Әкесінің аты: Нұрлан ұлы Сыныбы: 6 «А» сынып оқушысы Жұмыстың атауы



Дата04.11.2019
өлшемі64,63 Kb.
#51110
Байланысты:
МАН Жұмысы Аязбаева Б.Б

Автор (бар болса біріккен автордың):

Тегі: Оразалиев

Аты: Мәди

Әкесінің аты: Нұрлан ұлы

Сыныбы: 6 «А» сынып оқушысы

Жұмыстың атауы: Мұқағали Мақатаев поэмаларындағы

патриоттық рух.


Жұмыстың дайындаған бағыты, секциясы: қазақ әдебиеті.
Жетекшінің тегі, аты, әкесінің аты: Аязбаева Назгул Базархановна

қазақ тілі және әдебиет пән мұғалімі.



Ауылы (жарыстың өтетін жері), жылы:

Аннотация
Әдетте қазақ поэзиясында Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған

поэмалардың сюжеттік мазмұны майдандағы жауынгерлердің ерлік істері немесе әділетсіз соғысқа қарсы бейбітшлік үшін күрес әрекеттеріне байланысты , тартыс оқиғаларға бейім болып, ондағы адамның ерлік көрсеткен образдары әр қырынан шынайы көркемдік пен суреттелген.

Расында да, барлық өлеңін жинап бір жинаққа топтастырса, баржоғы ғана бүтін поэма балар еді.Әр өлеңі бір-бірін толықтырып, бір-бірінің жалғасы ретінде жазылған деуге де болады. Себебі , Мұқағали өлеңдерінде соғыстан оралмаған ағалар , жесір қалған жеңгелер , әкесін күткен сәбилер , ұлдарын күткен әжелер мен аталар.Сонымен қатар , туған жердегі еңбек адамдарының бейнесін жасау арқылы ақын лирикасының басты тақырыбы, әрі лирикалық қаһарманы.

Аннотация

В казахской поэзии на тему Великой Отечественной войны центральное место в сюжете занимает героизм или несправедливсть против сражении и за мир, героическое поведение образов.

Центральное место в казахской поэзии на тему Великой Отечественный войны занимает героизм солдат и против несправедливой войны, за мир.


Annotation
In Kazakh poems for the theme of «Great Worid War» our Kazakh poets chose that our soidiers took part heroic and slaies adainst un fairness for peace, heroical dehavior or appearance.

Мазмұны:

І. Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім.

1. М. Мақатаев шығармаларындағы патриоттық рух


    1. «Райымбек, Райымбек» поэмасы – халық қазынасы.

1. 2. Ақынның Ұлы Отан соғысын арқау еткен өлеңдері.

1.3. «Бала шақтан – болашаққа» дастаны

ІІІ. Қорытынды.

Пайдаланған әдебиеттер.

Кіріспе


Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі қазақ поэзиясының эстетикалық байлығы мол, көк жиегі кең. Ал қазақ ақындарының әрқайсысы, шын мәніндегі талант ретінде, қайталанбас творчестволық тұлға ретінде дара-дара. Сондай дара таланттардың бірі –М. Мақатаев. Осы жұмыста ақынның Отанды қорғау, сүю тақырыптарын меңзеген «Райымбек, Райымбек», «Бала шақтан - болашаққа» поэмаларымен қатар Ұлы Отан Соғысын арқау еткен топтама өлеңдері қарастырылды..

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ әдебиеті түрлі тақырыптарға толы десек, бүгінгі жұмыста ақынның патриоттық тақырыпта жазған туындылары қарастырылып, ақынның патриоттық тақырыпта жазылған шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілсе деген ұсыныс айтылды.

Зерттеу нысаны. Қаламгердің артына қалдырған мол мұрасының кейінгі ұрпақ үшін маңызы қандай болса, оның баға жетпес әдеби шығармалары қазақ әдебиетінде өмір сүретіні анық. Зерттеу нысаны етіліп, ақынның «Райымбек, Райымбек» және «Бала шақтан - болашаққа» поэмасы сонымен қатар Ұлы Отан Соғысын арқау еткен өлеңдері алынды.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтің патриоттық тақырыпта жазылған туындыларын талдай отырып, оқушыларды ақын шығармашылығымен таныстырғанда оның Отанды сүю мен оған адал қызмет етуді басты парызы санағанын, әрі сол жолда үлгі етіп ерлік еткен абзал азаматтардың азаттық жолындағы ерен еңбегін насихат етіп көрсете алғанының өзі – сол батырларға қаламмен соғылған мүсіні екенін баса ашып көрсету.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы: Ақынның патриоттық тақырыпта жазылған туындыларын топтастырып, екі кезеңге бөліп қарастырдық. Жоңғар шапқыншылығы болсын, герман шапқыншылығы болсын екі басқа ғасырда, екі басқа жағдайда болса да бір мақсатта, яғни отанды қорғау мақсатында жанын пида еткен ерлер еңбегінің елеусіз қалмағанын, оның кейінгі ұрпақ санасына Мұқағалидай ақынның суреттеуімен жеткенін баса айттық.

Зерттеу әдістері: Зерттеу жұмысы әдебиеттің ғылыми әдістемелік заңдылықтарына сүйене отырып, қазақтың көне және кейінгі кезеңіндегі әдеби мұраларын тарихи-типологиялық, тарихи-образдылық пен тарихи-әдеби жағын әдебиеттану ғылымы мен ауыз әдебиеті мұралары негізінде қарастырылды. Сонымен бірге, кейбір теориялық, әдебиеттегі паралель ұқсас, объективті-аналитикалық талдау, кешенді әдістерді басшылыққа алып, зерттеудің соңғы үлгілері қарастырылып, пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. М. Мақатаев поэмаларындағы патриоттық рух




    1. «Райымбек, Райымбек» поэмасы – халық қазынасы

ХХ ғасырда ақын ретінде ғана емес, елін сүйген азамат қалпын жоғалтпаған Мұқағали шығармашылығы уақыт ұзарған сайын кемелдене берері хақ. Көзі тірісінде-ақ сан мыңдаған тыңдаушысы бар Мұқағали туындылары бүгінде сан алуан тақырыпта ғылыми зерттеуді қажет ететін тақырыптарға айналып отыр. Біз бүгінгі зерттеуде ақынның патриоттық рухта жазылған шығармаларын арқау ету арқылы оқушылар санасына Отан сүйгіштік, яғни туған елі мен жерін құрметтеу және оған адал қызмет етуді дәріптеуді мақсат еттік.

Бүгінгі жұмыста М. Мақатаевтың екі кезеңді қамтыған патриоттық тақырыпта жазылған шығармалары зерттеу нысаны етіліп алынды. Бірінші кезеңде жоңғар шапқыншылығында орасан ерлік танытқан Райымбек батыр жайындағы «Райымбек, Райымбек» поэмасы болса, екінші кезеңде – Ұлы Отан соғысындағы майдан мен тылда ерен ерлік танытқан жандар жайында жазылған туындылар.

Ақын тарихи тақырыпқа бірден келген жоқ. Алдымен өзінің «Толғау» атты өлеңінде бүкіл жан-дүниесімен: «Кел, ақын керемет бір жыр жазайық;», — деп, ақынмен ақтарыла сырласады. Нені жазу керек екеніне ақындық, азаматтық тұрғыдан өзі толық жауап береді.

...Жеткіз жұртқа бүгінін, өткендерін,

Қысын, күзін, жазы мен көктемдерін.

Жадында тұтсын ұрпақ, жасырмай айт:

Ақтабан шұбырынды өткелдерін,

Аруды арам жандар өпкендерін,

Бозінген ботасы өлген бой жаза алмай,

«Елім-айлап» аруана шөккен жерін.

Өлшесін бүгінімен өткендерін!

Көре алмай Жерұйықтың көк белдерін,

Көрсет Асан запыран төккен жерін.

Түсінсін де тұшынсын бақытты ұрпақ,

Бабалары не жапа шеккендерін!

Бұл өлең жолдарынан бүгінгі ұрпақтың кешегінің мән-мағынасына зерделеп үңілмей, ұғып-түсінбей бүгінгінің қадірін біле алмайтынын ашып көрсетеді. Ақын жырынан туған еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі айқын көрінеді.

