Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) зиянды салдарының туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлсе, бiрақ жеткiлiктi негiзсiз олардың алдын алуға болады деп ұшқары ойласа не тиiстi назар салған және көре білген жағдайда, олардың алдын алуға тиіс және солай ете алатын болса да осындай салдардың туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.
4-тарау. ӘКIМШIЛIК ЖАУАПТЫЛЫҚ
28-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа жататын тұлғалар
Әкiмшiлiк жауаптылыққа:
1) әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға;
2) заңды тұлға жатады.
29-бап. Ақыл-естiң дұрыс еместігі
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрыс емес жағдайда болған, яғни өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн сезіне алмаған немесе оларды созылмалы психикалық ауруының, психикасының уақытша бұзылуының, ақыл-есі кемдiгiнің немесе психикасының өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан басқара алмаған жеке тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.
30-бап. Лауазымды адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
Лауазымды адам өз қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жай болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды адам жалпы негiздерде жауаптылыққа жатады.
Ескертпе. Осы Кодексте әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын немесе жүзеге асырған не әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде мемлекеттiк мекемелерде, квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын немесе орындаған адамдар – лауазымды адамдар деп танылады.
31-бап. Құқық бұзушылық арнаулы техникалық құралдармен тiркелген кездегi әкiмшiлiк жауаптылықтың ерекшелiктерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен тiркелген жағдайда, жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi (иелерi) тартылады.
2. Егер көлiк құралының меншiк иесiнiң (иесiнiң) хабарламасы немесе арызы бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған тұлға анықталса не басқа тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралына ие бола алмай қалса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн ол әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.
Ескертпе.
Осы Кодекстiң баптарында көлiк құралын меншiк құқығымен иеленетiн жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi көлiк құралдары уақытша иелену мен пайдалануға берiлген жеке тұлғалар көлiк құралдарының иелерi деп танылады.
Осы Кодекстiң баптарында сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары деп құқық бұзушылықтарды байқау мен тiркеудiң метрологиялық салыстырып тексеруден өткен техникалық құралдары мен аспаптарын, құқық бұзушылықтың жасалу фактiсi мен уақытын, көлiк құралының түрiн, маркасын, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн, сондай-ақ жүрiсiнiң жылдамдығы мен бағытын тiркейтiн фото-, бейне аппаратураны түсiну қажет.
32-бап. Әскери қызметшiнің, прокурордың және тәртіптік жарғылардың не арнайы ережелердің күші қолданылатын өзге де адамдардың өздері әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген әскери мiндеттiлер, осы Кодекстiң 651, 652, 676, 677, 680, 681-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады. Арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерi қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тиiстi органдарда қызмет өткеру тәртiбiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жауаптылықта болады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы және Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу пункттеріндегі режимдi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасын, өрт қауiпсiздiгiнiң талаптарын, жол жүрісі қағидаларын, қызмет орындарынан тыс жерде кеден қағидаларын, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының бюджет және салық заңнамасын, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын, аң аулау, балық аулау қағидаларын, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғаудың басқа да қағидалары мен нормаларын бұзғаны үшiн осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдар жалпы негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Аталған адамдарға атыс және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрiнде әкiмшiлiк жазалар қолдануға болмайды.
3. Мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген әскери қызметшілер мен әскери және арнайы оқу орындарының курсанттарына әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылмайды.
4. Әкімшілік жазаны қолдану құқығы берілген органдар (лауазымды адамдар) осы баптың бірінші және үшінші бөліктерінде аталған адамдарға әкімшілік жазалар қолданудың орнына кінәлілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті органдарға құқық бұзушылықтар туралы материалдарды беруге тиіс.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 272-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі), 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі). Заңдарымен.
33-бап. Жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгінде көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады.
2. Егер осы бөлімнің Ерекше бөлігінде көзделген іс-әрекетті (әрекетті не әрекетсіздікті) заңды тұлғаны басқару функцияларын жүзеге асыратын орган, тұлға немесе дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларын орындайтын қызметкері жасаса, рұқсат берсе, мақұлдаса, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа жатады.
3. Заңды тұлғаның дербес салық төлеушiлер болып табылатын және салық салу мен кеден ісі саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасаған құрылымдық бөлiмшелерi заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
4. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның қызметкерін осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықтан босатады.
34-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және азаматтығы жоқ адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасаған шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері және азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады.
2. Шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
3. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және иммунитетті пайдаланатын өзге де шетелдiктер Қазақстан Республикасының аумағында жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
5-тарау. ӘКIМШIЛIК ЖАУАПТЫЛЫҚТЫ БОЛҒЫЗБАЙТЫН МӘН-ЖАЙЛАР
35-бап. Қажеттi қорғану
1. Қажеттi қорғану жағдайында, яғни жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және қорғанушының немесе өзге де адамдардың басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғушыға зиян келтiру арқылы құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау кезiнде, егер бұл ретте қажеттi қорғанудың шегiнен шығып кетуге жол берiлмеген болса, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Кәсiби немесе өзге де арнайы дайындығына және қызмет жағдайына қарамастан, барлық адамдардың бiрдей дәрежеде қажеттi қорғаныс құқығы бар. Құқыққа қарсы қолсұғушылықтан аулақ болу не басқа адамдарға немесе мемлекеттiк органдарға көмек сұрап жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, адамға бұл құқық тиесiлi болады.
3. Қолсұғушылықтың сипатына және қауіптілік дәрежесiне қорғанудың айқын сәйкес келмеуi, соның салдарынан қол сұғушыға жағдайдан туындамаған анық шектен тыс зиян келтiру қажеттi қорғанудың шегiнен шығып кету деп танылады. Мұндай шектен шығып кету тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Құқыққа қарсы қолсұғушылықтан туындаған үрейдiң, қорқудың немесе сасқалақтап қалудың салдарынан қажеттi қорғану шегiнен шығып кеткен адам әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.
36-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу
1. Құқыққа қарсы қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде, осы адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылықтар жасау мүмкіндігінің жолын кесу үшiн, егер мұндай адамды өзге құралдармен ұстап алу мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шараларды асыра қолдануға жол берiлмесе, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шараларды асыра қолдану деп адамға қажеттiлiктен асып, жағдайдан туындамаған, анық шектен тыс зиян келтiрген кезде, олардың ұстап алынған адам жасаған қолсұғушылықтың сипаты мен қауiп дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына анық сәйкес келмеуi танылады. Мұндай асыра қолдану тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу құқығына оған арнаулы уәкiлеттiк берілген тұлғалармен қатар жәбiрленушiлер мен басқа жеке тұлғалар да ие болады.
37-бап. Аса қажеттiлiк
1. Аса қажеттiлiк жағдайында, яғни аталған адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiктің шегiнен шығып кетуге жол берiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Аса қажеттiлiктің шегiнен шығып кету деп қатер төндiрген қауiптiң сипаты мен дәрежесiне және қауiп жойылған, құқық қорғау мүдделерiне тең немесе зиянды болғызбаудан айтарлықтай көбiрек зиян келтiрген жағдайға анық сәйкес келмейтiн зиян келтiру танылады. Мұндай шектен шығып кету тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
38-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде, егер мұндай мәжбүрлеу салдарынан адам өз әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) басқара алмаса, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеу нәтижесiнде, адам соның салдарынан өз әрекеттерiн басқару мүмкiндiгiн сақтаса, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлгендiгi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 37-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
39-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн әрекет еткен адамның осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай іс-әрекеттiң жасалуына заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындауы үшін қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау әкiмшiлiк жауаптылықты болғызбайды.
6-тарау. ӘКIМШIЛIК ЖАЗА ЖӘНЕ ӘКIМШIЛIК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ
ШАРАЛАРЫ
40-бап. Әкiмшiлiк жаза ұғымы және мақсаттары
1. Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.
2. Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
3. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян келтіруді мақсат тұтпайды.
4. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның орны осы Кодекстiң 59-бабында көзделген тәртiппен толтырылады.
41-бап. Әкiмшiлiк жаза түрлерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін:
1) ескерту жасау;
2) әкiмшiлiк айыппұл;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;
4) арнайы құқықтан айыру;
5) рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;
6) қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
7) заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;
8) әкімшілік қамаққа алу;
9) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн заңды тұлғаларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 5) және 7) тармақшаларында санамаланған әкiмшiлiк жазалар, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметiнiң жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкiн.
42-бап. Әкiмшiлiк жазалардың негiзгi және қосымша шаралары
1. Ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкімшілік қамаққа алу негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
2. Арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу негiзгi, сол сияқты қосымша әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.
3. Тәркілеу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу қосымша әкімшілік жаза ретінде ғана қолданылуы мүмкін.
43-бап. Ескерту жасау
Ескерту жасау әкiмшiлiк жаза қолдануға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде терiс баға беруiнен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мiнез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. Ескерту жазбаша нысанда шығарылады.
44-бап. Әкiмшiлiк айыппұл
1. Әкiмшiлiк айыппұл (бұдан әрi – айыппұл) – осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгінiң баптарында көзделген жағдайларда және шекте әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн салынатын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде ақша өндiрiп алу.
Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда айыппұл мөлшерi:
1) қоршаған ортаға келтiрiлген зиян сомасының;
2) орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының;
3) төленбеген (аударылмаған), уақтылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының;
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
4) аударылмаған, уақтылы және (немесе) толық есептелмеген, ұсталмаған (есепке жазылмаған) және (немесе) төленбеген (аударылмаған) мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасының;
5) заңсыз кәсiпкерлiк нәтижесiнде алынған акцизделетiн тауарлар құны сомасының;
6) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынбаған не тиiсінше есепке алынбаған соманың;
7) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын бұза отырып жасалған (жүргiзiлген) мәмiле (операция) сомасының;
8) монополистiк қызметтi жүзеге асыру немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы, табиғи монополиялар туралы заңнамасын, қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу нәтижесiнде алынған кіріс (түсiм) сомасының;
9) құқық бұзушылық жасалған, бiрақ бiр жылдан аспайтын кезеңде бекiтiлген нормативтерден тыс пайдаланылған энергетикалық ресурстар құнының;
10) есепке жатқызылмаған ұлттық және шетел валютасы сомасының пайызымен көрсетiледi.
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақтың екінші бөлігін 11) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 16.11.2015 № 406-V Заңымен (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген айыппұл мөлшерi Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасының нормаларын бұза отырып жүргiзiлген операция сомасының пайызымен көрсетiлсе және мұндай операция шетел валютасымен жүргiзiлсе, айыппұл сомасын теңгемен қайта есептеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген ресми бағам бойынша жүзеге асырылады.
2. Жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Лауазымды адамға, жекеше нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн бір мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi абзацына сәйкес есептелген айыппұл осы бапта көрсетiлген айыппұлдардың белгiленген мөлшерлерiнен асатын немесе одан кем мөлшерде белгiленуi мүмкiн.
4. Осы Кодекстiң 729-бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерi салатын айыппұлдарды қоспағанда, айыппұл заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджет кiрiсiне өндiрiп алынады.
Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 271-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
45-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады.
Меншiк иесiне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның заңсыз иелiгiнен алып қою тәркiлеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншiгiне айналдыруға немесе жойылуға жатады.
2. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрiлерiн және басқа да рұқсат етiлген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркiлеудi аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркiлеудi судья қолданады және бұл осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
46-бап. Арнайы құқықтан айыру
1. Нақты адамға берілген арнайы құқықтан айыруды судья қолданады.
2. Арнайы құқықтан айыру мерзiмi бiр айдан кем болмауға және екi жылдан аспауға тиiс.
3. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.
4. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруды, масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |