9. Дәрігер, ғалым, жазушы.
(З.Шашкин)
Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік қолтаңбасымен белгілі жазушыларымыздың бірі Зейін Шашкин Жүнісбекұлы 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген, 1966 жылы 54 жасында Алматы қаласында мәңгілікке көз жұмған. Оның өмірбаяны туралы неғұрлым шыншыл деректері Қалижан Бекхожинның –«Өлең өткелдері» - атты естелік кітабынан таптық.
«Бала болсам да Шашкин әулетінің есімдері менің құлағыма бұрыннан бері сіңіскен еді. Менің әкем Нұрғожа Баянауыл атырабының Қызылтау аталатын бір шоқысында туып өссе керек. Зейіннің ата -жұрты, шағын қозған ауылы да осы Қызылтыу бөктерін мекендепті. Революциядан бұрын біздің руымыз Тұлпар ата мен Шашкиндердің тұқымы Қозғандар бір болыс ел болыпты. Мұны мен әкемнің ауызекі әнгімелерінен сөз арасында естіген едім. Ал революция алдында сол Тұлпар – Қозған жұртына аз уақыт болыс болған, кейін совет үкіметіне беріліп қызмет еткен Әбдушаһман Нұржанов Керекудегі біздің үймен іргелес көрші болды. Бұл – оқыған инабатты кісі. Шашкиндермен аталас екен, адвокат Әбдушаһманның үйінде Зейіннің Павлодар маныңда жауапты партия, совет қызметтеріндегі ағалары Сағымбай мен Дайырбай Шашкиндердің үйіне кейде келіп жүретінін байқаған едім». (48)
Иә, ақынның айтуы бойынша, Зейін жас кезінен-ақ өте білімдар, зейінді, алғыр азамат болған. Плеханов пен Ленинге ден қойып, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Абай, Махамбеттерді жатқа айтқан. Сол кездің дауылпаз ақыны С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасының стиліне, кейбір өлең сөз құрамына сын айтып, «Социалистік Қазақстан»газетінің бетінде бір көрінсе, белгілі әдебиетші-сыншы Есмағамбет Ысмайыловпен қазақ тілінде «Әдебиет теориясы» кітабын жазып екі көрінді. Үшінші көрінгені сол жылдары ол Москвада философия және тарих институтында оқиды.
Бірақ, қатер қайдан деуге болмайды. З.Шашкин 1937-1938 жылдардың қанды зобалаңына ұшырап 1950 жылдарға дейін елден алыс шет аймақтарда қуғын-сүргінде жүрген. Құрдасының әрі сырласының қиын тағдырына арнап ақын Қ.Бекхожин өлең жазады.
Білемін, өкпелісің өлеңіме,
Түскенде уақыттың сен әлегіне.
Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен,
Тағдырын тұстасымның еледім бе?
Түссе де теңбіл менің талайыма,
Шырмалсын өлең шіркін талай мұңға?
Қызықтым зор өмірдің бәйгесіне,
Қосылмай дүбіріне қалайын ба?
Жас едік туған бірге таң нұрында,
Телімін бақытыңа, тағдырыңа,
Тосыннан құйын сені теңселткенде,
Менің де түспеді ме дақ жырыма...?
Өзінің осы арнау өлеңі туралы ақын кейін жазған естеліктерінің бірінде «Бұл арнау 1957 жылы басылып шыққан «Ақан Ақтаев» атты поэмада бар. Менің осы сырымды оқып шыққан Зейіннің, мені үйіме әдейі іздеп келіп, көзіне жас алып құшақтап сүйгені әлі есімде», -деп жазған.
