16-бап. Бастауыш, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламалары 1. Бастауыш бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабiлеттерiн, оқу iсiндегi оң талпынысы мен алғырлығын: негiзгi мектептiң бiлiм беру бағдарламаларын кейiннен меңгеру үшiн оқудың, жазудың, есептеудiң, тiлдiк қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзiн-өзi көрсетудiң, мiнез-құлық мәдениетiнiң берiк дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бастауыш бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын игеру мерзiмi - төрт жыл.
Жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын игеру бiлiм алушылар бiлiмiне аралық бақылаумен және бiлiм алушылардың оқу жетiстiктерiн iрiктемелi мониторингтiк бағалаумен аяқталады.
2. Негiзгi орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламалары бiлiм алушылардың ғылым жүйесiнiң базалық негiздерiн меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетiн қалыптастыруға, жеке адамның өзiн-өзi билеуiне және кәсiптiк бағдарлануына бағытталады. Жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасы бiлiм алушылардың бейiн алды даярлығын қамтиды.
Әрбiр пәннiң мазмұнын зерделеу негiзгi орта бiлiм беру деңгейiнде аяқталады.
Негiзгi орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын игеру мерзiмi - алты жыл.
3. Жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламалары бiлiм алушылардың бағдарланатын кәсiпке дейiнгi даярлығын жүзеге асыру үшiн әлеуметтiк-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми, технологиялық және басқа да бағыттар бойынша бейiндiк оқытуды енгiзе отырып саралау, интеграциялау және бiлiм беру мазмұнын кәсiптiк бағдарлау негiзiнде әзiрленедi.
Жалпы орта бiлiм берудiң жалпы бiлiм беретiн оқу бағдарламасын игеру мерзiмi - екi жыл.
17-бап. Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламалары 1. Техникалық және кәсiптiк бiлiм беру орта бiлiм беру деңгейiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және қоғамдық пайдалы кәсiптiк қызметтердiң негiзгi бағыттары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң бiлiктi мамандарын даярлауға бағытталған.
2. Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламалары бағдарлама мазмұнына және бiлiм алушылардың даярлық бiлiктiлiгiнiң деңгейiне қатысты:
1) техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң жаппай кәсiптерi бойынша кадрлар даярлауды көздейтiн техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу бағдарламалары болып бөлiнедi.
Бiлiм беретiн оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы кәсiптiк және арнайы пәндердi табысты игеру, кәсiптiк дағдыларды иелену жөнiнде өндiрiстiк оқудан өту үшiн бейiндеушi болып табылатын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша интеграцияланған курстарды зерделеудi;
бiлiм алушыларға нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң қол жеткiзiлген деңгейiн (разряд, сынып, санат) берудi көздейдi.
2) жоғары технологиялармен және кәсiптiк қызметпен байланысты
экономиканың барлық салаларында техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң жұмыстарын орындаудың неғұрлым күрделi (аралас) кәсiптерiн, мамандықтары мен практикалық дағдыларын игерудi көздейтiн техникалық және кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын берудi көздейдi.
Бiлiм беретiн оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсiптiк, арнайы пәндердi зерделеудi, кәсiптiк дағдыларды иемдену және бекiту жөнiнде өндiрiстiк оқудан және кәсiптiк практикадан өтудi;
бiлiм алушыларға нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң жоғары деңгейiн берудi көздейдi.
3) техникалық еңбектiң жоғары бiлiктi мамандарын даярлауды, оларды қайта даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз ететiн техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi көздейдi.
Бiлiм беретiн оқу бағдарламаларының мазмұны:
техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң интеграцияланған бiлiм беру бағдарламаларын жоғары оқу орындарының 1-2-курстарының бiлiм беру бағдарламаларымен қоса зерделеудi көздейдi.
Екi жылдық оқыту аяқтағаннан және аралық аттестаттаудан өткеннен кейiн бiлiм алушыларға нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң қол жеткiзген деңгейi (разряды, сыныбы, санаты) берiледi.
Үш жылдық оқытуды аяқтағаннан және аралық аттестаттаудан өткеннен кейiн бiлiм алушыларға нақты мамандық бойынша кәсiптiк бiлiктiлiктiң жоғары деңгейi берiледi.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейiн бiлiм алушыларға орта буын маманы бiлiктiлiгi берiледi.
3. Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң мәдениет және өнер мамандықтары бойынша кәсiптiк оқу бағдарламалары көрсетiлген мамандықтар бойынша бiлiм алушылардың ерте мамандануын және даярлау ерекшелiктерiн ескере отырып әзiрленедi. Оқыту ұзақтығы оқу бағдарламаларының күрделiлiгi мен берiлетiн бiлiктiлiк деңгейiне қатысты және тиiстi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта бiлiмi бар азаматтар үшiн техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламалары жалпы кәсiптiк, экономикалық, арнайы пәндердi зерделеудi және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсiптiк қызметiн айқындайтын оқу-өндiрiстiк жұмыстарды орындауды көздейдi.
5. Техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң кәсiптiк оқу бағдарламалары теориялық және өндiрiстiк оқыту бағдарламаларынан тұрады.