да өзгереді, өйткені соңғысы қоғамдық сананың бір бөлігі болып табылады. Көркемдік көзқарастар, жалпы қоғамдық сана сияқты, шынайы болмысты, қоғамдық өмірді қамтып көрсетеді. Өнер өмірдің өзіндегі әсемдікті ашуға және бағалауға көмектеседі. Сонымен бірге ол, әлеуметтік дамуға кедергі жасайтын, барлық жағымсызды ашып көрсетеді. Бүкіл жағымсыздық, көріксіздік ақыр аяғында жойылады деген арменмен, халық өнері де нәрленген. Қағида бойынша, халықтың алдыңғы қатарлы эстетикалық түсініктері қоғамдық дамудың субьективті тенденцияларын суреттейді, ал өнерде, шынайы әсемдікті мадақтамай және бүкіл кертартпаны, антиэстетикалық, көріксіздік ретінде әшкерелемей, өмір шындығын суреттеу мүмкін емес.
Орталық Азияда, соның ішінде қазақта батыстық үлгідегі кейбір өнер формаларының болмауын кей жағдайда ислам мәдениетінің әсерімен түсіндіреді. Яғни ислам адам тұлғасын, жалпы тіршілікті бейнелеуге тиым салды деген қағиданы алға тартады. Ислам мәдениетінде орта ғасырларда адам тұлғаларын, нақтылы портреттерді және жанрлы сценаларды бейнелеу жиі орын алғандығын білеміз. Оған Моғол, Герат, Бұхар, Иран мектептерінен өрбіген көптеген миниатюралық шығармалар айқын мысал бола алады. Тіпті, олардың ішінен Мұхаммед пайғампардың да бейнелерін кездестіруге болады. Құранда адамды бейнелеуге болмайды деген тікелей сөз жоқ. Шығыстық бейне, соның ішінде қазақ өнерінің өзіндік даму бағыты Батыс мәдениетінен бөлек болды. Ол кеңістікке, уақытқа, адамға, табиғатқа, дүниетанымдық түсінікке жалпы мәдени, рухани бастауларға байланысты өзіндік сана және соған қатысты өзіндік бейнелеу үлгілері қалыптастырды. Ою-өрнектің, мүсін және сәулет өнерінің, музыканың осындай өзіндік сипатын кезінде орыс өнер танушысы әсемдікке деген ерекше ықылас, яғни «аса сезімтал өнер» деп атаған болатын.
Қазақтың көркем мәдениеті құндылықтары сөз өнерінде сақталады және өркендейді. Дәстүрлі мәдениеттегі қазақ үшін ең құндысы – бұл сөз әсемдігі. Сөз мағынасы қашанда қазақтарды баурап алады, олар оның күшіне сенеді, оның айқын дәлеліне мынадай мақалдар жатады: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Сай сүйегімді сырқыратып, сөз айттың». Өйткені сөз адам жанының ең тылсым қабаттарына жетеді, оның барлық пернелерін тербелтеді. «Мен барған сайын, - дейді О. Сүлейменов, - егер тірі материяда өлмейтін бірдеме бір болса, онда оның адам сөзі екендігіне сенімді бола беремін. Ол шаңырақ сияқты түсіп қалмайды және қайта жаңғырмайды. Ал жай ғана өмір сүреді, қартаяды, ескіленеді, біз әзірше тірі болғанша, мәңгі өмір сүреді» (Сонда, 205 б.).
Өмір салты ерекшелігімен сол ауызекі халық поэзиясында қалыптасқан, қоршаған дүниені қабылдау және түсіндіру дәстүрінде табиғат құбылыстарын, адамның жай-күйін, өмірлік коллизияларын суреттеудің айрықша көрсеткіштері әрекет етеді. Бұл – түстің, дыбыстың, өсімдіктер мен жануарлардың, адамдардың белгілі бір рәміздік әлемі, яғни ол тек бұл халыққа тән, оның «сәбилік шағынан» ілесіп келе жатқан, көркем шығармалыққа келе туындаған, «поэтикалық әлем». Мысалы, «дархан дала», «кең дала», «сарыарқа» сияқты эпитеттер тек шектелмеген, мұхит сияқты көкжиексіз кеңістікте өмір сүретін халықтарда пайда бола алады. Қазақ поэзиясында даланың кеңдігі, таулардың биіктігі, өзендердің шуы, күн сәулесі, арғымақтардың шабысы, қойшының әні, яғни бүкіл атамекені суреттеледі. Тіпті адамның өзін бейнелеуде табиғаттан алынған суреттемелер қолданылады: «аққудай, айдын шалқар көлдей, тал шыбықтай, сүйріктей, нар бурадай, жібектей, еліктің лағындай, ботадай» және т.б.
Егер орыстың «ақ қайыңдайы» - пәктікті, нәзіктіктікті т.т. рәміздесе, онда қазақтарда осындай функцияны «тал шыбықтайы» атқарады. Тіпті қалада тұратын қазақ «нар жігіт» дегенде тек дене күшін емес, ол бірінші кезекте рухтың қуаттылығы, батырлық, кез келген жағдайда арқа сүйеуге болатын адам туралы айтылып тұрғанын сезеді.
Қазақтардың түсінігінде «ботакөз» - сұлулықтың, тазалықтың, мейірімділіктің рәмізі. Отырықшы кейбір халықтар бұл метафораның мәнісін түсінбей, өзіне тек үлкен, дөңгелек, қара, бірақ әдемі емес көзді елестетеді. Егер «қасқыр-жігіт» дегенде әлдекімдер қанішерлік, зұлымдық, қатігездік сияқты теріс бағалауларға барса, онда қазақта – бұл ерліктің, тәуекелшіліктің, жанқиярлықтың, табандылықтың рәмізі.
Оған биік ақыл, ізгі жүрек, пәк-тазалық, қайтпайтын қайрат, елжандылық тән адам бейнесі «намыс» ұғымының төңірегінде түйінделеді, адамға абырой әкеледі және қазақ эстетикасында орталық орын алады. Мұны мына мақалдар дәлелдей түседі: «екі жақсы қосылса, айрылуға қиыспайды, екі жаман қосылса, кең дүниеге сиыспайды», «Жақсының жүрген жері кент, жаманның жүрген жері өрт», «Жорға жүрісімен пұл болады, жаман жүрісімен құл болады».
Көшпелі қазақтың санасында «күн» атқа табынумен бірегейленеді, оның басты белгілеріне «сәуледей тез таралу» және «ұшқыр жылдамдық» жатады. Күн – тұлға, оның үстіне қатардағы емес тұлға. Оның қызуы мол және жылдам қозғалады. Ең жүйрік тұлпар аяғын көтергенше, сол сәтте күн айлық жолдан өтіп кетеді. Қазақ жазушысы О. Бөкеев жазғандай: «Таңертең күлімсіреп келген күн, кешке таман ұяла қызарып кетеді. Ол өз жарығын кім жақсы, кім жаманға қарамай, дарқан төгеді. Оның жанының мырзалығы тап осындай еді»(Бокеев О. След молнии. М., 1978. С. 139). Ал Мағжан Жұмабаевтың бақытсыз кейіпкері – Шолпан да күнмен бірге кетеді. «Күнмен таласа Шолпан да өмірмен қоштасты» (Жұмабаев М. Шығармалар. Алматы, 1979. 308 б.).
Қазақтың арғы тегі, көшпелінің эстетикалық құндылықтары адам аттарында жиі білдіреледі. Олардың арасында «ай» және «гүл» тіркестері жиі кездеседі. Ай көшпелінің тұрақты серігі, оның түнгі қозғалыстарындағы бағдары болды, эстетикалық мағыналылықты иеленді. Ай әсемдіктің, сұлулықтың, пәктіктің, нәзіктіктің рәмізі болып табылады. «Жалғыз қызы Гүлбаршын – он бес күндік айдай», - делінеді «Алпамыс» эпосында. «Жаңа туған айдай, сымбатымен теңселіп келеді», - деп «Қыз Жібекте» айтылады. Ай басқа халықтарда да эстетикалық объектіге айналады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде негізгі эстетикалық нысандар мал шаруашылығынан алынғаны түсінікті. Өйткені мал әрі байлық, әрі қорек, әрі киім, қысқаша айтқанда, бүкіл көшпелі әлемнің орталық діңгегі. Қазақтар тек үй жануарларын ғана емес, сонымен бірге барыс, жолбарыс, арыстан, лашын, бүркіт сияқты тағы жануарларды да эстетикалық құндылықтар тұрғысынан бағалады. Тіпті қазірдің өзінде елтаңбадағы пырақ, жалаудағы бүркіт немесе ұлттық идеядағы барыс рәміздері осының айғағына жатады...
Қазақтың көркемөнер мәдениеті, жалпытүркілік мәдениеттен бөлініп шыға отырып, сол ортақ тамырға өзінше нәр бере білді. Оның өкілдері халық даналығын ғылыми гинотезалар, теориялар мен қатаң анықтамалар тілінде емес, ал поэтикалық толғаулар, нақыл сөздер, шешендік үлгілер, сазды күйлер мен ою-өрнектер тілінде білдіре алды. Бұл жалаң пайымдаулар мен тым абстрактылы қалыптардан аулақ болуға жеткізеді, бұл ежелгі грек калокагатиясындағы сияқты әсемдік пен ізгіліктің айрықша үйлесуіне мүмкіндік берді. Басқаша айтқанда, қазақ көркем мәдениетінде эстетикалық пен этикалық ажырамас бірлікте болды.
Фольклорда толғаулар, нақылдық сентенциялар, әдептілік, отбасы, әйелге қатынас, балалар мәселелері басымдық танытады. Әділеттік пен әділетсіздік, жақсылық пен жамандық, намыс, абырой және т.б. кісілік қасиеттер көркем суреттелген типтік бейнеде беріледі. Қазақ эстетикасында уақыт өзінің тұтастығымен, адам мен қазіргінің синтезімен түйінделеді. Әруақтар, бұрын өмір сүрген тарихи тұлғалар мен мифтік кейіпкерлер бүгінгі тіршілікке араласып кетеді.
ХХ ғасырдан бастап қазақ мәдениетінде, соның ішінде көркемсөз саласында түбегейлі өзгерістердің болғаны белгілі. Бір ғасырдың ішінде соншама эстетикалық құндылықтар жүйесінің түбегейлі өзгеруін басынан өткізген этномәдениет тым көп кездеспейді. Өмір салтының бірнеше рет өзгеруі (көшпеліліктен социалистік коллективизмге, одан нарық қоғамына) халықтың дүниені көркеми түйсінуі үшін үлкен сын болды, эстетикалық құндылықтар сыни қайта қаралуға ұшырай берді.
Қазақ көркемөнер мәдениетіндегі осындай өзгерістер туралы, М.О. Әуезов қазақ әдебиетіндегі инновациялық үрдістер мысалында, мынадай ойларын алға тартады. «Бүгін, дейді ол, жаңа дәуір, жаңа үлгінің туатын кезі жеткендей. Жазба әдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дәуірге қарай аяқ басуы осы белгілерден басталса керек» (Әуезов М.О. Таңдамалы. Алматы, 1997. 351-352 бб.).
Қазақ көркемөнер мәдениетін тұтас алғанда, ХХ ғасырда тек эстетикалық құндылықтар ғана өзгеріп қоймай, эстетикалық стильдер мен тәсілдер де түбегейлі өзгеріп кетті. Белгілі мәдениеттанушы Ю.Лотманның пікірінше, жазбасыз естің әлемі рәміздерге мейілінше қанық. Жазудың пайда болуы мәдениеттің семиотикалық құрылымын күрделендірмей, керісінше қарапайым күйге түсіруі одағай көрінуі әбден мүмкін. Алайдща материалдық заттарға негізделген мнемоникалық-киелі рәміздер жазба тектің емес, салттық мәтіннің құрамдас бөлігі болып қалады. Оның үстіне, олар бұл өздерінің байланыссыз белгілі дербестігін сақтайды, яғни олар өздерінің материалдық заттар ретіндегі қасиеттерін әдет-ғұрыптан тыс жағдайда да толық сақтайды, бірақ осы заттардың әр түрлі әдет-ғұрыптар, киелі орындармен біртұтастық күйде болуы оларға саналуан мән береді.
Ою-өрнектің дамуы, мүсін мен сәулет өнерлері ескерткіштерінде жазудың болмауы ауызша мәдениеттің өзіндік сипаттары болып табылады. Иероглиф, жазылған сөз, әріп және белгілі бір мағына жағынан пұт, қорған, киелі орындар сияқты мнемоникалық рәміздерге қайшы кереғар құбылыстар. Алғашқылары мән-мағынаның белгілері болса, соңғылары осы мән-мағынаның куәгер-естелігі еспеттес. Алғашқылары мәтін болуы, немесе, осы мәтіннің құрамдас бөлігі, мәтін болғанда бірыңғай семиотикалық сипаттағы мәтіннің бөлігі болуы мүмкін. Соңғылары салттың синкреттік мәтіннің құрамдас бөлігі әрі белгілі бір киелі орындармен және белгілі бір уақытқа бағышталған ауызша мәтіндермен мнемоникалық байланыста болады.