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер! —

деп, қазақ жеріне деген зор құрмет пен сүйіспеншіліктің әсерінен шабыттан шыққан ақын үні таныла түседі. Мұнда даланың кеңдігі, жомарттығы, дарқандығы, кешегі қайғысы, бүгінгі шаттығы — барлығы оқушының көз алдынан өтеді.

Кімнің болса да жанына жақын, жүрегіне ыстық туған жерге, елге деген ерекше сезімі ақын өлеңінде ұлттық сипат ала отырып жырланған. Кемел ойлы ақынның қай туындысы болмасын, өз еліне, жеріне деген шексіз махаббаттан туған дүниелер.

Терең оймен, ыстық ықылас сезіммен, халқын сүйген жүрекпен жазылған шығармаларының бірі — «Райымбек! Райымбек!» поэмасы.

Қазақ халқының тарихындағы өте бір ауыр кезең «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» оқиғасы қазақтың ауыз әдебиетінде де жазба әдебиетінде де кең жырланған. Поэманың сол кездегі ел басына туған қиын халді көрсететін халықтың азалы әні «Қаратаудың басынан көш келеді” өлеңінің ырғағымен басталуы көп жайды аңғартады.

Поэма 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ақын қазақ елінің басына түскен ауыртпалықты, елінен, жерінен айырылған халықтың мұңы мен зарын, ауыр тағдырын қабырғасы қайыса отырып жырлайды.

...Иә, «Қара таудың басынан көш келеді»...

«Қара таудың басынан көш келеді»,

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Осы шумақтағы қара тау, қара жорға, қара күн, қара түн, қара қайғы, қара жау тіркестерінің өзі-ақ ел басына түскен аса ауыр халық қайғысын, ауыртпалықты айқындай түседі.

...Көш келеді, боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе салған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады.

Әр қазақтың естіліп боздағаны...

Қайда барып, қалжырап жатар екен?!

Қандай сордың сортаңын татар екен?!

Көр болса да болса екен қазақ жері,

Қазақ жері болғасын — Атамекен.

Байқап отырғанымыздай ақын мұнда да «боз» сөзін жиі пайдалану арқылы халықтың қам көңілін көрсете алған. Бұл сын есімнен «боздақ, боздау» сынды қаралы халді білдіретін сөз туылып тұрғанын ескерсек, ақын жанын терең түсінген болар едік. Ақын сол азалы халқымен бірге азаланып қара тұтады, әрі сол күйінген сәтін оқырманына ашына жеткізеді. Дәл оқиға ортасында қалып, қалың өлікті арқалап келе жатқандай күй кешесің. Өлсем де атамекенде өлсем екен деген ел арманы – отанның, туған далаңның қасиетін арттыра түсері хақ.

Екінші бөлімде есімі Албанның ұранына айналған, жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен Райымбек сынды қазақ батырының өмір жолы өз халқының тағдырымен бірлікте алынып суреттеледі. Айтқанынан қайтпайтын өжет, қайсар, жасынан елінің қамын жеген Райымбек тұлғасы әр қырынан жан-жақты танылып, баяндалады.

Үшінші бөлімде Албанның жас батыры ретінде Райымбектің танылуы. Ел тағдыры, бүтіндігі, жұрт болуы бірлігіне, ынтымағына байланысты екенін жақсы түсінген Райымбектің іргесі сөгілген елдің басын қосуға талпынуы, қолбасшылыққа қол жеткізуі жырланады.

Поэмада халықтың ащы зары мен мұңы ақынның құлағына жеткендей болады. Ақын өзімен бірге оқырманды да күйзелтіп, күңіренте түседі.

Таяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,

Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған.

Сырлар бар-ау қойныңда, туған далам,

Ақтарылған қанынан қазағыңның,

Құзғыны да құдайдың құр қалмаған.

Сенде ме?..

Сенде сұмдық сыр бар, далам...

Қан сасыған далаңа қарайды да,

Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау... —

деп, поэма жалғаса береді. Иә, ақын өзі жырлап танытқандай елінен, жерінен бір сәт те бөлінбейді, үнемі бірге тұтасып отырады. Елін жау шауып, жерін жау қаптап талап жатқанда қарсы келіп, күресер халық арасынан батыры шықпаса, одан өткен қайғы жоқ екенін жақсы түсінген ақын ерекше ыза, намыспен суреттейді. Оның себебін іздеп, өзінше жырлап, өлең жолдары арқылы жауап береді...


  • Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой,

Қанатымыз қайырылып, топшысынан сынды ғой.

Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ,

Алауыз боп өзді-өзі, құдай бізді ұрды ғой.


  • Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым,

Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың?

Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ

Білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын.

Суырдайын күн кешіп, әркім ойлап өз басын,

Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын,

Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ,

Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын, —

деген Қабай жыраудың аузынан айтылған жыр жолдарынан ақынның ел бүтіндігі, беріктігінің негізі бірлік-берекеде екенін, алауыздықтың ақыры ел басына үлкен қайғы екенін анық таныта түседі. Өткен тарихымызға үңілдіре отырып, ақын шынайы шындықты арқау етіп, бүгінгілердің намысын қайрап, жігерлендіріп, қайраттандыра түседі. Бейбіт өмірге, тәуелсіздікке жетудің оңай емес екенін ұғындырады. Бұл - поэманың өзегі мен негізгі идеясы. Бірақ ақын ел болып қалу үмітін жоғалтпайды.

Айтса тілін алдырған.

Алмастан оғын жондырған.

Ата қазақ баласын Алақанға қондырған.

Бар қазақтан — бір қазақ,

Табар ма екем, әулие?.. —

деп, үлкен үмітпен жырлайды. Өз елінің ішінен жауға қарсы «елім деп еңіреп шыққан» ешкімнің болмауы поэмадағы ақын кейіпкері Райымбектей өрім жастың намысын қамшы тигендей ширықтыра түседі.

Бала Қабай жыраумен кездеседі.


  • Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,

Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.

Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар

Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.

Тартпаған соң, олар да әуреленіп жатпады,

Алдыдағы аларын, белімізден аттады.

Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде,

Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге.

Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде,

Әркім қара басының амандығын тілеуде, —

деген Райымбек сөздері арқылы ақын алауыздық, қорқақтық, опасыздық, күншілдік, өзара бақталастық сияқты жағымсыз қасиеттердің неге әкеліп соғатынын ашып көрсетеді. Өз қара басының қамын ойлағандарды аяусыз әшкерелейді.

Енді оқушы Райымбектің осы тығырықтан шығудың жолын іздеуге, елін қорғауға берік бекінгеніне күмән келтіре алмайды. Поэмада сұңғыла Қабай жырау да мұны анық байқайды.


  • Қара жауың қайтадан шапса елінді не етер ең ?

  • Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.

Қатын болып күн кешіп, жүргеннен де қырқысып,

Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!

Жырау сөзі:


  • Өзің бала болсаң да, сөзің дана, отты екен,

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен... —

деп жалғаса береді. Жыраумен бірге біз де алдыдан үлкен іс күткен сезімге бөленеміз. Поэмаға ары қарай үңілсек, бәйгеге қосқан Түкенің дүлдүл күреңі мен баласының жоқ болып кетуі оқушысын еріксіз алаңдатады...

Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді,

Кермені үзіп, сәйгүліктер де жеткен-ді.

Көре алмай Түке баласы менен күреңін,

Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді.

Енді бір сәтте, басқаға ұнамаса да... жас батыр арманының куәсі болып қуанамыз, қостаймыз.

Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды;

Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды.

Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді,

Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды.

Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған,

Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.

Өз атын өзі ұрандап бала келеді,

Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.

Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,

Келеді бала, есімін өзі ұрандап.

... Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,

Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.

Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,

Албанға алғаш өсітіп өзін танытты.

Ақын Райымбектей қайсар да өжет жастың бойынан жанайын деп тұрған от ұшқынын шабыттана көрсетіп жырлайды.

...Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,

Желісін үзіп, сендерден қайда барады, — дей отырып, Қабай жырау өз қоштауын білдіреді. Жас «батыр бала» аузынан кесек те ірі сөздер төгіледі. Жыр жолдары ары қарай жалғаса береді. Ақын енді Райымбектің ер жетіп есейген кезін суреттейді.

Түке өлген.

Он сегізде Райымбек,

Жүрген жоқ әке өлді деп, уайым жеп.

Тіріге тізе бүгіп, бас имеген,

Тізесін бүктірмесе құдайы кеп.

Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт,

Қатыгез құмға біткен қарағаштай, —

деген жыр жолдарынан болашақ батыр бейнесі анық танылады. Ақын поэманың барысында Райымбектің көрегендігін, батылдығын көрсетіп, оның келер күнді болжап, бүкіл қазақ еліне қауіп төніп тұрғанда, болашақ ел тағдыры не болар екен деген ой-толғанысын жеткізе суреттейді.

Ақын Райымбек бойындағы батырға тән қасиеттерді сипаттай отырып, өз халқының бақыты үшін қандай қиыншылыққа болса да төзе білудің үлгісін танытады.

Әзірге аман тұрғанға малы-басың,

Сауық пенен сайранға салынасың.

Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап,

Неменеңе жетісіп, қағынасың?!

Қайта шапқан жауыңды танығасын,

Құдайыңа шынымен табынасың.

Атамекен, жұртыңды сағынасың,

Бұралқы боп, жат жерде зарығасың.

Осы өлең жолдарының өнегесі сонда - адамдық, азаматтық сезімді ғана оятып қоймайды, ел, жұрт үшін күреске шақырады, оны адамзаттық асқақ сезімінің дәрежесіне биіктетеді. Мұқағали мұрасының мәңгіге өшпес үні осындай ойлардан туындаса керек.

Мұндай ойлы, парасатты сөздің астары, сөз мәнін түсінер кез келген адамның жүрегін қозғап, толқытарына күмән жоқ.

Поэма Райымбектің бұдан кейінгі іс-әрекеттерін суреттей отырып шарықтай түседі. Елдің елдігін сақтар, оны сыртқы жаудан қорғар Райымбектей батыр ұлдың ерлігін ақын ерекше шабытпен шебер жырлайды.

Ал Қабай жыраумен кездескенде айтылатын батыр сөздері, халқын аса қадір тұтқан батырдың келбетін ашады:

Сырымбет әулетінен таралғамын,

Хангелді қасиетінен нәр алғанмын.

Кенедейден көзімді ашқан жауым,

Еске түсіп, бойымды басқанға мұң.

Деген ой «жастығымды ала жатсам», —

Жоқ-тұғын менің мүлде басқа арманым.

Көпті көрген Қабай жырау батыр арманын, күрес ұранын ту етіп ұстаған, ел басын қосуға талпынған жас батырды тани отырып, өзінің салиқалы ақыл-өсиетін білдіреді:

Ауызданбаған арланым,

Жауыңа жалғыз бармағын,

Қиылып қалар арманың!

Халқыңа хабар арнағын.

Шабарыңды білдірме,

Шаужайыңнан ілдірме!

Жекпе-жек күтіп, ділгірме!

Жер қайысқан жауыңды

Жеңемін деме бір күнде! — деп жалғаса түседі.

Поэманың соңында Райымбекке: "Іле өзенін кесіп өтсін, сонда ғана қолбасшы болады" деген би шешімі, қойған шарты өте ауыр екенін оқушы жақсы түсінеді. Бірақ олар батыр ұлға деген сенімін жоғалтпайды, бұл ауыр сыннан сүрінбей өтетініне сенеді.

Жұрт назарын өзіне аударған Райымбек:

Ағынменен күрең ат жалдап кетті

— Кетті

— Өлді! — Жағалау зарлап кетті.



Бір кісінеп жануар жіберді де,

Ағын айдап, есен-сау ар жаққа өтті.

Дауасы жоқ жан екен, оты жанған,

Ілесіңдер осыған оты барлар!

Су жол берген батырға мен жол бермей,

Қамауда ұстап қыранды отыра алман.

Барыңдар, әкеліңдер салға салып,

Сынайын сырттаныңды жауға салып.

Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір,

Қатарын бөрілердің қанжоса ғып.

Дауасы жоқ жан екен жаратылған,

Тұлпар екен тұғырдан дара туған.

Қамауда ұстап қыранды отыра алман,

Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.

Хангелдінің сауытын кигізіңдер,

Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.

Сырымбеттің туының алдына әкеп,

Тәубе еткізіп, басын да игізіңдер.

Поэманың өршіл рухы, патриоттық мәні ашыла түседі. Биік мұратқа жету жолындағы Райымбек арманы іске асқанын оқушы анық ұғып сезінеді. Өз халқының бақыты мен бірлігі үшін ішкі, тысқы жаулармен аянбай күресудің мәнін ақын оқушыға жеткізе білген. Ел сенімін ақтау, қаптаған қалың жаудан елін арашалап, азаттыққа қол жеткізу - ендігі кезекте батырға сын. Атасы Хангелді батырдың сауытын кидіріп, қылышын қолына беруі, туды сүйдіруі – хас батырға деген ел сенімін танытса керек. Сол халқымен қоса ақын да батырын қырағы қыран құсқа теңеуінің өзі де батырға деген құрметі екені даусыз.

Би кесті,

Қара халық қабылдады,

Қару алып, қол жимақ қабырғалы.

Жорыққа әзірленіп жатты қауым,

Қасынан Райымбек табылғалы, —

деп болашаққа апарар жолды меңзейді.

Өз жыры арқылы ақын халқының асыл перзенті Райымбекке өшпес ескерткіш орнатты. Ел амандығы, бүтіндігі қиын сын сағаттта жол таба білетін, әрі елі мен жері үшін басын бәй тігетін Райымбектей батырларға байланыстылығын ақын дәл көрсетеді.

Қорыта келгенде, ақынның:

Табиғат,


Жанымды алсаң, алшы менің

Бір түйір жерге түскен тамшың едім,

Мұқағали жоғалса қайтер дейсін,

Артымда қалсын жерім,

Қалсын елім... —

деген өлең жолдарының оның бүкіл болмысы мен жан дүниесі халқына деген, Отанына деген шексіз махаббаттан туылғаны шындық. Сол себепті де ақынның шығармалары қай кезде болмасын халқының қажетіне жарап, рухани игілігіне айналары сөзсіз.Сонымен қатар Райымбектей батырға деген оқырман құрметімен қатар мақтанышы да зор.

 

1.2. Ақынның Ұлы Отан соғысын арқау еткен өлеңдері

М. Мақатаевтың балалық шағы өзімен замандас ақындар тәрізді Ұлы Отан соғысы жылдарымен дәл келеді. Сондықтан да оның патриоттық тақырыпта жазған туындыларында ақындық келбеті, мақсаты, тұрақты аңсар мұраты, іңкәрлік әлемі толық аңғарылады.

Дәл осы тұрғыдан біз ақынның соғыс жылдарындағы өлеңдері мен поэмаларының жалпы саны 72-ге жуық екеніне көзіміз жетті. М. Мақатевтың соғыс тақырыбына арналған өлеңдері идеялық тақырыптық жағынан төмендегіше мазмұнды қамтиды:


  • соғыс жылдарындағы балалық шағы жайлы;

  • әкесіз жетім өткен күндерді еске алу;

  • тылдағы азапты ауыр еңбек;

  • жетім-жесірлер зары мен баласынан айырылған ата-аналар зары;

  • Отан, бейбітшілік жайлы.

Еліне қорған болған батырлықты, ерлікті жырлау қазақ әдебиетінде

бұрыннан, тіпті халық ауыз әдебиетінің өзінде, эпостық жырларда үлгісі қалыптасқан дәстүрі бар тақырып болғанымен, Ұлы Отан соғысы тақырыбы – жаңа тақырып.

Сол бір қаһарлы кезеңде халықтың тарихи жеңісінде рухани мәдениетіміздің, соның ішінде көркем әдебиеттің атқарған рөлі, қосқан үлесі аса үлкен. Әдебиет дауылды жылдардағы халық ерлігінің лайықты көркем шежіресі болумен бірге, өз отандастарын жеңіске үндеп, мұқалмас жігер берді. Жауды талқандау жолындағы қуатты да айбарлы идеологиялық қару болды. Басқыншы жауды талқандау ісіне Советтік Отанды мекендейтін барлық ұлттардың әдебиеті де зор үлес қосты.

Қазақ ақын-жазушылары да өзінің жауынгер достарымен бірге туған елін, халқын қорғауға бар күш-жігерін аямай жұмсап, Отанды қарумен де, қаламмен де қорғады. Олардың жауға деген өшпенділік сезімін жігерлі де, отты жыр шумақтарымен беріп, рухани бейнесінің байлығын жинақтай суреттеді. Яғни, халық өмірінің типтік көріністері шынайы қалыпта берілді.

Мұқағали бұл тақырыпты басқа қырынан, яғни майдандағы сұрапыл соғыстағы қан кешкен ерен ерлікті тікелей суреттеместен, өзі көрген, куә болған тылдағы еңбек адамдарының басынан кешкен тауқыметін, тыныс – тіршілігін реалистік тұрғыдан шынайы жырлайды. Ақын «Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленем, қатты жәбірленем. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын» деген ойын жырымен былай береді:

«Бәрі есімде - мекен, жай, тұрағымда,

Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба?!

Балалық шақ жармасып жүретұғын,

Өгіз жеккен соқаның құлағында»- деп торығып еске түсірсе, бірде ақын «Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас,рас көзімізден жас ақты.

Бірақ сол бір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты» -

дей отырып, өзінің қайтпас қайсарлығын, ел басына ауыр күн туғанның өзінде де қаншама жан күйзелткен қиыншылыққа мойымай, қайта ол жылдардың сұрапыл сұрқиялығын еске алып, өзі сияқты жастардың тез есейіп, ерлерше аянбай қызмет еткенін паш етеді.

Жетім жасөспірімнің көзі әркімге жаутаңдайтыны белгілі. Қаршадайынан белі қайысып, ауыр бейнет тауқыметін тартқан ақынның жүрегі тасқа айналмай сондай сезімтал, жаны жайсаң жігіт болып өсуі қандай керемет! Өз буынының өр рухын өлеңге қосқан ақын жеке адам хақында сыр шерте отырып, бүкіл бір ұрпақтың өмірбаянын өрнектеген.

Есімде жоқ,

Бала болып өсіп пе едім?!

Болсам неге жылы сөз есітпедім?!

Есімде тек,

Білемін жеңіс-құстың

Біздің жаққа бір апта кешіккенін.

Осылай өскенмін.

Мен – солдаттың жандырып

кеткен жалыны,

Сөнбедім де өшпедім,

Мен отыз бестемін,

- дей келе ақынның балалық шақ туралы:

Бұғынамыз қатпастан,

Буынымыз дат басқан.

Соғыс деген сойқан кеп

Тапыл-тұрып тап басқан.

Бала шақты ап қашқан

Немесе,


Келді де соғыс деген ала шапқын,

Сайранын быт-шыт қылды бала шақтың, -

деген өлең жолдарынан ақынның не бала болып, ойнамағанын, не күлмегенін байқаймыз.

Шыныменен, соғыс кімді аяған. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпашылығын әйелдер мен жас балалар көтереді. Ерте есейіп үлкендермен қатар еңбек етті. Осыншама қиындықты басынан өткеріп отырып:

«Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?

Бұлдырыған айналаң ала сағым» - деп қамығады.

Ақынның соғыс кезіндегі балалық шағы, тылдағы еңбегі, өмірі жайлы жазған өлең, дастандары мыналар: «Бір кемпір», «Неңді сенің аңсаймын», «Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды», «Қара қамба», «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды», «Жас бала», «Қырқыншы жылдар», «Ей, менің қиын өткелім», «Отыз бесінші көктемім», «Сонда да біз...», «Жылап келіп, келмейді», «Ерлікті аңсаймын», «Құрдастарға», «Досыма хат». Ақынның бұл өлеңдерінің дені тоғыз тараудан тұратын «Балашақтан – Болашаққа» атты поэмасына арқау болған.

«Ей менің қиын өткелім» өлеңін оқып болғанымда, ақының «Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар» - деген сөзі есіме түсті. Расында да, барлық өлеңін жинап бір жинаққа топтастырса, бар-жоғы ғана бүтін поэма болар еді. Әр өлеңі бірін-бірі толықтырып, бір-бірінің жалғасы ретінде жазылған деуге де болады. Себебі, Мұқағали өлеңдерінде соғыстан оралмаған ағалар, жесір қалған жеңгелер, әкесін күткен сәбилер, ұлдарын күткен әжелер мен аталар мұңы көрініс алған. Сонымен қатар, туған жердегі еңбек адамдарының бейнесін жасау арқылы ақын лирикасының басты тақырыбы, әрі лирикалық қаһарманы сомдалған.

Мұқағали көптеген өлеңдерін әкесіне арнаған. Олар: «Әке аманаты», «Әкеме», «Әке сенің тастап кеткен мұраңды», «Әке туралы сөз», «Әкелер», «1941 – жыл. Ақпан», «Көзің нұрсыз дейсің сен», «Тыңған жаңбыр», «Ерлікті аңсаймын», «Жылап келгім келмейді».

Әкесі майданға аттанып, қайтып оралмағаннан кейін ақын жүрегінде сағыныш, өкіну, ыза, аңсау сияқты сезімдер пайда болып, осы өлеңдердің шығуына себеп болды. Әр өлеңі әр түрлі мазмұнда жазылған.

Ақын әкесіне арнаған өлеңдерінде әкесінің міне-құлқын, қандай адам екенін жырлары арқылы мәлім етеді. Ондай суреттеуді біз ақынның «Бала шақтан – болашаққа» атты өмірдастанының 4-бөлімінен көре аламыз. Бұл бөлім «Шаруа һәм жауынгер» теп аталады. Қарап отырсаңыз, ақын әкесіне майдан алдында орақ ұстап едің, енді қару ұстап жүрсің. Үйіңде мал бауыздап көрмеп едің, адамды қалай өлтіре аларсың деп, әкесінің момын, жан баласын ренжітпейтін қайырымдылығын жырмен өрнектейді.

... Мүмкін, жауың сол сәтті пайдаланды,

Аяушылық, парасат жайға қалды.

Сезім билеп, сен аяп тұрған шақта,

Сені аямай, дұшпаның байлап алды.

Әкесі соғысқа аттанарда Мұқағалиға кәрі апасын, інілерін саған аманат етемін. Менде 10 жасымда әкемнің аманатын алғамын... Мақатай атаң бұл дүниеден қайтқанда, мен де он жаста едім. Міне, мен соғысқа аттанып барамын. Сенде он жастасың. Бізге құдай әкесінен он жаста қалуды жазған екен, қарағым. Енді сен азаматтсың! Анау кәрі әжеңді, шешеңді, екі жас ініңді саған тапсырдым. Сен жаспын деме, қарғам, осыларға бас бол! Аман-есен көрісейік! – деп ебіл-себіл жылап тұрған баланың бетінен тағы сүйіп, қош-қошпен аттанып кетеді. Әкесінен 7-8 ай бойы хат келіп тұрған екен. Сонан кейін мүлде хабарсыз кетіпті.

Біріншіден әкесінің аманаты бар, екіншіден өзінен басқа ересек ешкім болмағаннан кейін (шешесі ертеден кешке дейін колхоз жұмысында) буыны қатпаса да, үй шаруасын ақын мойнына алады. Оқуын да тастамайды. Зерек, алғыр оқушы болыпты. Колхоз жұмысына да аралысып, көктемгі егіс кезінде соқаға міну, жазда шөп шабу, шөмеле салу, күзде тұлыққа міну, кейде мал бағумен айналысады.

Қыс кезінде ауыл адамдарының қолдары азды- көпті босап, көрші қолаң бір үйге жиналып, соғысқа аттанып кеткен ер-азаматтарын еске алып жүреді. Сондайда бала Мұқағали білте шамның жарығымен батырлар жырын дауыстап, шабыттанып оқи жөнелгенде, тыңдап отырған үлкендер жағы: «Алла, кемпірдің баласын тіл-көзден сақта!» - деп тілек білдіріп отыратын көрінеді. Жалпы Мұқағали бала кезінде –ақ [4, 12] І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын т.б. інжу маржандай халықтың асыл мұраларын мәнерлеп, жатқа оқитын болған. Өзі де 10-11 жасынан өлең жаза бастапты. Өлеңдері көбінесе асқар таудай әкесіне деген сағынышын білдіреді. Мысалы мынандай болып келеді.

Мен қасқа атпен тепеңдеп желемін кеп,

Ойлаушы едім артыңнан еремін деп.

Қанша жүрсем, жан әкем, жеткізбейсің,

Аттанып ең «майданнан келемін» деп.

Өлең деген, әкежан, өлең деген,

Өлең десе, құлағым елеңдеген.

Күнде күтем, сарғайып, түнде күтем,

«Жауды жеңіп, батыр боп келем»-деп ең

Тауға шығып ойнаймын, жуа аламын,

Қолында асасы жоқ дуанамын.

Көңілім шат, көркімде нұр ойнатып,

Қашан мен әкем келіп қуанамын!... [1.35]

Өздеріңіз байқап отырғандай-ақ жырдың басы қазақтың қара өлеңі болып келеді де, соңғы жолдары әкесіне арналады.

Ақын балалық шағы соғыс жылдарында өткен ұрпақтың өкілі ретінде әкелік мейірімді аңсап өскен жетім көңілін дөп басып айта алды. Әрі, отанға, туған елге, жерге деген махаббат өзін өмірге құштар еткенін, еш үмітін үзбестен жеңісті күткен әрбір шаңыраұұа сенім ұялата алды. Майданнан қайта оралмаған ерлердің ерен ерлігін өскелең ұрпаққа насихат етуді мақсат етті. Сондықтан да өз басынан өткен шынайы өмірді жырларына арқау етті. Шындықтан туылған шығармада тек шынайылық болатынын оқырманына жеткізе алды.


1.3. «Бала шақтан – болашаққа» дастаны

Ақын бұл тақырыпты тек өзінің лирикалық шығармаларында ғана жырлап қоймай үлкен поэмалық туындыларына енгізді. Халықтың арманын, Отанға шексіз махаббатын ақын өзінің еңбектерінде терең толғап, кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етуге еңбектенді. Мақатаевтың соғыс тақырыбына жазған жырларында махаббат, достық сезімдері поэмада терең, айқын ашылды.

Ақынның поэмалық туындылары жоспарлы, сатылай жазылып, бірнеше бөлімнен құрылды.

М. Мақатев Ұлы Отан соғысы шындығын кең жоспарлы «Бала шақтан-болашаққа» дастанында бейнелеп берді. Бұл дастан 9 бөлімнен тұрады:

1. Бесік балағындағы жылан

2. Алдымен көргенім – аспан

3. Адам ата мен хауа ана

4. Шаруа һәм жауынгер

5. Менен сұра

6. Аға, мен тірімін

7. Дариға –жүрек

8. Қанаттарым менің

9. Атамекен

Бұл туындының табиғаты ақынның өмірбаяндық шежіресіне, қара өлеңмен есілген, өмірден көрген сырларына саяды. Лирикалық кейіпкердің жан-дүниесі, толғаныс сәттері сұлу да терең ашылған. Жұмыс мақсаты ақынның соғыс тақырыбындағы өлең-поэмалары болғандықтан, мен бұл өмірдастандағы бөлімнің барлығына тоқталмай, тек тақырыпқа байланыстыларын қарастыруды жөн көрдім. 4-8-ге дейінгі бөлімдеррінде соғыс жылдары бейнеленген. Бұларды ақын өмірінің кезеңдеріне бөліп қарастырғанда, бірінші, ақынның шыр етіп дүниеге келуі, өмір табалдырығын аттауы, тал бесікке түсуі; екінші, ес біліп, етегін жапқаннан кейінгі өмірі. Бұл 10-15 жас аралығын қамтыды. Майданға кеткен әкеге сағыныш, тылдағы жанкешті тірлік. Жер жырту, егін егу, тұлық таспен астық бастыру, шөп шабу, қарағай тарту секілді нар азаматтың белін қайыстырар іске араласу, бригадир сойылын жеу, жесірлер жылауына ортақтасу, жетімдер мұңымен мұқалу, өмір мен өлім жанталасын көзімен көріп, ет жүрегімен сезіну жұдырықтай бала үлесіне тиді. Бұл бір жағы зәрезап жасаса, бір жағы шымырлап ширатты да, үшінші, дариға жүрек жеңгесіне жолықты. Ол өмірге лирикалық кейіпкерді өзгертіп, өсіріп, оның орнына өзгерген өзі – бір ақынды берді.

«Шаруа һәм жауынгер» бөлімінде:

Білмеймін, өлдің бе сен, өлмедің бе,

Белгісіз жеңдің бе сен, жеңбедің бе» деп хат-хабарсыз кеткен, ерлік ісі беймәлім қалған әкесінің тағдыры жайлы ақын әр саққа жүгіртілген болжамдар айтады. Себебі, жақсылыққа жанасымсыз жамандыққа жоруға, болмағанда болды деуге ақынның бармайтынына біз сенімдіміз.

Мұқағалиды толғандырған, хабарсыз жоғалған әке жайы. Осы тұста ақын өлең бойында риторикалық сұрақтар қойып, іштей топшылап, осы сұрақтарға жауап іздеуде. Біріншіден, әкесін, Отан қорғауда осалдық жасағандар тобына қоса салуға негіз жоқ. Екіншіден, ол су жүрек қорқақ, бас сауғалаушы да болмаған. Енді ақын топшылауын сыртқа шығарып:

«Мүмкін , сенің көзіңде от ойнақтап,

Әйтеуір, қыра бердің, қыра бердің.

Өкінбен сен өмірден өтті ғой деп,

Өкінем жау түбіңе жетті ғой деп.

Өкінем жендеттердің арасында,

Сендей бір шаруалар кетті ғой деп». [22, 297]

Ақынның топшылауынша әкесі ақырғы демі біткенше, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, қаза болды, не:

«Білмеймін, сен аттың ба, жау атты ма?!

Тірідей тықтыма әлде абақтыға?!»,

- деп амалсыз тұтқындалып, абақтыда отыр ма екен?... Үйде жүргенде қой мұрнын қанатпаған, адам өлтіруге қолың бармай, аяп тұрғанда:

«Сезім билеп, сен аяп тұрған шақта,

Сені аямай, дұшпаның байлап алды.»

Міне, осындай жауабы белгісіз сұрақтар үсті-үстіне төпелеп шыға береді, шыға береді.

Не болса да әкесінің Отан үшін жанын құрбан қылғанына өкінбейді, тек сол құрбандық елеусіз, ескерусіз қалмаса екен, ер есімін кір шалмаса екен деп армандайды. Ақынның қарапайымдылығы сондай! «Маған мадақ-мақтаудың, ескерткіштің керегі жоқ, елеусіз қалмаса болғаны» - дейді.

Басқадай ескерткішті нағыламын.

Бастарында мәңгілік тұрса болды,

Орақ пенен Балғасы шаруаның...

Бұл азамат ақынның ойы. Дегенмен, сол 10-15 жастарында әкесін сарғая күткен жас ұлан, хабарсыз кеткен әкесін ойлап, осындай ойлар ұшығымен терең толғанған. Ең болмағанда майданда қаза болған азаматтар туралы елге, туысқандарына келетін «шын ерлерше қаза тапты» деген сараң мәлімет те – қанша ауыр, қайғылы болса да келмеген әкесінің соғыстағы өмірін беймәлім етеді. Бірақ кейіннен әкесінің майданда қалай шайқасқаны, қай жерде қайтыс болғаны жөнінде деректерді тауып, алдындағы сұрақтардың жауабын алғанына күмәнім жоқ.

Шығарманың басты кейіпкері ақын әкесі Сүлеймен. Бұл шығармадағы сом тұлға басқа жауынгерлерден дара өзіне тән мінезімен, ішкі, сыртқы сипатымен көзге түсіп, адамгершілік қасиеті терең ашылған.

Кетіп ең: «Көппен көрген – ұлы той», - деп,

Уыстап қайратыңды шеңгелдегі.

Бұдан біз ақынның бас кейіпкері сөзге берік, іске белсенді, рухани жағынан күшті, ширақ екенін байқаймыз.

Ақынның жауынгер әкесімен сырласқан монологқа құрылған бұл шығармада перзент алдындағы борышты әкесінің сын сағатта қалайша ерекше сезініп, өтегенін, намыс күшінің не қиындық сындарға төтеп бергенін, Отан үшін жасалған баға жетпес құрбандық өшпес ерлікті танимыз. Бұрынан мәлім дәстүрлі поэмаларда көбіне оқиғаны қадағалай баяндау амалы басым келетін болса, кейіпкердің жайлары біртіндеп тізіле сипатталған. Сол лирикалық кейіпкердің сыры, тебіренісі арқылы оның ішкі жан дүниесі, биік моральдық қасиеті ашылып жатады. Поэмада жинақтау, түйіндеу басым екені сөзсіз. Ондағы лирикалық кейіпкер – тип. Ол бүкіл совет адамдарының соғыс жылдарындағы жай-күйін, зор адамгершілігін, патриоттық сезімін, тұлғасын еске түсіреді.

М. Мақатаевтың соғыс тақырыбына арналып жазылған поэмаларында бас кейіпкердің әрекеті кеңірек баяндалса, мұнда геройдың әрекеті, оның ішкі жан-дүниесі, сезім-күйлері пайымдаулар арқылы ғана берілген. Ақын кейіпкердің соғысқа дейінгі және соғыс кезіндегі картинасын ұсынды:

Қару құрсын, қаруды неғыласың,

Сен орақты алдымен танығасың.

Жаһанамға қан жүктеп кеткен жоқсың

Егін салған егеу қол шаруасың.

Базарлап отыратын барыңменен,

Шаруа едің жаныңмен, арыңменен,- деп ақын әкесінің өмірі мен мінезін суретті детальдармен берсе, соғыстағы әкесін көз алдына елестету арқылы пайымдаулар жасайды. Әке өмірін шұбалаңқы ұзақ сонар етпей қысқа – қысқа тоқталып, образын жасап шықты.

Балалық шағы соғыс жылдарында өткен жас ақынға сол жылдар көп қайғы-қасірет алып келді. Ол өзінің көрген-білгенін, куә болған ауыл адамдарының басынан кешкен тауқыметін, тыныс-тіршілігін жырлайды. Мәселен, өмірдастанның бесінші «Менен сұра» бөлімінде «біз соғыста болмадық, бірақ солдаттардан кем түспедік. Ерте есейіп, зұлматтың «балы менен шерін» таттық». Махабаттың құлазығанын, ағасының отбасының ойран болғанын көзімен көріп, жүрегіменен сезіне келе, бейбіт өмірге соғыс салған ойран – ақынның соғысқа лағнет қамытын кигізіп, соғыс құмарларды зілді айыптауда бір сәт те тынбаған. Бұл бөлімнің өзін үшке бөліп қарастыруға болады. а) тағдыры ауыр тақсыретке, күрделі күреске, шым-шытырық тартысқа толы ақын образы; б) «соғыс деген не?» деген сұраққа ақын өз сөзімен анықтама береді; в) «менен сұра» деп барып, ауыл жағдайын түсіндірумен аяқталады. Әрбір бөліктегі ақын ойын өлең жолдарымен былай беріп кетеді:

Мен соғысты көргенім жоқ,

Көргім де жоқ, көрмедім.

Соғыс ойынын ойнайтынмын,

Қару алып, қан майданда,

Қас жауыма төнбедім

Көрдім бірақ жесірлердің, жетімдердің еңіреуін. [23, 299]

Бұл Мұқағали өміріндегі ащы шындық. Ал осы ащы өмірдің авторы кім? Яғни, «соғыс» деген сұраққа:

Соғыс деген – аққан соры ақсүйектің, құлдың да.

Төккен ары қыздың және ұлдың да.

Сор айдаған содырлардың табысы

Сойқандардан қорғандар намысы.

Қолданады, долданады, таусылғанда айласы.

Жас дәуірге, жармасып ап, соғыс дейтін кәрі жүр

Қолдан ажал жасап алып, жасқандырып әлі жүр,- деп жақсылып тұрып анықтама беріп кетеді. Соңында «Менен сұра, бидайдың кегілгенін, өскенін, менен сұра. Еңбектің қысқа таңын, кештерін» деп қан майданның салмағымен, зардабын ауыл қайтіп көтергенін баяндап береді.

Жоғарыдағы өлеңдерге немесе Мұқағалидың бүкіл творчествосына жүгінейік, әйтеуір даусыз ақиқат сол ақынның тек бүкпесіз ашық сырласуға ден қоятыны. Тұңғиық, шерлі, мұңлы сырларының шым-шым тереңіне тартқан ақын жүрегінің құпиясы, өлең сиқыры ұдайы еркелетуді аңсайтын сәбидей пәктігі мен нәзіктігі, ақжарма сенімі оқырманын алаңсыз еліктіреді. Бұл-ақынның әуел бастан нәр алып, өмірінің соңына дейін берік ұстанған творчествалық принципі, әрі мұраты болған ең басты қасиеті.

Ақын «Менен сұра» атты бөлімінде өзіне қажетті кілт – сөзді, немесе ойлы тіркесті, болмаса өлеңнің қанық шырайын үстемелетіп тұратын жекелеген өрнекті (соғыс, соғыс деген немене деген) яғни сурет-сөзді шығарманың бүкіл өн бойында қайталаудан қаймықпаған, қорықпаған. Кезінде оның осындай сөздерді жиі қайталауын кемшілік деп санаған субъективтік сын пікірлердің артық айтылғанын, оғаш екендігін осы өлеңі тағы дәлелдеп отыр. Керек десеңіз, алуан контексте жиі қолданылатын осындай сөздер түптің түбінде өлеңнің музыкалық әуезіне, лейтмотивіне, күретамыр интонациясына айналып кетеді де, ақынның мейлінше дара стильдік бедерін айқындайтын шешуші белгілердің қатарынан шоқтығы биік күйінде өзгеше орын алады.

«Аға! Мен тірімін!». Тағы кейін жылжысақ – бейтаныс адам, жолаушы ағаның қайырымсыздығын көрді ол. Қар басқан далада, аласұрған боранда мұны жолға тастап кетті. Сол бала енді ағасын еске түсіреді.

Білмегенсің менің кім екенімді,

Жетпесімді ауылға, жетерімді.

Сәлем аға, көңілдің архивінен

Сен қалдырған бір тозаң көтерілді. [24, 303]

Сол бір сойқанды кездегі, аға мінезі қайғы үстіне мұң жамады. Бұл ақынның алғаш қайырымсыз жанды кездестіруі. Алдыңғы өлеңдерінде біз фашисті қайырымсыз, сұрқия деп біліп жүрсек, енді сондай жауыздар ауыл арасынан шықты. Осыны ақын:

Қайырымсыз кісіні алғаш көрдім,

Қайырымсыз қазақты білмеп едім.

Өкінішке орай бұндай жандардың біздің ортамызда бар екені рас, әлі де болары хақ.

Бұл өлеңде айтылғандардың барлығы ақынның басынан өткен, болған жағыдай. Әбіжан Құтпанбаевтың «Ол бізге жиен еді» деген естілгенде осы оқиға жайлы біраз сөз етіп кетеді. 1947 жылдың қысында Мұқағали 8-ші сыныпта оқып жүргенде, Ленин атындағы колхоздың малшысы Ботанов Құтпанбайдың үйін жаяу іздеп шығады екен. Жол бойы қарға матығып шаршаған жаяудың соңынан бір шана келеді. Одан жөн сұрайды. Бірақ ол қатыгез адам болса керек, тастап кетеді. Бұл бейтаныс адамның мына қылығын қалай ғана жауыздыққа жатқызбасқа. Бұндай тас жүрек адамдардан бәрін де күтуге болады. Бағына қарай сол колхоздың мұғалімі Әріпбай Әшімбаев кездесіп, оны мінгестіріп нағашы атасының үйіне түнделетіп апарып салады.

Осы қайырымды жанды ақын аға: [25, 168]

Өзі әкеліп тастады ауылыма,

Өзіңе ұқсап өзекке лақтырмады..

Осылай ақын өзін таныған адам кескін жыры арқылы көркем жинақтап танытты. Кейіпкерлердің мінез-құлықтары, ішкі қасиеттері, іс-қимылдары анықталды. Ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлердің әр алуан ерекшеліктері олардың іс-қимылына қарай байқалады.. Олардың қай-*қайсысы болса да, белгілі бір іс-әрекет жасап, соған қарай ішкі –сыртқы қасиеттерін аңғартады.

-Мына түтеп тұрған борасында,

Ей, бала, өлейін деп барасың ба?

