Бізді Құдайдың рухани баласы болуға алып баратын жол - Киелі Кітапта көрсетілгеніндей, жоғары жақтан қайтадан туылып, жан дүниенің жаңару жолы болып табылады. Сонымен қатар бұл құбылыс Себушінің сепкен қайырлы да ізгі дәнінің өсіп өнуімен салыстырылады. Исаға жаңадан ғана бет бұрып, ақиқи жолға түскен адам, "жаңа туған сәбидің сүтке шәліркегеніндей", "Құдайдың рухани ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін" (1Петір. 2:2; Ефестіктерге. 4:13) деңгейге дейін өсіп, жетілуі тиіс. Егінжай алқабына себілген қайырлы дән сияқты, жетіліп, өз жемісін беруі тиіс. Ишая пайғамбар оларды: "Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары деп аталады" (Ишая. 61:3) - деп атап өткен болатын. Табиғат әлемінен алынған бұл мысалдар, бізге рухани өмірдің жұмбақ құбылыстарын жақсырақ түсінуімізге көмектеседі.
Ең кішкентай тіршілік иесіне өмір беру үшін, адамның даналығы мен ақылы жеткіліксіз. Өсімдіктер мен жануарлар, Құдайдың құдіретті күшінің арқасында тіршілік етуде. Адамның бойындағы рухани өмір тек қана Құдайдың жаратуымен ғана пайда болады. "Кімде-кім қайтадан туылмаса" (Жохан. 3:3), Құдайдың Патшалығына кіре алмайды. Ал Иса Мәсіх дүние әлеміне осы ұлы мақсатты орындау үшін келген еді.
Өсу туралы да осындай пікірді айтуға болады. Өсімдік Құдайдың құдіретті күші арқылы, гүлдеп, жеміс береді. Құдай ең алдымен дәнге "көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақты дәнмен толтырады" (Марқа. 4:28) Жосия пайғамбар былай дейді: Израйль "лала гүлі сияқты гүлдейді", ал ана жерде "ұлан-асыр астық өседі - жүзім сабақтары сияқты гүлдейді" (Жосия. 14:68). Иса бізге мынаны ұсынады: "Қызғалдақтардың, лала гүлдерінің қалай өсіп түрғанына көңіл бөліңдерші!" (Лұқа. 12:27). Өсімдіктер мен гүлдер өз күшімен өсіп жетілмейді. Өйткені өсімдіктердің тіршілік етуі үшін қажеттінің бәрін Құдай береді. Жас сәби қалай тырысқанымен де, өз бетімен, өзінен-өзі бой қосып, өздігінен өсіп-жетіле алмайды. Сол сияқты сендер де өз күштеріңмен, немесе әрекеттеріңмен, рухани деңгейлеріңнің өсуіне қол жеткізе алмайсыңдар. Өсімдік те, бала да, қоршаған ортадан - ауа, күн сәулесі, тамақ сияқты өздеріне керектінің бәрін алады да, соның нәтижесінде өсіп жетіледі. Өзіне сенім артқан пенделерге Иса Мәсіх аса қажет екендігі сияқты, табиғаттың осы сыйлары - өсімдіктер мен жануарларға да аса қажет. Киелі Кітапта : "Саған күңдіз күннің нұрын шашып, түнде айдың сәулесін түсірудің қажеті болмайды. Мен, Құдай Иең, Өзім сенің мәңгілік нұрың мен салтанатты ұлылығың боламын" - дегеніндей, Иса олар үшін - "мәңгілік жарық", "күн және қалқан" (Ишая. 60:19; Зәбүр жырлары. 83:12) болады. Ол "Израйль үшін жерге, шөпке түскен шық іспетті" (Жосия. 14:6), "Шөбі шабылған шабындыққа жауған жауын, жерді суландыратын жауын тамшылары" ретінде жарайды. (Зәбүр жырлары. 71:6). "Ол көктен түсіп, адамзатқа өмір беруші - "Құдайдың наны"" (Жохан. 6:33).
Құдай Өзінің теңдесі жоқ сыйы-рухани Ұлын дүние әлеміне жібере отырып, барша жерді, ауа қабатындағыдай сияқты, рахат, береке ахуалына бөледі. Осы берекелі жағдайда өмір сүргісі келетіндердің баршасы Иса Мәсіхтің толық жасының шамасы деңгейіне дейін өсуі тиіс.
Күннің жарық сәулелі нұрына қарай ұмтылып, таңғажайып әсемдік, қалтқысыз кемел түрге енетін гүл сияқты, Аспанның жарығы бізге жарық түсіріп, мінез-құлықтарымыздың Иса Мәсіхтің мінез-құлқына тым көбірек ұқсай түсуі үшін біздер де Әділдік Күніне қарай ұмтыла түсуіміз керек.
Осындай тағлымды ойлар Мәсіхтің мына төмендегідей ойларынан айқын аңғарылады: "Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар" (Жохан. 15:4). "Мен — "Бұтамын", ал сендер — "сабақтарымсыңдар". Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар өнім бермек. Ал Менен бөлініп, сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар" (Жохан. 15:5). Еліктіруге, арбауға қарсы тұруга немесе берекелік, киелілік қалыппен өмір сүре отырып, өсуге сендердің күш-қуаттарың жетіспейді. Онымен бірге болсаңдар, толық қанды, жарқын жүзді болып өмір сүресіңдер. Өмірлік күш-қуатты да Одан алып отырсаңдар, жеміссіз қалмайсыңдар, уылжыған балаусалық кейіптеріңмен қала бересіңдер. Сендер бастау бұлақтың бас жағына отырғызылған сая ағаш сияқты боласыңдар.
Көптеген адамдар күнәлары кешірілуі кезінде ғана Иса Мәсіхтің көмегіне сүйеніп, қалған уақытта өз күшімен, өз бетімен өмір сүруді қалайды. Бірақ олардың бұл талпыныстары сәтті болмауда. Иса: "Менсіз сендер ешнәрсе де істей алмайсыңдар" - деген болатын. Біздің берекелі өмір жағдайында есейе түсуіміз, біздің қуаныштарымыз, пайдалылығымыз - осының бәрі Мәсіхпен бірге болуымызға байланысты. Онымен сағат сайын, күн сайын тілдесімге келіп, сұбхаттасу арқылы бірге болғанда ғана, біз берекелілік жағдайында өсе аламыз. Ол біздің сеніміміздің бастауы ғана емес, сонымен қатар аяғы да. Мәсіх - бірінші және ең соңғы мәңгі өмір сүруші. Мәңгілік ақиқат. Оның біздің өмірлік жолымыздың басында немесе аяғында ғана бізбен бірге болып қоймай, әрқашанда бізбен бірге болғаны игі. Дәуіт былай деген: "Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда маған жар болып келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде" (Зәбүр жырлары. 15:8).
Сендер: "Мәсіхпен бірге қалай тығыз байланыста боламын?" деп сұрайсыңдар. Басында Оны қалай қабылдасаң, солайша бірге болыңдар. "Иеміз Иса Мәсіхті қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер" (Қолостықтарға. 2:6). "Әділ адамым Маған сеніп, шынайы өмір сүреді" (Еврейлерге. 10:38). Сендер Құдайдың қарамағында болып, құлшылық ету үшін, Оған біржолата бет бұрып, берілдіңдер. Сендер өз жүректеріңе Иса Мәсіхті өздеріңнің Құтқарушыларың ретінде қабылдадыңдар. Сендер өздеріңнің еңбектеріңмен күнәларыңды ақтай алмайсыңдар, немесе жүректеріңді де өзгерте алмайсыңдар. Ал Құдайға мойын ұсынып, сене отырып, Оның сендер үшін бәрін жасағанына да сенім келтірдіңдер. Сендер сенім арқылы Мәсіхке тиесілісіңдер. Ендеше сендер Мәсіхтен қабылдай және бере отырып, сенім жүзінде Онымен тығыз байланыста, бірге өсулерің керек. Оның барлық талаптары мен еркін орындау үшін, Оған өз жүрегіңді, еркіңді, қызметіңді, өзіңді түгелдей арнауың керек. Сендер де бәрін: Мәсіх арқылы баталы болудың толықтығын, Оның сендердің жүректеріңнен орын ала отырып, сендердің күш-қуаттарыңа, тақуалықтарыңа айналып, сендерге тіл алғыш, мойын ұсынғыш болуға тигізетін ықпалды көмегін қабылдауларың керек.
Күнделікті, таң атысымен өзіңді Құдайға арна! Бұл сенің осы күнгі алғашқы ісің болсын. Былай деп сиыныңдар: "Құдай Ием! Мені өзіңе ала гөр! Мен түгелдей өзіңнің билігіңдемін. Мен өзімнің бүгінгі күнгі барлық жоспарларымды Өзіңнің аяғыңның алдына қоямын. Бүгін мені Өз қызметіңде пайдалана гөр! Менің барлық еңбектерім өзің арқылы іске асуы үшін, менімен бірге бола гөр!" Күнделікті осылай сиына отырып, Құдайға өзіңді арнауың керек. Әркез Оған келесі күнгі атқармақ болған істерің жайлы баяндаңдар.
Мәсіхпен бірге болып, өсіп, есею - тыныштықпен өмір сүру деген сөз. Мәсіхшіл, толқыған сезімдер жетегінде болмаса да, ол барлық уақытта іштей сенімділік пен тыныштық иесі бола алады. Сен өзіңе емес, Мәсіхке арқа сүйейсің. Сенің әлсіздігің Оның күшімен жалғасады, сенің білместігің-Оның алдын-ала біліп, отыратын данышпандығымен, сенің күшіңнің жоқтығы- Оның құдіреттілігімен жалғасады. Сен өзіңе назар аударып, өзіңе жеке тұлға ретінде қарамасаң да болады. Мәсіхке қараңдар! Оның сүйіспеншілігі жайлы және Оның мінезінің әдемілігі мен кемелдігі туралы ойланыңдар. Мәсіх және Оның өз мүддесін құрбандыққа шалуы, Мәсіх және Оның жойылуы, пәк тазалыгы мен киелілігі, Оның теңдесі жоқ риясыз сүйіспеншілігі, -міне, осы тақырыптар төңірегінде ғибраты мол тілдесім, сұбхат құрып, ой толғауға болады. Егер сен Оны жан жүрегіңмен, бүкіл жан дүниеңмен жақсы көріп, Оған ұқсауға тырысып, Оған арқа сүйей білгенде ғана, Оған ұқсай алатын боласыңдар.
Иса: "Менімен болыңдар", - дейді. Бұл сөздерде өзгерместік, сенімділік пен тыныштық туралы ойлар көрініс табады. Ол тағы да: "Маған келіңдер. Мен сендерге тыныштық беремін" деп шақырады. (Матай. 11:28). Жыршы Дәуіт те сол ойды айтады: "Құдай Иеге бағын және Оған арқа сүйе" (Зәбүр жырлары. 36:7). Ал Ишая пайғамбар былай деп сендіреді: "Тыныштық пен сенім арту —сендердің берік қамалдарың" (Ишая. 30:15). Бұл тыныштыққа іс-қимылсыз жете алмаймыз, өйткені Құтқарушының шақыруында тек қана уәде емес, сонымен бірге еңбекке үндеу жатыр; "Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен...тыныштық табады сонда жандарың" (Матай. 11:29). Толығымен Исаға арқа сүйейтін адам, Оның дәнді алқабындағы ең жігерлі, талапты, еңбеккері болады.
Өзімен-өзі болып, менменсіген адам, өмір мен күштің бастау бұлағы-Исадан бетін кері бұрады. Міне, сондықтан, шайтан барлық уақытта Құтқарушыдан адамдардың назарын басқа жаққа аударғысы келеді, ол сол ісімен адамдардың Исамен тілдесуіне және бірге болуына кедергі жасайды. Ол сенің ойыңды осы әлемнің көңіл көтерулеріне, күнделікті күйкі тіршілік қамы мен ырың-жырыңға, басқалардың кемшіліктері мен өзіңнің жетілмегендік қалпыңа аударуға тырысады. Мұның барлығы бізді күштің Бастау Бұлағынан тысқары алып кетеді. Өз өміріңді Құдайға тапсырып, Оған арқа сүйе. Иса туралы ой толғап, Ол туралы сөз сабақта. Сендердің бойларыңдағы "менмендік" жойылуы тиіс. Барлық күдіктерің мен қорқыныштарыңды шетке ысырып тастау керек. Елші Пауылмен бірге былай деңіз: "сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта бойымда Мәсіх өмір сүруде, Ендігі тәндік өмірім-Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен, Өзін мен үшін құрбан етті!" (Ғалаттықтарға. 2:20). Тыныштықты Құдайдан іздеңдер. Сендердің сеніп тапсырғандарыңды сақтауға Оның күші жетеді. Егер сен Оның қолында болсаң, онда барлығын сені өте жақсы көрген Оның күші арқылы жеңесің.
Адамның табиғатын қабылдай отырып, Мәсіх адамзатпен Өзін шексіз мықты сүйіспеншіліктің жібімен бірге байлады. Егер адам бұл дәнекерді өзі үзгісі келмесе, онда бұл байланысты ешқандай күш үзе алмайды. Шайтан барлық уақытта осы байланысты бізді үгіттеп, Мәсіхсіз өмір сүруге шешім қабылдауымызға итермелейді. Міне, сондықтан да мүлгіп жүріп, қаперсіз қалмай, сергек те ширақ болып, тұрақты түрде сиынып, ешқандай азғыруға көнбей, ешкімнің де біздің басқа Тәңірді таңдауымызға әсер етіп, көндіре алмауы үшін, барлық күшімізді жұмылдырып, тырысуымыз керек. Өйткені таңдау еркі әрқашан біздің өзімізде. Назарымызды Мәсіхке аударайық, өйткені Ол бізді қорғайды. Мәсіхпен бірге болған кезде, бізге ешқандай қауіп жоқ. Бізді Оның қолынан ешкім тартып ала алмайды. Біз Оның нұрлы дидарына әрдайым қарап отырып, "Иеміздің салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жібереміз." (Қорынттықтарға. 3:18).
Оның алғашқы шәкірттері біздің құрметті Құтқарушымызбен ұқсастық деңгейге дәл осындай жолмен жетті. Шәкірттер Исаның сөзін естігенде, өздерінің жан-сезімдері үшін, Оның Сөзінің қажет болып түрғанын айқын сезінген еді. Шәкірттер Оны әрдайым іздеп жүрді, тауып алғаннан соң, Оның ізін басып, шәкірттері болды. Оның ізін қуалаған шәкірттері, әрдайым Оның жанында: Үйде, дастархан басында, оңаша жерлерде, табиғат аясында бірге болып жүрді. Шәкірттер күнделікті ұстаздарының ауыз екі әңгімелеген әңгімелерін ыждаһат- тылықпен тыңдап, киелі ақиқат сабақтары бойынша дәріс алды. Оның аузынан қасиетті шындықты тыңдап дәріс қабылдады. Өздерінің міндеттерін түсіну үшін, шәкірттер Оған иесіне қараған құлдай қарады. "Ол шәкірттер барлық жағынан біз сияқты еді". (Жақып. 5:17). Біз сияқты олар да күнәға қарсы күресті, қасиетті өмір сүру үшін, оларға да рахымшылық керек болды.
Жақсы көрген шәкірттерінің бірі - Жохан басқаларға қарағанда, Құтқарушыға өте қатты ұқсайтын. Бұл шәкірттің бойындағы көркем мінез оған туа біткен жоқ. Ол бұрын атаққұмар, тәкаппар, ұстамсыз, күйгелек те кінәмшіл болған. Жохан Құтқарушының бойындағы Тәңірілік қасиеттерді көріп, олардың сырына терең бойлаған кезде, ол өзінің бойындағы кемшіліктерді көрді. Осының өзі оның сабасына түсіп, жуасуына себеп болды. Күш пен шыдамдылық, алыптық пен нәзіктік, ұлылық пен момындық, міне осының бәрін күннен- күнге Құдай Ұлының бойынан көрді, бұл оның жүрегін тандану мен махаббат сезімдеріне бөледі. Құдай Иеге деген махаббат, жүректегі өз-өзіне деген махаббатты ығыстырғанша, күн сайын Жохан Мәсіхке қарап , тәлім алып тұрды. Ол Мәсіхке өзінің өкпелегіш, менменшілдік мінезін өзгертуіне мүмкіншілік берді. Қасиетті Рухтың жаңартушы күші Жоханның жүрегін өзгертті, Мәсіхтің сүйіспеншілігінің әсерінен, оның мінезінде ауқымды өзгерістер пайда болды. Исамен одақтасу міндетті түрде осындай нәтижеге алып келді. Егер Мәсіх жүректе өмір сүрсе, онда адам түбегейлі түрде өзгереді. Мәсіхтің Рухы және Оның сүйіспеншілігі жүректі жұмсартып, өзіне бағындырады, ойы мен тілегін мәңгілік нәрселерге, адамдардың ой-мүдделерін, ниеттерін, Құдайға және өткінші нәрселерге емес, мәңгілік құндылықтарға бағыттайды.
