29-бап. Ғылыми және оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру 1. Ғылым мен бiлiмдi интеграциялау, оқу және тәрбие процесiн қамтамасыз ету және жетiлдiру, оқытудың жаңа технологияларын әзiрлеу және енгiзу, бiлiм беру ұйымдарында және тиiстi инфрақұрылымда педагог қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ғылыми және оқу-әдiстемелiк жұмыс жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және оқу-әдiстемелiк жұмысқа басшылық жасау:
жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында аудандық (қалалық) бiлiм бөлiмдерiнiң әдiстемелiк кабинеттерiне; техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру ұйымдарында облыстық (қалалық) бiлiм департаменттерiнiң әдiстемелiк кабинеттерiне жүктеледi.
3. Бiлiм беру ұйымдарында және тиiстi инфрақұрылымда, оның iшiнде ғылыми және оқу-әдiстемелiк қамтамасыз ету ұйымдарында ғылыми және оқу-әдiстемелiк қызметтi үйлестiру бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
30-бап. Мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту 1. Бiр жастан бес жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында және (немесе) мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар отбасына және мектепке дейiнгi ұйымдарға қажеттi әдiстемелiк және консультациялық көмек ұйымдастырады.
3. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқуға бес жастан бастап мектепалды даярлық түрiнде жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектепалды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектепалды даярлық тегiн болып табылады.
31-бап. Бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм беру 1. 1-сыныпқа оқуға балалар алты жастан қабылданады.
2. Бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын орта бiлiм беретiн ұйымдардың негiзгi түрлерi мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады.
3. Он алты жасқа дейiнгi балаларды орта бiлiм беретiн мемлекеттiк ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, бiлiм беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бiрнеше рет бұзғаны үшiн бiлiм беру ұйымы мемлекеттiк басқару органының шешiмi бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етiледi.
Жетiм балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешiм қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келiсiмiмен қабылданады.
32-бап. Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру
1. Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру негiзгi орта және (немесе) жалпы орта бiлiм беру базасында кәсiптiк лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн ұйымдардағы оқу процесi оқу-өндiрiстiк шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндiрiстiк оқыту шеберiнiң басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндiрiстiк оқытуды қамтиды.
2. Кәсiптiк оқыту тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда, бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берiлген лицензиясы бар болған кезде және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндiрiстiк құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкiн.
33-бап. Орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру Орта бiлiмнен кейiнгi кәсiптiк оқу бағдарламалары негiзгi түрi колледж болып табылатын бiлiм беру ұйымдарында iске асырылады.
Орта бiлiмнен кейiнгi кәсiптiк оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау, тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
34-бап. Жоғары техникалық мектептер Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi интеграцияланған бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асырады.
35-бап. Жоғары бiлiм беру 1. Жоғары бiлiмдi жалпы орта немесе техникалық және кәсiптiк немесе орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмi бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
2. Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламалары негiзгi түрлерi университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер(консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында iске асырылады.
Инновациялық бiлiм беру бағдарламаларын енгiзетiн университеттер инновациялық университеттер болып табылады.
Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын бiлiм беру қызметiнiң кiшi түрлерiн қоспағанда, бiлiм беру қызметiн жүзеге асыруға құқылы.
3. Жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен бiлiм алушыға бiлiктiлiк және (немесе) "бакалавр" академиялық дәрежесi берiледi.
4. Бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулердi жүргiзу үшiн жоғары оқу орындары инновациялық-бiлiм беру консорциумын құруға және (немесе) оған кiруге құқылы.