Әдебиеттің теориясының көркемдегіш құралдары Әдебиетте көбінесе суреттеу тәсілдері қолданылады. Суреттеу тәсілдеріне мінездеу, портрет, бейнелеу, пейзаж жатады. Суреттеуде көріністі, бет-әлпетті, қимыл-әрекетті, әдетті нақтырақ көз алдымызға келтіре отырып сөзбен баяндайды.Суреттеу әсерлі болса, шығарма да тартымды болады.
Портрет - адамның түр-сипатын киген киімі, қылығымен бірге суреттеу.
Көркем сөздің шебері Әбіш Кекілбаевтың «Аш бөрі» әңгімесінен жазушы жасаған портретті алайық:
«Кезінде келбетсіз болмаған ақсұр шал. Көк бурыл қабағы, селдiр мұрт, ұзынша сұйқылт сақалы бет алдын буалдырландырып жiберген. Көзiнiң алдындағы бiрер қыртысы болмаса, жүзiн әжiм алып жарымапты. Ылғи назарын тiктемей, бейтарап қарайтын қоңырқай көзi ештеңе аңғартпайды. Аңда-саңда өзiнен-өзi бiр мырс етiп қояды». Пейзаж - табиғатты суреттеу.
Кей шығармаларда табиғат кейiпкерлердiң қуаныш-қайғысымен байланысты суреттеледi.
Әбдiжамал Нүрпейiсовтың “Қан мен тер” трилогиясының бiрiншi кiтабының “Ымырт” деп аталуы жайдан-жай емес. Билеушi таптардың уысынан шыға алмай, құрдымға кеткелi тұрған балықшының ауыр тағдыры батып келе жатқан ымыртпен қатар суреттеледi. Осы бөлiмдегi қоңыр күздiң суық бейнесi де балықшылардың өмiрiмен бiртұтас берiледi.
«Кешкі ымырт тез тұтасып,төңірек тұнжырай бастады. Еламан ертең болмаса, ауды бүгін басқа жерге аударып салуға үлгере алмасын білді. Шынында, бұл кезде батып бара жатқан күн алыстағы жалдың біріне иек сүйеп, еңкейіп қалған еді. Құбыла бет тұтас қызарып, жел жыртып дода-додасы шыққан бұлт батар күннің шапағатына бауырын бояп алаулап атты. «Апырай»...деп Еламан құбыла беттен көз алмай, ұзақ қарады. Кезегі келгенде күн басына да зауал төніп,бар әлем тіл тартпай, түн құшағына кіріп бара жатқандай... ...Бар әлем бүркеу. Суық жел ызғырып, төңірек шаңытып тұр. Қабағын түйген қытымыр күннен қыстың таяу тұрған қаһары сезіледі. Еламан күн мінезін жақтырмай, жүрегі мұздап тұр еді, қасына қауқылдап сөйлесіп бір топ кісі келді.»