Мәсіх аспанға көтерілгеннен кейін де, Оның жолын қуғандар Мәсіх өздерімен бірге бұдан ары қарай бірге өмір сүреді деген сезімде жүретін болды. Жарық нұрға бөленген Иса, әрқашан да Өзіне сенген адамдармен бірге болуда. Құтқарушы Иса, жерде болған кезінде, сөз сөйледі, сиынды, адамдарды жігерлендіріп жүбатты. Кейіннен Ол Өз аузымен әлем дүниесіне арнап, ізгі хабар айтып тұрған күйінде, аспанға алынды. Оны періштелер бұлттай қоршап алған кезде, ұлағатты ұстазы Исаның дауысы Оның шәкірттерінің қүлағында дәл бұрынғыдай-ақ естіліп түрды. Мына бір сөздер олардың жадында сақталып қалыпты: "Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін, әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын" (Матай. 28:20). Ол аспанға адам кейпінде көтерілді. Шәкірттері өздерінің Құтқарушысы қазіргі кезде Құдайдың жанында болса да, бүгінге дейін өздерімен бірге, өздерінің айнымас досы, мейірбанды Құтқарушысы болып қала беретіндігіне және әлі күнге дейін азап көріп жүрген адамдардың қамын жеп жүргендігіне, Оның адамдарға деген риясыз сүйіспеншілігі де сол қалпында екендігіне де кәміл сенеді. Мәсіх Құдайға Өзінің еңбегін көрсетуде, Өзінің қымбат қанын, Өзінің шегеленген қолдары мен аяқтарын көрсетіп, адамдардың қандай бағамен сатылып алынғандығын еске түсіруде. Олар Оның аспанға өздері үшін орын дайындауға көтерілгенін, Ол тағы да келіп, оларды Өзіне алатынын білді.
Мәсіх аспанға көтерілгеннен кейін, барлығы бірге жиналып, шәкірттер Аспандағы Әкеге өздерінің өтініштерін Исаның атынан жеткізгісі келді. Қуаныштарың жеткілікті болуы үшін, "Менің атымнан Әкеден не сұрасаңдар да сұраңдар. Ол соны береді. Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер" (Жохан. 16:23- 24)- деген өздеріне берілген уәде бойынша, олар шынайы және құрметпен сиыну үшін тізелерін бүкті. "Иса Мәсіх біз үшін өлді, Ол қайта тірілді де, Құдайдың оң жағынан орын алып, бізді қолдауда" (Римдіктерге. 8:34)- деген түсініктегі мағынасы бар сөзді айтып, олар бар сеніммен алақандарын жоғарылата жайды. Және Елуінші күні оларға "Жұбатушы" түсті, Ол туралы Мәсіх былай деді: "Ол сендерде болады".Сонымен қатар Ол баса айтты: "Менің кететінім сендерге жақсы, ал егер Мен бармасам, сендерге Жұбатушы келмейді, ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін" (Жохан. 14:17; 16:7). Сол кезден бастап Мәсіх Өзінің Рухы арқылы, Өз балаларының жүректерінде барлық кезде керек болды. Оның жерде болған кезіндегіге қарағанда, бұдан кейін Олар Өзіне әлдеқайда жақындау болды. Бұдан былайғы уақытта адамдардың бойларында, Мәсіхтің Рухынан болғандықтан нұрлы, жарық, шексіз сүйіспеншілік, ерекше күш-қуат нышаны аңғарылып тұратын болды. Мұны байқаған адамдар, "қатты таңқалды...; сонымен бірге өздерінің Исамен бірге болғанын білді". (Елшілердің істері. 4:13).
Бүгін Мәсіх алғашқы шәкірттеріне істеген ізгілікті істерін Өз балаларына да істегісі келді. Иса Өз шәкірттерінің ортасында соңғы рет сиынғанда, былай деді: "Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын" (Жохан. 17:20).
Өзінің Әкесімен бірге болғанындай, Иса біздің Өзімен бірге болуымыз үшін сиынды. Бұл қандай ұлы одақ десеңізші! Құтқарушы Өзі туралы былай деді: "рухани Ұлы Өздігінен ешнәрсе жасай алмайды" (Жохан. 5:19); "Менімен тығыз байланыстағы Әкем, Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр" (Жохан. 14:10). Егер Иса Мәсіх біздің жүрегімізге енген болса, онда "Ол Өзінің рахым етуі бойынша Өзінің еркімен, біздің жан-дүниемізде ұмтылыстар мен іс-әрекеттер жүргізеді". (Філіптіктерге. 2:13). Біз Ол еңбек еткендей, еңбек етеміз. Біздің бойымызда сол Рух бой көрсетеді. Оның мейіріміне бөленген біз, барлық жағынан Соған, "Негізінен Басшы Мәсіхке" ұқсауға ұмтыламыз. (Ефестіктерге. 4:15).
БІЗДІҢ ӨМІРІМІЗ БЕН ІСТЕРІМІЗ
Құдай - өмірдің бастау бұлағы. Ол - бүкіл әлем дүниесіне жарық сәулелі нұрын төгіп, өзінің жаратқан пенделерін қуанышқа кенелтетін өмірдің арқауы. Жаратушы Иенің мейірлі шапағаты, берекелі батасы мен рахымшылықтары өзінің жаратқан пенделеріне кәусар сулы бұлақтай, нұр сәулелі күндей жайлы тиеді. Құдай адамдардың жүректерінен орын алса, адамзат балаларының ізгіліктің, адамгершіліктің өнегесін көрсете отырып, өздерінің айналасындағыларға жақсылық жасау қабілеті артады.
Біздің Құтқарушымыз күнәға батқан адамдардың еңселерін көтеріп, оларды құтқарғаны үшін зор қуанышқа бөленді. Ол қорлық пен азаптан, масқаралаушылықтан именбей-ақ айқыш ағашқа барып, өзінің өмірін пида еткені үшін еш өкінген емес. Аспан әлеміндегі періштелер де адамдардың бақытты болуы үшін еңбек етуде. Олар да бұл істерінен бақыт табады. Тәкаппар да өзімшіл адамдар бақытсыз, азап шеккен, күнәкар жандарға көмектесуді өздеріне мін санайды. Иса Мәсіхтің шексіз де риясыз Тәңірілік сүйіспеншілігінің Рухы барша аспан әлемін толтыра түсіп, аспандағы шадыманды шаттықтың болмысын паш етеді. Мәсіхтің ізбасарларының бойында болатын Киелі Рух, олардың ғибадат құлшылық ету кездерінде өзінің бар екенін білдірері хақ.
Жүректері Иса Мәсіхтің шексіз сүйіспеншілігінің нұрына бөленген адамдар да айналасына жарық шашып, жақсылықтың, ізгіліктің нышанын аңғартады. Құтқарушымыздың риясыз сүйіспеншілігінің киелі әсері сусыз шөл далада шаршап, шөліркеген жолаушының шөлін қандырып, бойына қуат берер кәусар сулы бұлақтың суындай болып, адамның жан дүниесін жадыратады.
Еңбек етуге ықыласы бар барша адамдардың бойында Исаға деген шексіз сүйіспеншілік байқалары сөзсіз; соның әсерімен біз де жан дүниесі сергек, кішіпейіл болып, өзгенің қайғысына ортақтаса білетіндей, мейірімді де қайырымды бола түсеміз.
Жаратушының жердегі өмірі өте қиын болды. Ол қиындықтарды Иса асқан жігерлілікпен, табандылықпен жеңе біліп, күнәға батып, мүлде жойылуға айналған адамдардың құтқарылуы жолында көп еңбек сіңірді. Өмірге келгеннен бастап, айқыш ағаш басында азаппен өлтірілгенге дейін, ол өз пайдасынан бас тартып, қиын да азапты жол, шаршатып, қалжырататын қам-қарекеттерді басынан өткізді. Иса өзі туралы былай деген: "Мен де Құдай тағайындаған билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдар- дың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім" (Матай. 20:28). Бұл мақсат Ол үшін өте маңызды еді. Қалғандары Ол үшін жанама, негізгі ғибадат құлшылық етумен қатар жүретін іс-амалдар болатын. Иса Мәсіх үшін Құдай Әкенің еркін орындау өмірінің нәрі, іс-әрекеттерінің мәні болды. Шаршап, шалдығып жүріп, ол кейде Өзі туралы ұмытып та кететін.
Иса Мәсіхтің рахымшылық істеріне қатысы бар адамдардың бәрі де, өздері өмір сүретін дүние әлемін жақсарту үшін құрбандыққа бастарын тігуге даяр. Осындай көтеріңкі рух шын мәнінде іске асқан үндеудің айқын куәсі бола алады. Иса Мәсіхті өз жүрегіне етене жылы қабылдап, Оның өнегесімен өмір сүруге бет бұрған адам, айналасындағыларға өте қымбатты да аяулы Дос тауып алғандығы туралы зор қуанышпен жар салып айтқылары келеді. Құтқарушылық және жарық беретін ақиқи шындық адамдардың жүрек түкпірлерінде жасырын қалмауы тиіс. Егер біздің жан дүниемізге Киелі Рухтың әсері мен Иса Мәсіхтің тақуалығы сәулесін түсірген болса, онда біз бұл сезімдерімізді жасырып, үндемей қалғанымыз дұрыс болмайды. Бір кезде Філіптің Құтқарушыны іздеп жүріп, тауып алғаны сияқты, біз де өзіміздің танып білген ақиқи шындық — Мәсіхтің тақуалығы, адамсүйгіштігі жайлы әңгіме ете отырып, барша адамдарды Онымен тілдесімге келуге шақырғанымыз абзал. Сонда біз Мәсіхтің жүрген ізімен жүріп: "Қараңдар, Бұл Құдайдың құрбандыққа жіберген Тоқтысы" (Жохан. 1:29), - деп айналадағы адамдарға жария ету ниетінде боламыз.
Өзгелерге үлкен рахымшылық, бақыт сыйлауға тырысқан ниетіміз үшін, біз Жаратушы Иенің батасын аламыз. Жаратушы біздің құтқарушылық іске белсене араласқанымызды қалайды. Ол адамдардың Жаратушының табиғи болмысына қатысты болып, өздерінің жақындарына рахымшылық жасай алатындай қабілет берді. Бұл - Жаратушы Иенің адамдарға сыйлаған ең ұлы бақыты. Тәңірілік сүйіспеншілік жайлы болмысты жүрегіне етене жақын қабылдап, сүйіспеншілікке қызмет ете білген адам өзінің Жаратушысына жақындай түседі.
Жаратушы Ие аспандағы періштелеріне Өзінің Киелі Кітабын, сүйіспеншілік пен сенім туралы ізгі хабарларын адамдарға жеткізу жөнінде тапсырма берген болар еді. Тәңір Ие Өз мақсатын жүзеге асыру үшін басқа да құралдарды қолдана алар еді. Жаратушы Ие көмекшілікке бізді таңдады. Біз Мәсіхпен және періштелермен бірге еңбек етіп, олардың баталары мен қуаныштарына ортақ бола отырып, осындай жан қиярлықпен құлшылық етудің арқасында рухани тұрғыда есейе түсеріміз хақ.
Адамзат баласының күнәдан құтқарылып, мәңгілік өмір Патшалығына шеру тартуы үшін, біз Мәсіхпен рухани үйлесімділік жағдайында бірге еңбек етіп, жанқиярлық қызметтерді бірге атқара жүріп, рухани жағынан өсе түсерміз.
Біз Иса Мәсіхтің біздің құтқарылуымыз жолында азапқа түсіп, қиналғанын санамызбен терең түсінген жағдайда, Онымен рухани үйлесімділік жағдайында өмір сүре бастаймыз. Өзгелердің игіліктері үшін атқарған істеріміз адамгершілік, ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңіріп, әлемнің Құтқарушысымен анағүрлым тығыз байланыста болуымызға әсерін тигізеді. Осының өзі біздерді анағүрлым мейірбанды да ілтипатты болуға жетелейді. "Ол сондай бай бола тұрса да, сендердің рухани баюларың үшін бәрінен бас тартып, жоқшылыққа ұшырады!" (2 Қорынттықтарға. 8:9). Біздің өміріміз, біз өзіміздің жаратылғандағы мақсат-мүддеміз үшін, ізгілікті іс-әрекеттер жасайтын болсақ қана баталы болады.
Иса Мәсіхтің қалауы бойынша ізгілікті амалдар жасап, Оның дініне ілтипатпен қарап, мойын ұсынған жандарды Исаға ертіп келгенде ғана, біздің бойымыздағы рухани тәжірибелеріміздің анағұрлым байи түсіп, Құдайды анағүрлым тереңірек танып білуге деген ой-ниетіміз бен рухани қажеттігіміз күшейе түседі. Осы өмірде кездескен қиындықтар мен сынақтар, біздің әрқашан Киелі Кітапты тереңінен зерттеп, оқып-үйреніп, тұрақты түрде сиынып, Жаратушы Иеге дұға-тілектерімізді бағыштауға деген ынта-ықыласымызды арттыра түседі. Сөйтіп, Құдай Әкенің көрсеткен ақиқи жолымен жүріп, Құдайға құлшылық етіп, дұға-тілектерімізді бағыштау біздің өміріміздің бұлжымас заңына айналады.
Өзге адамдарга қызмет етіп, оларға асқан ілтипатпен адамсүйгіштік ниетпен қарап, олармен ілтипатты түрде қарым-қатынас жасау, адамдардың өз бойларына мінездің тұрақтылығы, жоғары адамгершілік, жан дүниенің тазалығы сияқты ізгі қасиеттерді жинақтауына мүмкіндік береді. Құдайдың Рухы адамдардың жүректеріне Тәңірілік сүйіспеншіліктің жарық нұрын сеуіп, адамдардың тақуалықпен өмір сүрулеріне ықпал етеді.
Мәсіхтің өзімізге жүктеген қайырымдылық істерін бар ынта-ықыласымызбен, жан-тәнімізбен риясыз атқарып, мұқтаждық көргендерге жәрдем беріп, олардың бақытқа бөленуіне ықпал ете білсек, онда біздің жан дүниеміз байи түседі. Әрдайым еңбек ету үстінде болу біздің күшімізді де шыңдай түседі. Мәсіх үшін ешқандай еңбек сіңірмей-ақ, өздерінің рухани өмірін қалыпты жағдайда ұстауға талпынатындар, жұмыс істемей-ақ, ас ішуге даяр тұратын адамдар сияқты болмайды. Өз денесін қозғалысқа келтіргісі келмейтіндер, көп өтпей-ақ, іс-әрекет ету қабілетін жоғалтады. Сол сияқты Құдайдың өзіне берген күш-қуатын ойдағыдай пайдалана алмаған мәсіхшіл де Мәсіхпен бірге өсу қабілетін жоғалтады.
Мәсіхтің Шіркеуі адамдарды құтқару үшін Құдайдың алдын-ала белгілеген құралы болып табылады. Оның міндеті Киелі Кітаптың сөзін, Тәңірілік болмыс туралы ақиқи шындықты бүкіл дүние әлеміне тарату болмақ. Бұл міндет өздерін мәсіхшілміз деп атап жүрген барша адамдарға жүктелген. Әркім өздерінің хал-қадары, қабілеті келгенінше, Құтқарушының өздеріне жүктеген міндеттерін мүлтіксіз орындауы тиіс. Иса Мәсіхтің бізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігі, біздерді Оны білетіндердің бәрінің алдында қарыздар етеді.
Егер Мәсіхтің ізбасарлары өздерінің міндеттерін жақсы түсінгенде, қазіргі кезде жалған дін тарататын адасушылар арасында Киелі Кітапты кеңінен насихаттаған болар еді. Шынтуайтқа келгенде, ондай жерлерде бірлі жарым дін уағыздаушылары ғана жүр. Бұл еңбекке жекелей қатыса алмайтындар бұл игілікті істі өз қаражаттарымен, жанашырлығымен және дұға-тілектерімен қолдап отырады.
Егер әркім өзінің отбасында, көршілері арасында Құдайдың игілікті істерін, ізгі хабарларын таратқысы келгендер болса, онда біздердің алыс шалғай жерлердегі елдерге баруымыздың қажеті жоқ. Біздер Жаратушы Иеміз туралы ақиқи шындықты жергілікті жердерде - отбасымызда, ғибадатханада, өзіміз араласып, бірге қызмет істеп жүрген адамдардың арасында кеңінен насихаттай аламыз.
Біздің Құтқарушымыз Өзінің жердегі өмірінің басым көп бөлігін Назареттегі кіші-гірім, тар ұсталық шеберханасында өткізді. Ол сол жерде ойдағыдай еңбек етті. Иса дихандармен және еңбеккерлермен тілдесіп, сұхбат құрған кездерінде, онымен бірге періштелер болды. Исаның Құдайдың Ұлы екендігі қарапайым еңбек адамдарының қаперлеріне де кірген жоқ. Иса қарапайым ғана жұмыс істеп, ұсталық міндет атқара отырып, ең жоғары баталы істі атқарып жүрді. Пауыл елші былай деп жазған: "Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кім болсаң, Құдай алдында сол күйіңде қал" (Қорынттықтарға. 7:24). Еңбеккер-мәсіхшілер, өзінің жұмыс орындарындағы атқарған адал еңбектерімен Жаратушысының даңқын өрлетті. Егер ол Мәсіхтің лайықты ізбасарларының бірі болса, оның діні барлық істерінде, болмысында көрініс бере отырып, адамдарға Мәсіхтің рухани келбетін аша түседі. Өз ісіне адал, еңбекқор жанның бойында бір кезде Галилей жерінде өмір сүрген кезінде, қарапайым жұмыс атқара жүріп, адамдарды құтқаруға байланысты ізгілікті істерді жүзеге асырып жүрген Мәсіхтің бейнесі нышан береді.
Кейбір адамдар өздерінің табиғи қабілеттерін жұмылдыра отырып, Мәсіхке қызмет етуден бас тартады. Себебі олар ерекше дарындары мен қабілеттері бар адамдар ғана Құдайға құлшылық ете алады деп түсінеді. Ал талант, дарын туралы нақыл сөздерде мүлде ешқандай пікір айтылмаған. Үйдің қожайыны өзінің құлдарын жинап алғанда, олардың әрқайсысының атқаратын жұмыстарын атап көрсеткен болатын.
"Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Жаратқан Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!" (Колостықтар. 3:23). Егер Құдайдың Тәңірілік сүйіспеншілігі жүректеріңде өмір сүрсе, бұл сезім сендердің күнделікті өмірлеріңде, іс-әрекеттеріңде көрініс береді. Яғни, біз Мәсіхтің көркем мінез-құлқын, өнегелі істерін жан-жағымызға кеңінен таратып, айналамыздағыларға ізгі ниетті өнеге көрсетеміз. Құдайдың ризашылығы үшін еңбек етуге, ерекше сәтті мезетті, ерекше дарынды күтіп, уақыттарыңды зая кетірмеңдер. Өздерің туралы кім не айтады деп мазасызданбаңдар. Егер сендердің өмірлерің өз сенімдеріңнің шынайы екендігіне куә болатындай болса, онда айналаңдағы адамдар да сендердің олар үшін пайдалы болатындай еңбек сіңіріп жүргендеріңе сенетін болады. Яғни, сендердің сіңірген еңбектерің зая кетпей, ізгі де баталы істерге бағытталған деп есептеулеріңе болады.
Исаның ең қарапайым, бой ұсынғыш шәкірттері басқалар үшін баталы болатыны хақ. Сырт көзге олар өздерін ерекше бір маңызды іс атқарып жүрміз деп ойламайды. Ал шынтуайтқа келгенде, олардың еңбегінің жемісі баталар толқынын тудырып, жан-жаққа тарап жатса, оның қандай нәтижесі болғанын кейде Мәсіхтің ізбасарлары аңғармай да қалуы мүмкін. Олар үшін өздерінің іске асырып жүрген ұлы істері белгісіз жұмбақ іспетті болып көрінеді. Мұндай адамдардың, өз еңбектерінің жемісін білгісі келіп, мазасыздануының қажеті де жоқ. Олар үшін өздеріне Құдайдың тапсырған жұмыстарын адалдықпен, тыңғылықты түрде атқарып, оның батасына, мейірбанды шапағатына ие болу анағүрлым абыройлы. Сонда ғана олардың өмірлері мағыналы болмақ. Сонда ғана олар өздерінің істерімен де, болмыстарымен де Мәсіхке анағүрлым ұқсай түсетін болады. Олар Құдайдың тапсырған қызметін орындай жүріп, болашақтағы жарық сәулелі, нұрлы өмірдегі еңбекке өздерін өздері даярлайды.
ҚҰДАЙДЫ ТАНУ
Құдайдың Өзі туралы ақиқи шындықтың бетін ашып, бізді Өзімен тілдесімге алып келетін жолдары сан алуан. Табиғат адамдардың сана-сезіміне ұдайы әсер етіп тұрады. Құдайдың Тәңірілік сүйіспеншілігі мен Ұлы Даңқы Оның жаратқан жаратылыстарынан көрініп, жан-дүниесі таза, ақ жүректі адамдар санасында терең әсер қалдырады. Табиғаттың тылсым сырлы тіршілік тынысына мұқият түрде құлақ асып, көңіл қоятын болсақ, біз Өзі жаратқан жаратылыстары арқылы Жаратушы Ие бізге нені үйреткісі келетіндігін тереңінен түсіне аламыз. Шөптері жайқалып өскен жасыл шабындықтар, зәулім ағаштар, жаңа ғана бүр жара бастаған өсімдіктер мен гүлдер бізді Құдай туралы ақиқи болмысты тануға шақырады; аспанда жөңки көшіп жүретін қазбауыр бұлттар, аспаннан сіркірей немесе нөсерлете жауған жауын тамшылары және, кәусар сулы бұлақтар біздің ақыл-ойымызды Жаратқан Иеге аударып, Оның құдіретінің күшті екендігіне көзімізді жеткізеді.
Құтқарушы табиғаттың суреттері кескінделген суреттер арқылы табиғи құбылыстарды кескіндей отырып, бізге Өзінің баға жетпес ақиқи шындықтарын түсіндіреді. Ағаштар, құстар, даланың саналуан гүлдері, таулар, төбешіктер, көлдер аспан күмбезінің қайталанбас суреттері ақиқи шындық сөздер адамдардың күнделікті қайталанып жататын қам-қарекетке толы өмір тіршілігі бір-бірімен астасып жатады.
Құдай Өзінің балалары Өзін әрқашан еске алып, өздері мекендейтін жердің теңдесі жоқ көркемдігіне тояттап, сүйсінгенін, Оның балаларының жердегі Үйін көріктендіру үшін сый еткен бейбіт те тыныш табиғаттың тылсым сұлулықтарына сүйсіне тояттап ләззат алғандарын қалайды.Құдай дүние әлеміндегі көркем сұлулық атаулының бәрін жақсы көреді, бірақ адамның сыртқы түр сипатының сұлулығынан да мінез-құлқының көркемдігін анағүрлым артық санайды. Ол көздің жауын алардай жауқазын гүлдердің сұлулығы мен қарапайымдылығы сияқты табиғи қасиеттері мен көркі бізді өзіне тартып тұратындығы сияқты, Жаратушы Ие біз де өзіміздің жан дүниеміздің тазалығы, мінез- құлықтарымыздың қарапайымдылығы, көркемдігі сияқты асыл қасиеттерімізді жетілдіре түскенімізді жөн көреді.
Егер біз әлем дүниесіндегі Құдай Иенің жаратқан сансыз жаратылыстарына-өзіміздің айналамызды қоршаған жанды, жансыз тіршілік иелерінің бәріне ерекше көңіл бөліп қарайтын болсақ, Жаратушы Иеге мойын ұсынып, Оның барлығына, құдіретінің күштілігіне, мейірімді де қайырымды екендігіне көзіміз жетеді, сонда да біз өзіміздің Жаратушы Иеміз Сақтаушымыз екендігін мойындап, Оған мойын ұсынамыз, Оған сенім арту тұрғысындағы өмірлік сабақтарды түйсігімізбен түйсініп, жан дүниемізбен қабылдаймыз. Бізге көрінбейтін белгілі жолдармен қозғалып, аспан әлемін шарлап жүрген ірілі-ұсақты жұлдыздардан бастап, өте ұсақ атомдарға дейін — табиғаттағы бар нәрсе де Жаратушы Иеге мойын ұсынып, Оның Еркіне бағынады. Құдай Өзінің жаратқан жаратылыстарының бәріне Өзі қамқорлық көрсетіп, бақылауында ұстайды, Ұшы-қиырына көз жеткісіз Әлем дүниесіндегі сансыз дүниелер жаратылыстарын басқарып тұрған Көктегі Әкеміз құйқылжыта ән салып, тіршілік етіп жүрген кіп-кішкентай құсқа да қамқорлық көрсетеді, Көктегі Әкеміз біздің бәрімізді де Өзіне тән Тәңірілік сипатымен, нәзік те риясыз сүйіспеншілік сезімдерімен жақсы көреді, бәріміз үшін қамқорлық көрсетеді. Ол біздің жұмысқа қашан баратынымызды, қашан өзіне құлшылық етіп, сиынатындығымызды көреді. Біз ұйықтап жатқан кезде де, Оның жанары бізге қарайды. Жаратушы Ие бай адамның өз сарайында той-думан құрып жатқанын, балаларын өзінің жанына жинап алып отырған кедей адамның отбасы, үйіндегі бар азды-көпті тағамдарын талғажу етіп, жүректерін жалғап отырғандарын да көреді. Ол қайгы-қасіреттің күйінішінен көздерінің жасы мөлтілдей төгілген немесе шадыманды шаттыққа толы өміріне риза болып, күлімсіреген жандарды да байқамай қоймайды.
Егер біз осының бәрін тереңінен түсінетін болсақ, жүректерімізді билеген негізсіз үрейлер мен қорқыныштардан біржолата арылар едік. Сонда біз, бүгінгі күні өзіміздің жігерімізді жасытып, жан дүниемізді жабырқатып, түңілтіп, ренжітіп жүрген жайларға мүлде көңіл бөлмеген болар едік. Өйткені ірілі-ұсақты жайсыз жағдайлар жүрегімізге үрей тудырған кезде, біз Құдайға сиынып, Оған өзімізді тапсырар едік. Сонда Жаратқан Ие ренжіместен, осындай істерді ауырпалық деп санамастан, көптеген қам-қарекеттер мен қамқорлық көрсету жөніндегі істердің қиындығына ренжіместен, бізге қамқорлық көрсетер еді.
Жер бетінің тұнып түрған, тылсым сұлулығына таңырқай отырып, қайғы-қасірет, күнәкарлық,өлім болмайтын табиғаттың аясында ешқандай қарғыстың көлеңкесі де қалмайтын рахат өмір- біздің алдымыздағы тұрған жарқын дүние екендігі туралы ойланайық. Көз алдыларыңа күнәлардан арылып, тазарғандардың Отанын елестетіп көріңдерші. Естеріңде болсын, күнәларынан тазарғандар Отанының қандай болатындығы туралы көз алдына елестетуге ең батыл әрі қағілез, көкірегі ояу адамның да қиялы жетпейді. Оның таңғажайып тамаша көркіне тояттап, шаттыққа бөленіп, қуанышқа кенелу қандай ғанибет! Құдайдың алуан түрлі сыйлары табиғат аясындағы оның даңқты салтанатының ең кішкене бөлшегі ғана. Бұл туралы былай деп жазылған: "Көз көріп, құлақ естімеген, адамның ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйгендерге дайындап қойған болатын" (1 Қорынттықтарға. 2:9).
Ғалымдар мен ақындар табиғат туралы көп нәрселерді айта алады. Ал мәсіхшілдер болса, Құдайдың адамдарға деген риясыз сүйіспеншілігін әр алуан түрінде көріп, таулар мен жазықтар, өзендер мен теңіздер - адамның игілігіне жаратылғандығын жаксы түсінеді. Осындай игіліктерді Құдай Әкенің біздер үшін жаратқандығын мойындаған адам ғана, табиғаттың тылсым сұлулықтарынан шынайы да мағыналы түрде ләззат алып, осы игіліктерді ең жоғары деңгейде бағалай білетін болады.
Құдай бізбен тікелей араласу арқылы да, біздің жүрегіміздегі Киелі Рух арқылы әсер етіп, тілдесімге келу арқылы да байланыс жасайды. Біз өзіміздің күнделікті өмірімізде кездесетін оңды өзгерістерден, айналамызда болып жатқан оқиғалардан бағалы қорытынды шығару үшін сабақ алып, солардың бәрін жақсы түсінсек, көңілімізге түйген ізгілікті де ғибратты істерді өз өмірімізге бағалы сабақ ретінде қабылдай білуіміз қажет. Құдайдың бізге деген баға жетпес қамқорлығы туралы Зәбүр жыршысы былай деп жыр толғайды: "Жердің беті Жаратушы Иенің мейірімділігіне, қайырымдылығына толы" (Зәбүр жырлары. 32:5); "Кім ақылды да дана болса, сол Жаратушының мейірімділігін аңғарып, түсінеді" (Зәбүр жырлары. 106:43).
Құдай бізге Өзінің Сөзі арқылы үндеу тастайды. Киелі Кітапта Оның мінез-құлқының қасиеттері, адамдарды құтқаруға байланысты Ұлы Істері және адамдарға деген қарым- қатынастары толығымен ашыла түскен. Киелі Кітапта көне заманның пайғамбарлары және жоғары билікте болған адамдары туралы жан-жақты әңгімеленеді. "Олар да біз сияқты пенде болған" (Жақып. 5:17). Олар да біз сияқты жандары жабырқап, көңілсіздік күйге түсетін. Қайғы-қасіретке қарсы күресіп, олардың да біз сияқты азғырудың шырмауына түсіп қалатын кездері болған. Бірақ, қайтадан қуаттана түсіп, Құдайдың рахымшылығының арқасында ондай теріс қылықтары мен пиғылдарын жеңіп шығатын. Осындай рухани тақырыптағы туындыны оқи отырып, біздің рухани жағынан санамыз сараланып, тақуалықпен өмір сүруге деген талпынысымыз күшейе түседі. Көне заман адамдарының өмір тәжірибелеріне ден қойғанда, таң қаларлық жайлар туралы біліп отырамыз. Олардың өз заманында жарық нұрлы сәулені қалай пайдаланғандығы, қандай сүйіспеншілікке ие болғандығы, қандай бата-тілектерді пайдаланғандығы және өздеріне сый етілген берекелі игіліктер арқылы қандай істер атқарғандығы жайлы таң қаларлық жайларға, сол кездегі адамдардың бастарында өткен өмір тәжірибелеріне қанық болып, ой-өрісіміз кеңейе түседі. Сол кезде ол адамдарды рухтандырған Киелі Рух, біздің де жүректерімізде киелі қуаныштарының нұрлы ұшқынын тұтатып, соларға мінез-құлықтарымызбен ұқсауға, солар сияқты әрқашан Құдай Әкемен бірге болуға деген ынта- ықыласымызды, ниетімізді тудырады.
Ескі өсиет жазбалары туралы Иса Мәсіх (бұл Жаңа Өсиетке де қатысты) былай деген: "Олар мен туралы куәлік етеді" (Жохан. 5:39). Яғни біздің бәріміздің мәңгілік өмір сүруге деген үміттеріміз бен асыл армандарымыздың негізгі тірегі - Құтқарушымыз туралы осылай куәлік етілген. Киелі Кітаптың барлық тарауларында Иса Мәсіх туралы жазылған. Жаратылыстың басталуы жөніндегі: "Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған" деген әлем дүниесін жарату туралы алғашқы баяндауынан бастап, "Мен жақында келемін"-деген соңғы уәдесіне дейін, біз Оның істері туралы оқып, Оның дауысын естиміз (Жохан. 1:3; Аян.22:12). Егер біз Құтқарушыны жақсырақ білгіміз келсе, онда біз Киелі Жазбаны зерттеп, Құдайдың Сөзін жан дүниемізбен сезініп, жүрегімізге етене жақын қабылдай білуіміз керек.
Құдайдың Сөзі біздің жан дүниемізге қайырлы нұрын сеуіп, біздің шөлімізді қандыратын, мөлдір де кәусар сулы бастау бұлақ, рухани азық сияқты болса, нұр үстіне нұр. Бұл — бізге аспаннан келген тірі нан. Иса былай деген: "Егер көктен келген Билеушінің тәнін "жеп", қанын "ішпесеңдер", сендерде шынайы өмір болмайды" (Жохан. 6:53). Бұдан соң, Ол Өзінің айтқандарын былай деп түсіндірді: "Шынайы өмір беруші - Киелі Рух, ал оған тән еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар" (Жохан. 6:63). Жердің берген сыйларымен тамақтана отырып, біздер дене тұлғаларымызды шынықтырып, денемізге күш-қуат жинаймыз. Денелік әлемде болып жатқан құбылыстар рухани өмірде де байқалады. Біздің ой-санамызда жүрген көркем ойлар, рухани табиғатымызға өнегелі тірек бола алады.
Өтеп алу — тек періштелердің ғана білуге құлшынып, ұмтылатын құпия ісі. Күнәларынан арылып, ақталғандар, осы ақиқатты мәңгі-бақи зерттеп, мадақтаумен болады. Сондықтан да бұл жай қазірдің өзінде де ерекше көңіл қойып, зерттеуге тұрарлық емес пе? Исаның бізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігі адам баласы үшін өзінің жанын пида етуі, біздің Оған деген ерекше құрметпен, қастерлі ықыласпен, байыпты түрде ой толғауымызға тұрарлықтай. Біз өзіміздің күнәларымызды өтеп алған Жақтаушымыздың "Өз адамдарын, олардың күнәларынан" арылтып, құтқаруға байланысты міндеті мен мақсаты жайлы тапсырмасы бізді тереңінен ойландыруы тиіс. Егер біз аспан әлеміндегі ақиқи шындықтар туралы терең ойланып, соны білуге шын ниетімізбен ұмтылатын болсақ, онда Жаратушы Иеге деген сүйіспеншілігіміз беки түседі; біздің шынайы жүректен шыққан шексіз сүйіспеншілік және сенімге толы дүға-тілектеріміз де Жаратушы Иенің қабылдауына анағүрлым қолайлы болары хақ. Өзі арқылы Құдай Әкеге келгендердің барлығын құтқаратын Исаның құтқарушылық күшін көріп, біздің Оған деген сеніміміз нығайып, сүйіспеншілігіміз арта түсетін болады..
Құтқарушымыздың мінез-құлқының көркемдігін, ақыл-ойының кемелдігін көргенде, бізде жан дүниемізді жаңартып, Оған ұқсауға, Оның жүрген жолын ұстануға тырысамыз. Сонымен бірге Оның ғибраты мол, өшпес өнегелері жайлы бүкіл дүние өлеміне жария етіп айтқымыз келетін болады.
Киелі Кітап тек ғалымдар үшін ғана емес, жай, қарапайым адамдарға да арналған. Құтқарылу үшін, білуге тиісті Ұлы ақиқат озінің айқындығымен ерекше. Кейбір жекелеген адамдар өздерінің пікірлері бойынша, кінәлаушылық пиғылдарын, айқын да ашық сипаттағы Жаратушы Иенің еркінен жоғары қоямын деп теріс кетпесе, ешкім де жолдан тайып, қателеспейтін болады.
Киелі Жазбалардың қандай тәрбиелік мәні бар екендігі, неге үйрететіндігі жайлы білгіміз келсе, басқалардың ауыз екі айтқан куәліктеріне сүйенгеше, Құдайдың Сөзін өзіміз-ақ байыпты түрде зерттей білгеніміз жөн. Егер өзіміз үшін басқалар ойласын деген пиғылда болсақ, онда біздің рухани қуатымыз әлсіреп, сеніміміз солғын тартып, Құдай Сөзінің терең мазмұнын, ақиқи мағынасын түйсігіміз арқылы қабылдай білу мүмкіндігіміз төмендейді. Керісінше, інжілдік тақырыптардың өзара байланысын байыппен зерттеп, осы Киелі Жазбадағы мәтіндерді және рухани құндылықтарды бір-бірімен салыстыра отырып, зерттейтін болсақ, онда біздің ой-өрісіміз кеңейе түседі. Сөйтіп, Киелі Кітаптың таңғажайып көркемділігі мен құндылық қасиеттері біз үшін жаңа қырынан ашыла түседі.
Киелі Жазбадан өзге ешқандай туынды өзінің ақиқи тұрғыдағы игілікті әсерімен адамның ой-өрісін кеңейтіп, жан дүниесіне баға жетпес рухани азық бере алмайды. Егер Құдайдың Сөзі жоғары деңгейде зерттелген болса, онда ақыл-ойдың кеңдігі, мінез-құлықтың көркемдігі, алға қойған мақсатқа деген беріктік сияқты қазіргі біздің заманымызда көбіне-көп жетіспей тұратын ізгі қасиеттер адамдардың бойында ойдағыдай қалыптасып, өз жемісін берген болар еді. Қазіргі біздің заманымызда, мұндай қасиеттерді қалыптастыра білудің маңызы аса зор.
Киелі Кітапты көз жүгіртіп қана, үстіртін оқудан келер пайда жоқ. Басынан аяғына дейін сыдыртып оқып шыққан кезде, бұл көркем туынды мазмұнының тәрбиелік мәнін, көркем де асыл ойлардың түпкі мағыналарын тереңінен ұгу қиын. Сондықтан да ешқандай мақсатың болмаса да, көптеген кітаптың тарауларын көз жүгірте оқып, ол оқығандарыңнан ешқандай өмірлік сабақ ала алмай, көңілдеріңді құлазытқанның орнына, Киелі Жазбаның бір тақырып аумағындағы мазмұнына жете көңіл қоя оқи отырып, осы тараудың мазмұны мен құтқару ісінің Тәңірілік түпкі ойдың мағынасын тереңінен түсінгенше, асықпай, байыгшен оқып, зерттеген абзал. Өздеріңе меншікті Киелі кітаптарың әрқашан да өздеріңмен бірге болсын! Мүмкіндігінше оның беттерін жиі ашып, оқығандарыңды естеріңде сақтап қалуға тырысыңдар. Кейде көшеде келе жатқанның өзінде де, бір кіші-гірім үзіндіні оқып, оның мазмұны төңірегінде ой толғай отырып, сол оқығандарыңды естеріңде сақтауға тырысқандарың ләзім.
Киелі Кітапты байыппен зерттеп, оны сиына отырып оқымайынша, біз нағыз даналықтың шыңына жете алмаймыз. Киелі жазбаның көптеген бөліктерінің үғынықты тілмен жазылғандығы соншалық, оны түсінбеуге, оның ғибраты мол өнегелеріне сүйсінбеуге болмайды. Алайда кейбір ерекше зер сала оқып, оқығандарыңа сиына отырып талдау жасағандарың үшін, мол сыйлық алатын боласыңдар. Жоғары рухты, шалқыған шабытты сөздерді жүректеріңе жылы қабылдап, ой елегінен өткізіп, салыстыра отырып, көңілдеріңе түйіп отырсаңдар, осылайша табандылықпен меңгерген білімдерің сендер үшін мәңгі өмірдің кәусар сулы бастау бұлағы іспетті сарқылмас рухани азық.
Киелі Кітапты ең алдымен сиынып алмайынша оқымау керек. Оның беттерін ашцас бұрын, Киелі Рухтың зерделеріңе жарық түсіріп, ойларыңды сергітуін өтіне отырып, Жаратушы Иеге сиынып, дүға-тілектеріңді бағыштаңдар. Сол тілектеріңнің қабыл болары хақ. Құтқарушымыз Өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде: "Мынау- қулық- сұмдығы жоқ, нағыз исраильдік", - деді. "Сіз мені қайдан білесіз?" - деген Натанайылдың сұрағанына Иса: "Сені Філіп шақырмай тұрып, інжір ағашының астынан көріп едім" деп жауап берді (Жохан. 1:47,48)
Қазіргі күндерде де Иса біздің оңашалана отырып, сиынған кезде, ақиқи шындықтың бар екендігін жете үғыну үшін ой-санамыздың ашылып, көңіліміздің айқындалуына көмектесуін сұрап, Оған сиынып, дұға-тілектерімізді бағыштағанымызды көреді. Жүректерін Оған бағындырып, мойын ұсындырған күйде Тәңірілік Басшылықты іздегендерге нұрлы Жарық Әлемінің періштелері жіберіледі.
Киелі Рух Құтқарушының даңқын дәріптейді. Бізге Иса Мәсіхтің тақуалығы мен пәк тазалығын, Оның адамзат баласына әкелген құтқарушылығының ұлылығын ашып, даңқын дәріптеу - Оның негізгі ісі. Иса былай деген: "Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Менен қабылданған хабарларды сендерге жеткізбек" (Жохан. 16:14). Тек Құдайдың Рухы ғана Тәңірілік ақиқатқа үйрете алады. Өзінің жалғыз Ұлын біз үшін өлімге қиып, бізге үнемі жетекшілік ете отырып, оқыту үшін Өзінің Киелі Рухын жіберген Құдай үшін адамзат баласы қандай қымбат болған десеңізші!
СИЫНУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Табиғи құбылыстар арқылы және бізге қамқорлық көрсету, аян беру және өзінің Киелі Рухының әсер етіп, ықпал жасауы арқылы Құдай бізбен тілдесімге келіп, сұхбаттасады. Алайда, біздің Онымен байланысымыз осымен ғана шектелмеуі керек. Біздің әрқайсымыз Оған өзіміздің жан дүниемізбен жүрегімізді ашуымыз керек. Рухани өмір және тіршілік етуге қажетті күш-қуат алуымыз үшін біз өзіміздің Көктегі Әкемізбен әрдайым байланыста болып, сұхбаттасып, тілдесімге келіп тұруымыз қажет. Біздің ойларымыз Оған бағытталуы керек - Оның істері, жаратқан пенделеріне көрсететін мейірімділіктері мен рахымшылықтары жайлы ой толғап, Оған өзіміздің өміріміз, қуаныштарымыз бен күйініш-қайғыларымыз жайлы баяндауға тиістіміз.
Құдайға ғибадат етіп, сиыну кезінде, біз Оған өзіміздің қимас та аяулы досымызбен сырласқанымыз сияқты, жан дүниемізді толғандырып жүрген сырларымызды ашамыз. Осының өзі біздің өміріміз Құдайға беймәлім болғандықтан емес, біздің Құдайды жан дүниеміз бен жүрегімізге етене жақын қабылдай білуіміз үшін жасалады. Сиыну кезінде біз Құдайға, ал Құдай бізге жақындай түседі.
Жер бетінде өмір сүріп жүрген кездерінде Иса Мәсіх Өзінің шәкірттеріне қалай сиыну керектігі жайлы ғибраты мол ақыл кеңестер, сабақтар берген еді. Ол сиыну кезінде, әркім өзінің күнделікті қажеттіктері туралы айта келіп, өзінің үлесіндегі қам-қарекеттердің ауыртпалықтарын Оған артуы орынды екендігін айтқан еді. Құтқарушы олардың дұға-тілектері Құдай Әкенің құлағына шалынатындығы жайлы уәде берген. Бұл уәденің қазіргі кезде бізге де қатысы бар. Исаның Өзі, адамдардың арасында өмір сүрген кездерінде өте жиі сиынатын. Ол Өзі сиынған кездегі, Құдайға жолдаған дұға-тілектерінде өзінің Көктегі Әкесіне жүзін бұра отырып, Одан көмек сұрады: өйткені Ол жердегі адамдардың мұқтаж-мүдделерін орындап, олардың әлсіз болған жерлерінде көмек көрсетуді өз мойнына алып, осы істерін ойдағыдай атқарып, қызмет ету және сынақтардан сүрінбей өту үшін жаңа күш-қуат беруін сұрап, сиынды. Ол біздің дәрменсіз, әлсіз кездерімізде жәрдем беретін Бауырымыз бола білді. Ол да біз сияқты әр нәрсеге қызығып, еліктейтін. Соған қарамастан, Ол жаманшылыққа жоламай, өзінің жан дүниесінің тазалығын сақтап қалып, күнәдан пәк күйінде қалды. Бұзылғандық, күнә жайлаған әлем дүниесінде Құтқарушы талай азап шегіп, жан дүниесі жабырқады және сондай қиындықтармен күресе білді. Құдайға құлшылық ету, Ол үшін аса қажетті баға жетпес артықшылығы бар іс болды. Иса Мәсіх өзінің Көктегі Әкесімен байланыста болғаны, Оның жанына жұбаныш, көңіліне қуаныш әкелетін. Егер адамдарды Құтқарушы, Құдайдың Ұлы үшін Оған сиынудың өмірлік маңызы мен қажеттілігі зор болса, біздер, күнәға батқан, дәрменсіз жандар үшін сиынудың қажеттілігі мен артықшылығы қандай қажет десеңізші.
Біздің Көктегі Әкеміз біздерді өзінің қайырымды да мейірімді шапағатына бөлеп, ақ батасын жаудыруға даяр. Біз Жаратушы Иеміздің өзімізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігінің кәусар сулы бұлағынан нәр алып, шөлімізді қандыру мүмкіндігіміз бар. Солай бола тұра, біздің Құдайға жүзімізді бұрып, аз сиынатынымыз неліктен? Құдай өзіне мойын ұсынған балалары, шынайы сенім иелерінің шын жүректен сиынғандарын, мұқият түрде тыңдап аса жылы қабылдайды. Бірақ біз Оған жүрек сырымызды ашып, өзіміздің мұқтаждықтарымызды айтудан іркіліп, шегіншектеп тұрамыз. Жер бетіндегі адамдардың азғырудың арбауына түсіп, дәрменсіз, бейшаралық күйге түсіп, қиналған, жарлы адамдарды көргенде, аспандағы періштелер не ойлайды? Періштелер аспандағы Әкенің жүрегі өзінің жаратқан пенделеріне деген шексіз сүйіспеншілікке толы екендігін жақсы біледі. Ол адамдардың ой-ниеттері мен ой-саналарындағы және өтініштеріндегіден де артық жақсылықтарды бере алады. Осыған қарамастан, адамдар, өздерінің сенімдері таяз болғандықтан, өте аз сиынатындары өкінішті-ақ. Періштелер Құдайға асқан қуаныш сезімімен құлшылық етеді, олар үшін Құдаймен жақын болу зор ғанибет. Біз жердің балалары үшін Құдаймен байланыста болмаған күннің өзінде, қол жеткен игіліктеріміз өзімізге жеткілікті деп, қанағат тұтамыз. Ал Құдайдың көмегін қажетсінбейміз.
Әзәзіл шайтан Құдайға сиынып, Оған дұға-тілектерін бағыштамайтын адамдардың айналасында қапас түнек тудырады. Шайтанның азғыруының салдарынан адамдардың күнә жасауға зауқы соғып тұрады. Құдайдың ұлдары мен қыздары Жаратушысына сиыну - аспан әлеміндегі құдіреті күшті Құдайдың шексіз мүмкіндіктері сақтаулы қазынасының сенімді кілті екендігін біле тұра, өте аз сиынатыны өкінішті- ақ. Біздің жауларымыз берекелі игіліктер тағына барар жолда әрдайым кедергілер келтіріп, бөгет жасайды. Бұл жерде олар адамдар сеніммен ғибадат етуге, сиынуға немқұрайды қарап, өздерінің құмарлық зауықтарын жеңе алмауы үшін қолдарынан келгенінің бәрін жасайды.
Біз белгілі жағдайда Құдай біздің дұға-тілектеріміздің бәрін естіп, жауап беретіндігіне сеніміміз зор болуы тиіс. Сондай шарттардың бірі біздің Құдайдың көмегіне мұқтаж екендігімізді түсінуімізді көздейді. Өйткені Ол бізге берген Уәдесінде: "өйткені Мен шөлдегенді суға кенелтіп, кеуіп қалған далаға суды тасқындата ағызамын" (Ишая. 44:3) — дейді. Яғни, кімде-кім тақуалықпен, әділдікпен өмір сүріп, шынайы сезімі, шын жүрегімен Құдайға құлшылық етуге ұмтылса, ондай адамға Құдайдың беретін несібесі мен жақсылықтары орасан зор. Бірақ, біз Құдайға бет бұрып, мойын ұсынып, дұға-тілектерімізді бағыштауымыз керек. Сонда ғана ол біздің өтініштерімізге жауап береді. Құдай былай деген: "Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге мұқтаждарыңды береді", "Ол өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?" (Матай. 7:7; Римдіктерге. 8:32).
Егер біз жамандық атаулыға мән беріп, жүрегімізде сақтап жүрсек, онда біз қандай да бір күнәга байланысты болғанымыз. Мұндайда Құдай біздің сиынғанымызды, дұға-тілектерімізді бағыштағанымызды естімейді. Ал істеген күнәлары үшін өкініп, тәубеге келген жанның сиынғанын тыңдап, қабыл алады. Алайда, Құдайдың рахымшылығы арқасында қол жеткен игіліктеріңді, өз күшіңмен қол жеткізгендігің туралы ойлаушы болма. Тек Иса Мәсіхтің сіңірген еңбегі ғана бізді құтқарып, Оның қаны ғана бізді күнәмыздан тазартады. Бірақ мұның бәрі біздің ниетіміз қабыл болу үшін қажетті шарттарды шетке шығара алмайды.
Шынайы сенім сиыну кезіндегі маңызды шарттардың бірі болып саналады. "Келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс" (Еврейлерге. 11:6). Иса шәкірттеріне былай деген еді: "Құдайға сиынып, (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер" (Марқа. 11:24). Біз Оның сөздеріне сенеміз бе?
Мәсіхтің бұл куәлігінің шегі жоқ. Ол Өзінің уәдесіне берік. Біз сұрағандарымызға бірден-ақ қолымыз жетпегеннің өзінде де, біздің дұға-тілектеріміз бен өтініштеріміз Оның құлағына шалынатындығына, Жаратушы біздің дұға-тілектерімізге жауап беретіндігіне сенуіміз қажет. Кейде біз өзіміздің ниеттерімізді білдірген кезде, көрегендік танытпай, өзімізге игілік пен бақыт әкелуге қатысы жоқ игіліктерді сұраймыз. Құдай Әке мұның бәрін біледі. Бізге игіліктер жіберерде, Ол бізге бақыт әкелетін игіліктерді нәсіп етеді. Біз өзіміздің дұға-тілектерімізге жауап болатындығына күмәнданған кездің өзінде Құдайдың берекелі шапағаты болатындығынан үміт үзбеуіміз керек. Бірақ сұрағандарымыз белгілі уақытта, белгілі жағдайда іске асады деп нық сенімде болу, біздің тарапымыздан менменшілдік болмақ. Құдай - шексіз даналық Иесі. Озіне бет бұрып, ақиқи шындықты іздеген, сенімді серік еткен пенделерін мейірлі шапағатына бөлеп, жақсылығымен жарылқайды. Сондықтан өтініштеріңе дереу жауап алмаған күннің өзінде де, үміттеріңді үзбей, Оның нық уәделеріне сеніңдер: "Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді" (Матай. 7:7).
Біз өзіміздің күдіктеріміз бен қорқыныштарымыздың билігінде болып, өзіміздің сана-сезімімізге сыймайтын нәрселерді үғынып, немесе түсіндіруге тырысатын болсақ, онда біздің қиындықтарымыз көбейіп, күмәндарымыз тереңдей түседі. Осы ретте біз Жаратқан Иеміздің өзінің балаларына - деген мейірімі мен қайырымы шексіз екенін, біздің өтініш-тілектерімізді әрқашан естіп, оған жауап ретінде өзінің берекелі игіліктерін сый етіп, жүректерімізді жарық нұрымен нұрландыратынын білуіміз керек.
Құдайдан қайырымдылықпен бата тілеп сиынған кезде, біз бар жан дүниемізбен беріле отырып, Одан істеген күнәларымыз үшін кешірім өтіне отырып, Оған деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен алғыс сезімдерімізді білдіре отырып сиынуымыз керек. Мынадай дұға-тілектерге зейін қойып көрейік: "Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де біздің күнәларымызды кешіре гөр!" (Матай. 6:12). Егер біз өзіміздің дұға-тілектеріміз Жаратушы Иенің құлағына шалынады деген үмітте болсақ, онда өзіміз де өзгелердің өзімізге жасаған қиянаты мен жәбірін кешіре білуіміз керек.
Құдайға сиыну кезінде табандылық танытып, тұрақты түрде сиыну сиынушының Жаратушыдан өтінген дұға-тілектерінің орындалуы үшін маңызы зор шарттардың бірі болып табылады. "Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкіршілік ете беріңдер" (Қолостықтарға. 4:2). Елші Петір Құдайға сенушілерді былай деп хабардар етті: "Сиынып, дұға ете алу үшін, байсалды да салауатты болыңдар!" (1 Петір. 4:7). Елші Пауыл мынадай өсиет айтады: "Барлық жағдайда да өтініштеріңді Құдайға сиынып, шүкіршілікпен білдіріңдер!" (Філіпіліктерге. 4:6). "Ал сіздер, өте жақсы көретіндер, Киелі Рухтың жетелеуімен сиынып, Құдайдың өздеріңе деген сүйіспеншілігін сақтай біліңдер" - деп жазады Елші Яһуда. (Яһуданың хаты. 20:21). Құдайға құлшылық етіп, үзбей сиыну біздің Онымен берік байланыста болуымызға дәнекер болады. Осының нәтижесінде біздің жан дүниеміз тазарып, Жаратушы Иемізді пәк тазалығымызбен, киелілігімізбен қуантатын боламыз.
Құдайға сиынған кезде, сиынушыларға ешқандай кедергілер бөгет болмауы керек. Исамен тілдесім кезінде, рухани сезім толықтығына, қуанышты сезімге бөленуге тырысыңыздар. Құдай Иемен тілдесімге келуге талаптанатындар, әдетте, қауымдастықтарда өтетін ғибадат ету жиындарына қатысып, ғибадат құлшылықтарын мінсіз атқаруға тырысады, Олар Оның уәде еткен баталарына бөлену үшін, аспан әлемінен түскен нұрлы жарық жүректерін нұрландыруы үшін бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ғибадат-құлшылық етеді.
Біз отбасымыздың мүшелерімен бірге Құдайға сиынуымыз керек. Бұл ретте оңаша түрде сиынуды да ұмытпаған жөн: осылайша сиынғанда, адамның ішкі жан дүниесінің тылсым сырлары ашылады. Тек отбасында немесе қауымдастықпен бірге сиыну жеткіліксіз. Сондықтан бәрін де көруші құдіреті күшті Құдайға жан дүниемізді, жүрегімізді аша білейік. Оңашада сиынған адамның дұға-тілектері Құдайдың құлағына шалынады. Әрбір адамның құпия тілектерін тек Құдайдың өзінен басқа ешкім естімеуі керек. Оңашада Құдаймен тілдесімге келгенде, адам бөтен көзден таса болып, оның Жаратушы алдында сырын айтып, жан дүниесінің толғаныстарын бөлісуіне ешкім кедергі болмайды. Құпияны көре білетін Ол адамның жүрек түпкірінен шыққан асыл ойларын дәл сезіп, оның жан сезімін түсінеді. Адамдар Құдайға сиынғанда өз бойына шайтанмен күресте өзіне баға жетпес тірек бола алатын Тәңірілік нұрлы жарықты молынан жинақтайды.
Күнделікті еңбек етумен, тіршілік қамымен жүргеннің өзінде де, оңашалай отырып Құдайға сиынуға болады. Жүрек сырларыңды Оған жиі-жиі аша біліңдер. Енох әрдайым "Құдаймен бірге" жүрген. Оңашалана отырып, құпия түрде сиыну берекелі бата тағына көтереді. Құдайға шынайы сенген адамның жүрегіне шайтан әсер ете алмайды.
Құдаймен тілдесімге келу барлық жерде де үйлесімді. Біздің жүректеріміз Иса үшін әрқашан да ашық болып, Ол біздің жоғары құрметпен тосатын аспандық қонағымыз болғаны абзал.
Біздің айналамызды бұзылған, күнәкар дүние қоршағанына қарамастан, біз қапас дүниенің күлімсі буын иіскеуіміз міндетті емес. Өйткені біздің таза аспан әлемінде өмір сүруге мүмкіндігіміз бар. Бар жан жүрегімізбен Құдайға сиынып, Оған дұға-тілектерімізді бағыштаған кезде, біз таза емес, жаман ой-пікірлерді ойламай, өзімізді сақтандыра аламыз. Құдайдың әсер етуі мен берекелі баталары үшін, жүректерін айқара ашқан адамдар, киелі ахуалда өмір сүріп, аспан әлемімен ұдайы байланыста болады.
Біз Иса туралы анағұрлым көп біліп, мәңгі құндылықтардың ақиқи болмысын ойымызбен саралап, көз алдымызға елестете білуіміз керек. "Киеліліктің құдіреті" Құдайдың балаларының жүректерін рухани сезім нұрына бөлегені абзал, Осындай дәрежеге жету үшін, біз аспанға байланысты ақиқи шындықты жете игере түсуіміз керек.
Өзімізге Құдайдың ұсынғанындай, таза аспан әлеміне өрлеу — біздің жүректеріміздің қалауы болғай! Солай болғанда, біз Оған жақын болатындығымыз сондай, Оған ойша бет бұрған кезде, гүлдің күнге бет бұрғанындай табиғи үндестік пайда болмақ.
Құдайға оңашалай сиынуды барлық жерде, кез келген уақытта атқаруға болады. Оның алдында шын көңілмен жүрек сырларымызды ашып, сиынуымызға еш нәрсе де кедергі келтіре алмайды. Ерсілі-қарсылы сапырылысқан жүргіншілер толы көшелерде немесе өзіміздің әдеттегі үйреншікті істерімізбен шұғылданып отырған кезде де, біз Құдайға жүзімізді бұрып, мойын ұсынып Немия пайғамбардың үлгісімен көмек сұрап, сиынуымыз керек. Немия пайғамбар кезінде Артаксеркс патшаға өзінің өтінішін білдіргенде, осылай сиынған көрінеді.
Құдайдың алдында өздеріне керектінің бәрін, қуаныштарың мен қайғы-қасіреттеріңді, уайымдарың мен күдіктеріңді ашыңдар. Сендер бұл істеріңмен Оны шаршатпайсыңдар және қиналтпайсыңдар. Сендердің бастарыңдағы шаштарыңды бір талдап санай алатын Жаратушы Иеміз, сендердің мұқтаждықтарыңа немқұрайды қарамайды. "Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!" (Жақып. 5:11). Өздеріңді абыржытып, мазаларыңды алып жүрген ойларың болса, Оған айтыңдар. Бүкіл әлемді ұстап, басқарып тұрған құдіреті күшті Жаратушымыз сендердің жан дүниелеріңнің тылсым сырларын түсініп, қуаныштарыңа қуанып, күйініштеріңе қайғырады. Оның балаларының бастарына түскен қандай да бір қайғы, олардың бойларын билеген үрей, кез келген қуаныш сезімдері, шынайы да терең сезіммен айтылған дұға-тілектері, Жаратушының назарынан тыс қалмайды. Ол осылардың бәріне көңіл бөліп, жауап қатады. "Ол жүректерін қайғы-қасірет басқандарды емдеп, оларды қайғыларынан арылтады" (Зәбүр жырлары. 146:3). Құдай Ие әрбір адамның жан дүниесін тереңінен түсінетіндігі сондай, әр адам Оған бет бұрып, сиынғанда, жер бетіндегі адамдардың мәңгілік өмір бақытына ие болуы үшін, өзінің Ұлын құрбан еткен Көктегі Әкенің дүние әлеміндегі балалары Өзіне бет бұрып, дұға-тілектерін бағыштаған кезде, өздерін емін-еркін сезініп, жүрек түкпірінен шыққан асыл ойларын, мұң- мұқтаждарын Оның алдында бүкпестен жайып салады.
Иса былай деген: "Сол уақытта менің атымнан сұрайсыңдар, Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды, өйткені Әкенің Өзі сендерді шексіз сүйеді"; "Мен сендерді таңдап алдым... Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді" (Жохан. 16:26-27; 15:16). Сонымен Исаның атынан сиынып, өтініш айту дегеніміз өте маңызды жай, өйткені бұл ретте Оның атын жай ғана, сиынудың алдында немесе соңында ғана атап өту емес. Бұл Құдайдың еркімен және Оның Киелі Рухымен келісілген түрде, Оның берген уәделеріне шынайы сене отырып, Оның рахымына арқа сүйеп сиыну болмақ.
Ешнәрсе істемей, тек сиыну мен болатын адам, көп өтпей-ақ мүлде сиынуын қояды немесе ол тек үйреншікті әдеті бойынша сиынатын болады. Адамдар қоғамдық өмірден өзінің мәсіхшілдік міндеттерін шеттейтін болса, онда олар өздері үшін жалықпай еңбектеніп жатқан Жаратушы Иенің ризашылығы үшін еңбек етуін тоқтатқаны. Яғни ондай адамдардың дұға-тілектеріне арқау болатын еш нәрсе болмайды: олардың өз өмірлерін тақуалыққа бағыштауға деген ықыласы болмайды. Олардың дұға-тілектері өздерінің мақсат-мүдделеріне бағышталады. Сондықтан да оның адамзат баласының мұқтаждықтары, Мәсіх патшалығының жасампаздығы үшін сиынуға, өздеріне ғибадат-құлшылық ету үшін күш-қуат беруді сұрауға мұршалары келмейді.
Құдай өз пенделері монах немесе дүниеден безген дуана болғанын талап етпейді. Біз Иса өмір сүргендей өмір сүріп, еңбегімізде де, Құдайға құлшылық еткен кездерімізде де Оған ұқсауға тырысуымыз керек. Егер бір-біріміздің көңілімізді аулап, бір-біріміздің мақсат-мүдделерімізге түсінушілікпен қарамасақ, біз көп нәрсені жоғалтамыз. Өзімен-өзі болып, саяқ жүретін мэсіхшіл, Құдайдың өзіне тапсырған тапсырмаларын орындай алмайды. Мәсіхшілдерді бір-біріне шексіз сүйіспеншілік, өзара түсінісушілік рухында тәрбиелеу, бізді басқаларға сезімтал және ықыласты етіп Құдайға қызмет етуге деген ниетімізді нығайтады.
Мәсіхшілер бірге бас қосқанда, бір-бірімен тілдесім-сұхбат кезінде Жаратушы Иенің өзінің пенделеріне деген ыстық ықыласты сүйіспеншілігі, адамдарды ақтап алу туралы ақиқи шындық туралы сөз сабақтап, әңгіме ететін болса, олардың сенімі күшейіп, рухани жан дүниесі байи түседі. Осындай кездерде адамдардың бір-біріне деген ілтипаты күшейіп, олардың арасында өзара түсінісушілік, оларды біріктіретін ортақ мақсат, құдіреті күшті Құдай Иеге деген риясыз сүйіспеншілік сезімдері күшейе түседі.
Иса Мәсіхтің бізге деген қамқорлығын көргенде, әр кезде Құдай туралы еске алсақ, біздің ойымыз барлық уақытта Оған бағытталар еді де, біз Ол туралы әңгімелеп, Оны ұлылап қуаныш табар едік. Біз өзіміздің жердегі істеріміз туралы айтамыз, өйткені олар бізді қызықтырады. Біз достарымыз туралы айтамыз, өйткені оларды жақсы көреміз, және олармен қуаныштарымыз бен қайғыларымызды бөлісеміз. Бірақ достарымызға қарағанда, Құдайды жақсы көруге, сансыз көп себептеріміз бар. Жаратушы Ие туралы ой толғау, Оның жарылқауы туралы, Оның күші туралы әңгімелеу — міне, біз үшін ең керектісі осы болуы керек. Құдай Әке бізге қажеттінің бәрін беріп, игіліктерді сый етті. Осының өзі біздің ой-санамызды билеп, жүректерімізді жаулап алып, біздің өміріміз кімге тән екенін мүлде ұмыттырып жіберу үшін берілмеген. Керісінше, біздің иеленген байлықтарымыз бен игіліктеріміз әрдайым Жаратушыны есімізге алуымызға ықпал етіп, бізді көктегі Әкемен - көктегі Берушімен шексіз сүйіспеншілік пен алғыс сезімдерінің берік дәнекерімен жалғастыруы керек. Біз жердегі өмір туралы өте көп ойлаймыз.
Құдіреті күшті Құдайдың ұлы даңқымен Мәсіхтің жүзі нұрлы жарыққа бөленген Аспандағы ғибадатхананың ашық тұрған есігіне көз жіберіп көрейікші. "Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады" (Еврейлерге. 7:25).
Құдайдың "Оның қайырымдылығы мен мейірімділігі, адамзат баласы үшін жасаған ғажайып істері үшін" (Зәбүр жырлары. 106:8) ұлылап, мадақтайық! Біздің діни өміріміз үшін Жаратушы Иенің жарылқауын тілеп, соған жауап күтумен ғана шектелмеуіміз керек. Біз әрдайым өзіміздің игілігіміз, мұқтаждықтарымыз туралы ғана ойлап, өзімізге Жаратушы Иеміздің нәсіп еткен игіліктері туралы ұмытуымыз дұрыс емес. Біздер өте сирек сиынамыз, сиынғанның өзінде, біз алғыс сезімдерді білдіруге, мадақтауға келгенде, сараңсып қалатынымыз бар. Күн сайын Құдайдың қайырымдылығы мен шапағатын көріп отырсақ та, Оған алғыс сезімдерін білдіріп, ұлылау, мадақтауды аз айтамыз.
Ертеде Құдай Өзіне құлшылық етуге жиналған Израйлдіктерге былай деп бұйырған: "Өз Жаратушы- ларыңның алдында, Құдай Иелеріңнің арқасында өз қолдарыңмен жасағандарыңның және Оның нәсіп еткен игіліктерінің қуанышы үшін өздерің, бүкіл отбасыңмен бірге ішіп-жеп, көңіл көтеріңдер!" (Заңның қайталануы. 12:7). Құдайдың даңқын дәріптеу үшін жасалғандардың бәрі де жабырқап, мұңаю, қайғы-қасірет үстінде емес, зор қуаныш үстінде, мадақтау әнұрандарын, алғыссөздер айту түрінде өтуі керек.
Біздің Құдайымыз - қайырымды да мейірімді Әке. Оған құлшылық ету, біз үшін куанышсыз, ауыртпалықты іс болмауы керек. Құдайға құлшылық етіп, ол істерге қатыса отырып, біз шынайы қанағаттанғандық сезімдеріне бөлене аламыз. Өз балалары үшін ұлы Құтқарушылық істерін жасаған Құдай Ие, Өзіне балаларының қатал, талапшыл Әмірші ретінде қарағанын жөн көрмейді. Құдай — біздің ең сенімді де ізгі Досымыз. Біз Оған құлшылық етуге жиналған кезде, Ол бізбен бірге болып, бізге батасын беріп, жұбатқысы келеді, біздің жүректерімізді қуанышқа, шексіз сүйіспеншілікке бөлегісі келеді. Жаратушы Ие, балаларының Өзіне құлшылық етуі, оларга ауыртпашылық түсірмей, қайта оларға жүбаныш әкеліп, зор қанағаттанғандық сезіміне бөлегенін қалайды. Жаратушы Өзіне ғибадат етіп, құлшылық жасау үшін ғибадатханаға келгендер, осы Киелі орыннан Тәңірілік сүйіспеншілік, ізгі қамқорлық жайлы асыл ойларды шынайы жүректерімен, жан дүниелерімен қабылдап, осы тілдесімнің нәтижесінде, өздерінің күнделікті өмір тіршіліктеріне ерекше шабыт беретіндей күш-қуат, рахаттану сезімдерін, сергектікті бойларына жинақтап, осы жерден алған берекелі, рахат сезімдерінің арқасында, барлық істерде де адалдық, дұрыстық, ақиқаттық іс-амалдар жасағанын қалайды.
Біз айқыш ағаш алдында бас қосып, бірігуіміз керек. Осы айқыш ағашқа керіліп, адамдардың мәңгілік өмірі үшін, өзінің жанын пида еткен Иса Мәсіх біздің әңгімеміздің негізгі арқауы, ең асыл да қуанышты сезімдеріміздің бастау бұлағы болуы тиіс,
Біз Құдайдан алған әрбір батаны еске алуымыз қажет. Оның бізге деген шексіз де риясыз сүйіспеншілігін тереңінен түсінген кезде, біз бәрін де айқыш ағашқа қолы шегеленген Құтқарушымыздың қолына береміз.
Құдаймен осылайша сұхбаттасып, тілдесімге келудің арқасында, мадақтаудан қанат біткен рухымыз аспанға шарықтап, әуелей түсетін болады. Аспан әлемінің тұрғындары ән мен музыканы қоса отырып, Құдайға құлшылық етеді. Ал бар жан дүниеміздің қалауымен жүрегімізді жарын шыққан шынайы сезімдерімізбен Құдайға алғыс, мадақтау сөздерімізді жолдайтын болсақ, онда біздің Оған осылайша ғибадат-құлшылық етуіміз, көктегі жауынгерлердің ғибадат-құлшылық етуіне ұқсайтын болады. "Мадақтау сөздерін кім құрбандыққа әкелген болса, сол адам Құдайды әркез еске алып, құрметтейді" ( Зәбүр жырлары. 49:23). Құдайдың алдына киелі қуаныштарымызбен барайық! Оған "шат-шадыман болып, шүкіршілікпен шырқалған әнге бөленетіндей қуанышпен" тағзым етейік! (Ишая. 51:3).
КҮДІКТЕРІМІЗДІ НЕ ІСТЕЙМІЗ?
Мәсіхшілдік жолына жаңадан түсқен адамдардың арасында өздерінің күдіктерінің салдарынан қиналып жүргендер де бар.Киелі Кітапта олар түсініп, ажырата алмайтын жайлар көп. Әзәзіл шайтан осы жағдайды пайдалана отырып, олардың Киелі Жазбаға деген сенімдерін шайқалтқысы келеді. Ондай адамдар: "Мен сенімді жолды қалай табамын, егер Киелі Кітап шынымен Құдайдың Сөзі болса, онда менің көкейімде жүрген түсініксіз ойлар мен күдіктерден қалай арылуыма болады?- деген сұрақтарды жиі қояды.
Құдай біздің сенімімізді бекіту үшін бұлтартпас дәлеледерді жеткілікті түрде бермеген болса, онда Ол ешуақытта біздің Өзіне сенуімізді сұрамаған болар еді. Жаратқан Иенің болмысы, Оның мінез-құлқы, Оның шын мәнінде бар екендігі, Оның Киелі Сөзінің ақиқи шындық екендігі, біздің ақыл-ойымыз бен жан дүниемізді тебірентетін дәлелдемелер мен куәліктер негізінде дәлелденген. Осындай бұлтартпайтын дәлелдемелер жеткілікті. Жаратушы Ие осындай күдіктер болмайды деп есептемеген. Біздің сеніміміз дәлеледемелерге негізделуі тиіс. Мұндай дәлеледемелердің ерекше бір құбылыстарға байланысты болуы міндетті жай емес. Күдікті іздеушілер, күмәндану үшін себеп табады. Ақиқи шындықты білгісі келгендер, өзінің сеніміне негіз болатындай дәлеледемелерді жеткілікті түрде таба алады.
Біздің шектеулі ақыл-ойымыз шексіз Құдайдың ісі мен болмысын, мінез-құлқын толық түсіне алмайды. Ең зерек және білімдар адам үшін де Қасиетті Өмір Иесі барлық уақытта тереңіне жете алмайтын құпия күйінде қалады. "Сен зерттеу арқылы Құдайды үғынып, таный аласың ба? Бәрін билеп, Ұстаушыны толықтай түсіне аласың ба? Ол аспандардан да жоғары-не істей аласың? Тамұқтардан да терең-не біле аласың?" (Әйуп. 11:7-8).
Елші Пауыл былай деген:
"О, неткен бай Құдайдың даналығы,
Неткен терең Оның білік парасаты! Шешімдеріне адамның ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!"
(Римдіктерге. 11:33).
"Бұлттар мен қараңғы дүние — Оның айналасы, Оның тағының нағыз тірегі — ақиқи шындық және әділ сот". (Зәбүр жырлары. 96:2). Жаратушы Иеміздің өзімізге деген қарым-қатынасында әрдайым басшылыққа алып отыратын ой-ниеті,өзімізге көрсететін қамқорлығы туралы ой толғай отырып, біз Оның құдіретті күшімен астасып жататын шексіз сүйіспеншілік сезімдерін және мейірлі шапағатымен жарылқай білетін рақымшылдығын көреміз. Біз Жаратушы Иеміздің ой-ниетін, өзіміздің игіліктеріміз үшін қажетті қызмет шеңберінде ғана түсіне аламыз. Одан басқасын, өзімізді шексіз де риясыз сүйіспеншілік сезімге бөлеп, аялайтын құдіреті күшті Құдай Әкемізге сеніп тапсырамыз.
Құдай Сөзі оның Тәңірілік авторының мінез-құлқы сияқты, ешкімнің ешқашан зерттеп, терең сырларына бойлай алмайтындай құпия болып табылады. Әлем дүниесінде күнәнің пайда болуы, Мәсіхтің адам кейпінде көрінуі, өлілердің қайтадан тірілуі, қайта туу, Киелі Кітапта баяндалған басқа да көптеген оқиғалар мен құбылыстар өте терең құпия болғандықтан, адамзат баласының толықтай әрі терең үғынып, түсінік беруіне қиын тиеді. Осыған байланысты Құдайдың Сөзі тұргысында, күмәнданушылық сезімдеріне көңіл тоқтатудан мүлде аулақпыз. Өйткені Құдай Сөзінің терең ақиқатын түгелімен түсініп білген жоқпыз. Айналамызды қоршаған табиғат аясында да аяғына дейін түсіне алмайтындай құпия сырлы құбылыстар қөп-ақ. Өміріміздің әдеттегідей қарапайым сәттерінде де біздің түсінуімізге қиын тиетін жұмбақ жайларға жиі-жиі кездесеміз. Рухани дүниеде де біздің түсінігімізге және түсіндіруімізге қиын тиетін құпия құбылыстардың бар екендігіне таңдануымыз керек пе? Бар қиындық пен күрделілік - адамның ақыл-ойының шектеулі екендігінде. Киелі Жазбалардың шығу тегінің Тәңірілік сипаты туралы тартымды да ұғынықты дәлелдемелер бар. Біз Құдай Сөзінің барлық құпия сырларын тереңінен үғына алмағандықтан, күмәнданудан аулақ болғанымыз жөн.
Киелі Жазбада елші Петір былай деп жазған болатын: "Оларда бірқатар түсінуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлім алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелі Жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсіндіреді. Сол арқылы олар тозаққа түсулеріне өздері себепші болады" / 2 Петір. 3:16/. Егер Киелі Кітапта Құдай туралы тек біз түсіне алатындай жайларды ғана мәлімдейтін болса, қарапайым адамдардың шектеулі ақыл-ойлары Оның ұлылығы мен құдіреттілігін аяғына дейін толықтай түсіне алатын болса, онда бұл кітап Тәңірілік авторластық деген жанама атақты еншілейтіндей мөрге ие болмас еді. Бұл Кітаптың ұлылығы және оның мазмұнының желісіндегі орын алған құпиялық сыр, осы туындының шын мәніндегі Құдайдың ақиқи Сөзі екендігін дәлеледейді.
Киелі Кітап жай, қарапайым сөздердің өзінен адамдардың қажеттіліктері мен сұранымдарын қанағаттандырып, асыл армандарына жауап бере алатындай және білім деңгейлері өте жоғары адамдардың өзін таңдандырып, сүйсіндіретіндей ақиқи шындықтың бетін ашады. Бұл кітапты Құдайға мойын ұсынғандар мен білімдері таяз адамдар да беріле оқып, ізгілікті әсерге бөленіп, құтқарудың ақиқи жолын табады. Киелі Кітап беттеріндегі қарапайым, ақиқи сөздер, адамның білім деңгейінен жоғары тұратын, жоғары рухты, ұшы-қиыры жоқ, терең шындықтар туралы сыр шертеді. Соның өзінде де біз сол қиын ойларды түсінеміз. Өйткені осы ақиқи шындықты Құдайдың өзі ашқан. Құдайдың құтқару жоспарлары өте айқын: Құдайдың алдында күнәларымыз үшін өкініп, тәубеге келу, Исаға сену - біздің алдымыздан құтқарылу жолын ашады. Осы ақиқи шындық түсінікті болғанымен де, оның тереңінде Тәңірілік даңқ пен ұлылықтың, адамдардың ақыл ойлары арқылы ешқандай зерттей алмайтындай даналықтың құпия сырлары жатыр. Осы құпия сырлар сенімге деген ерекше құрмет сезіммен әрдайым ізденіс үстінде жүрген адамдардың жүректеріне қуаныш, сенім рухын ұялатады. Олар неғүрлым Құдай сөзін тереңірек зерттеген сайын, бұл Кітаптың тірі Құдайдың Сөзі екендігіне деген сенімдері де солғұрлым нығая түседі. Сөйтіп, адамзат баласы Тәңірілік аян алдында құрметпен бас иіп, мойын ұсынады.
Інжілдік Ұлы шындықты толық түсінуге деген қабілетсіздігімізді мойындай отырып, біз өзіміздің қарапайым ой-санамыз арқылы мәңгілік өмір туралы ақиқи шындықты түгел қамтуға шамамыз жетпейтіндігін, шектеулі білімі бар адам, бәрін өзі біліп тұратын Құдайдың ойлаған ниетін түсіне алмайтындығын мойындаймыз.
Киелі жазбада кездесетін құпия сырлардың барлығын бірдей тереңінен түсінбегендіктен, күдікшілдер мен дінге сенбеушілер Құдайдың Сөзін жоққа шығарады. Алайда Киелі Кітапқа сенеміз деп жүргендердің жартысына жуығы осындай күдіктерден өздерін аулақ ұстайды. Бұл туралы елшілер былай деп жазған: " Бауырластар, сақ болыңдар; ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбей, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!" (Еврейлер. 3:12). Адамдар Киелі Кітапты тереңінен зерттеу арқылы, "Тәңірілік тереңдіктерге" / Қорынттықтарға.2:10/. бойлай біліп, Киелі Жазбада бұл туралы жазылғандарға ерекше ден қойған дұрыс. Алайда "барлық жасырын құпиялықтардың бәрі тек біздің құдіреті күшті Құдайымыздың билігінде" (Заңның қайталануы. 29:29), ал "ашық түрдегі нәрселер біздің меншігімізге" жатады /Заңның қайталануы. 29:29/.
Шайтан адамдардың зерттеушілік іске деген ынта — қабілетінің босаңсуына әсер етеді, кей кездері адамдар інжілдік ақиқи шындық ілімін зерттеп, үйрену кезінде тәкаппарлық танытатын болды. Өйткені ондай адамдар Киелі Жазбадағы ақиқи шындықтың кейбір жалынды сөздерін түсінуге деген қабілеттері жоқ екенін мойындауды өздерін-өздері қорлағандық деп түсінді. Олар Құдайдың еркі бойынша ақиқи шындықты зерделеріне тоқып, түсіне алатын кез туатын уақытты күткілері келмеді. Мұндай адамдар өздерінің бойларында Киелі жазбаларды тереңінен түсіне алатындай даналық қабілеті бар деп есептеді. Бірақ қаншама тырысықанымен де, Киелі жазбаны тереңінен түсіну жонінен жоғары нәтижеге жете алмағандықтан, Киелі Кітаптың беделін жалған деп түсінетін болды. Шынтуайтқа келгенде, Киелі Кітаптың негізінде туындаған көптеген діни және теориялық ілімдер осы Киелі Жазбаның жалпы түрдегі мазмұнына қайшы келетіндігі рас. Осының өзі көптеген адамдардың тарапынан күдік, түсінбестік туғызады. Бұл ретте Құдайдың Сөзінде кінә табылып тұрға жоқ. Бұған Киелі Жазбаны бұрмалаған адамдар кінәлі.
Егер Құдайдың жаратқан пенделері Құдайдың Өзін, Ісін толығынан түсінген болса, онда олар өздерінің таным деңгейін кеңейтіп, ақыл-ойын дамыту үшін, осы Тәңірілік ілімге әрі қарай терең бойлаудың реті мен жолын таба алмай, тұңғиыққа тірелер еді. Онда Құдай аса жоғарғы Болмыс Иесі болып аталмас еді, ал адамдар белгілі бір жетістікке, білім деңгейіне жеткен соң, одан әрі дамымаған болар еді. Бұлай болмағанына шүкір! "Онда даналық пен білімнің бүкіл қазынасы жатыр" (Қолостықтарға, 2:3), бүкіл мәңгілік өмір бойына адамдар оқу, танып білу арқылы білім жинақтайтын болады. Бірақ Оның даналығының, мейірімі мен күшінің ортаймас қазынасын ешқашан да біліп тауыса алмайды.
Құдай Өзінің Киелі Сөздері туралы ақиқи шындықтың Өз халқының алдында осы өмір кезінде ашылғанын қалайды. Мұндай танымға Киелі Рухтың білімі арқылы қол жеткізуге болады. "Мұны Құдай бізге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді", "себебі адамның ішкі құпия сырларын Оның Өз Рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Құдайдың терең ой-мақсаттарын Оның Киелі Рухынан басқа ешкім де білмейді" (1 Қорынттықтарға. 2:11-10). Құтқарушы өзіне ергендерге былай деп уәде етті: "Құдай Рухы келгеннен кейін, сендерді бар шындыққа жеткізеді"; "себебі Менен қабылдап алған хабарларды сендерге жеткізбек" (Жохан. 16:13-14).
Құдай адамдардың ойлау қабілетін дамытқанын дұрыс көреді. Киелі Кітапты зерттеу біздің ақыл-ойымызды тереңдетіп, ойлау қабілетімізді дамытады. Бірақ біз өзіміздің ой-санамызды әспеттеуден аулақ болғанымыз жөн. Өйткені ой-санамыз әлі де болса толығынан жетілмеген, әлсіз. Құдай Сөзін дұрыс түсіну үшін біз жас балалар сияқты қарапайым да риясыз сенім иелері болғанымыз дұрыс. Сонда ғана біздің Тәңірілік терең білімді оқып үйренуге деген құлшынысымыз зор болып, әрқашан да Киелі Рухтан көмек сұрап отыратын боламыз. Құдайдың күші мен даналығын, ұлылығын түсініп, Оның құдіретінің күштілігіне ақылының асқан кемелделігіне терең бойлай алмайтын әлсіздігімізді мойындауымыз Жаратушы Иеге мойын ұсынып, Оның ұлылығын, Тәңірілік болмысын толықтай мойындауымызға әсерін тигізуі тиіс. Біз Оның Киелі Сөзінің беттерін ерекше қастерлей ашып, Оның Өзі дәл жанымызда болғанда қандай сезімде болар едік деп түсінсек, сондай сезімге бөленуіміз керек. Киелі Кітапты оқый бастағанда, біз жанымызда Жоғарғы Сарапшы бар екендігін мойындап, ұлы да құдіретті Жаратушы Иеміздің алдында бас иіп, мойын ұсынуымыз қажет.
Жоғарыда айтылғанындай, Киелі Кітапта түсінуге қиын тиетін жерлері болса, ол адамдар Құдай Сөзін түсінуге шынайы ниет етіп, жүрегімен берілсе, Жаратушы Ие ондай адамдардың саналарына жарық ой береді. Киелі Рухтың тікелей басшылығымен, біз Киелі Жазба сөздерін бұрмалаудың қауіпті екендігін әрдайым жадымызда сақтайтын боламыз. Кейбір адамдар Киелі Кітапты оқығаннан өздеріне ешқандай пайдалы тағылым ала алмайды, ал кей кездері тіпті зиянды әсер алуы да ықтимал. Өйткені бұл Қасиетті Туындыны олар Құдайға сиынып, Оның батасын алмастан-ақ оқый береді. Егер олардың барлық ой-саналары Құдайға бағытталып, Оның еркімен келісімде болмаса, онда адам өздерінің саналарын билеп алған күдіктерінен арыла алмайды. Осындай кездері адамдардың ойлары олардың Киелі Кітаптан оқығандарына теріс пиғылда пайымдауларына әсер ететін әзәзіл шайтанның билігіне өтеді. Егер адамдар осындай оқу кезінде Құдайдың еркімен келісімде болмаса, онда олар қандайлықты білімдар болса да, Киелі Кітапты оқып, зерттеу, түсіну кезінде қатты қателесуі ықтимал. Сондықтан ондай адамдарға сенім артып, олардың берген түсініктерін қабыл алудың өзі қауіпті. Ал Киелі Жазбадан тек қайшылықтарды ғана іздейтін адамдардың рухани түйсігі мен көрегендігі таяз болады. Іс жүзінде қарапайым әрі түсінікті болып келетін мәселелердің өзінен де олар сенімсіздік пен күдік тудыратын себептер тауып отырады.
Қалай жасырғанымен де, мұндай пиғылға бейім болудың түп тамыры күдікшіл адамның күнәға деген бейімділігінде екенін мойындаған жөн. Күнәні жақсы көретін, тәкаппар адамдар және Киелі Жазбаның талаптарына бағынғысы келмейтіндер, осы Киелі Туындының беделіне күмән келтіруге бейім тұрады. Ақиқи шындықты табу үшін, адамдардың сол шындықты табуға және Оған мойын ұсынуға деген ниеті түзу болуы керек. Осындай қалыппен Киелі Кітапты зерттеп, оқып- үйренушілер, бұл туындының шын мәнінде Құдайдың Сөзі екендігіне куә болатындай куәліктерді таба алатын болады. Сөйтіп олар ақиқи шындықты таба отырып, құтқарылу жолын да айқын түсінетін болады.
Мәсіх былай деген: "Оның еркін орындағысы келген әркім, осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады" (Жохан. 7:17). Киелі Кітаптың мазмұнына күмәнданып, өздеріңе түсініксіз болған жерлеріне шұқшиып қазымырлана бергеннің орнына, өздеріңді нұрландырып тұрған жарыққа көңіл бөліңдер, сонда сендер одан да көп жарыққа ие боласыңдар. Сонда сендер Иса Мәсіхтің рақымшылығының арқасында, таза түсініктерің бойынша алдыларыңда тұрған міндеттеріңді орындап, күдіктеніп, күмәнданған сұрақтарыңды түсініп, міндеттеріңді ойдағыдай орындауға мүмкіндік беретін қабілетке ие боласыңдар.
Білімді адамдар үшін де, ең қарапайым адамдар үшін де- барлығы үшін бір дәлелдеме бар - ол жеке тәжірибе күәгерлігі. Құдай бізге Өз Сөзінің рас екенін, және Оның уәдесінің сенімді екенін тексеруімізді қалайды. Ол бізге былай деп үндеу тастайды: "Дәмін татып көріңдер, сонда Құдай Иенің қандай рахымшыл екеніне көздерің жетеді" (Зәбүр жырлары. 33:9). Басқалардың сөзіне ермей, өзіміз дәмін татып, көзімізді жеткізуіміз керек. Ол бізге: "Енді сұраңдар да алыңдар" (Жохан. 16:24) деп уәде еткен болатын. Құтқарушы барлық уақытта Өзі айтқан сөздеріне сенімді. Оның уәделері міндетті түрде орындалады. Оған сенгендердің беттері қайтқан жоқ. Қашан біз Исаға жақындап, Оның толық сүйіспеншілігінен рахат тапқанда, біздің күдіктеріміз бен рухани жан дүниеміздің қараңғылығы Ол бізбен бірге болған кездегі жарықтың әсерінен жоғалып кетеді.
Елші Пауыл былай деп жазған: "Құдай бізді қара түнек билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Мәсіхтің Патшалығына енгізді" (Қолостықтарға. 1:13). Сонда өлімнен өмірге өткен әрбір адам: "Бірақ соны қабылдағандар, Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды" (Жохан. 3:33). Ол былай деп күәлік ете алады: "Мен көмекті керек еттім, оны Исадан таптым. Құдай Ие менің барлық қажеттіктеріме жауап беріп, сусаған, шөліркеген, ашыққан жанымды тойындырды. Ал енді мен үшін Киелі Кітап - Иса Мәсіхтің аян беруі. Неліктен Исаға сенесің?-деп сұрасаңыз, мен: Ол - менің Тәңірілік Құтқарушым,-деп жауап беремін. Неліктен Киелі Кітапқа сенесің?-деп сұрасаңыз, мен: Киелі Кітап менің жан дүниеме үн қатып түрған Құдайдың Дауысы екендігін түсіндім,-деп жауап беремін. Біз өзіміздің жан дүниемізден Киелі Кітап - шындық, ал Мәсіх-Құдайдың Ұлы екендігіне дәлелдеме таба аламыз".
Елші Петір өзінің бауырларын былай деп шақырады: "Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рахымына кенеліп, Оны жақынырақ танып білуде өсе беріңдер" (2 Петір. 3:18). Құдайдың халқы, рахымшылық бойынша өсе отырып, Оның Сөзін өте терең түсінуге мүмкіндік алады, және Оның қасиетті шындықтарынан жаңа жарық, жаңа әдемілікті көруге үйренеді. Ғибадатхана тарихында барлық ғасырларда солай болды, ақыр заманға дейін солай болады. "Тақуалар жолы — күн толысқанға дейін ағара түсетін нұр сәулелі аспанның жарық шырағы іспетті" (Сүлейменнің өсиет кітабы. 4:18).
Біз сенім арқылы болашаққа көз жіберіп, Құдайдың берген уәдесін ақылмен байыптап, ақыл ойымыз бен жан дүние күші қабілеттері Жарығының Бастауымен тығыз байланыста болсақ, жаңа күштерді бойымызға жинақтайтын боламыз. Сонда Құдайдың алдын-ала ескерткеніндей,бізді абыржытатын істер түсінікті болып, сол үшін біз қуанатын боламыз .Сол кезде бізге түсінуге қиын нәрселер түсінікті болады. Біздің шектеулі ақыл-ойымыз, тек абыржу мен орындалмайтын үміттерді ғана көрген жерлерімізден біз жетік әрі толымды үйлесімділікті көреміз.
"Сол сияқты, қазір көргеніміз
Айнадағы көмескі бейне іспетті,
Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз.
Қазіргі білетінім, шектеулі ғана.
Алайда Құдайдың өзімді толық білетініндей,
Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын"
(1 Қорынттықтарға. 13:12).
ҚҰДАЙМЕН БІРГЕ БОЛУ ҚУАНЫШЫ
Өмірлері Исаның қайырымдылығы мен мейірімділігінің куәсы болған Құдайдың балалары, Оның жердегі өкілетті өкілдері бола алады. Исаның бізге Көктегі Әкенің шынайы мінез-құлқын ашқаны сияқты, Иса Мәсіхтің мінез-құлықтары, жеке басының адами қасиеттерін білмейтіндерге, Оның адамдарға деген нәзік сүйіспеншілігі, жанашырлық сезімдері сияқты көркем мінездерін ашып, таныта білуіміз керек. "Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін. Мен бұлармен тығыз байланыстамын, ал Сен Менімен солайсың. Мені Өзіңнің жібергеніңе, Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жету үшін, Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін!", - дейді Иса Құдай Әкеге. (Жохан. 17:18, 23). Пауыл елші Исаның шәкірттеріне былай деп айтқан: "Осы "хатты" қызметіміз арқылы Мәсіхтің Өзі жазып жібергендігі өмірлеріңнен анық көрініп тұр. Ол сиямен емес, мәңгі тірі Құдайдың Рухымен, тас-тақтайшаларға емес, адамдардың жүректеріне жазылды. Жоқ, біздің "хатымыз" өздеріңсіңдер: сендер бәріне белгілі, бәрі де оқитын, жүрегімізде жазылған кепілдігімізсіңдер!" (Қорынттықтарға. 3:3,2).
Өзінің әрбір балалары арқылы, Иса бұл дүниеге хат жібереді. Егер сен Мәсіхтің ізбасарларының бірі болсаң, онда Ол сен арқылы сенің отбасыңа, сенің көршілеріңнің баршасына хат жіберген. Сендердің жүректеріңде, жан дүниелеріңде өмір сүретін Иса, Өзін әлі тани қоймаған жандардың әрқайсысының ой-саналары мен сезімдерін баурап алғысы келеді. Олар, бәлки, Киелі Кітапты оқымайтын да шығар. Осы Кітапта жазылған Құдайдың Сөздері арқылы өздеріне үндеу тастап тұрған Оның даусын естімейтін де болар. Құдайдың істерінен Оның Тәңірілік сүйіспеншілігін Олар көзбен коре алмайды. Егер сендер Мәсіхтің сенімді өкілдері, куәгерлері болсаңдар, онда сендер арқылы Құдайдың қайырымдылығы мен мейірімділігі жайлы адамдар хабардар болып, түсініктері тереңдеп, Оған қызмет етуге, Оны шексіз сүюге деген ынта-ықыластары мен сана-сезімдері оянар еді.
Мәсіхшілдер, Аспан Әлеміндегі Құдайдың Патшалығына барар жолдың жарық нұрлы сәулесін таратушылық сияқты баталы істің өкілетті өкілдері болып саналады. Олар дүние әлемің Мәсіхтен алған жарық нұрлы сәулемен жарықтандыра білулері тиіс. Олардың істері, болмыстары, мінез-құлықтары көркем де игілікті болып, адамдарға Мәсіхтің Өзі және Оның ғибадат құлшылықтары туралы тереңінен түсінік бере алатындай болуы тиіс.
Мәсіхтің шынайы ізбасарлары Оған құлшылық ету ақиқатында қандай тартымды болатын болса, өздерінің ғибадат-құлшылықтарын дәл сол қалыпта жасай алады. Жан дүниелері жабырқап, қайғыға батып, өмірлеріндегі қиындықтарын айтып, шағым жасап жүретін мәсіхшілер, басқа адамдарға Құдай туралы, мәсіхшілдік өмір туралы дұрыс түсінік бере алмайды. Оларды көрген жандар, Құдай Өз балаларының бақытты болып, шат-шадыман өмір сүруін қаламайды екен деп теріс түсінікте қалуы ықтимал.
Құдайдың балалары жақсылықтан үміттерін үзіп, қиындықтың шырғалаңынан шыға алмай, торығып, сенбеушілікке душар болған кезде, сұм шайтан щаттанып, салтанат құрады. Біз Құдайға сенбей, Оның бізді құтқара алатындай құдіретті күшіне күмәндана қарайтын болсақ, онда сұм шайтан бізді табалап, масайраған болар еді. Біз Құдайдың Көрегендігі мен Болжағыштығы бізге зиян тигізуі мүмкін деген күмәнды ойда қалар болсақ, бұл ретте де сұм шайтан мәз-мейрам болып, масайрамасына кім кепіл? Жаратушы Иені мейірімсіз әрі қайырымсыз етіп көрсету үшін, шайтан қолынан келгенінің бәрін істеп бағады. Әзәзіл шайтан ақиқат шындықты бұрмалай отырып, адамдарға Құдай туралы жалған түсініктер береді. Ал біз кейде Құдай жайлы ақиқи шындық туралы ой толғаудың орнына, кейде шайтанның иландырған, жалған түсініктеріне еріп, Құдайға сенімсіздікпен қарап, Оған наразылық білдіреміз. Осының өзі Құдіреті күшті Құдайға жасалған масқарашылдық қиянат болып саналады. Шайтан әрдайым діни өмірді қаралауға тырысып бағады. Ол діндарлардың өмірі қиындық, азапқа толы болғанын қалайды.
Көптеген адамдар өздерінің кемшіліктері, қателіктері, түңілушіліктері туралы тым көп ойлайды. Осындай сәттерде олардың жүректері жабырқап, қайғы-қасіретке толады. Мен Еуропада болған кезімде, осылайша өмірден түңіліп, жапа шеккен бір діндес сіңілімді кездестірген едім. Ол маған өзіне басу айтып, көңілін тыныштандыруымды өтініп, хат жазыпты. Сол хатты алған түні мен түс көрдім... Түсімде үлкен сая бақ көріппін. Сол бақтың қожайыны болуы керек, бір бейтаныс адам мені бақ ағаштарының араларындағы соқпақтарды аралатып жүрді. Мен жайқалып өскен бақ ағаштарының араларындағы алаңқайларда өсіп тұрған алуан түсті, көздің жауын алардай әсем гүлдерді теріп алып, оның адамның жан сарайын ашардай жұпар иісін көкірегімді кере иіскеп, рахатқа батып жүр екенмін. Осы сәт менің жанымда келе жатқан сіңлім, біздің жүрген жолымызда өскен тікенге көңіл аударды. Бұл тікендер оның жүруіне богет бола берді. Ол қожайын сияқты, жалғыз аяқ соқпақпен емес, шомырт тікенді бұталар мен тікенектер қалың өскен жерлермен жүріп келеді екен. "Мынадай гүлдей жайнаған бақтың көркін, мына шомырт тікенді бұталардың бұзып тұрғаны қандай өкінішті!" - деп уайымдады жаңағы сіңлім. Сол кезде жол бастап келе жатқан қожайын оған: "Ол тікенектерге жолама, қолыңды жарақаттап аларсың; одан да райхан, қалампыр, лала гүлдерін жинап, солардың әсем сұлулығына қарап, рахаттансаңшы," - деді...
Біздің жүрегіміз Киелі Рухтың әсерімен атша тулап, өзіміз мамыражай, рахатқа бөленген кез біздің өмірімізде аз болды ма? Мұндай сәттер пәк тазалықтың, шадыман шаттықтың белгісі емес пе еді? Өткен өміріміздегі бастан кешкен оқиғаларға ой жіберген кезде, сол өмірде қандай да бір бақытты шаттықты сәттер болмады ма? Құдайдың бізге берген уәдесінің жемісі - біздің өмірлік жолымыздың екі жағын қуалай өскен, хош иісті әсем гүлдер емес пе? Осындай өмір гүлдерінің хош иісі мен тылсым сұлулығы сендердің жүректеріңді қуанышқа бөлеп, жан дүниелеріңді көркейте түспей ме?
Тікенектер сендердің денелеріңді жарақаттап, ауыртады. Егер сендер осындай тікенектерді өздерің қолдарыңмен теріп, өзгелерге де теруді ұсынып, тікенекті жермен жүретін болсаңдар, онда сендер өздерің Құдайдың мейірлі шапағатын ескерусіз қалдырғандарыңмен қоймай, өзгенің де өмірдің ізгі жолдарымен жүруіне кедергі болғандарың.
Өткен өмір өткелдеріндегі біздің істеген күнәларымызды, өмірден түңілген кездерімізді ойлап, солар туралы айтып, жылап-еңіреп, қайғы-қасіретке бата беру — ақылға сыймайтын қылық. Мұңайып, сары уайымға салынып жүретін адамның өмірін қараңғы түнек басады, ондай адам Құдайдың нұрын шашқан ақ сәулесінің жарығы, өзінің жүретін жолын самаладай жарық нұрына бөлегеніне кедергі жасайды, сонымен бірге өзгелердің де жолдарына көлеңке түсіреді.
Құдайдың бізге сыйлаған қуанышты сәттері үшін, Оған мың сан алғыс айтыңдар, Оның Ұлылығын, құдіретті Күшін ардақтап, дәріптеңдер! Біз өз өмірімізге зерделі түрде көз жібере отырып, Жаратушы Иенің бізге деген риясыз да шексіз Тәңірілік сүйіспеншілігіне дәлел боларлықтай, барлық куәліктерді бірегей жинап, сол ізгілікті істерге әрдайым ерекше көңіл бөліп, қарап отырайық. Адамдарды шайтанның күшінен кұтқарып қалу үшін, Тәңірілік табиғатын адамның кейпіне келтіре отырып, Өзінің Көктегі Әкесінің тағын қалдырған Құдайдың Ұлы туралы ойлайық; Исаның адамдардың Жаратушы Иеге деген шексіз сенімі арқылы Құдайдың даңқы мен ұлылығының Патшалығын көруіне мүмкіндік туғызу үшін, Көктің сырын ашып, біз үшін қол жеткізген жеңістер салтанаты туралы ойлайық. Күнәға батқан адамдардың күнәлары өтеліп, құтқарылғандығы, сөйтіп, олардың Жаратушы Иемен қайтадан келісімге келгені, Ақтап Алушыға деген сенім арқылы құдіреті күшті Құдайдың сынағынан өткендер, Мәсіхтің тақуалығын бойларына дарытып, Оның тағына таңдана қарайтыңдар туралы еске түсірейік. Міне, осылардың бәрі - бізді ой түйіндеуге, пікірлерімізді пайымдауға шақыратын, біздің білуімізге тиісгі ақиқи шындықтар. Құдайдың риясыз да шексіз сүйіспеншілігіне күдікпен қарасақ, Оның берген Уәделеріне сенбесек, біз Оның абыройына қиянат етеміз, және Қасиетті Рухты ренжітеміз. Егер балалары аналары өздерінің жағдайына қарап, қайырымдылық жасамайтындығына үнемі шағым жасаса, онда анасы бар күш-жігерлерін жұмылдыра отырып, баласының бақытты болуы үшін еңбектене ме? Егер балалары аналарының өздеріне деген аналық сүйіспеншілігіне күдікпен қарайтын болса, ананың жүрегі жараланады емес пе? Кез келген адам өздеріне балалары осылай атүсті қараса, өздерін қалай сезінер еді? Сол сияқты Көктегі Әкенің біздің мәңгілік өмірге ие болуымыз үшін, Өз Ұлының жанын қиюға мәжбүр еткен Тәңірілік сүйіспеншілігіне күдікпен қарайтын болсақ, Ол біз туралы қандай ойда болар еді? Елші былай деп жазады: "Ол Өзінің жалғыз Рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?" (Римдіктерге. 8:32). Дегенімен де көптеген адамдар сөздерімен айтпаса да, істерімен жоралай отырып: "Құдай Ие мұны маған арнаған жоқ. Мүмкін Ол мені емес, басқаларды жақсы көретін болар" - дегенді айтады..
Мұндай пиғылдардың бәрі біздің жан-дүниемізге кір келтіреді, сұм шайтанның азғыруына көңіл аударуымызға себеп болады, өйткені күдікпен айтылған әрбір сөз біздің сеніміміз таяз екендігін білдіріп, періштелерді ренжітеді, сондықтан олар бізді тастап, көзден ғайып болады. Сендерді сұм шайтан алдап- азғырған кезде, ешқашан күдіктеніп немесе түңілгендік пиғыл білдіруші болмаңдар. Егер оның сыбырлап, азғырғанына құлақ асатын болсаңдар, сендердің саналарыңды сенбеушілік пен наразылық сияқты күмәнды ойлар билеп алады. Ал осындай күмәнді ойларың туралы сендер басқа біреулерге айтатын болсаңдар, онда сендер айналаларыңдағы адамдардың санасына күдік пен сенімсіздік ұрығын сеуіп, осы кикілжіңнің олардың өмірлеріне кеселін тигізуіне себепкер боласыңдар. Сендердің сөздеріңнің әсері оларды түзелместей кеселге душар етері хақ. Сендер, мүмкін, шайтанның азғыруынан құтылып, оның тұзағынан тез-ақ құтылып кетерсіңдер. Ал басқалары — бір тоқтамға келе алмай, сендердің ықпалдарыңмен ауытқып, қобалжып жүрген адамдар, сендердің әсерлеріңмен себілген күмәнды ойлардан арыла алмауы мүмкін. Сондықтан да адамдармен сұхбаттасқанда, оларға рухани күш және бақытты өмір беретіндей ізгі ниетті әңгімелерді айтқандарың жөн. Періштелер біздің Аспандағы Мұғаліміміз туралы, осы әлемде айтып жүрген ізгі Хабарларымызды ерекше ынтамен тыңдайды. Сондықтан Аспандағы Әке алдында біз үшін куә болу мақсатымен барлық уақытта тірі Жақтаушымыз жайында көбірек әңгімелейік. Бір-біріңмен амандасқанда, сендердің жүректерің және ауыз екі айтқан сөздерің Құдайға деген марапат, мақтау сөздерге толы болсын. Мұның өзі барлық ойды Иса Мәсіхке бұратын болады.
Барлық адамдардың бастарынан сындарлы сәттер, қайғы-қасірет оқиғалары өтеді. Сонымен бірге олардың өмірлерінде азғырып, алдаудың шырмауына түсіп, одан оңайлықпен құтыла алмай, шырғалаңға түсіп, қиналатын сәттері де болады. Бұл ретте сендер өздеріңнің бастарыңнан өткен осындай қиындықтарды жай қарапайым адамдарға айтпағандарың жөн. Оның есесіне Құдайға ғибадат етіп, дұға-тілектеріңді бағыштаған кезде, жандарыңа жайсыз тиген, көңілдеріне кірбің келтірген жайларды Оған түгелдей айтып бергендерің ләзім. Жабырқау күйіңізбен өзіңіздің жаныңызды түңілтіп жүрген ойларыңыз бен күдіктеріңізді сыртқа шығарып айтпауды өзіңіздің өміріңіздің бұлжымас заңына айналдырғаныңыз жөн. Сіздің жанға жайлы тиетін үміті мол құптау сөздеріңіз өзгелердің өмірлеріне нәр беріп, олардың күш-жігерлерін тасыта түсері сөзсіз.
Көптеген әлсіз жандардың жан-дүниелері жаншылып азғырулар мен алдаудың тұзағынан арыла алмай жүреді. Олар өздерінің менменшілдігінің кесірінен, зұлымдықпен күрес кезінде, күйректік танытып, зұлымдық күштерден жеңіліс табуы ықтимал. Осындай күйге түскен адамдарға сүйеніш көрсетіп, олардың өз өмірлерін көркейтіп, өзгелердің де өміріне қуат бере алатындай күші бар екендігіне үміттендіре сөйлеп, басу айтып қойған жөн. Сол кезде Мәсіхтің сәуле шашқан нұры сендердің өмірлеріңе жарығын мол түсіретін болады. "Ешқайсымыз тек өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз де, өлмейміз де" (Римдіктерге. 14:7). Біздің ықпалымыз басқаларға қандай болатыны туралы біз біле бермейміз. Кей кездері біздің әсерімізден өзгелер қуат алып, сенімдері нығая түссе, ал кейбіреулер керісінше қайғы-қасіретке түсіп, Мәсіхтен және Ол туралы ақиқи шындықтан алыстай түседі.
Кейбір адамдардың Иса Мәсіхтің өмірі және мінез-құлықтары туралы ақиқи түсініктері жоқ. Олар Мәсіхті өмірге деген құштарлығы, жарқын жүзділігі, жүрек жылулығы жоқ, қатал да қатігез, мұңға батқан жан деп ойлайды. Осыған орай кейбір мәсіхшілердің өмірлері қараңғы да көмескі тартып көңілсіз күйге түседі.
Көп адамдар Иса бір кезде жылады ма, немесе езу тартып күлді ме? деген сұрақтар төңірегінде көп ойланады. Біздің Құтқарушымыз, шын мәнінде - ауыруларды барлап, жоя білген қайғылар Ері. Ол жүректерін мұң басқан, қайғы-қасіретке ұшыраған адамдарды жұбатып, олардың жүректерінде үміт сәулесін тұтата білді. Өз өмірін құрбан ете отырып, қамқорлық жасау және біреудің қайғысына ортақ болуды мойнына алды. Соның өзінде де Оның жаны жабырқап, жігері жасыған жоқ. Оның жүзінен қайғының немесе ренжіштің табы да байқалмайтын. Әрқашанда Оның жүзінен байыптылықтың және салмақтылықтың нышаны аңғарылатын, Исаның жүрегі - өмірдің бастауы. Ол қайда келсе де, Өзімен бірге тыныштық, қуаныш және бақыт әкелетін. Құтқарушы әрқашан байыпты да байсалды түрде алға қойған мақсатына талпына білетін, жігерлі де қайсар болды. Ешқашан да қабағы түнеріп, мұңайып отырған емес. Оның шәкірттерінің өмірі де, мақсаткерлік, жеке басының жауапкершілігін жете түсінушілік сияқты ізгі қасиеттерге толы еді. Жеңіл ойлылық, көңіл көтеру, дөрекі әзіл айту түбірімен жоғалды. Иса Мәсіхтің діні татулық, қуаныш, бақыт әкеледі. Бұл дін суы кемерінен асып жатқан, толқынсыз, тыныш өзенді көз алдыңа елестетеді. Ол қуаныш нұрын өшірмейді, шалқыған қуанышты көңіл-күйін баспайды, күлімсіреген жадыраңқы жүзді адамның жүзіне көлеңке түсірмейді. Иса Мәсіх жер бетіне келгенде, өзгелердің Өзіне қызмет көрсетуін қалаған жоқ, керісінше, Өзі өзгелерге қызмет етуді қалады. Егер сіздердің жүректеріңізде шынайы сүйіспеншілік өркен жайган болса, онда біз Құтқарушының үлгісі бойынша өмір сүретін боламыз.
Егер біз әрдайым басқа біреулердің қайырымсыздық немесе әділетсіздік іс-амалдары туралы ойлайтын болсақ, онда біз оларды Мәсіхтің бізді жақсы көргеніндей дәрежеде жақсы көре алмаймыз. Егер біз Мәсіхтің бізге деген шексіз сүйіспеншілігі мен аяушылық сезімдері жайлы еске алып, жиі-жиі сөз қозғайтын болсақ, соның ықпалымен біз өзіміздің айналамыздағы адамдар мен жақын туыстарымызға, Исадан көріп, білген өнегелерімізге сай, риясыз сүйіспеншілік сезімімен қарап, олармен ізгілікті қарым-қатынаста боламыз. Біз өзіміздің бойымызда кездесетін кемшіліктер мен олқылықтарға қарамастан, бір-бірімізге ерекше ілтипаттылық, сыйласымдылық тұрғдағы қарым-қатынаста болуымыз керек. Әркім өзінің мінез-құлықтары мен іс-амалдарына сын көзбен қарап, әрдайым өзін-өзі тежеп отырғаны, өз бойында шыдамдылық, өзгелердің кемшіліктеріне кешіріммен қарай білушілік сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыруға тырысқандары ләзім. Осының өзі біздің менменшілдік сияқты жағымсыз қасиеттен арылып, мейірбандық, ақ көңілділік, адамгершілік сияқты көркем қасиеттерді бойымызға сіңіруімізге ықпал етеді.
Зәбүр жыршысы былай деп жазады: "Құдай Иеге сенім арт және қайырымдылық жаса; жерде өмір сүр және ақиқи шындықты сақта" (Зәбүр жырлары. 36:3). "Құдай Иеге сенім арт!" Әрбір жаңа күн өзіндік ауыртпашылықтар, қам-қарекеттер мен қиыншылықтар әкеледі. Басымыз қосыла қалса, біз көбіне көп өзіміздің басымызға түскен ауыртпалықтар жайлы әңгімелейміз. Осындай кезде біздің жан дүниеміз түршігіп, абыржимыз. Осындай көңілді жабырқатар жайлардың бізге жағымсыз әсер ететіндігі сондайлықты, біз өзіміздің қайырымды да мейірімді Құтқарушымызды қаперімізден шығарып аламыз. Ал біздің айналамызды қоршаған адамдар бізді шексіз сүйетін, біздің қамымызды жеп, аяушылық білдіретін, біздің өтініштерімізді ынтамен тыңдап, қиын сәтте көмек жіберуге даяр Құтқарушымыз жоқ деп ойлауы мүмкін.
Кейбір адамдар әрдайым қорқыныш және абыржу жағдайында жүреді. Оның бер жағында олар күнделікті Құдайдың шексіз сүйіспеншілігін дәлелдейтін бұлжымас дәлелдерді көріп, Оның ұлан-асыр сыйларын пайдаланады. Сөйте түра, Құдайдың рахымшылығы мен берекелі шапағатын аңғармайды. Олардың ой-саналарын болашақтарына қауіп төндіретіндей қиыншылықтар туа ма? - деген күдік пен үрей билеп алған. Осындай көңілсіз ойлармен саналары әбден шырмалған адамдар, айналасындағы Құдайдың берген игіліктерін аңғармай, сол игіліктер үшін Оған алғыс айтуды ұмытқанын да аңдамай қалады. Олардың бастарына түскен қиыншылықтары өздерінің мазаларын алғаны былай тұрсын, олардың өздерін жәрдем беретін жалғыз бастау Бұлақ - Құдайдан алыстата түседі.
Біздің осылайша сенімсіздік білдіруіміз дұрыс па? Иса - біздің айнымас, досымыз және біздің бүкіл игілігіміз үшін мүдделі! Сондықтан өмірдің күйкі тіршілігін күйттеп жүріп, күнделікті кездесіп қалатын ірілі-ұсақты сергелдеңдер мен үрей-қорқыныштарға бола, жүректеріміздің толқып, қобалжығанына жол бермейік! Күнде ашуланып, асып-сасып, абыржуға себеп табыла береді. Уайым-қайғыға түсе берсең, жан сезіміңе ауыртпалық түседі, сындарлы сәттерде бізге зиянды әсерін тигізіп, күйректікке душар етеді.
Кейде күнделікті тұрмыс жағдайында сәтсіздіктер кездесіп, соның салдарынан шығынға батқандықтан, үмітің жоғалып, алдағы өмірің көмескі және келешексіз болып көрінуі ықтимал. Мұндайда ұнжырғаң түсіп, қамығушы болма! Басыңа түскен тіршілік қамын Құдайға тапсырып, өзің уайым-қайғысыз шат-шадыман өмір сүре бер: Құдайға сиынып, Одан өзіңе кемелді ақыл, даналық беруін, өз ісіңе сәттілік, береке беріп, шығын шегуден сақтауын сұрап, дұға-тілектеріңді бағышта! Оңды жетістіктерге жету үшін, қолдарыңнан келген мүмкіншіліктеріңнің бәрін жұмылдыра біліңдер. Иса Мәсіх бізге көмек беретіндігі туралы уәде еткен. Бірақ өзіміз де қарап қалмай, бар күш-жігерімізді жұмылдырғанымыз абзал. Егер сендер өздеріңнің теңдесі жоқ күші бар Көмекшілеріңе толығымен сеніп, өздеріңнің тарапыңнан қолдарыңнан келгеннің бәрін - Құдай сүйер іс-амалдарды істеген болсаңдар, онда бәрі дұрыс болғаны - болашаққа зор үмітпен қарауларыңа болады.
Құдай Әке өз балаларының күнделікті күйкі тіршіліктің құлы болып, тұрмыс қамының ауыртпалығына белшесінен батып, қиындық көргендерін қаламайды. Біздің Жаратушымыз бізді ешқашан алдамайды да. Ол бізге: "Қорықпаңдар! Сендердің жолдарыңда еш қауіп кездеспейді" - деп алдаусыратпайды. Өйткені Ол сендердің өмір жолдарыңда қиындықтардың да, қауіп-қатердің де кездесетінін жақсы біледі. Ол туралы бізге ашығын айтады. Құдай озінің халқын күнә мен жауыздық әлемінен алып алмайды.
"Сен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр! - деп сұрап тұрмын" (Жохан. 17:15). "Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда, батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!" (Жохан. 16:33).
Таудағы өткен уағыздарының бірінде, Мәсіх өз шәкірттеріне Құдайға сену қажеттігі жайлы ғибраты мол көптеген уағыздар айтты. Бұл өсиеттер Құдайдың балаларының барлық уақыттарда жігерлі де қайратты болулары үшін айтылған. "Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, оны орып, қамбарға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!" (Матай. 6:26) - деген сұрақ қояды шәкірттеріне.
Құдіреті күшті, Ұлы Құдай Өз қолдарын алысқа жайып, Өз жаратқандарының қажетін қанағаттандырады; адамдарға, жан-жануарларға қамқорлық жасайды. Аспандағы құстар да Оның назарынан тыс қалмаған. Ол құстардың қоректенуі үшін дайын жемді тұмсықтарына тоспайды, дегенімен де олардың тіршілік етуі үшін, барлық жағдайды алдын-ала ойластырып, олардың ойдағыдай тіршілік етуін қамтамасыз еткен. Құстар Құдайдың соларға арнап шашқан дәндерін теріп жеуі керек. Қанатты достарымыз өздерінің балапандарына арнап ұя салуы үшін құрылыс материалдарын жинауы, әлі қанаттана қоймаған сары ауыз балапандарын азықтандыруы керек. Құйқылжыта ән сала жүріп, олар тынбастан өздеріне тиісті жұмыстарын істеп жүреді, өйткені "Біздің Көктегі Әкеміз оларды азықтандырады", "Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?" Ойлау қабілеттерің дамыған, саналы түрде Құдайға бас иіп, құлшылық жасай алатын сендер, құстардан әлдеқайда құнды емессіңдер ме? Біздерді - Өзінің пенделерін Өзінің бейнесіне ұқсатып жаратқан біздің Жаратушы Иеміз, Сақтаушымызға сенім артсақ, бізге қажеттінің бәрін жібермей ме?
Мәсіх далада қаулай өскен гүлдерге Өз шәкірттерінің назарын аударды. Көздің жауын алардай, жауқазын гүлдердің тылсым сұлулығына қарап, адамның жаны қуаныш, рахат сезімдеріне бөленеді. Біздің Көктегі Әкеміз Өзінің адамзат баласына деген риясыз да шексіз сүйіспеншілігінің белгісі ретінде, осындай әсем де хош иісті гүлдерді жаратты. Ол былай деген: "Далада өсіп тұрган лала гүліне қараңдаршы!" Тірі гүлдердің жай ғана сұлулығы, Сүлейменнің үстіне киген сән-салтанатты киімдерінің әдемілігінен де асып түседі. Он саусағынан өнері тамған шебер адамның қолынан шыққан, көздің жауын алатындай әсем киімдерді, Құдай жаратқан гүлдердің табиғи сұлулығымен теңдестіруге болмайды. Иса былай деп сұрақ қойды: "Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді әлбетте одан бетер жақсы киіндірмей ме, сенімі аздар-ау!" (Матай. 6:28, 30).
Жаратушы Ие, Аспандағы Суретшінің бір күн гүлдеп, солып қалатын саналуан түрлі әсем гүлдерді әшекейлеу үшін қолданатын бояуларының түстері қандай нәзік әрі әсем десеңізші! Ал Өзінің бейнесіне ұқсас етіп жарататын пенделеріне көрсететін қамқорлығы қандай! Мәсіх осы сөздері арқылы сенімдері таяз жандардың жүректеріндегі мазасыздық, абыржу, күмәнді ойларын бетіне басады.
Жаратушы Ие Өзінің ұлдары мен қыздарының тіл алғыш және бақытты болғанын қалайды. Иса былай деген: "Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім, осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қоболжып, қорықпаңдар. Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын...!" (Жохан. 14:27; 15:11).
Бас пайдасының қамымен өзіне жүктелген міндеттерден бас тарта отырып, бақытқа қол жеткізуге талаптанушылардың бақыттары ұзақ, баянды болмайды, Ондай бақыт тез-ақ өте шығады, ал оны іздеген адам жалғыздықтан қайғы-қасірет шегеді. Құдайға ғибадат ету, адамды бақытқа, қанағаттанғандық сезімдеріне бөлейді. Мәсіхшілдердің өмірлері екі ұшты, неғайбіл болмайды. Олар орынсыз қайғыланып, түңілу сияқты сезімдерге бой алдырмайды. Мәсіхшілдер бұл өмірдің рахатын көріп, сүйсінгеннің өзінде, болашақтағы мәңгілік өмірдің бақытын күтіп қуанады.
Жер әлеміндегі өмір кезінде-ақ мәсіхшілер Мәсіхпен тілдесімге келгені үшін қуанып, Оның шексіз сүйіспеншілігінің Сәулелі Нұрына боленгенінен рахат тауып, Оның Киелі Рухының өз бойларында болғаны үшін өздерін өздері жұбатады. Бұл өмірдің әрбір кезеңіне қадам басқан сайын біз, Оның Тәңірілік сүйіспеншілігін тереңінен тану тәжірибелерін бойымызға жинақтап, даңқты да бейбітшіл Отанымызға жақындай түсеміз. Сондықтан да біз Оған сенім артып, арқа сүйеушілік қалпымыздан бұлжымайтын болсақ, аз уақыттың ішінде нық сенімге ие боламыз. "Осыған дейін Жаратушы Иеміз бізге көмектесіп келеді" (1 Патшалық. 7:12). Өткен өмірге көз жіберсек, Құдай біздің дұшпандарымыздан құтылуымызға қалай көмектескендігі туралы ұмытылмастай белгілер көз алдымызға келеді. Біз Оның бізге көрсеткен барлық мейірімділіктері мен қайырымдылықтарын: ауруымызды жазып, көз жасымызды құрғатқанын, жүрегіміздегі қорқыныштарымыз бен үрейлерімізді сейілткенін, мұқтаждықтарымыздың орнын толтырып, бізге батасын жаудырғанын ерекше ілтипат сезіммен есімізге алып отырамыз. Осылайша біз өзіміздің қайғы-қасіретті жолымыздың қалған бөлігін жүріп өту үшін, күш-жігерлерімізді нығайтамыз.
Біз алдағы уақытта болатын күрес кезіндегі қиындықтар туралы ойлай алмаймыз. Бірақ, өткен өмірімізге бұрыла қарап, алдағы болашағымызға көз жібере отырып, біз: "Осы жерге дейін бізге Жаратушымыз көмектесті! Сенің күндерің сияқты, байлығың да көбейе түседі" (Заңның қайталануы. 33:25). Құдай Ие бізге әліміз келмейтіндей сынақ жібермейді. Қандай сынақ болса да, одан сүрінбей өту үшін бізге күш-жігер берілетініне берік сенімде бола отырып, біз әрқайсымыз өз орнымызда еңбек ете береміз.
Жақында Құдайдың балалары үшін аспандағы қақпалар ашылып, олар даңқты да салтанатты музыка әуені сияқты естілетін, Көктегі Әкенің: "Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!" (Матай. 25:34) - деген баталы Сөздерін еститін болады.
Сонда ақталып өтеліп алынғандар, Исаның өздеріне арнап дайындаған орындарына жарқын жүзбен қабылданады. Олармен бірге тұратын азаматтардың күнәкар жерде олардың айналасын қоршаған адамдардан айырмашылығы көп болады. Аспандағы мекенде жаман әдет, зұлымдық істеу, өтірік айту және жалған құдайға табынушылық болмайды. Құтқарылғандар Тәңірілік рақымшылықтың шапағаты арқасында мінез-құлықтарының толықтығына жетіп, сұм шайтанды жеңген жандармен тілдесімге келіп, сұхбаттасады. Бұдан былайғы уақытта оларға қиындықтар туғызып, жапа шектіретіндей күнә істеуге бейімділік, мінез-құлықтың жетілмегендігі Мәсіхтің қанымен тазартылатын болады. Олар Жаратушы Иенің Күннің жарығынан да асып түсетін шүғылалы сәулесінің жарығына бөленетін болады. Олардың бойында Мәсіхтің мінез-құлқының көркемдігі мен кемелдігі іспетті көркем қасиеттер жарқырап тұратын болады.
Өзін күтіп тұрған осындай ұлы мұраға қарап тұрып, адамдар өздерінің жанын өтеп алу үшін қандай төлем берер еді? Ол адам кедей болса да, ішкі жан дүниесі бай болуы мүмкін. Күнәдан арылып, тазарған, ақталып алынған, өзінің игілікті істері мен күш-жігерін Құдайға құлшылық етуге бағыштаған жан, Көктегі Әкенің жоғары бағасын алады. Құдайдың және Киелі періштелердің қатысуымен, бүкіл аспан әлемі ақталған әрбір жан үшін, ұлы жетістіктерді мадақтайтын киелі әндердің жүрек жарды қуанышқа бөлейтшіндей қалыппен шаттанады.