Ежелгі дәуір әдебиетіндегі космагониялық түсініктер
Нұрланова Ә.Н., Қасымханова Н.
Космогония (грек. kosmos – ғарыш және gonea – туу, шығару, ұрпақ), ғарыштану – астрономияның ғарыштық денелер мен олардың жүйелерінің пайда болуы мен дамуын зерттейтін саласы.
Орхон-Енисей ескерткіштерінде жазылған көне түркілердің дүниетанымдық ұғымы бойынша, “Алдымен жоғарыда көк аспан, төменде қара жер, олардың ортасында түркілер пайда болады. Көне түркілердің діні аспанның құдайы Тәңірге (Тенгри) табынуға негізделген. Ұлы даладағы түркі халықтарының негізгі құдайы болған Тәңір туралы ұғым б.д.д. V-IV мыңжылдықтарда Алтайда пайда болды . Француз ғалымы Жан-Поль Ру оны “тенгризм” терминімен атады. “Тенгри” қазақша “тәңір” термині “құдай”, “құдайлар”, “тәңір”, “рух-иесі” сияқты әлемді жаратушының көзге көрінетін бөлігі - аспанды білдіреді. Сонымен қатар, «тенгри» түркінің екі сөзінің буыны “таң” және күннің ертедегі діни атауы – Ра, яғни екі сөз “Тан-Ра”-дан құралған. “Танра” атып келе жатқан таң мағынасын білдіреді. Бұл дін осы уақытқа дейін сақталған алтай-саян халықтары XIX ғасырда оны “ақыл-ес” (разум) мағынасын беретін “янг”, “аң” деп атады [1,10б.].
Бұл діннің космогониялық ұғымдары бойынша, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан бірнеше сатыдан тұрады. Жоғарыдағы он жеті саты аспанды немесе Жарық патшалығын құрайды. Ал, төменгі жеті саты жерасты немесе Қараңғылық әлемін анықтайды. Ол екеуінің ортасында адамдар тұратын жер жатыр. Аспан мен жер жоғарғы субстанция аспандағы сатылардың ең жоғарысында - Қасиетті Аспан немесе Тәңір орналасқан..Сонымен қатар, аспан қайырымдылар рухының, ал жерасты әлемі күнәкәрлерге арналған тозақ орыны болып саналады. Тәңір - Аспан құдайы болса, Ұмай жер-судың құдайы.
Көне түркі руникалық жазуларындағы құдайлар триадасында Тәңiрдiң (Көк Тәңiрдiң) ең басты құдай екенi және оның әке құдай екенi күмән келтiрмейдi.Осы жазбаларға сүйенсек, сол дәуірде түркі халқының өмірінде елеулі орын алған үш құдайдың болғанын байқаймыз. Бұл Тоныкөк ескерткiшiндегi мына жолдардан да көрiнедi:
Тәңiрi, Ұмай, қасиеттi Жер-Су
Жеңiс сыйлай берген екен
Неге қашамыз көп екен деп .
Және қалған екеуінің - Жер-Су мен Ұмайдың - әйел тәңірлер екенін аңғаруға болады. Жер-Судың тәңір- аналығы Жер-ана, Су-ана түсiнiктерiнен байқалса, Ұмайдың түркі дүниетанымындағы бейнесінен оның әйел тәңір екендігіне күмән қалмайды. «Ежелгi түрiктер Ұмайды өте сұлу және қайырымды, күлiп-ойнайтын, күмiс шашымен аспанды жарқыратқан, күн сәулесiмен кемпiр қосақ шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келiншек, әйтпесе қыз ретiнде таныған» . Сонымен, жоғарғы, әке-құдай Тәңiр мен екi әйел құдай Жер-Су мен Ұмай үштiгi шықты және екi әйел құдай «бәйбiше-тоқал» бинарлық жұбын еске түсiредi. М.Орынбеков Ұмайдың беделiнiң бiртiндеп өсуi, Тәңiрмен қатар қойылуы Жетiсу, мен Ыстықкөл маңынан табылған көп ескерткiштерден, Құдырғы тасына салынған суреттен: Тәңiр мен Ұмайға түрiк әскерлерiнiң сыйыну сәтi бейнеленген, айқын көрiнетiнiн, бiртiндеп Жер-Су соңғы орынға ысырылып, Ұмайдың Тәңiрден кейiнгi екiншi орынға шыққанын, бұның түрiк өмiрiндегi қатардағы құбылыс, жас әйелдiң өзiнен бұрынғы жасы үлкен әйелдi ығыстырып шығаруына ұқсайтынын айтады [2,13б.].
Ендi Күн мен Ай тәңірлерге келетiн болсақ, көп халықтың мифтерінде Күн әйел жынысты да(шашы бар), Ай ер жынысты(тақыр бас) болып келеді. Ш.Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегiнде: «Ай. Шамасы ай қазақтарда қасиеттi планета болып саналған. Қазақтар жаңа айдың туғанын көргенде, тәжiм етедi. Жазда сол айға тәжiм еткен жерден шөп жұлып алып, отқа салады. Қазақтар айда кемпiр бар деп айтады (шамасы, айдағы адамның бет-пiшiнiне ұқсас дақтарды айтады). Қазақтар айға ұзақ қарап тұрмайды, сескенедi. Айдағы кемпiр кiрпiктi санап қояды деп, егер санап қойса, адам өледi. Дәрет сындырғанда да, бетiн айға берiп отырмайды. Жалпы, қазақтар айды құрметпен ауызға алады [3,65б.].
Күн. Егер ай құдiреттi болып саналса, онда күн де сондай құрметке бөленуге тиiс едi, бiрақ қазақтар арасында ондай құрмет-салтты кездестiре алмаймыз. Банзаров та монғолдар туралы осыны айтады. Бұл таңқаларлық жай. ... Қазақтар күнге қарсы қарап тұрмайды, түзге отырғанда да алдын күнге бермейдi, күнге деген бiз бiлетiн қошаметтiң бiзге белгiлi бiр-ақ салты осы ғана» дейдi.
Көк түрiктердің бөрiнiң суретi салынған ту көтергенi белгiлi. Бұл түрiктердiң арғы тек ретiнде түп ананы түсiнген, Ұлы Ананың жылан, қасқыр кейiптерiнiң символы. Мысалы, Оғыз қаған Үрім қағанға қарсы соғысқа аттанған кезде оның әскерін көк бөрі бастап жүреді. Оғыздың әскері тынығып жатқан бір сәтте батырдың шатырына көктен нұр сәуле түседі. Сол сәуле ішінен бір көкжал қасқыр шыға келеді. Бөріге табанда тіл бітіп, Оғыз қағанға айтады.
« Ай, ай оғыз!
Үрім үстіне, сен аттанар боларсың!
Ай,ай, Оғыз!
«Қызметіңде мен жүрер болармын!»-дейді [1,18б.].
Матриархат дәуiрiнде қалыптасқан бақсылық өнердің басында да әйел-абыз тұр. Қампыр(кемпiр) сөзiнiң өзi әйел-бақсы деген мағына бередi. Көптеген қазақ ертегiлерiнде жұтып қайта құсатын, соның нәтижесiнде кембағалды денi сау, мықты етiп,ерендi бiр өнер иесi (күйшi, сазгер, ақын, емшi) етiп шығаратын кемпiр. Әйелдiң эзотериялық бiлiмге, поэзияға, музыкаға, емшiлiкке қамқоршылық функциясы туралы ежелден қалыптасқан сенiм көрiнiсi. Қазақ халқының ұлттық ойыны көкпар (көк бөрi тарту) да осы құбылыстың қазақ архетиптiк жадында қалған көрiнiсi болып табылады.Мәселен, оғыз қаған жырында оның анасы Ай-Қаған бейнесін ғалымдар көбінесе дерлік отбасының қамқоршысы Ұмай ана бейнесімен байланысты түрде алып қарастырады [1,15б.].
Көне түркілердің ұғымында Тенгридің мағынасы табиғи құбылыстарға Аспан - Көк Тәңірі, Аспан - құдай ретінде болды. Бұған мысал ретінде Оғыздың әйелін ала аламыз. Оғыз аң аулап жүрген сәтінде бір жарық сәуле түскенін көреді. Сол сәуледен өзінің әйелін жолықтырады.
Тәңірге табынғандар “Қайта тірілу” (Перевоплощение) заңын білген және тайпаның құрметті адамы өлгенде оның зиратына қымыз құйып, одан жанының қайта тірілуін және оның тайпаға қорған болуын сұрады . Тәңір ұғымы бойынша Бұ дүние мен О дүниенің арасында кедергі жоқ, олардың уақыты бірге жүреді, сондықтан адамдар мен аруақтар әрқашан қатынаста. Егер Қасиетті аруаққа арнап садақа берсе және оның моласының басында түнесе, ол көптеген аурудан жазылады, балалы болады және бақытқа кенеледі. Бұ дүниедегі кіші циклдер О дүниедегі үлкен циклдің бөлігі болып саналады және олардың айырмашылығы оқиғалардың санының өлшеміне қарай сапаның өзгеруінде. Тек шамандар ғана емес, сонымен қатар О дүниедегілер уақыт пен кеңістіктің әртүрлі сатысындағы Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы әлемде еркін жүреді және Бұл дүниеге еркін енеді [1,20б.].
Түркілер әлемді Көк Тәңірі жаратты деп түсінді. Түркілердің космогониялық түсініктері бойынша әлем бірнеше сатыдан тұрды.Біз түркі халқының өмірінде елеулі орын алған үш құдайдың болғанын байқаймыз. Қорыта келгенде, түріктердің рухани жағынан толысып өркендеуіне космогониялық ойлардың тигізген игі әсері мол.
Пайдаланған әдебиеттер
Келімбетов Н. - Ежелгі дәуір әдебиеті. - Алматы: Атамұра, 2005
Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы.- Алматы: Санат, 1997.
Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы. – Алматы, 2010
Достарыңызбен бөлісу: |