-Ағатай, ала кетші нағашыма

Әнекей анау таудың арасында.

Сөзіміз осы болды, үндемедің.

Шұбар ат желіп кетті «шуу» деп едің.

Бұдан арғы суреттеулерде бұл бейтаныс адамның мінез-құлқы жан – жақты ашыла келе, тіпті тірі адамдай тұлғаланып, дараланды. Осы ұнамсыз кейіпкерге сыртқы түрімен де, ішкі сырымен де қарама-қарсы образ аң аулап келе жатқан Ә. Әшімбаевты:

Қайырымды қазаққа дөп келіппін,

Қазақ деген сен емес, бөлек екен.

Жауып жатыр тонын да, торқасын да,

Беріп жатыр етін де сорпасын да.

Мұқағалидың құдыреті – сол өмірдің бедерлі де бейнелі типтік көрнісін сан құбылған бояу-нақышымен қайта тірілтіп, алдымызға жайып салады. Көз тұндырар тірі көріністер, кешегі қазақ ауылының тіршілігі – этнографиялық суреттер, адамның жан дүниесін айқара ашады. Тағы бір көңіл аударарлық нәрсе, шығарманы оқу барысында оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс оқшау сезімге салып, сүреңсіз табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла тұз, жалаңаш жон, қақарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өлеңдегі табиғаттың осы көрнісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ жітік халдің хабаршысындай адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет тек қана табиғат көрнісі емес, сол кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тіршілігінің түрі тәрізденеді.

Жадымда соғыс кезі, жойқанды кез,

Қыс еді қытымыр шал, сойқан мінез.

Немесе,


Батырсып, қайрат жиып, жортқан болам,

-Қайт! –дейді қарсы алдымнан соққан боран.

Міне, борай ұшқан қызыл қиыршық қар бәрі жиылып келіп дүниеге тағы да бір ғажайып терең сыр береді. Өлеңде жан-жақты көрінген көрністері тәрізді... Бұл тамаша символ! Жан түршіктірер ауыр хал, қатал шындық. Адам бұл тұста алуан сезімге түседі, сан түрлі ойға шомады. Тағдыр неткен қатал? Қорғансыздар тұрмыс-тіршілігі неткен ауыр?.. Бірақ Мұқағали өмірінде бұдан да бетер жанына бататын тағдыр тәлкегіне түсіп, қым-қиғаш сәттерді басынан өткергенін білеміз.

Мәселен майданға кеткен ағасының отбасы ойран болып, жеңгесінің басқа біреудің етегінен ұстап кетуі Мұқағалиға жеңіл болған жоқ. Ол туралы ақын осы поэманың «Дариға – жүрек» атты тарауында тереңірек баяндаған.

Ақынның бұл лирикалық поэмасындағы тұнып тұрған сезім құдыретіне оқыған сайын тамсанып, шөлдеп, кейде сусындап сезім айдынында шомыласын да рахатқа бөленесің, рухани азық аласың, ақынның Дариға жеңгесінің бүкіл әйел қауымының сұлулықтың символы етіп идеялық-көркемдік жағынан шеберлікпен, ақындық үлкен шабыт үстінде жеңгесінің таза болмысын, терең түсінген күйде бір деммен, бір ырғақ, бір әуенмен жыр өрнегіне қосқанының куәсі боласың.

Дариға жүрек кім еді?

Тасылмай қалған өзені

Келмей бір келген кезегі

Керемет жанның өзі еді

Айтылмай қалған сөз еді,

Ашылмай жүрген сыр еді,

Басылмай жүрген жыр еді.

Дариға-жүрек кім еді?

... ақиқатында да ақынның жеңгесі сонау соғыстың сұрапыл жылдарында да, соғыс салған ұлы жарадан өмірінше жүректен тұңғиық трагедиядан азап шеккен жан. Сүйген жары үшін қаншалықты адал, пәк махаббатына кірбің келтірмеймін, дақ түсірмеймін десе де, өмірдің өзіндік заңы бойынша, әйелдердің өсек аяңына шалдығып жүрген жаны сұлу Дариға еді. Ақиқатында ақын өзінің балалық пәк көңілімен өте сұлу жеңгесінің істеген қылықтарына сүйсіне жүріп, кейін өсек—аянға ілігіп әйелдер сөз еткенде де, оған сенсе де жеңгесін бірден жаман атқа қимай оны сол бойда айыптап қаралаудан аулақ. Өйткені ақын жеңгесінің мінез-құлқын, бар - болмысын терең түсінеді. Міне, Мұқағали осындай соғыс жылдарындағы ауыл тұрмысын, тыныс-тіршілігін өмірдің өзінен ойып алған тәрізді дәлдікпен, шындықпен суреттеп, Дариға-жүрек бейнесінде сол сияқты талай жанның басындағы бар жағыдайды көркем суреттеп типтік бейне, дара тұлға жасағандығын көреміз.

Бұл ақынның өз туындыларында адам образын жасаудағы өзіндік шеберлігі немесе бұл тақырыпқа қазақ поэзиясында талай шығармалар жазылып, талай образдар келді. Солардың арасында Дариғаның типтік көркем сом тұлғасы өз алдына ерекше, оны оқыған әрбір оқушы естен кетпес рухани азық алып, естетикалық терең сезімге бөленеді. Бұның өзі анық көрсетеді. Мұқағалидың өмірді, тұрмысты, адам психологиясын, адам жанының нәзік сезіім арқылы түсінетіндігін, сол үшін де ақынның жеңгесі Дариғаның көркем образы көз алдымызға елестеп, ұзақ уақыт естен кетпейді. Естен кетпейтін себебі ақынның талант талабы мен шеберлігіне, тіл байлығына тікелей байланысты мәселе. Сондықтан көркем шығармада жұртшылықтың көңілінен шығып, махаббатына бөленерлік көркем бейне адам образын жасау - бұл аса шеберлік.

Біз, бұл поэманың теориялық – практикалық жақтан қарап уақыттың өтуін ескерсек, онда тарихи поэмалар қатарына жатқызамыз. Себебі, бүгінгі күнде кешегі аласапыран сұрапыл соғыс тұсында ауыл өміріндегі кездесетін адамдар арасындағы қарым-қатынасты нақты көрсетіп тұр. Неге дегенде соғыстан сүйген жары қайтпаған Дариғаның тартқан азабын, көңіл күйі, басынан кешкен мұң мен зарын жырға қосып, оған кінәлі соғысқа лағнет айтып отырған жоқ па?

Шөп шабыс еді,

Қосымыз тұрған шатқалда

Ұйқыдан қауым,

Жаңадан тұрып жатқанда,

Дариға-жүрек,

Ботадай келіп боздады,

Бозарып тұрып,

Бозарып тұрған ақтаңда,

Тыңдаған жан жоқ,

Өзінше жұрттар дүрбелең.

Кімдері сөйлеп,

Кімдері ұрсып кімменен

(Қауымның мұндай, қатыгездігін білмеп ем)

Айғай мен хайбар,

Айналам тегіс гулеген.

Әдетте қазақ поэзиясында Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған поэмалардың сюжеттік мазмұны майдандағы жауынгерлердің ерлік істері немесе әділетсіз соғысқа қарсы бейбітшлік үшін күрес әрекеттеріне байланысты тартыс оқиғаларға бейім болып, ондағы адамның ерлік көрсеткен образдары әр қырынан шынайы көркемдікпен суреттелер еді. Ал, М. Мақатаев бұл поэмасында соғыс уақытының екінші қырынан келіп соғыстағы қаһармандық ерлік туралы емес, сол дәуірдегі елдегі болып жатқан адамдар тұрмысын сәтті суреттеп поэма қаһарманының ішкі құпиясын, жансырын сергек сезімін, көңіл-күйін, қайғысы мен қуанышты сәттерін реалистік тұрғыдан баса суреттеп Дариға жеңгесінің дара тұлғасын тасқын шабытпен жырға қосып, өзіндік шеберлікпен нанымды жасап шыққан. Сондықтанда дауылды ақынның бұл поэмасы негізінен лирикалық, психологиялық поэмаға жатады.

«Қанаттарым менің» тарауында соғыс жылдарындағы ауыл жағдайын басынан бастап, жеңіске қолдары жеткенге шейін суреттеледі. Соғысқа жарымды деген ерлердің барлығы дерлік майданға аттанғаннан кейін, жер жыртып, егін егіп, жазда шөп шауып, қысқа қарай сүдігер жыртып, мал қыстатып, аман алып шығу ауылдан қалаға жас балалар мен әйел, қыз-қырқын, кәрі шалдарға қарап қалады. Осы жерде апай болып шабысып, «Біз болып», «неміс» болып атысып, алысып ойнап жүрген баланың алғаш ауыл жұмысына араласуы суреттеледі. Бұнда ақын өз басынан өткен қиыншылықты қоя тұрып, сол жұмыстың басы-қасында, басқарып жүрген бригадирдің қатыгездігін сөз етеді. Мал деген жалғыз-ақ құла құнаны бар еді, одан да сол сұрапыл жылдары айырылды. Жануардың өлімі ақынды қатты күйзелтті. Оны мына жолдардан көреміз:

Сезіндім: мұң наланың көшін көрдім,

Сойқанын соғыс салған кесірлердің.

Қолдан келер айла жоқ, қосылдым тек,

Хорына жетімдер мен жесірлердің.

Шығармай шар аспанды шырағынан,

Аңызды жатты жайрап құла құнан.

Қанатым мертіккендей сезінемін,

Жаулардың маған атқан бір оғынан. [1, 318]

Мойынға түскен зіл батпан азаптың біреуі – құйындай құйқылжыған құла құнанның мерт болуы еді. Осы өлең жолдарынан қанатынан айырылған ақынды, қайғылы ақынды көреміз.

Бұл поэма – ақынның өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын кең көлемде алып суреттейтін шығарма. Қоғамдық жұмысқа тартылған Мұқғалидің өзі өскен, өмір сүріп отырған ортаның шындығын қинап, біртіндеп ысылдырады. Ауыл бригадирінің шаруа басында жүргенде қинауы, құнанының мерт болуы, әжесі мен шешесінің қиналып жүріп, күн кешуі, ақырында әжесінің о дүниелік болуы – бәрі ақынға оңай тиген жоқ. «Табандылық кез келген кедергіні жеңеді» – демеп пе еді Леонардо до Винчи. Ауыл адамдарымен ақын осындай табандылық танытқанның арқасында жеңіске жетеді. Біз оны шығарма соңын оқығанда көреміз.

Қасіретті, қайғыны тастап әрі,

Адамдардың ашылып қас-қабағы.

«Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап»,

Уыз өмір қайтадан басталады.

Міне, жеңістің салтанаты мен қуанышын осы шумақ ашып тұр. Өткен жылдары есіне алып, толғанған, жеңіс үшін кешкен ауыртпалықтар мен төгілген қанның бір тамшысы да өтеусіз кетпегеніне ақын риза.

Поэмалық идеяның түйіні: біздің өткен уақытымыз – күрестің белгісі, әкелер мен ағалардың төгілген қанымен, әйелдер мен балғындардың тылда жүріп маңдайынан шыққан ащы терімен келген жеңіс екенін таныту.

Қорыта айтқанда, өмір, тіршілік үшін таласта аға ұрпақ өліп, жас ұрпақ орнын басып жатады. Уақыт өткенді еске алып, тіршілік күйбеңін жастың мойнына артады. Әкеден ауысып қалып жатқан шойын сағат – сол бір тозбайтын тіршіліктің, өлмейтін уақыттың символы.

Сондықты өмірді бағалау, қадірлеу – әр ұрпақтың міндеті. Портреттер – адамның, әр түрлі ұрпақтың, уақыттың портреттері. Поэмада халық тарихы мен тарихи адамдар өмірінің фактылары молынан келтірілген. Мәңгілік өмір, мәңгілік табиғат тірлігі мен көркі, өшпес үні қаза болған жауынгердің мәңгі жасар рухының көрнісі ретінде суреттелген. Расында да халықтың көңілімен тарихтың төрінде өзі өлсе де, ісі өлмеген әке, аталардың, ізгі азаматтардың есімі қалары хақ. «Адамның өзі өлгенімен артында тындырған ісі, адамға лайық аты, мәңгілік жасайды. Өз халқының жүрегінде өмір сүреді. Нағыз адам өлмейді, өлімнің өзі мәңгі өлмес сапарға аттану...» - деген ақынның өз сөзі бар емес пе? Демек, мәңгілікке аттанған азаматқа деген сағыныш әр жүректе ту болып желбіреп тұрады. Өлген тәнді жас топырақ жабар, бірақ ұлы сарапшы уақыт әркімді өз орнына қояр, бағасын береді. Мінеки, ақынның өзі де сол зұлмат соғыста азаттық үшін жанын қиып шейіт болған ерлерге мәңгі мұқалмас мүсін соққанмен тең етіп осы поэманы қалдырды емес пе? Біздің бұдан алар ғибратымыз да мол. Келер ұрпақтың саналы ғұмырына отанды сүю мен қадірлеп қастерлеудің өзі зор мақтаныш екенін ашып айтуды мақсат етті және сол мақсатына жетті де.

Ұлы Отан соғысы талай баланы әкеден, ата менен ананы баладан, қарындас пен бауырды ағадан айырған сұрапыл зұлмат болды. Бірақ Отанға деген махаббат оларды еш қайыстырмады, керісінше жігерлендіріп, тәуелсіздік жолында жеңіске жетеміз деген ізгі мұратттарына ұмтылуға да себепші болған сол Отанға деген сүйіспеншілігі еді.

Отанына деген шексіз махаббаттан туылғаны шындық. Сол себепті де ақынның шығармалары қай кезде болмасын халқының қажетіне жарап, рухани игілігіне айналары сөзсіз.Сонымен қатар Райымбектей батырға деген оқырман құрметімен қатар мақтанышы да зор.

Ақын балалық шағы соғыс жылдарында өткен ұрпақтың өкілі ретінде әкелік мейірімді аңсап өскен жетім көңілін дөп басып айта алды. Әрі, отанға, туған елге, жерге деген махаббат өзін өмірге құштар еткенін, еш үмітін үзбестен жеңісті күткен әрбір шаңыраұұа сенім ұялата алды. Майданнан қайта оралмаған ерлердің ерен ерлігін өскелең ұрпаққа насихат етуді мақсат етті. Сондықтан да өз басынан өткен шынайы өмірді жырларына арқау етті. Шындықтан туылған шығармада тек шынайылық болатынын оқырманына жеткізе алды.



Қорытынды
Өзінің шынайы таланты, сырға толы тұнық та мөлдір жырлары арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапқан Мұқағали мұрасы бүгінде туған халқының қажетіне жарап, рухани азығына айналып отыр.

Бір өлеңі — бір елдің мұрасындай» ақын поэзиясы адамның ішкі жан тереңін, нәзік сезімдерін шынайы да әсем бейнелейді.

Мұқағали қалам тартқан патриоттық тақырып өз мұратына жеткен. Олай деуімізге себеп, ақынның патриоттық тақырыпта жазған туындылары халық жадында жатталып, талай оқырманын терең ойға батырумен бірге театрландырылған қойылымдар да қойылды. Демек, ақынның қалам тартқан тақырыбы өзекті болғаны, халық санасында екшеліп, орнықты деуімізге дәлеліміз де жетерлік. Міне, сондықтан да оның ұғымында туындаған туған жерін жатжұрттықтардан қорғаған батырлар жайындағы шығармалары шынайы жырланған. Ұлы Отан соғысы жылдарында азапты күндерді бастан кешірген қаһармандары шындық шеңберінен ауытқымаған. Өйткені, ол – ақынның өз ғұмыры, көзімен көрген жазмыштары. Майдан алаңы болсын, тыл алаңы болсын онда еңбек еткеннің бәрін де батыр деп санауымыз керек. Өйткені, бірі қару асынса, екіншісі еңбек қаруын асынып, елінің жеңіске жетуі үшін маңдай терлерін сарп етті, керек кезде жанын да қиды.

Осындай жайттарды арқау еткен туындыда жасандылықтың көрініс беруі мүмкін емес. Ендеше ақынның соғыс жылдарына арнаған өлеңдерін мектеп барламасына неге енгізбеске? Ақынның патриоттық тақырыпта жазған туындыларын мектеп бағдарламасына енгізілсе, оқушылардың патриоттық сезімдері ұлғая түсер еді.





Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет