4.1. Музыка біздің өмірімізде Тұлғалық музыкалық сана – адамның музыканы қабылдауы, оған эмоционалды жауап беру, қысқасы – музыкалық тілін түсіну. Ол тіл сезімнен бөлек болмайды. Сондықтан музыкалық сананың дамулы болу үшін ішкі есту сезімінің қалпы болу керек: «өз бетінше» бір нәрсені есту, өз бетінше (ішінде) музыканы сезу. Осы кезде тұлғаның музыкалық мәдениетінде өз-өзіндік позициясы туады,«құбылысты» меңгеру, тұрақтау, тұтас субьектілік қатынасы туады (жауап береді), табиғат құбылысына есеп беру, сол қатынастарға сипаттама, туу туралы анықтау, көркем-эстетикалық реакцияға талдау, пайымдауы. Келесі музыкалық сананың жоғары деңгейі – бұл деңгей өзі арқылы ішкі, адамның рухани өмірінің байланысын табады, тұрақтайды (рух мазмұны мен мәнерлігі).
Музыкалық сананың ең негізі және құрылымының ортасы – дыбыс бейнесі. Қандай да болсын процесте дыбыс бейнесі басты. Сондықтан музыкалық бейнесі арқылы музыкалық қабылдау, бағалау, әрекетте, қандай да болсын синзитивтік, рух процесінде музыкалық санада құбылыс болмайды. Сондықтан өнер адамы (сазгер, ақын) көркем бейне, көркем сурет пен көрінісітер арқылы жетеді.
Музыкалық бейне – ол «сезім-ой»; музыкалық шығарманың «идеялық мазмұнының дәні», тани білуі және шығармашылығы; музыкалық бейне сезімінің процесін көрсете білуі, эмоциялық қалпы, психологиялық жүрісі, көңіл-күйінің қалпы т.с. Музыкалық-көркемдік шығармашылықтың сүйемелдеуімен өтетін индивид пен коллективтің өміріндегі барлық кезеңдерді атаудың керегі жоқ, өйткені музыкалық-поэтикалық өнер адам өмірінің тіршілігіне қатысты негіздерінен биік идеологиялық ой-толғауларына дейін барлық салаларында орын алатын. Музыкалық-поэтикалық шығармашылықтың функциялары өнер мағынасын өзгеше түрде білдіретін. Музыкалық-поэтикалық өнерде көркемдік образдар түсінікті, анық форма түрінде болғандықтан еңбекке үйрету, өнегелі заңдылықтарды ұстану сияқты тәрбиелік мәні бар ақылдар өнер арқылы әр адамға жететін. Музыкалық-поэтикалық өнер арқылы ұрпақтан ұрпаққа діни ұғымдар, адам мен табиғатқа қатысты көзқарастар, экологиялық, космогониялық және басқа дүниетанымдар жалғасатын. Адамның туғанынан бастап өмірінің соңына дейін музыка бірге жүретін.
Қоғамдық сананың формасы ретінде музыкалық және поэтикалық өнер уақыт өткен сайын өз бетімен жеке түрге айналды. Әр түрлі факторлардың әсерінен олардың ішкі жүйелік және құрылымдық өлшемдері құрылып, олардың ерекшеліктері, бағыттары мен даму жолдары қалыптасты. Бұл ерекшеліктер музыка мен поэзияның ішкі даму заңдылықтарының формасын игеріп, шынайылықты көрсетуге қомақты үлес қосады.
Музыка тілінің генезис мәселелерін қарастыру халықтың этногенезисі мәселелерімен тығыз байланыста қарастыру қажет, өйткені музыка тілі – сөйлейтін немесе поэтикалық тілден де ерте шыққан фольклордың көне қабатына қарайды. Оның өзгеруі өте жай болады, сондықтан, оның орны фольклор мен этнографияның байырғы қабаттарын зерттеуге өте маңызды.
