«Мәңгілік ел» ұлттық идеясының мазмұны мен маңыздылығы
. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қабылдаудың тарихи маңызы зор. Елбасы барлық азаматтарға түрлі этникалық және дін өкілдеріне бірегей ұлттық идеяны ұсынды. Ол қоғам алдында тұрған стратегиялық міндеттерді орындау әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін халықты біріктірудің маңызды құралы мен қуатты тетігі ретінде қабылданды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының айтуынша: «Ұлттық идея қоғамның өзінде пісіп-жетіледі. Онда сырттан таңылған сипат болмайды».
Жер көлемі жағынан республикамыз әлем елдерінің ішінде 9-орын алады. Мыңдаған жылдардан астам уақыт бойы Қазақ мемлекеттілігі сақ, ғұн, түркі, қыпшақ-қазақ негізінде қалыптасқанын білеміз. Әртүрлі тарихи дәуірлердегі мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталып келді. Жергілікті тұрғындардың тілі, антропологиялық келбеті, ділі, діни сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, шаруашылық-мәдени жүйесі өзіндік дәстүрлі ерекшеліктерін сақтап қалды.
Қазіргі таңда орасан зор аумақты қорғап қалу тек рухы мықты, жауынгерлік қасиетке ие тұрғындар, берік идеологиясы бар қуатты мемлекеттің ғана қолынан келеді.
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізіндегі маңызды жалпыұлттық 7 құндылық:
Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы.
Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміз, тіліміз, мәдениетіміз бен жазуымызды сақтай отырып аман қалдық. Келешекте осы құндылықтарымызды ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы жоғалтпай, «Мәңгілік Ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз.
Ұлттық идея қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталып, ұлтпен бірге өмір сүреді. Келешекте еліміздің ұлттық идеясы заман талабына орай өзгерістермен толықтырылуы мүмкін, ал қазіргі уақытта ол халық арасында кеңінен қолдау тауып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |