Егемен Қазақстан



бет14/23
Дата08.02.2022
өлшемі79,43 Kb.
#123200
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23
Байланысты:
Бiлiм туралы

36-бап. Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру
1. Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмдi жоғары бiлiмi бар азаматтар алады.
2. Ғылыми және педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша шет елдердiң жоғары оқу орындарына "Болашақ" халықаралық стипендиясының стипендиаттарын оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады.
Әскери мамандықтар бойынша магистратураның кәсiптiк оқу бағдарламаларын iске асыру әскери жоғары оқу орындарының адъюнктурасында жүзеге асырылады.
3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламалары негiзiнде:
1) екi жылдық оқу мерзiмiмен ғылыми және педагогтiк;
2) кемiнде бiр жыл оқыту мерзiмiмен бейiндiк болып екi бағытта жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан табысты өткен және магистрлiк диссертациясын көпшiлiк алдында қорғаған бiлiм алушыға тиiстi мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесi берiледi.
4. Докторантурада магистратураның кәсiптiк оқу бағдарламалары негiзiнде кемiнде үш жыл оқу мерзiмiмен философия докторлары (РhD) мен бейiнi бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық және фармацевтiк бiлiм беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.
Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екi жылдан төрт жылға дейiн клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетiле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ереженi денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
37-бап. Қосымша бiлiм беру
1. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қосымша бiлiм беру, түрлерiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын қосымша бiлiм беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Қосымша бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламалары бойынша бiлiм алушыларға бiлiм беру қызметтерiн көрсетудi бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары шарттық негiзде бередi.
2. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау қосымша бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндiрiсте және мемлекеттiк ғылым ұйымдары мен жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлерiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша әлемнiң жетекшi жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуi кезiнде жүзеге асырылады.
3. Бiлiм беру ұйымдарының педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет жүзеге асырылады.
38-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы
1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар даярлайтын
кәсiптiк оқу бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады.
Кәсiптiк практика тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және оқыту процесiнде алған бiлiмдердi бекiтуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған.
2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмдерi мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
3. Кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдары шарттық негiзде практиканың базасы ретiнде ұйымдары айқындайды, олармен практиканы өткiзудiң келiсiлген бағдарламалары мен күнтiзбелiк кестелерiн бекiтедi.
Шарттарда бiлiм беру ұйымының, практиканың базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi мен жауаптылықтары айқындалады.
4. Кәсiптiк практикаға кететiн шығындар бiлiм беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделедi және жасасылған шарттармен айқындалады.
5. Практиканың базалары болып табылатын ұйымдармен шарттар бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасын өткiзуге арналған шарттардың үлгiлiк нысаны негiзiнде жасасылады.
39-бап. Бiлiм беру туралы құжаттар
1. Лицензиясы бар, мемлекеттiк аттестаттаудан өткен және негiзгi орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi.
Бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттың болуы келесi деңгейдегi бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алуды жалғастыру үшiн қажеттi талап болып табылады.
3. Бiлiм алуды аяқтамаған не қорытынды аттестаттаудан өтпеген азаматтарға белгiленген үлгiдегi анықтама берiледi.
4. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған кезде азаматтардың шетелдiк бiлiм беру ұйымдарында алған бiлiмi туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиiстi куәлiктердi беру бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет