Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі



бет13/30
Дата05.02.2022
өлшемі2,57 Mb.
#1879
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30
«Бақыт» ұгымы — этикадағы ең іргелі түсініктің бірі. Оның үстіне ол ең жемісті әлеуметтік идеялардың бірі болып табылады. Спинозаның айтуынша, бақыт — бұл ізгіліктің қайтарымы емес, ізгіліктің өзі, өз құмарлықтары-мызды ноқталағанымыз үшін бақытты емеспіз, керісінше, біздің бақытты болуымыз оларды ноқталауға қабілетті етеді. Бақыт адамға сезілетін құбылыс сияқты көрінгенімен, ол ішкі қайшылықтарға толы. Этика тарихында бақыттың мәні туралы пікірлер мен көзқарастар өте коп. Мәдениет тарихында бақыт туралы қолданбалы этикалық пән — фелицитология қалыптасқан. Маңызды фелицитарлық шығармалар қатарына төмендегілер жатады: Аристотельдің «Никомах этикасы», Сенеканың «Бақытты өмір туралысы», Ф.Аквинскийдің «Бақыт туралы трактаты», Боэцийдің «Философиялық жұбанышы», Августиннің «Бақытты өмірі», Гельвецийдің «Бақыт» поэмасы, Л.Фейербахтың «Эвдемонизмі», Дж.С.Милльдің «Еркіндік туралысы», Э.Фроммның «Өзің үшін адамы», В.Татаркевичтің «Адамның бақыты» және т.б. Этика тарихындағы бұл шығармалар бір тақырып төңірегінде жазылғанымен, алуан түрлі көзқарастарды ұстанады.
Бірі бақыт сүйіспеншілікте деп тұжырымдайды. Алайда, бақыттың тез өткіншілігі де белгілі. Бақыт жастықта ма? Бірақ, Цицерон кәрілік — бақыттылау деп есептейді. Көпшілігі бақыт қажеттіліктерді қанағаттандыруда деп санайды. Алайда, тойымшылықтан бас тартып, өзін-өзі шектейтіндер қателесе ме? Мүмкін достықта болар? Бірақ «достан қашық бол, жауың одан қауіпті емес». Білім ше? Бірақ «білім алған адам қайғыны да арқалайды». Даңқ? Алайда, «даңқты іздеме, өйткені онда сені кез келген жағымпаз тауып алады». Бақыттың парадокстары көпқырлы.
Алайда бұл бақыт құс сияқты ұстатпайды және теориялық талдауға көнбейді дегенді білдірмейді. В.Татаркевичтің пікірінше адамдар бақытты әрқалай түсінеді. Бұқаралық санада ең кеңінен таралғаны: бақыт - бұл сәттілік, кездейсоқтық, бізге бағынбайтын тағдыр («бақыт қүсы»). Екіншісі, бақыт — өмірден қанағат, ләззат алу, қуаныш. Үшіншісі, бақыт — бұл жоғары игілік пен ізгілікке ие болу. Және, ақырғы төртіншісі, бақыт — бұл ләззат алу мелшері де емес, бір сәттік қуаныш та емес, сыртқы игіліктерге ие болу да емес, ол бүтіндей өмірден толық, ұзақ қанағат алу, болмыстың құпия мәніне ие болу. Осы соңғысы көңілге қонымды секілді. Бірақ ол да «бақыт формуласын» толығымен ашпайды.
Фелицитарлық идеялардың жалпы мазмұнына үңілсек, ондағы пікірлердің қайшылықтарымен қатар, бақыт қғымындағы жалпы белгілерді де аңғаруға болады:

  1. ләззат алудың субъективті көңіл-күйі өз-өзімен бақыттың жеткілікті өлшемі бола алмайды;

  2. бақыт ізгілікпен қатар жүреді;

  3. бақыттың объективті өлшемін табуға болады.

Платон мұның өлшемі ретінде «жақсы адам» идеясын, ал Аристотель «адамның мақсаты» идеясын есептеді. Спиноза оны адамның өз күшін пайдалана отырып, жаратылысын іске асыруы деп санаса, Спенсер - адамның биологиялық және әлеуметтік эволюциясын атайды.
Адам бақыты туралы ілімдерде негізінен үш бағытты айқындауға болады: бақыт психологиясы, бақыт аксиологиясы, бақыт социологиясы. Психологиялық тұрғыда бақыт позитивті көңіл-күй, өмірден ләззат алу, қуаныш пен шаттық және рақаттану болып табылады. Бақыт сезімі бүгінгі күнгі бір оқиғаға байланысты туындаған бір сәттік, тез өткінші нәрсе болуы мүмкін. Ол үнемі, тұрақты, берік, рухани күштің, жақсы келешектің, үйлесімділік пен қанағатшылықтың толассыз қуанышы болуы да мүмкін. Бақыт сезімі осылайша адамның өзіне жөне әлемге қатынасының алуан түрлілігін білдіреді. Бұл жағдайда бақыт пен қуаныштың арасын ажырату маңызды. Олардың айырмашылығы, егер қуаныш жекеге ғана сәйкес келсе, ал бақыт — бұл қуанышты үздіксіз және толық сезіну. Бақыт, Э.Фроммның анықтауынша, бұл өмір сүру өнеріндегі кемелдік өлшемі, өзінің гуманистік этикадағы мағынасына сай ізгілік (Человек для себя. М., 1992, 182-бет). Адам әрекетінде, әрине, бақыттың тура және ашық соңына түсу жоқ. Әр түрлі өмірлік мақсаттарды қою және оған жету адамды автоматты түрде бақытты ете алмайды. Алайда, соған ұмтыла отырып, ол өзін бақытты сезінеді.
Алайда, бақыт психологиясы негізінен көңіл-күй айғақтарын айқындайтын сипаттаушы терминдерді қолданады. Ләззат алу немесе қасірет бақыт немесе бақытсыздықтың ең басты көрсеткіштері бола алмайды. Кейбіреулер садизмнен, деструктивтіліктен, біреулерді балағаттағаннан ләззат алса, ал кейбірі сүйіспеншіліктен, достарымен бөліскеннен, шығармашылықтан ләззат табады. Егер бақыт пен бақытсыздық олар туралы біздің сезімдерімізге сай болса, онда бұл туралы білмей ләззат алу немесе қайғыру бәрі бір ләззат алмауды және қайғырмауды білдіреді. Егер құлдар қожайыны келтірген қасіретін сезінбесе, онда бейтарап адам жалпы адамның бақыты үшін қалай құлдыққа қарсы шыға алады? (Э.Фромм.).
Бақытқа ұмтылу әрқашан да адамдарды біріктіре бермейді, әсіресе біреудің бақытсыздығы екіншісі бақытының шарты болған жағдайларда. Адамдар кейде «кішкентай бақытқа» да ырза болады, өзі үшін зиян және өзін төмендететін жағдайларды, оның нағыз мәнін аңғармай жатып бақыт деп есептейді. Адамдардың бақыт туралы көзқарасы мен бақыт үғымы нақтылық пен абстрактылық сияқты ажыратылады, қажеттілік пен мәнділік арасында қайшылық туады.
Бақыт социологиясы утилитаризм классиктері еңбектерінде кеңінен сипатталған. Мысалы, И.Бентам адамды бақытқа жақындататын құндылықтар тізімін келтіреді: денсаулық, іскерлік, достық, абырой, билік, адамдық, ізгілік, шыдамдылық, қарым-қатынас, жұбаныш және т.б. Бүл әсіресе өтпелі қоғамдарға тән. «Қазіргі адам, — деп тұжырымдайды Е.Дубко мен В.Титов, — өзгермелі тағдырға бейімделген өз-өзінен реттелетін құрылғымен және өзінше еркін толқымалы «психика — гироскоппен» қаруланған» (Идеал, справедливость, счастье. М., 1989, 72-бет). Нарықтық экономика мен бұқаралық мәдениет жағдайларында өмір сапасы мен өз-өзіңді іске асыру бағаланады. Бұрын ол қоғамның элитарлық қабатына тән болса, енді бұқаралық сипат алды.
Жас ұрпақ өмірдің жоғары стандарттарына зор мән береді, аштық пен ауру туралы аз ойлайды. Алайда, ҒТР және ақпараттық жарылыс адам өмірі ырғағын жылдамдатып жіберді, қақтығыстарды оқшауландыру тетіктері әлсіреді, адамгершілік пен экологиялық ахуал шиеленісті. Бүл үдерістің жағымсыз салдарлары, дәлірек айтқанда, түңілу, өмірдің маңызды ешнәрсе бермейтіндігін сезіну, ерік жұмылысының төмендеуі, уайым, кінәлілік сезімі мен агрессивтілік адамның бақытты өмір сүруіне кедергілер келтіреді.
Қорытындылай келе бақыттың төмендегі құрылымдық элементтерін келтіруге болады. Біріншіден, қайғысыз, жоқшылықсыз, ауру-сырқаусыз, бәле-жаласыз өмірді білдіретін игілікті береке. Екіншіден, қажеттіліктерді қанағаттандыру. Қажеттіліктерді өтеу үшін белгілі дәрежеде қалыпты баланс қажет. Бұл жерде адам меншігі үлкен мағынаға ие болады, онсыз еркіндік те, байлық та жоқ. Үшінші элемент — қанағат, ырзашылық. Бұл адамның өз қалауына сай өмір сүріп жатқанына ризашылық сезімін білдіреді.
Төртіншіден, бақыт қуанышсыз болмайды. Адам өз қуанышында ақылын да, сезімін де, құндылықтарын да көрсетеді. Бесінші элемент ретінде өмірді адами мәнділік пен міндеттілік тұрғысынан бағалауды айтуға болады. Этика өзінің ең басты ізгіліктері ретінде бақыт пен қуаныш құндылығын өте жақсы негіздей алады, алайда ол адамнан анау-мынау емес, ең қиын міндетті шешуді талап етуді де біледі: бұл оның жемісті де толық дамуы (Э.Фромм. Человек для себя, 184-бет).
Ұлы Кантта мынадай тамаша ой кездеседі. «Адамды екі нәрсе жанын тебірентіп, шексіз таңдаңдырады: жүлдызды аспан мен ішкі моральдық заңдылық шексіздігі». Бірінші шексіздікті адам жаңа кеңістіктерді бірте-бірте игере отырып меңгерсе, ал екіншісін ар-ұят дауысына бағыну арқылы игереді. Ар-ұят деген не? Ар-ұят өмірдің әр түрлі көріністерінде күрделі түрінде көрінетін феномен. Ар-ұят түрлері мазмұнының айырмашылықтары бар ма? Тарихтың бүкіл өн бойында қарама-қарсы құндылықтарды ұстанатын адамдар өз «ар-ұятымыз бойынша» әрекет еттік деп есептеді: Конфуций мен Сократ, Заратуштра мен Платон, Иса мен Мұхаммед адамдарды руханилыққа, ар-ұят пен ар-ождан үніне құлақ түруге шақырса, инквизаторлар мен ксенофобтар, басқыншылар мен тирандар, фашизм мен болышевизм фанатиктері де өз ар-ұяттары бойынша әрекет еттік деп санайды.
Этикалық әдебиет бұл сұраққа әр түрлі жауап береді. Сенеканың пікірінше, өз этикалық қасиеттерімізге орай біздің қылықтарымызды сынайтын немесе қорғайтын ішкі дауыс ар-ұятты білдіреді. Стоиктік философия оны өзіндік сақтанумен (адамның өз-өзіне қамқорлығымен) байланыстырады. Діни философияда ар-ұят құдайдың адамға жіберген ақыл-ойының заңдылығы. Фихтенің айтуынша, ар-ұят адамдардың қоғамдық жағдайына байланысты емес, ол ішкі «Меннің» дауысы және моральдың нағыз беделі болып табылады. К.Маркс бойынша ол ішке қарай бағытталған ашу-ыза. Ж.П.Сартр ар-ұятты адамға қоғам тарапынан қойылатын сыртқы талаптар мен тыйымдарға қарсы тұратын ішкі тұлғалық әрекеттің жалғыз тұрағы деп жариялайды.
Ар-ұят адамгершілік сананың моральдық-психологиялық тетігі ретінде қоғамдағы моральдың императивті байланыстырушы күшіне ұқсас. Ол қоғамдық қатынастарда, мәдениетте, әлеуметтік субъектілер әрекеті мен өмір сүру тәртібіңде объективті бекітілген адамгершілік құндылықтардың белгілі бір жүйесін тұлғаның рухани ішкі көлемінде қорғайды. Ар-ұяттың өзгешелігі қатарына оның тылсымдылығы, бүркемеленуі және таңдамалылығы жатады. Ар-ұят — бұл ішкі монолог, кейде онда диалог, тіпті көп дауысты дискуссия да жүзеге асып жатады. Латын даналығы былай дейді: «Ар-ұят дегенің мыңдаған куәгерлер». «Адам бойында мәңгі оппонептпен мәңгі қорғаушы рухқа ұйқы бермей пікірталасып жатады. Адамдағы мәңгі төреші қоғамдық пікірден жасырын жатқан нәрселерді көріп, ойлап жөне сезіп отырады» (А.Милтс. Совесть. — «Этическая мысль». М., 1999. 274-275 беттер).
Күнделікті өмірде ар-ұят сезімі адам қылығы әдеттегі және «автоматтандырылған» үлгідегі шеңберінен шығып кеткен кезде қосылатын өзіндік адамгершілік компасы рөлін атқарады.
Еркіндік пен демократия жойылып, сыбайлас және бюрократтық күштер үстемдігі жағдайында индивид міндетті түрде қуыршақ рөлінде көрінеді. Мәдени аномалия, қоғамның маргиналдануы мен люмпенденуі жағдайында оның мүшелерінің ар-ұяты ұйқыға кеткен тәрізді болады. Ар-ұятсыз билік — бұл өзін-өзі жоятын билік. Ал оның деструктивті табиғаты адамдарға шексіз зиянын тигізеді. Тирандар мен баскесерлердің ең тиімді ақталуы — «заманның қаталдығына» сілтеме жасау. Қандай да бір «эталондық топтың» үлгілері деңгейіне дейін моральды төмендету ар-ұяты бар адамдарды қудалаумен тікелей байланысты. Жалған жүйеде адал адам аномалия тәрізді көрінеді. Тоталитарлық және сыбайлас қоғамдардағы нақты практика мұның мысалдарына толы. Айуандық, садизм, демагогия, егер осылардың көмегімен қара бас мүдделеріне септігі тиіп жатса, қайсыбіреулерді қуантады. Сонымен қатар өзгелердің адал және бақытты өмірі қызғаныш пен көре алмаушылық туғызуы мүмкін. Көптеген «тарихи қайраткерлер» мен «халықтар әкелері» қоғамдық пікірді бағындыру арқылы өздеріне қолайлы моральды қалыптастыруға ұмтылады. Көбіне бұл мораль «көсемдік» үлгілері мен утилитарлық мақсаттарға қызмет ететін есепке құрылған мораль.
Сонымен, ар-ұят — бұл біздің өзімізге өзіміз беретін жауабымыз. Бұл бізден жемісті өмір сүруді, толық және үйлесімді дамуды талап ететін біздің нағыз «Меніміздің» дауысы.
Ар-ұят ұғымы, егер берік өмірлік сенімі болмаған жағдайда, бай және игілікті адамдарда өте тайғанақ болуы мүмкін. Дәулеті енді құрала бастаған адам мен байлыққа тойынған адамның ар-ұят туралы ұғымы әр түрлі болуы ықтимал. Адамның ар-ұяттылығының маңызды элементі бала кезден басталған тәрбие болары хақ. Оған оны қоршаған орта, сол ортаның психологиясы мен құндылықтық бағдары зор ықпал етеді. Сондықтан да, іскер адамдар маман таңдағанда бұл адамның ар-ұятына әсер ететін факторларды ескеруі қажет.
Ар-ұят үғымына тарихи кезең, ұлттық, территориялық, климаттық ерекшеліктер де орасан ықпалын тигізеді. Ар-ұят ұғымының қазіргі кезең мен өндіріс үдерісіне машиналар, механизмдер енді ене бастаған XVІІІ—XІX ғасырлар арасында айырмашылығы бар екендігін де ескерген жөн. Француздар мен қазақтардың неке қатынастарында да ар-ұят үғымы бір-бірінен айрықшаланады. Алғашқылары үшін бөлелер (кузендер) арасындағы неке қалыпты болып саналса, қазақтар үшін мұндай неке қан алмасушылыққа жол берген ұятсыздардың ісі. Шығыс халықтарына тән ар-ұяттылық батыс елдері халықтары пікірімен үнемі сай келе бермейді. Сондықтанда, адамгершілік қатынастарда әрқашан бүл факторларды ескеріп, әдеп-ғұрыпқа құрметпен қараған жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет