6-тарау. БIЛIМ БЕРУ ҚЫЗМЕТIНIҢ СУБЪЕКТIЛЕРI 40-бап. Бiлiм беру ұйымдары 1. Бiр немесе бiрнеше бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске
асыратын және (немесе) бiлiм алушыларды, тәрбиеленушiлердi асырау мен тәрбиелеудi қамтамасыз ететiн заңды тұлғалар бiлiм беру ұйымдары болып табылады.
Бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Бiлiм беру ұйымдарының қызметi тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерiмен және солардың негiзiнде әзiрленген жарғылармен реттеледi.
2. Бiлiм беру ұйымдарында бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және соттың лицензиядан айыру туралы шешiмi заңды күшiне енген немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензия жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Бiлiм беру ұйымының мәртебесiн (үлгiсiн, түрiн) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiндегi бiлiктiлiк талаптары, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерi ескерiле отырып, оның жарғыларында көрсетiледi.
4. Бiлiм беру ұйымдары үлгiлерi мен түрлерiнiң номенклатурасын бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Медициналық бiлiм беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы бар болған кезде ғана жұмыс iстеуi мүмкiн.
Клиникалық базалар туралы ереженi денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
41-бап. Бiлiм беру ұйымының жарғысы 1. Бiлiм беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптардан басқа, мыналарды:
1) iске асырылатын бiлiм беретiн оқу бағдарламаларының тiзбесiн;
2) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау тәртiбiн;
3) бiлiм беру процесiн ұйымдастыру тәртiбiн (оның iшiнде оқыту және тәрбиелеу тiлiн (тiлдерiн), бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң сабақ режимiн);
4) бiлiмдердi ағымдағы бақылау, бiлiм алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау жүйесiн, оларды өткiзудiң нысандарын және тәртiбiн;
5) ақылы қызмет көрсетудiң тiзбесiн және тәртiбiн;
6) бiлiм беру ұйымының бiлiм алушылармен, тәрбиеленушiлермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкiлдерiмен қатынастарын ресiмдеу тәртiбiн қамтуға тиiс.
2. Бiлiм беру ұйымының жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де ережелер қамтылуы мүмкiн.
3. Бiлiм беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiледi.
42-бап. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату 1. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Бiлiм беру ұйымы лицензиясынан айырылған немесе таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) бiлiм алушыларды оқуын жалғастыру үшiн басқа бiлiм беру ұйымдарына ауыстыруға шаралар қолданады.
43-бап. Бiлiм беру ұйымдарының құзыретi 1. Бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдарының қызметi туралы үлгiлiк ережелер мен бiлiм беру ұйымдарының жарғыларында белгiленген шектерде оқу және тәрбие процесiн жүзеге асыруда, кадрларды iрiктеу мен орналастыруда ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
2. Бiлiм беру ұйымдары өз қызметiн жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметi туралы хабардар етедi.
3. Бiлiм беру ұйымдарының құзыретiне мынадай функциялар:
1) iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу және бекiту;
2) әскери мамандықтар бойынша жұмыстық оқу бағдарламалары мен
жұмыстық оқу жоспарларынан басқа, жұмыстық оқу бағдарламалары мен
жұмыстық оқу жоспарларын әзiрлеу және бекiту;
3) егер осы Заңда және қабылдаудың Үлгiлiк ережесiнде өзгеше көзделмесе бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияға сәйкес бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң контингентiн қалыптастыру;
4) оқытудың жаңа технологияларын, оның iшiнде оқытудың кредиттiк технологиясын және қашықтықтан бiлiм беру технологияларын енгiзу;
5) ұлттық бiрыңғай тестiлеу мен техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң кәсiптерi (мамандықтары) бойынша бiлiктiлiктi берудi қоспағанда, бiлiм алушылардың үлгерiмiн ағымдық бақылауды, аралық және қорытынды аттестатталуын жүргiзу;
6) өз қаржы қаражаттары шектерiнде мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лауазымдық айлықақылар (ставкалар), қосымша ақылар, үстеме ақылар және өзге де ынталандыратын төлемдер белгiлеу;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету;
8) бiлiм беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жарақтандыру мен жабдықтау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ақылы негiзде тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) ұсыну;
10) жарғылық қызметтi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерiн тарту;
11) бiлiм алушыларды тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету;
12) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңiлдiктер материалдық қамсыздандыру түрлерiнiң уақтылы берiлуiн қамтамасыз ету;
13) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi асырау және олардың тiршiлiк ету жағдайларының белгiленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
14) қоғамдық өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне жәрдемдесу;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаржылық есептiлiктi табыс ету;
16) жоғары оқу орындарының ғылыми және педагог қызметкерлерiне оқу орнының доцентi және профессоры академиялық атақтарын беру;
17) "магистр" академиялық дәрежесiн беру жатады.