Ю.Лотманның ойын ары қарай жалғастырсақ, эстетикалық жағынан жазба мәдениет ауызшадан жоғары тұрады. Жазба мәдениет Құдай немесе Табиғат жасаған дүниені Мәтін ретінде қарастыруға, әрі ондағы мәліметті оқуға тырысушылыққа бейім. Сондықтан да басты мән-мағына Мәтіннен (киеленген немесе ғылыми) ізделінеді және алынған модель табиғи-тарихи ландшафты зердеудің логикалық қалыбына айналады. Осы тұрғыдан келгенде Табиғаттың мәнін тек «жазба» адамы ғана таниды. Ол адам Табиғаттан мәнді белгілердің рәміздері ырымдарды емес, заңдылықтарды іздейді. Ырымдарға жүгінушілік соқыр сенім ретінде қарастырылып, болашақты көріпкелдік пен болжаупаздықтан емес, өткендегілер арқылы анықтауға тырысады (Лотман Ю. Мәдениеттер типологиясы //Әлем: Альманах. Алматы, 1991. 251 б.) Бірақ осыдан келіп, жазусыз мәдениет құнсызданады деген пікір тумауы керек. Оған мәдени мұра ретінде қараған дұрыс.
Алайда көркемөнер құралдарымен бұрынғы эпикалық ұстанымдарды жалғастыру тіпті тоталитарлық мәдениеттің үстемдік еткен жағдайының өзінде этникалық бірегейлік пен тұтастықты сақтап қалуға қызмет етті. Осы сипатта қазақ ақын-жазушыларымен өздерінің көптеген туындыларында пайдаланатын, «кездесу хронотопы» мен «жол хронотопы» маңызды рөл атқарады. Төлтума эстетикалық құндылықтарды Жаңа заман талаптарына сай, үйлесімді дамыта білген М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин, Ә. Әлімжанов, О. Сүлейменов сияқты майталмандар қазақтың адамгершілік-эстетикалық мұраттарын тереңдетуде үлкен рөл атқарды.
Сан алуан эстетикалық құндылықтардың арасында түрлі дәуірлерде әрқилы баяндалған, бірақ өзінің ең жоғары адамгершілік тұғырынан түспеген ол адамға ләззат, жанқиярлық, тыныштық алып келетін, махаббат тақырыбы қазақ көркемөнер мәдениетінде терең бейнеленген. Махаббат адамды қоршаған ортадан бөліп ерекшелейді, оның арқасында барлық адамдық сапалар адамгершілік өлшемдеріне ие болады, сұлулық пен асқақтық сезімі адамды баурап алады. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан – оның аты» романының басты кейіпкері айрықша туған, бақытқа ұмтылатын, сүйгені үшін жанқиярлыққа дайын, терең сезімді қазақ әйелінің бейне-рәмізі болып табылады. Барлық дәуірлерде қазақ қыздары таза махаббат үшін күресіп келген. «Қозы Көрпеш және Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сияқты лирикалық-эпикалық поэмалар мен ақын-жыраулар толғауларындағы әйел бейнелері тап осындай. Олардың көпшілігі өмірдің қатал сынына түсті, драмалығымен ерекшеленді және трагизмге толы болды. Бірақ ақылы, өжеттілігі, қайраттылығы және шынайы сезімінің қуатымен әлеуметтік тығырықтан шыға білген қыздар да болды. Ұлпан – солардың бірі.
Ұлпан мен жасы келіп қалған Есенейдің некесі – жас алшақтығына қарамай, өз тағдырын, өз өмірін қоса бірген, екі жан, махаббат жарығымен оларды қоршаған надандықты, қатыгездікті, кертартпалықты жеңе білді, әділеттілікке жету жолын көрсетті. Ұлпанның Есенейге деген сезімі еркекке деген құштарлықтан анағұрлым кең – бұл жарының жігері мен қылықтарын ізгілендіруге бағытталған, әрекетшіл махаббат.
ХХ ғасырдың 60-ы жылдарынан басталған, қазақ ақын-жазушыларының жаңа толқынында дәстүршілдік пен жаңашылдық өз үйлесіміне ие болады. Олар ұлттық, мемлекеттік эстетикалық құндылықтармен ғана шектелмей, жалпыпланеталық деңгейге көтеріле бастайды. Ұлттық көркем дәстүр, дүниежүзілік мәдениет үлгілерін игеру арқылы, өзекті бола бастайды.
Қазақ көркемөнер қайраткерлері көркем сөздің күнделікті, «кеңселік» тілден айырмашылығын жақсы түсінді. Осы жөнінде О.Сүлейменов былай дейді: «Бейнелі айтқанда кез келген тарих жер шарының формасын қайталайды – қиылысқан байлықтар мен ұзақтықтардың тап осындай болып маған хат өмірбаяны – адамзат ойының тарихы сияқты көрінеді. Уақыт семсерлерімен кескіленген, кабинет қаракүйелерімен желініп тасталған, «уақыттардағы байланыстырушы түйіндерді» қалпына келтіру үшін, бұл жұмысты көзсіз бастап, өлі түйіндер ретінде байланғандарды тарқатып жіберу керек» (Сүлейменов О. Язык письма. Алматы – Рим, 1998. С. 40.).
Көркемдік әлемінде метафоралар және рәміздер ерекше рөл атқарады. Қалай І. Ерғалиев дұрыс атап өтетіндей, «Рәміз бен метафораны танымның төменгі сатысы деп менсінбеу ақиқат емес. Рәміз, ол мағыналық өлшемде тұратын, мәдени феномендердің формаларын туындата беретін, мағына тудыратын акт. Рәміз адам шығармашылық қуатының өшіп бара жатқан актісі емес. Рәміз әзірше бар болғанда, құпия да бар, құпия бар жерде, ізденіс те бар» (Ергалиев И.Е. Духовность как проблема философии культуры //Культура и искусства в стратегии Казахстана. Алматы, 1998. С. 53.).
Адамның рухани шығармашылығы мәдениеттің тылсым өлшемділігімен бірге, оны адам өзінің бүкіл өмір бойында іздестіретін, көпмағыналы және шексіз құпияға жақындауына мүмкіндік береді. Әмбебап мағыналар, рәміздер әр ретте құндылық бағдарларынан, әлеуметтік, ментальдық типтерден шыға отырып, жаңаша шешіледі. Жалпы метафоралық бейнелілік қазақ көркем мәдениетінің ерекшелігіне жатады. Әлемді көркем игерудегі фольклорлық, эпикалық, мифтік сәттердің өзара қарым-қатынасын диахроникалық қатарда да қарастыруға болады: өткеннің көркем бейнелері сонда рационалды және эстетикалық қайта өнделетін, жаңа мәдени кең мәтінге ендірілу ретінде алға шығады .
Мүлдем басқа әлеуметтік-мәдени ортаға енгізілген көркем құбылыстар көбінесе өз қасиеттерін түбегейлі өзгертеді. Бұл жағдайда бейне көптеген қырларынан айырылады, көркем абстракцияға, рәмізге айналады. Ол мәдени-тарихи кеңістікте еркін қозғала алады. Солай, қазақ жазушылары аңыз-ертегілерді өздерінің әдеби шығармашылығында жан-жақты пайдаланды. С. Мұқанов үшін олар тарих және этнографиямен танысу құралына айналды. М. Әуезов аңыздардың көмегімен Абай туралы роман-эпопеяның тарихи көкжиегін кеңейтті. Ә. Нұрпейісов мифтік Көкбөріні зұлымдықтың рәмізіне айналдырды. Ә. Кекілбаев, жаулап алушы соғыстардың қатігездігін суреттей келе, мәңгүрт туралы аңызды пайдаланады. Ш. Айтматов бұл аңызда тарихи жадыдан айырылудың қауіптілігін ескерте отырып, философиялық миф ретінде оны реконструкциялайды.
Ақпараттық қоғам жағдайында мәдениет тек тікелей шығармашылық шеңберіне ғана емес, сонымен бірге өндіріс, тұрмыс, адам болмысының өзіне ене бастайды. Қазіргі жағдайда әлеуметтік стереотиптердің (кодтардың) дәстүрлі моральдық қылық негіздері жеткіліксіз болып шығады және адамгершілік пен ар-ұятқа сүйене отырып, әр жағдайда жаңа моральдық таңдауды қажет етеді. Оның үстіне, бұл жағдаят бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде жүріп жатқан бір құндылық парадигмасының басқасымен ауысуы процесімен ғана емес (тоталитарлықтың либералдықпен), бірақ жаһандану нәтижесіндегі Батыс өркениетінің бұрмаланған құндылықтарының экспансиясымен де анықталады.
Қазіргі көркем мәдениет өкілдері бүгінгі өркениеттің тығырықтарынан шығу жолдарын іздеуді өздеріне мақсат етіп қояды. Өзінің «Төрт Ана» деген өлеңінде М.Шаханов, онда отанына, туған тіліне, өз халқының дәстүрі мен тарихына деген сөнбейтін махаббат алаулаған, тұлға мұратын эстетикалық құндылық ретінде ұсынады. Өйткені тек өзінің ұлттық мәдениетін сүйетін және білетін тұлға ғана, өзімен қалай жеке ұлттық болсын, солай дүниежүзілік мәдениет болсын, гүлденуді әкелетін, мәдениетттер сұхбатының құндылығын түсінуге қабілетті. Соңғы бес ғасырларда қазақ жерінде, ол өзінің адамгершілік мұраттары мен абыройын қорғаудың, тәуелсіздік үшін күрестің, «Төрт Ананы» құтқарудың соңғы жаңғырығы болған, үш жүзден артық ұлт-азаттық соғыстар болды.
Бұқаралық қоғамның көркем мәдениеті үш деңгейге ажыратылады: «ақсүйектік» немесе таңдаулы, «орташа» немесе стандартталған, «тұрпайы» немесе төмен. Бұл бөлінудің түбінде жоғарыда аталған қоғамдағы жіктелу, ымырасыздық пен келіспеушіліктің артуы жатуы әбден ықтимал (Темирбеков С.Т. Национальная культура в контексте современной рыночной цивилизации // Современные проблемы развития национальной культуры. – Алматы: ЮКГУ, 1998. – С. 127-141). Қазір Қазақстанда да нышан беріп келе жатқан «жоғары» мәдениеттің феномендеріне, қайтадан ренессанстық кейіпке еніп келе жатқан көркемөнер туындылары (театр, роман, мюзклдер, детектив, теледидар т.т.), философиялық, діни, ғылыми еңбектер, этикет, сәулет, комъпютерлік ойындар т.б. жатады. Орташа мәдениетте шығармашыық элементтер аз кездеседі, ол репродукциялық сипатта, жалпы тұтынушыға ұсынылған формаларда болады. “Жоғары” және “орташа” мәдениеттердің және «төменгі» мәдениеттің арасындағы айырмашылық шартты болып келеді. Мысалы, романдар философиялық толғамдарға толы, жоғары эстетикалық деңгейде немесе адамның тек нәпсіқұмарлығын қоздыратын сипатта бола алады. Төменгі мәдениетке тек өнер туындылары ғана емес, сонымен бірге бокс, бәйге сияқты көңіл көтеру формалары да жата алады. Басты критерийге адам болмысына енудегі тереңдік пен нәзіктік емес, ал тұрпайы гедонистік сезімдер осындай «бұқаралық» мәдениетте алға шығады.
Төмендетілген мәдениет жеке тұтыну мотивтерінің таза еліктеушілік табиғатына сүйенеді. Кез келген зат, темекі маркаларынан бастап қымбат автокөліктерге дейін, жеке адамның әлеуметтік беделінің рәмізіне айналады. Француз социологі Г. Лебонның пікірінше, тұтынушы адамда интеллектуалдық қабілеттіліктің орнына, еліктеу мен бейімделу инстинктері жетекші қызмет атқарады. Мемлекет, дейді ол, осы бұқара инстинктерін өз мақсаттарына пайдаланады.
Соңғы онжылдықтарда "тұлғалық нарық" деп аталатын бағдар қалыптасты. Ондағы және тауар нарығындағы бағалаулардың принциптері бірдей: біріншісінде тұлға сатуға ұсынылса, екіншісінде – тауар. Табыс көбіне адамның өзін нарықта қаншалықты жақсы сата алуына, оның "қорабының" қаншалықты тартымдылығына, оның қаншалықты сергек, берік, жіті және сенімділігіне, оның отбасылық жағдайына, қандай клубқа жататындығына, керек адамдармен таныстылығына байланысты. Адам өзінің өмірі мен бақыты туралы ойланбайды, қалай өтімді тауарға айналуын ойлайды. Ұтымды тауар сияқты адам да тұлға нарығында сәнді болуы тиіс, ал сәнді болу үшін тұлғаның қандай түрінің сұранысқа ие екендігін білуі тиіс. Мұндай үлгілердің картинасын жарнама, газеттер, журналдар, кино, теледидар, радио береді.
Қазіргі адам өзін базардағы сатушы ретінде де, тауар ретінде де қабылдағандықтан, оның өзін-өзі бағалауы өзінен тыс жағдайларға бағынышты. Егер ол үлгеріп отырса - құны бар, ал олай болмаса – ол құнынан айырылады. Ол өзінің күш-жігерімен біртұтас емес, өйткені оны қолдану процесіндегі өзін көрсету емес, оларды сату процесіндегі оның табысы маңыздырақ.
Қазіргі технологияларды қолдану дәстүрлі қоғамның иерархиялық құрылымын шайқалтып жіберді. Мысалы австралиялық аборигендерде тас балтаны жасау еркектердің үлесінде болған, кейін миссионерлер тас балталарды үлкен көлемде әйелдер мен балаларға таратқаннан кейін, еркектердің әлеуметтік статусы біршама төмендеп кетіп, дәстүрлі құндылықтарды шайқалтып жіберді. «Теледидарлық балта», дейді М. Маклюэн, бүкіл Шығыстың дәстүрлі өнерінің тамырын шапты, «ыстық» джаз, тыныштық пен табиғатқа еліктеуге негізделген Шығыс өнерін өртегендей болды. Теледидар батыстық ықпал кең мәтінінде адамның парасатына емес, ал оның сезімдік-тылсымдық қатпарларына бағытталған және сол арқылы түрлі дәстүрлі мәдениеттерді өз мақсаттарына сай өзгертуге болады. Бекерден бекер батыстандыру үрдістерінде неше түрлі шоу, комикс, детектив, триллерлер жетекші рөл атқармайды. М. Маклюэн өзінің «Механикалық қалыңдық» деген кітабында эротиканы мифологияландыру арқылы, соны жарнамамен күшейту нәтижесінде бизнесмендер автокөлікті сатуды кең жолға қоя білді дейді. «Жарнама, - дейді ол, - ХХ ғасырдың үңгірлік өнері. Үңгірдегі тасқа салынған суреттер сияқты, ол адам миының терең қатпарларында өшпес ізін қалдыруға ұмтылады. Бұл - жаңа трайбалист, корпоративтік адам жігерінің құйыны. Жаңа ақпараттық ортада бизнес пен мәдениет ажырамас күшке айналды» (Алимжанова А.Ш. Эстетическая культура // Философия: Раритет, 2006. С. 2, 52.) Осының көрінісіне, мысалы, Қазақстандағы алып корпорациялардағы бизнес этикасы туралы кодекстері жатады. Олар тура әлемдік ұйымдардан көшіріліп алынғандай.
Батыстандырудың көптеген ерекшеліктерін, мәнері М.Маклюэннен бөлектеу, Дэниел Белл өзінің «Постиндустриялық қоғамның жақындауы» деген еңбегінде көрсетеді және оның біршама қағидалары қазіргі қазақстандық қоғамды түсіну үшін де маңызды. Оның пікірінше, табыс пен пайдаға негізделген Батыс қоғамының анық байқалып тұрған қайшылықтары протестанттық этика және Батыс пен Шығыстың рухани дамуының түйіні ретінде алынған жаңа рухани мәдениет арқылы шешіледі. Мәдениет түрлі конвенциялар жасап шығарудың құралына айналады. Осындай мәдениетті, ірі корпорациялар жалдап алған, маман теоретиктер жасап шығарады, сосын олар Голливуд сахналарынан өткізіліп, кейін тұтынушыға жеткізіледі. Әр жыл сайын кемінде 40 млн. комикс кітапшалары сатылады, 70 млн. адамнан артық комиксстрипс деп аталатын газеттерді оқиды. Егер бұрын әдеби қаһармандар ретінде түрлі әскери, саяси мәдени қайраткерлер ұсынылса, қазір олардың орнын неше түрлі құбыжықтар мен «суперадамдар» алып кетті. М. Вебер ұсынған «әмбебап рационалдықтың» орнына постмодернизмдегі симулакрумдар (елестің елесі) келе жатыр. Жер бетіндегі «алтын миллиардтан» (батыс адамы) басқасы қарапайым тұтынушы мен шикізат өндіруші болып қалуы керек.
Қазақстанда және басқа да ТМД елдерінде, адамдар бұрын партиялық беделдің басқаны құрметтемеген жағдайында, батыстық құндылықтар бұқаралық мәдениет барынша дәріптейтін «имидж» (тұлға бейнесі) және «престиж» (бедел, артықшылық) түсініктерімен таралады, солар бойынша неше түрлі социологиялық зерттеулер мен «рейтингтер» жүргізіліп отырылады. Әдетте бұл дайын үлгі-модельдердің түбінде американдық мұраттар мен құндылықтар тұрады.
Батыстандыру үрдістері, қазіргі батыс идеологиясы да, философиясы да, ұстанымы да – постмодернизм жариялағандай, бейрационалдық, плюралистік, реалистік, орталықсыздандырылған, жаһанданған әдіснама негізінде жүргізіледі. Француз ғалымы Жан Эллюль атап өткендей, батыстандыру қазіргі кезде ұрандар мен теориялар арқылы емес, ал байқатпай өмір шындығына еніп кету арқылы жүргізіледі, ол адамға оның күнделікті әдеттері, мінез-құлық стереотиптері, салт-ғұрыптары арқылы енгізіледі; бұл - иландырудың жаңа формасы; адам жаңа құндылықтарды өз еркімен таңдағандай болып тұрады. Бірақ, шын мәнісінде, ол жаңа ұжымдық сана - бұқаралық мәдениеттің көзсіз орындаушысына айналып кеткен.
Батыстандыру қазіргі заманда бұрынғыдай тек қару күші немесе миссионерлік әрекеттен гөрі, өзіне тиімді жаңа мифологиялық тарату арқылы жүзеге асырылады. Осы мәнісінде бұқаралық ақпарат құралдарымен кең насихатталып жүрген жаңа мифтердің кейбіреуін сараптайық.
Қазіргі мифтер – бұлар ерекше тектегі елестер мен жалған бейнелер, «муляждар». Егер ертедегі миф қауымдық адамның білім жоқ жағдайында қоршаған дүниені сол қалпында қабылдауына негізделсе, қазіргі миф ерекше технологиямен жасалған, шындық онда арнаулы рәміздермен бұрмаланған, форма болып табылады. Қазіргі миф таным формасы емес, ал әлеуметтік басқару және көпшілікті манипуляциялаудың құралына жатады. Ол дүниені түсіндірмейді, керісінше, сана немесе бейсана фантомдарын құрастырып, «ерекше тектегі» симулакрумдарға сүйенеді.
Қазіргі батыстық мифтердің арасында «табысқа жету туралы миф» ерекше орын алады. Атақты «американдық арман» деген сана артефактысынан бастау алатын, бұл мифте батыс демократиясында кез келген адамның бақытқа деген құқы өзінше көрсетіледі. «Өзінді өзін жасай аласың» дейді бұл миф қолдаушылары. Бұл мифтің балама формаларына «Золушка» (жетім қыз) туралы ертегінің бұл заманға үйлестірілген формалары, «Қарапайым Мариялар» т.б. жатады.
Осыны ХХ ғасырдың басында байқалған көркемдік дағдарыстарға байланысты деп айтуға болады. Сондықтан өнер құндылығы, жалпы алғанда уақыт талаптары қойып отырған позициялық критерийлерге байланысты бағаланады. Сөйтіп, өнер бұрынғы реалистік формаларын жоғалтады. Оның орнына таза бояу таңбалары, оның кенеп бетіндегі шашырандылары, геометриялық формалар үйлесімділігінде құралған композициялар келді. Ол ол ма? ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарында күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттардан бастап жыртылған, өртенген кенептер, кейінірек сыраның, пепси-коланың банкілері, көптеген шегелер тізбегі қағылған орындықтар мен музыкалық аспаптар, адамның муляж көшірімдері тағы басқа кездейсоқ немесе көрмеге әдейі дайындалған нәрселер әкеліне бастады. Одан кейін бейнелеу өнері ашық табиғат аясына шықты. Суретшіге кей жағдайда кәсіби машықтылығын жетілдірудің өзі қажет болмай қалды. Себебі өнер қатты индивидуальды сипатқа ие болып, кәсіби машықтылықтың орнына, кей жағдайда, интеллектуализм жетекші орын алды. Бұлардың бәрі ХХ ғасырға тән көркем құбылыстар еді.
Осындай мәдени процестердің алдын алу үшін, бұқаралық мәдениеттің теріс әсерлерін кеміту мақсатында Қазақстан Республикасында көптеген шараларды жүзеге асырған жөн. Еліміздегі Мәдениеттану және өнертану ғылыми зерттеу институты осы мәселеге қатысты мәдени дамудың арнаулы тұжырымдамасын қабылдады. Оның кейбір қағидаларына назар аударайық.
Классикалық маңызы төмен, ұлттық болмыс пен психикаға кері әсерін тигізетін өнер мен музыкадағы өнімдер ағымына бақылау қою, оны жүзеге асыру аппараттарын жұмылдыру. Атап айтқанда:
- қала мен республикалық маңызы бар және облыстардағы атқарушы орган мен мәдениет институттарының бақылауын күшейту;
- сараптама және ақпараттар жинақтау бөлімін жетілдіру;
- ұлттық психология мен сана-сезімге кері факторларды болдырмаудың әкімшілік бөлімдерін жұмылдыру т.б.
Халықтың рухани және физиологиялық тұрғысынан дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын халық тағдырын бейнелейтін мәдени ошақтардың басты саласының бірі, театр мен кино өзінің бүгінгі қоғам өміріндегі орнынан қазіргі заман талабына сай ұлттық психология, тәрбие беру, эстетикалық құндылық сапаларын төмендетіп алды. Оған басты себеп:
- шетелдік немесе батыстық кино мәдениеті: ашық порноөнімдер, афро-американдық поп музыкалар, эротикфильмдер, сана-сезім, мінез құлыққа кері әсер ететін қатігез киноөнімдер мен сериалдар;
- Қазақстандық театр және кино мекемелерінің халық назарын өзіне тартып аларлық туындыларының әлсіздігі;
- әртүрлі жат мәдениет үрдістерін насихаттайтын бейне таспалардың шектеусіз сауда рыногында таралуы;
- кино мәдени ошақтары – кинотеатрларда шетелдік фильмдерді жарнамалау мен жаппай көрсетулер (Мырзалы Серик. Модернизация общества: взаимосвязь политики и морали. – Костанай: КГУ, 1998. С. 268).
Бүгінгі таңдағы кітап дүкендері мен кітап сауда орталықтарындағы сатылымдағы кітап қорының 90 пайызы шетелдік кітаптарды құрайды. Музей кешендерінде экспозициялар мен ұлттық тарихи мұраларды сақтау мен дамыту әлі күнге дейін кеңестік идеология шеңберінде құрылған өлкетанушылық бағыттан әрі аса қойған жоқ. Осы факторларға сәйкес кітапхана мен музей ісіндегі қордаланып қалған мәселелерге мыналар жатады:
- ұлттық әдеби-мәдени көркем туындылар дағдарысы;
- қазақ тіліндегі қоғамдық ғылымдар әдебиетінің жеткіліксіздігі;
- кітапхана қызметіндегі ақпараттық және интернеттік каталогтар жүйесінің дамымауы;
- ғылыми сапасы төмен кітаптар қорының көбеюі;
- кітапханалардағы ұлттық кітап қор жинақтарының тапшылығы және қаржылай қолдаудың жеткіліксіздігі т.б.;
- музей мекемелерінде білікті ғылыми мамандардың аздығы;
- осыдан келіп, мұражай ісі мен мұражайтану ғылыми-әдістемелік орталықтарының жоқтығы;
- мұражайлық жәдігерлерді, өнер туындыларын жинақтайтын қаржының таршылығы және т.б.(Қазақстанның мәдени мұрасы.- Алматы: Абай ат. ҚазҰПУ, 2005. 964 б.).
Мәдениет негізі мен этностық жады арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бүгінгі таңда, БАҚ арқылы жарияланатын материалдар мен ақпараттар батысшылдық сипатқа ие болып отыр. БАҚ халықты, әсіресе жастарды мәдени-рухани басқа арнаға түсіруге себепші болып отыр. Қазақстандағы БАҚ жүйесіндегі телеарнаның үлесі – 90-95 пайыз. Ал мәдени-рухани институттары дамығын елдерде БАҚ-тың соның ішінде телерадионың үлес салмағы – 40-45 пайызды құрайды. Мәселен, Францияда француз тіліне аударылғанына қарамастан шетелдік материалдардың 15-20 пайыздан аспауы заң жүзінде белгіленген.
Қандай да бір ұлт мәдениетінің түп-тамыры тіл екенін ескерсек жоғарыда аталған және төменде аталмақ мәселелердің барлығында да тіл мәселесі кезек күттірмес өзектілігімен айқындалады. Батыстық рухани экспанцияға төтепберудегі маңызды мәселеге «орыстілді қазақтарға» ұлттық рухты сіңіру жатады. Бұл топ қазақтың қалада өскен, өзінің ұлттық бастауларынан тыс қалған, қазақ тілін білмейтін не нашар білетіндер тобы. Олар қазақтың тілін ғана түсінбейді емес, сондай-ақ қазақтың табиғатын да, ұлттық таным-түсінігін де білмейді. Жалпы оларға қазақ стихиясы жат. Ал түсінбейтін нәрсе әрқашан қорқынышты, құбыжық болып көрінеді. Ауыл қазақтарын олар «артта қалған, ескішіл» деп түсінеді.
Осы топ, яғни ана тілін білмейтін қазақтар тобы бизнесте де біраз табыстарға жетті, мемлекет басқару ісінде де лауазымды орындарға қолы жетті. Оған себеп олардың халықтың басқа топтарына қарағанда нарық экономикасын терең түсінуі, арнайы білімдерінің жоғары болуы, әрі біздің елімізде мемлекетті басқарудың, іс қағаздарының, өндірістің орыс тілінде жүргізілуінен болып отыр. Бұның өзі қазақтың экономикалық, техникалық ойын қатты тежеп отыр.
Ал іс қағаздарының мемлекеттік тілге көшірілуі осы қазақша білмейтін қазақтардың экономикадан және мемлекет басқарудан шеттелуіне алып келуі мүмкін деген пікір бар. Міне, олардың қостілдік, қазақ мемлекеттілігінің ұлттық сипатын жою үшін жанталаса күресуінің негізгі себебі де осы – қара бастың, топтық мүдденің қамы ғана.
Осындай топтық мүдде үшін қазақ халқының ұлттық мақсат-мүддесі, ары мен ұяты, болашағы саудаға салынып отыр. Осы ұлтсызданған қазақтар тобының кейбір өкілдері өздерін «прогресшіл, ойы озық жаңашыл, нарық экономикасын қолдаушы, реформаторлар» деп біледі. Ал ауылдан шыққан қазақтарды «артта қалған ескішіл, ұлтшыл, коммунистер, экономикада бұрынғы іске аспай қалған жоспарлы, әкімшілдік әдісті қолдаушылыр» деп есептейді. Дегенмен қазақ тілінің экономикалық, техникалық мемлекет басқару аспектілерін барынша тез дамыту, ұлттық қаны бар басқарушы элитаны тәрбиелеу қажеттігі айдан анық. Өткенге жармаса беруіміз жетер. Бүкіл ақыл-ойды, парасат пен білімді келешекке бағыттайық.
Жат, бөтен сыртқы ықпалдардың әсерімен, қазақ қоғамы түрлі қиындықтарды басынан өткізуде. Әдепке үйлестірілмеген нарықтық қатынастар ғасырлық берік моральдық қазықтарды шайқалтады, адамгершілік ұстындарының тамырына балта шабады және жастарға теріс ықпалын тигізеді. Билік жылдам баюға мүмкіндік береді және осыған тез жетемін деген сезім кейбіреулерді азғындық жолына салады.
Ұлттық өзіндік сананы оятуды ақын елдің болашағы, жастарды тәрбиелеуден бастау керек дейді. Төлтума рухани мәдениетті жоғалтып алмау үшін өзінің ана тілін, тарихын, тәуелсіздігін баянды ету үшін ұлттық идеяға жүгіну қажет.
М. Шахановтың түпнегізді жалдпыадамзаттық құндылықтарға – ақиқатқа, әсемділікке, ізгілікке көңіл аударуы, қазақ халқының рухани мәдениетіне тән, этикалық пен эстетикалықтың бірегейлігін дәлелдей түседі. Ақындарға интеллектуалды адам, кейбір әсіре рационалдық немесе тар прагматикалық ұстанымдардан өзгеше, руханилықтың барлық бітімдерін бойында ұстайды. Осындай адам тұғырынан, ақын қазіргі әлемнің көркем суреттемесін жасағанда, айшықты бейнелердің тұтас галереясын жасап шығады...
Қазіргі ақпараттық өркениеттің жетістіктеріне қаншама риза болғанымызбен, оның теріс салдары кез келген адамды қобалжытпай қоймайды. Қазіргі тұтынушылық деп аталатын қоғамда діни, саяси, әлеуметтік құндылықтардың құнсыздануы жүзеге асып жатыр, адамға деген сенім барған сайын жоғалып келеді, өнерге жат элементтердің енуі, оны көпшілік мәдениетінің жай қарапайым тауарына айналдырып жіберді. Академик Д.С. Лихачев жазғандай, «мәдениет құлдырауында прогресс сенімсіз болып шығады».
Қазіргі әлемдегі өркениеттік үрдістерді сезіну және аңдау қазақ көркемөнер мәдениеті мен әдебиеті өкілдеріне Қазақстанның рухани құндылықтарын, олардың өрістеу бағдарлары мен коллизияларын көркем формада білдіруге мүмкіндік береді. Ш. Айтматов пен М. Шаханов өздерінің «Құз үстіндегі аңшының жоқтауы» атты диалог-романында батыс ақылы, дәстүрлі құндылықтарды қирата отырып, «үш өлшемді әлемді» рационалдық парадигмамен «тауысып», «дүниенің қараңғы жақтарына» байлап кетті дейді. Қазіргі руханисыздықтың себебі ретінде авторлар жақсылықты тасада қалдырып, зұлымдықпен (эрзац-құндылықтармен) әуестеніп кетуді атайды. «Тірі адам сансыз әрекеттерден: жасампаз және жоюшы, ұйғарылған және спонтандылардан тұрады. Адам ішкі болмысының тылсым тұйықтары күрделі және қауіпті. Бірақ не болса да, қанішерден қанішердің, зұлымнан зұлымның тууын шектеу, мәңгүртер мен зомбилардың қаптап кетуін болдырмау қажет» Айтматов Ч., Шаханов М. Плач охотника над пропастью. Алматы, 1996. С. 115-116.
Көптеген демократиялық еркіндіктер кейбір тұлғалармен дұрыс түсінілмеген. Телеарналар садизм, порнография мен нәпсіқұмарлыққа толы, кітап сөрелері, қазақтың дәстүрлі адамгершілік тәжірибесімен мүлдем сиыспайтын, көркем-эстетикалық талғамы төмен, триллерлер мен үрей фильмдеріне, пансексуалдық мелодрамаларға толы. Ол қандай нақыштаумен берілсе де, тәрбиенің негізінде кісі өлтіру жатса, онда не камикадзені, не Джеймс Бондты аламыз.
Қатігездік тек мейірімсіздікті туындатады, ол үлкен мөлшерде, не кішігірім түрінде көрініс таба алады. Мысалы, ежелгі Рим тұрғындары гладиоторлардың қантөгісінен ләззат алса, Испанияда корридаға түбінде сондай себептермен барады, ал қатыгездік басты рөл атқаратын қазіргі үрейлі фильмдерді миллиондаған адамдар қарайды.
Біздің заманымызда да мына үш сұрақтар өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ: Адамдардағы ізігіліктің бастауларын қалай ашып шығару керек? Жаңа Шыңғысхандар мен Жаңа Гитлерлердің айуандық инстинтиктерін қалай басып тастау керек? Қалай олардан руханилықты қорғау қажет? «Бұл қасиет кез келген сырқатпен ұқсас: жай ғана сызат қауіпті ісікке айналуы мүмкін, кәдімгі грипп адам өлімімен аяқталуы мүмкін. Бірақ гумандық насихат пен рахымдық үгітімен және діни өсиетпен бірге эпидемияның ошақтарын жоюға болады. Жүйелі мемлекеттік қамқорлық пен нысаналы саясат бұл жерде ауадай қажет. Адамда аңды оятпай-ақ қояйық» (Айтматов Ч., Шаханов М. Плач охотника над пропастью. Алматы, 1996. С. 115-116.).
Батыстың рационалды-прагматикалық философиясынан шығатын жеке дарашылдық пен тұтынушылықтың апологиясының орнына, дүниені аңдауға ден қоятын, дәстүрлі шығыстық этностарда экологиялық ұстындар, этикалық бағдар мен руханилық айшықты көрініс табады. О. Сүлейменовтың «егер біз мәдениетті құтқарсақ, онда ол бізді де құтқарады» деген сөздері ақиқатқа жақын» (Курманбаев Е. Спасет ли культура мир//Тамыр. 1999. № 1. С. 42).
Әдептен тыс адамның жаны да, қылығы да сұрықсыз, кісі өлтірушінің, сатқынның және атаққұмардың мақсат үшін құрал таңдамайтындығы үрей тудырады. Адамзат әлі күнге дейін өткеннен сабақ алмағандығы, қаламгерлерді қатты толғандырады. Қатыгездік әлі күнге дейін не адам жанында, не қоғамда жойылмаған, сондықтан ол ХХІ ғасырда да өкінішке орай жалғаса береді. Белгілі философ М. Орынбеков жазғандай, «олар жас кезінен тазалық пен сенімділік, даналық пен абыройлық мұраттарынан ажыраған жас ұрпақта, адамгершіліктің құлдырауы айрықша күйзелтеді» (Орынбеков М. Философские взгляды Абая. Алматы, 1995. С. 114).
Батыс мәдениеті табыну объектісіне айналдырып жіберген, индивидуализм ұстыны қазақтың дәстүрлі құндылықтарымен сәйкес келе бермейді. Ежелгі рухани мұраларымен сусындай беретін, қазақтар үшін қонақжайлылық, төзімділік, кеңпейілділік сияқты ұстанымдар өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Қазақтарда қашанда жалғандық, қатігездік, күш көрсету, сатқындық айыпталып келген. Ұрпақтан ұрпаққа қазақтар үлкенді сыйлауды, аруақтарға құрмет көрсетуді, кішілерге, әйелдерге ізеттілікпен қарауды құндылық бағдары ретінде ұстанып келген.
Егер Батыс дүниеге объект ретінде қараса және оны тануға, өзгертуге ұмтылса, онда Шығыс дүниемен қосылу арқылы оны білгісі келеді. Дүниені объективтендірудің құралы – сөз. О. Сүлейменов өзінің «Хат тілі» атты еңбегінде былай жазады: «Оның бүкіл кешендігінің күрделігінде, мәдениетті туындатушы негізгі факторға алғашқы иероглифика мен тіл жататына, барған сайын өзім сенімді болып келемін. Олардың өзара тәуелділігінің актілері адамның өзінде және қоршаған ортада адамдықты қалыптастырып келді. Бірінші жазу таңбасынан «гомо сапиенстің» тарихы басталады» (Сүлейменов О. Язык письма. С. 33).
Қазіргі Қазақстанда жүріп жатқан интеграциялық мәдени-өркениеттік үрдістер дәстүрден ажырау, адамдық болмыс пен адамгершіліктің көп ғасырлық нормаларының деформациялануы, тұлғалық өзіндік құндылықтың төмендеуі сияқты құбылыстармен ілесіп келеді. Қазақ ұлтының жас буының айтарлықтай бөлігі бөтен тілдік ортада жетіліп келеді; онда басты рөлге тек классикалық еуропалық мәдениет емес, ал, ең алдымен, американдық және батыстық поп-мәдениет ие бола бастайды.
Осындай жағдайдың бір алғышартты, ұлттық дәстүрлі мәдени ауысуларды шектеген, интернационализм желеуімен ұлтсыздануын үрдісін жүзеге асыра бастаған, кеңестік империя уақытында қалыптасты. Қазіргі поп-мәдениетке келсек, онда ғарыш пен Ұлттың мәдени байланысының тамырына балта шабатын факторлар – девианттық қылық (маскүнемдік, нашарқорлық, зинақорлық, садизм және т.б.) формалары жарнама, клиптер, секс-символдар, әсіре кейіпкерлер арқылы кең етек жайып келеді.
Руханилықты тәрбиелеу өзін жетілдірудің маңызды құралы ретіндегі танымдық мүдделілікті қалыптастырудан басталады. Адамды тәрбиелеудегі жетекші рөлге өнер ие. Өнерді (өнер туындыларын, көркем құндылықтарды) қабылдау күрделі эмоционалдық-танымдық әрекеттің түрі болып табылады. Өнерді адамға тура ендіру мүмкін емес. бұл үшін оған белгілі біл білім, ақыл, сезімдер жұмысы, көркем аллегориялар мен метафораларды түсінуге деген қабілеттілік қажет.
Көркем құндылықтар жалпыадамдық және ұлттық болып бөлінеді. Бірақ жалпыадамдық құндылықтар қашанда ұлттық-этникалық формада беріледі. Өз талдауымызды ақын О. Сүлейменовтың мына сөздерімен аяқтағымыз келеді. «Болашақ әлемі – бұл алауыздықтармен тартыстағы Өзіндік Болмысқа қарама-қарсы, Бірге Болмыс» (Сүлейменов О. Язык письма. С. 204-205). Қазір дүниежүзілік қауымдастықта өзінің тиесілі орнына ие болған қазақ халқы. өзінің ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан, төлтума эстетикалық мәдениетін зерттеуге және әлемге ұсынуға мүдделі.