Әдебиет теориясы — әдебиеттану ғылымының сөз өнерінің табиғатын, оның әдістері мен методологиясын, әдеби процесс, рухани-эстетикалық құндылықтар заңдылықтарy зерттейтін саласы. Әдебиет теориясы көркем әдебиетті барлық қырынан жан-жақты ашып көрсетудің құралы болып табылады. Әлемдік әдебиеттану ғылымында қалыптасқан дәстүр бойынша әдебиет теориясы зерттеу объектісіне байланысты төрт топқа бөлінеді. Бірінші топтың зерттеу объектілеріне әдебиеттің адамзат қоғамы өміріндегі рөлі, жалпы өнер, мәдениет жүйесіндегі орны, әдеби шығармашылықтың тұтас болмысы, суреткер дүниетанымының эстетик. қуаты, оның даралық талғамының шығармашылық ортақ заңдылықтармен үндесуі, әдеби шығармашылыққа бүтіндей баға беру принциптері жатса, екіншісі әдебиеттің тарихи дамуы, жанрларының, тек пен түрінің ортақ заңдылықтарының қалыптасуы және әдеби процес (ағым, бағыт, кезең, дәуір, әдеби байланыс), көркем шығарманы талдау, қабылдау заңдылықтарын қамтиды. Қазақ ғалымдарынан әдебиет теориясы жөнінде ең алғаш құнды пікірлер айтқан Ш. Уәлиханов болды. Ол қазақ халық поэзиясының жанрлық түрлерін (жыр, жоқтау өлеңі, қайым өлең, қара өлең, өлең т.б.) жүйелеп берді. А. Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышы” (1926, 1989, 1991) осы саладағы іргелі ғылыми еңбек. Алайда бұл құнды мұра алпыс жылдан астам ғылыми айналымнан тыс қалып келді. “Әдебиет танытқыш” — қазақ ұлттық әдебиеттануының негізі
Жалпы өз пәнінің даму сапасына (көркемдік, эстетик., стильдік т.б.) қарай әдебиет теориясы үнемі өзгеріп отырады; көркем әдебиеттің жетістіктері негізінде жаңа бағыттар қалыптасады. 20 ғ-дың 30-жылдары қазақ ғалымдарының бұл салада жаңа туындылары жарық көрді. Қ. Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” (1938, 1964, 1969) атты еңбегі негізінен орта мектептер мен жоғары оқу орнына арналды. Сондай-ақ, Е. Ысмайыловтың “Әдебиет теориясының мәселелері” (1940) атты орта мектепке арналған оқулығы жазылды. 1970 ж. З. Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негіздері” атты еңбегі жарық көрді. З.Ахметовтың
“Қазақ өлеңінің құрылысы” (1970), “Өлең сөздің теориясы” (1973) атты еңбектері — осы салада соны пайымдауларымен көрінген құнды зерттеулер.
Әдеби тіліміздің суреттеу тәсілдерін және көркемдегіш құралдарын, сөз байлығын, олардың қыр-сырын білу– сол әдеби тілде сауатты сөйлей де, жаза да білу; әдеби тіл нормаларынан ауытқымау; оны көздің қарашығындай сақтау.