Әлеуметтік-тарихи процесстер мен эстетикалық ортаны зерттеу барысында ұлттық музыка ойлану жүйесінің өзгешелігін анықтауға арналған мәселе көтеріледі. ХХ ғасырдың 20-жылдарында атақты музыкалық этнограф А.В. Затаевич қазақ музыкасында кездесетін көркемдік құралдар туралы былай жазған: «Мен мына ретте осы әнге арнайы тоқтағанымның себебі, поэтикалық мазмұнның музыкалық иллюстрациясында қазақтардың психологиясы орыстардың психологиясына мүлдем ұқсамайтындығы көрінеді, мысалы, екі қарама-қарсы көңіл-күйді білдіретін мажор мен минор сияқты» (Қырғыз халқының 1000 әні. Орынбор, 1925, 334 б.). Тағы бір кең танымал қазақтың әніне А. Затаевич келесі түсініктеме береді: «Әрине, еуропа музыкасының көз қарасынан әннің бір келкі, көңілді мажор мен көтеріңкі шабыс ырғағы ашаршылықтың ауыртпалығы мен қиындықты суреттеуге сәйкес келмейтін сияқты».(Сонда, 371 б.).
Осындай «сәйкес келмеушіліктер» қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінде көп кездеседі. Олардың барлығы қазақтың ұлттық музыка тілінің ерекше музыкалық жүйесінің белгілерін көрсетіп, поэтикалық пен музыкалық, ладтық интонациялық және ырғақтық құрылымдардың арасында өзгеше қарым-қатынастарын сипаттайды.
Әр түрлі халықтардың музыка тілдерін салыстырғанда сырттай ұқсас құбылыстар шынында параллель болып шығуы мүмкін, ал әр элемент басқа музыка тілінің құрылымына кіргенде сол құрылымның қасиеттерін бойына сіңіреді. Кеңес кезіндегі этномузыкологияның негізін қалаушы К. Квитканың пікірінше, «Байырғы кезеңдерде халықтың музыка шығармашылығында өзінің бай қабілеттері болған. Олардың кейбіреулері қазіргі кезде мағынасы жоқ белгілер болып көрінуі мүмкін, бірақ олар сол кезеңнің өнеріне аса мағыналы болған, өйткені соның ішінде қалыптасып, қолданылатын, соған типтес болатын. Қарастырып отырған дүниенің эстетикалық белгілерін ашу – болашақ ғалымдарының еңбегі деп санаймын» (Квитка К. Таңдамалы еңбектер. М., 1971, т. 1, 99 б.).
Дәстүрлі музыка мәдениетінің өткен кезеңдері туралы біз әлі күнге дейін толық білмейміз. Бірақ қазіргі кезде осы зерттеу кезеңінде қазақ халқының музыка өнері ұзақ және күрделі тарихи даму жолының нәтижесінде пайда болғанын айтуға болады. Бұл жолда музыка тілінің ішкі даму заңдылықтарымен қатар этникалық тайпалардың бұрынғылары ыдырап, жаңалары құрылып, Орта Азияның мәдени орталықтары өркендеп, сосын жойлып, т.б. тарихи оқиғаларды көшірген күрделі үрдістер маңызды роль атқарған. Сондықтан қазіргі зерттеуші тек музыкалық мәселелерді терең игерімен қатар археология, этнография ғылымдарының жетістіктерін біліп, музыкалық және жалпы тарихи ғылымдардың мәліметтерін бірге қарастырып, қазіргі эстетикалық ойдың жетістіктеріне сүйеніп, әр түрлі құбылыстарды зерттеу керек.
Ән, әуен қазақ халқының аңызы бойынша аспан әлемінен түсіп, ықылым заманнан осы кезге дейін жетіп отыр. Көкте халықтаған ән көшпенді қазақ даласына жетіп, мұны естіген халық сондықтан, үлкен әуендік қасиетке ие болды деп есептеледі. Сондай-ақ, халық арасында: "Әуен мен әуезге деген қабілет дүниеге келгенде бірге дарыған", - деген болжам бар. Қазақ халқының еңкейген кәріден еңбектеген баласына дейін ән, әуен десе ішкен асын жерге қойып, елеңдеп қалатыны жақсы мәлім. Ән - әуен орындайтын топтың өзіндік музыкалық аспаптары мен орындау мәнерлері болған. Балалар саз - сырнайда, тастауықта, үскірікте ойнаған. Бұл аспаптарды шебердің өзі немесе балалар жасаған, олар әртүрлі аңдардың, құстардың, балықтың, көп басты аттың, жарқыраған көздердің суреттерін салған. Балалар әндері мен әуендік ойындар, бесік жыры мен үлкен азаматтардың өсиет - өлеңдері арқылы кішкене бөбектер қоршаған ортаны танып, әлеуметтік мәдени ортаның толық мүшесіне айналған.
Жастар ойындарына, қайым айтыстарға, тартыстарға қатысу, диалогиялық тұрмыстық әндерді, қара өлеңдерді орындау арқылы жаңа көркемөнерлік білімдер мен тәжірибе жинақталған. Жас кездегі репертуар махаббат лирикасы мен қазақ тойында орындалатын көпбояулы дәстүрлермең әндермен, жар-жармең қалыңдықтың қоштасу әнімен, дабыл, дауылпаз, аңға шығу мен әскери жорық кезіндегі шыңдауыл үнімен толысып, байып отырған. Бұл ретте, өмірлік іс-тәжірибесі мол адамдар қоғамдық істер, ру мүддесін қорғау, айтыстар, халықтық дәстүрлі мереке-мейрамдарды ұйымдастыруға басшылық жасап, халықтық дәстүрлердің сақталымына ерекше мән беріп отырған. Ал, "кәрілік" пен "даналық" туралы әндер жастарға тәлім - тәрбие беру, өмірдің мән - мағынасы туралы ой-толғаулар, жастықтың қайтадан келмейтіндігі жайлы болып келеді. Ұлы Абай:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй - дейді.
Қазақ музыкасы дәстүрлі жеке музыкалық өнер бола тұра сол кезде музыка тілінің бір қарағанда жеңіл трансформациясына бармай, өзінің эстетикалық шығармашылығының белгілерін нығайта түседі. Шынымен, орыс музыка мәдениетімен белсенді түрде қарым-қатынастар жасағанда, оның дамыған көп дауысты ән айту формалары қазақ музыкасына неге әсер етпеген? Қазақ музыкасында дәстүрлі бір дауыстылық көпдауысты орындаушылыққа неге айналмаған? Қай себептен қазақтың көшпелі қоғамында хор мәдениеті немесе аспаптық-ансамбльдік орындаушылық дамымаған?
Бұл сауалдарға жауап беру үшін кеңес кезіндегі музыкатану ғылымының жетістіктеріне назар аударайық. Онда Скребковтың нығайтылған пікірі бойынша унисондық әндету түрі көпдауысты музыканың барлық түрлерінің алдын алған делінеді: «Унисон түрінде ән айтудың негізінде полифониялық белгілер жатыр. Олар халық музыкасында және орта ғасырлар музыкасында полифонияның қарапайым түрін (подголосочная полифония) өмірге әкеледі. Мұнда орындаушының бастамасымен унисон терциямен, квартамен, квинтамен бояуланып, ырғағы жағынан байи түседі. Халықтық және алғашқы кәсіби өнердің сол гетерофондық қарапайым мәдениетінің түрінен еуропа музыкасының көпдауыстылығының барлық түрлері пайда болды» (Скребков С. Интонация және лад // Кеңес музыкасы, 1967, № 1, 89-91-бб.).
Сонымен, егер унисондық айту шынымен көпдауыстылықтың алдында пайда болып, оның алғашқы қадамы болса, онда қазақтың көшпелі ортасында көпдауыстылықтың дамыған формаларының болмағаны түсінікті, өйткені унисон тек біріккен, коллективті музыканы орындау жағдайларында пайда болатын, мұндай дәстүрлер бірдауысты музыка мәдениетіне тән болмаған. Коллективті орындаушылықтың болмағанының түп тамыры номадтар қоғамының әлеуметтік құрылымының табиғатында жатыр. Мысалы, жер шаруашылығымен байланысты өмір салттарында коллективті жұмыс жасағандықтан (егін егу, егіндікті жинау, үйлерді салу, т.б.) бұл халықтарда коллективті хор, ансамбль формалары дамыған. Ал көшпелілердің күнделікті өмірінде мал бағумен байланысты жеке адамның еңбегі басым болғандықтан индивидуалды шығармашылық қалыптасады. Сондықтан қазақ музыкасында аталған формалардың пайда болуына жағдай болмады.
Қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінің ауызекі түрдегі болмысы музыка – музыкант – халық (тыңдаушы) деген үш саланың бірлігін қамтиды. Егер еуропаның жазба мәдениетінде шығарманы замандастары түсінбей, оны келешек ұрпақтар нота бойынша түсінетін, көшпелі мәдениетте шығарманың сапасы дереу сол кезде белгіленетін. Мұнда шығармашылық қоғам талаптарымен тығыз байланыста болатын. Музыкалық өнердің формалары мен құралдарының дамуы халықтың түсініктерімен өзара байланысты болғандығы – олардың демократиялық сипатын белгілейді.
Музыка әлеміне дендеп мән берсек ең алдымен адамның көңіл-күйін білдіретін өте сыршыл өнер. Музыкалық шығарманың мәйекті мазмұнында адам баласының сезімі, ақылы, ойы және уақыт тынысынан мазмұндама беретінін табиғаттың сұлу көріністерінен де жан-жақты белгі беріп отырады. Мұның өзі адамның мінез-құлқынын айшықты баяндап қана қоймай қал-ахуалын, жағдайын әуенмен ашуда адам таңғаларлық ғажап жағдай тудырып отырады. Қоғамның ісін адамның халық алдындағы атқарған қызметінен де нақтылы сезімге толы сыршыл бейнелеуде музыканың атқарар рөлі ерекше және мүмкіндігі мол.
Музыка өнерінің тәрбиелік, өнегелік мәні де күшті. Музыка өнерінде бірнеше негіз бар. Ең алдымен музыканы шығарып, өмірге әкелу, одан соң сол музыкалық туындыларды (ән, күй, балет, опера) орындау және сол туындыларды тыңдап отырған өнерсүйер халықтың қабылдауы.
Қазақтың музыка өнерінің ауызекі түрдегі болмысы орындаушы мен аудитория арасындағы өзара байланысына да әсер еткен. Бұл жерде музыкант халықтың алдында суырыпсалма дарындылығын көрсетіп, өзінің немесе басқа композиторлардың шығармаларын орындау барысында аудиториямен тікелей байланыста болып, тыңдаушының «реакциясын» көре алады. Мұндай жағдайда оның шығармашылығының мазмұны мен мақсаты - тек өзінің арман-мұраттарын көрсету емес, бұл кезде орындаушы тыңдаушылардың әр қайсысына жақын болып, олардың қуанышына, ауыртпалығына, мақсаттарына ортақтасады.
Композитор мен аудиторияның біртұтастығы музыканы орындау кезінде қалыптасатын, онда тыңдаушылардың белсенділігі көрініп, шығармашылыққа әсер ететін. Ғасырлар бойы орындау мәнерінің типтік формалары қалыптасқан, олардың алдын ала белгілі жерлерінде публика өз көзқарасын «ей», «еой», «ой, дүния» және т.б. жанама сөздермен шығарманың ұнағанын немесе ұнамағанын көрсетіп, әрі қарай орындаушыға өзгеше бағыт беретін. Егер музыкалық шығарманы орындау үстінде сондай бір белгілі жерлерде тыңдаушылар өз «реакцияларын» білдірмей, үндемей отырса – халық шығарманы немесе орындаушының өзін қабылдамағанын көрсететін.