З.Шашкиннің әдеби қызметі көптеген жазушылар сияқты ақындықтан басталған. Әсіресе, Павлодарда 2 басқыш мектептің 3 класында оқып жүрген кезінде, жоғары класс оқушыларымен педагогика техникумының бейімді студенттерін жиып, драма үйірмесін ұйымдастырып, жұмысшылар клубының сахнасына «Зарлық» атты пьеса қойып, өзі бас рөлді орындап жүрген кезінде біршама жазып, газет-журнал беттеріне жариялатып тұрған. Одан соң Москвадв жүрген кезінде әдеби сын және ғылыми зерттеу жағына ойысқан. Бұл тұста оның білімі әбден толығып шығармаларын қос тілде бірдей (қазақ және орыс) жазатын дәрежеге жеткен. Аз ғана келте ғұмырының ішінде жазушы соңына мол мұра жазып қалдырған. Бұл ретте оның «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» сияқты күрделі романдарымен қатар «Ақбота», «Дос ойы», «Ақынның ашуы» әңгімелерін, «Өмір тынысы», «Қиядан ұшқанда» повестерін, «Замана осылай басталады» және «Ақын жүрегі» пьесаларын қазақ әдебиетінің алтын қорына дер кезінде қосылған асыл шығармалар деп бағалағанымыз жөн.
Мәселен, жазушы өзінің «Тоқаш Бокин» атты романын туған жерден алыста, айдауда жүріп жазған. Бұл туралы дерек жоғарыда айтқан ақын Қ.Бекхожиннің естелігінде бар.
«Зейін сонау шалғайда жүріп, Жетісудың бір революционері туралы кітап жазыпты –деді Садық ағай.
-Неткен төзім! Неткен өжеттік!- деп мен қайран қалдым. – Ол қолжазбасы қайда? – деп сұрадым жалма-жан.
Есмағамбет Смайлов деген досына Алматыға жіберіпті, қандай нәтижже тапқаны әлі мәлім емес, сен соған зер салшы, - деді Садық. Мен әрі қуанышты, әрі күйінішті ойға қалдым».
З. Шашкиннің біраз еңбектері дәрігерлер өміріне негізделген. Өйткені, ол 1945 жылы шырмауда жүріп, Иркутск қаласындағы дәрігерлік училищені бітірген. Одан кейін 1946-1951 жылдары Бурабайдың бір емдеу орнында дәрігер болған. Кейін бұл мамандығы туралы, 1958 жылы жазған бір мақаласында «Мен өз өмірімде көп жылдар медицинамен айналыстым. Сол өмірдің қақ ортасында болдым. Бірақ соны әлі дұрыстап жаза алмай жүрмін» - деген болатын.
Әйтсе де дәрігер жазушы одан кейінгі жылдарда сол борышын өтеген, «өзі қақ ортасында болғандығын», дәрігерлер өмірінің егжей-тегжейін жетік білетіндігін айтпай танырлықтай, шыншыл да көркем шығармалар жазып, туған әдебиетіміздің әдеби тұлғаларының легіне Нияз, Айжан, Райхан, Асқар секілді медиктер образын әкеп қосты. Роман алғаш рет 1962 жылы жеке кітап болып, «Жазушы» баспасынан шықты. Бірақ, ә дегеннен әдебиетшілер арасында түрлі пікір туғызып, жекелеген сындарға ұшырайды. Соның бірі мынау еді.
«Зейіннің қабырғасын қайыстырған көңіл – күйін айтарлықтай кеміткен оның екі шығармасына жабылған жала, қиянпұрыс пікірлер хақында менің еске алмауға хақым жоқ. Кітап болып басылып шыққаннан кейін «Доктор Дарханов» романы, бір күні төтенше жиналыста талқыға түсе қалды. Үйімде өз жұмысыммен шұғылданып отырған маған Зейін абыржыған дауыспен телефон арқылы сол жиынға қатыс деп өтінді.Проза ауылының сыртында жүргендіктен, мен ондай жиыннан тыс жүруші едім. Бара қалдым. Жиналысты ұйымдастырған және басқарған Ғабиден неге екені белгісіз талқылауды ашарда романның авторына шұқшия сөйледі. Менің қытығыма тиген бір сөзі: «Ол романның отыз бетін ған оқыдым, маған ұнамады» деп жиналғандарға өзінің секамал пікірін өткізуді көздеді. Көлемді романның отыз бетін айтып сондай қыңыр тұжырымға келе ма?»
«Доктор Дарханов» туралы баяндама жасаған Сейділда Талжанов та романды іреп, сілкіп, мұқата мін тақты. Бұл әдебиетшіні мен жақсы білетінмін тіпті ізетпен сыйлайтынмын. Сонау 1936-1937 жылдары Сейділда Талжанов аздап жазған мақалалары үстіне А.С.Пушкиннің атақты «Полтова» поэмасын аударып, бізді жас ақындарды таңқалдырғаны бар. Тағы да есімде қалғаны, Сейділда бір күні біздерге, дуылдап тұрған жас ақындарға,- «Сендерді ақын етіп жүрген қазақтың етістігі ғой»- деп салды. Бұл сөзді көңіліме кіді сақтаған мен өлең-ұйқастарына барған-салған сияқты етістіктерге жоламауға тырыстым. Ал, қазір досымның игілікті еңбегіне әділетсіз қыңыр пікір айтқан бұл кісіге менің қыжырым қозып кетті. Әлі есімде жақын жерде отырған Сейділдаға зілдене сөйледім.
Жиналыстан дуылдасып тарқадық. Екі-үш күн өткеннен кейін Сейділда ағайды көшеде кездестірдім. Ұшқыр сөзіме кінәлі адамдай жылы сөйлесіп, ол кісі де сол сөзіне абыржыса керек. «Зейінді жақсы көріп, аяушы едім. Ақыл айтам деп қисық басқан шығармын, Зейіннің өзінен де кешірім сұрадым, сенікінің негізі дұрыс» - деп өкпе емес, жұбартарлық ымыра білдірді. Мен ол кісіге разы болып қалдым.
Зейіннің пәк жүрегімен доспын дегенге аса мейірімді, ақ пейілді еді. Зейіннің үйінде Сейділ Талжанов, Өтебай Тұрманжановты, сыншымыз Мұхаметжан Қаратаевты және де белгілі ақын- жазушыларымыз Әбділдә Тәжібаевты, Рахметтолла Райымқұловты, Сәфуан Шаймерденовты, Қалмұқан Исабаевты, Әбдірашит Азаматовты тағы басқа достарын дастархан басында сұхбаттасып отырған шақта бірнеше көрген едім. (49)
Сөйтіп «Доктор Дарханов» романы алғашқыда осындай кейбір негіссіз сынға ұшыраса да бірте-бірте уақыт сынынан өтіп, әдебиет төрінен лайықты бағасын алған, дәрігер өмірінен жазылған бірден-бір елеулі шығармаға айналды.
З.Шашкиннің келесі бір «Сенім» романы – жазушының жаңа адам тұлғасын мүсіндеудегі елеулі шығармасы. Автор бұл романды 1964 жылдың аяғы мен 1965 жылдың бас кезінде бас – аяғы екі- үш айдың ішінде жазып шығып, алғашқы нұсқасын «Жұлдыз» журналында бастырады.(50) Кейінен азды-көпті өзгерістер енгізіп, 1966 жылы жеке кітап етіп шығарды. Бұл «Сенім» романын жазушының ең соңғы сүбелі шығармасы дейміз, себебі, өмірінің көп уақытын сыртта өткізген азамат денсаулығынан айрылған еді, ол сол 1966 жылы ауруханада жатып, мәңгілікке көз жұмады.
Әйткенмен, осы өзіміз сөз қылып отырған «Сенім» романы да тез жазылғанмен, оңайлықпен баспа жүзін көре қоймаған. Осыған орай тағы да Қ.Бекхожиннің естелігінен жазушы өмірінің соңғы күндеріне арналған беттерінен үзінді оқып көрелік.
«Творчестволық жұмысқа шабытпен жан сала сүңгіген Зейіннің талайдағы зардаптары қосылып, кейіні шақта сырқаты асқынып, жатып алды. Бұл ахуалға «Сенім» атты кейінгі шақта повесінің әлдеқандай кедергілерден жарық көрмей кешеуілдеуі де, оның нәзік жанына шаншу болып қадалды.
Бұл повесті баспаға тапсырмай жатып, қолжазба күйінде оқыған едім. Өзімнің туған Баянауылым, оның жаңа адамдары жайлы жаздым деп сол туындысын мерей тұта айтқан еді маған Зейін. Кітаптың бастамасына эпиграф ретінде менің Баян туралы өлеңімен бір шумақ келтіріпті.
Мен Зейіннің осы еңбегінің кедергі тапқанына іштей налып, оның үстіне Зекеннің тап сол тұста сырқаты меңдеп, емханаға жатып қалған еді.
Көңіл сұрауға бір күні емханаға бара қалдым. Жаңылмасам көктем кезі болу керек. Ауру палатасына енсем Зекең кефир ішіп отыр, жүзі жайдары, менімен шүйіркелесе кетті.
Сүйінші, - деді маған, сәл жымия күліп. – Естідің бе, «Сенім» басылып шығайын деп жатыр. Өркені өскір үлкен танысып, басылуға әбден лайықты кітап деп баға беріпті. Сол сәтте кішкене қоңыр көздері бақыт сезімін ұшқындатып тұрғандай болып көрініп еді маған.
Аз күн өтті ме, білмедім, кенет суық хабар сездірткен телефон безілдей қалды. Мен, сол кездегі үйімнен алыс емес емханаға есім кете жүгірдім. Мәңгілік тыныш тапқан балаша монтиып көз жұмып жатыр екен. Тұла бойым тітіркеніп кетті. Аздан соң бір топ достарыммен бірге, көзімнен жас сорғалап, жасымнан бірге өскен аяулы досымның ауыр табытын арқаласып бара жаттым». (51)
Енді З.Шашкиннің жазған мақаласына келетін болсақ ол кезінде сан алуан тақырыпқа қалам тартқан. Мәселен, оның «Абай романының көркем ерекшеліктері» деген материалы М.Әуезовтың «Абай» және «Абай жолы» романдары туралы 1957 жылы Алматыда өткен творчестволық конференцияда жасалған баяндама негізінде жазылған. Бұл мақала алғаш рет «Қазақтың тұңғыш эпопиясы» дейтін атпен 1957 жылы жарық көрген кітапта жарияланған.
Автор бұл мақаласында көп ой қорытып, ұтымды пікірлер айтады. Әсіресе, роман жанры туралы: роман жанры кеше батырлар жыры қазақ әдебиетінде қандай орын алса, бүгін бұл да сол сияқты орын теуіп, халықтың рухани өміріне тәрбиеші, ақылшы есебінде әсерін тигізді дей келе, роман жанры жалпы дүние жүзі әдебиетінің өзінде кенже туған жанр. Атам заманғы грек, рим романдарын алсақ, атақты Дафнис пен Хлоя, Алтын есек уақиғасы қызықты құралғанымен образдардың характері ашылмаған. Бұл бірінші саты. Өзімізге мәлім Тристан мен Изольда грек, рим романдарының бір саты жоғара көтеріледі. Одан сол кездегі қоғам өмірінің, адамдар арасындағы қарым – қатынасын көруге болатын еді. Бұдан соң сықақ романдар: Гарган мен Пентагрюэль, Дон Кихот жаңа заманының реалистік романнына жол ашты деп романның сонау шығу тегінен бері қарай біраз жетістігі мен кемшілігін анық көрсетеді.
З.Шашкин бұдан басқа академик-жазушы Сәбит Мұқановтың творчествасы жайлы да біршама мақала жазған. Мысалы, оның «Сәбит романдары туралы ойлар» деп аталған алғашқы мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1958 жылғы 16 тамыз күнгі нөмірінде жарияланған. Онда автор С.Мұқановтың барлық романдары жайлы сөз қозғай отырып, оның «Тыңдағы толқын» атты романына ерекше көңіл бөледі. Жазушы мұнда соңғы жылдар Сәбит Мұқановтың «Тыңдағы толқын» атты романы сәтсіздікке ұшырады деп сын айтып жүргендер бар. Кейбіреулер бұл роман тез жазылды, соның өзі роман санатына нұқсан келтіретінін айтады. Мәселе тез жазуда емес, жақсы шығарманың аз уақыттың ішінде шығуы. Жылына бір түгіл екі роман шығады. Джек Лондон 24 жасынан бастап жаза бастаған, 40 жасына келгенде 16 жылдың ішінде 50 кітап жазған. Сонда жылына 3 кітап шығарған, ал Э.Золя да жылына 2 кітап шығарған.
Пушкин 37 жасында 11 поэма жазған. Соның біреуі өлеңмен жазылған роман. Бұған біздің әдебиетіміздің мәдениетіміз жетпейді, өзімізді ноқталап ұстап, бейімдеп отыра алмаймыз. Гәп сонда,- дейді.
З.Шашкиннің келесі бір құнды да мазмұнды мақаласы шеберлік хақында. Бұл шығармасында автор дүние жүзіне аты шыққан әйгілі жазушылар Толстой мен Достаевскийдін, Бальзак пен Золя қайсысын алсаңыз да өте құнды еңбек етіп, өз заманында құнарлы еңбектер енгізген. Әрқайсысы жылына бір кітап шығарған. Және де жақсы жазған. Осының сыры неліктен. Шынында, бізге үлгі боларлықтай қандай қасиет бар. Ойлап көрейікші дейді де оған өзі де жауап беруге тырысады.
Меніңше ең бірінші қасиет – бұл жазушылар өзінің туып - өскен ортасын, дәуірін, заманын жақсы білген. Жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, қаламын бастыра жазған. Сондықтан да Лениннің айтуынша, Толстой – орыс революциясының айнасы болған. Сондықтан да Энгельс Бальзактың «Человеческая комедиясын» француз қоғамының ғажайып шындық тарихы деп таныған.
Екінші қасиет – бұл жазушылар мұрасын шебер де көрікті жасаған. Сол мұрасын ғасырдың боран- дауылы құлатпайтын етіп берік сомдаған. Осы екі қасиет олардың құнарлы туындыларын бүгінгі күнге дейін тоздырмай біздің ғасырға алып кеп отыр. Осы екі қасиетті бүгінгі біздің жасаған еңбегімізден таба аламыз ба? Меніңше, біздің негізгі кемшілігіміз осында жатқан жоқ па?
Шеберлік – бір күнде келе қалатын, баяғының ертегісіндей басқа қона қалатын бақыт құсы емес. Шебер жазу үшін ерінбей – талмай еңбек ету керек. Әрбір үлкен шығарма: роман, повесть жазуды мен зәулім сарай салуға ұқсатам. Сарай материалдары мрамор сияқты әдемі тастармен қаланған күннің өзінде, соны дұрыс қалай алмаса, қиқы шойқы қылып қойса – ол сарай көркемдік ләззат бере ала ма? Жоқ, болмаса сарайды қолдан құйған кірпіш тек тас материалдардан қаланса – ұзақ өмір сүре ала ма? Аз жылдан соң боран – шашынға шыдамай құлап қала ма?
Әдебиет шығармасы да сол сияқты. Роман, повестің құрылыс материалы тіл болса, сол тіл қаншама әдемі, жатық келіп, бірақ композициясы, сюжет, образ жағы шықпаса тартымды, шығарма бола ала ма? Яғни композиция, образ жағы ұтымды кеп, тіл жағы ақсап жатса – ол шығарма ұзақ өмір сүре ала ма?
Сондай-ақ бұл арада З.Шашкиннің мәдениет тақырыбына байланыстыра жазған «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» атты мақаласыда да тоқтамай кетуге болмайды. Автор бұл материалда өзінің туған жері Павлодар өңіріне барған сапарында алған әсерлерін жазады. Бұл Павлодардың көп жыл бұрын болған Керекуден мүлдем бөлек екенін айтады. «Қала дамып өскен, 3-4 қабат үйлер. Оқтай түзу көшелерге асфальт салып, ағаш еккен, қыбырлаған халық, ағылған машиналар. Бірақ, осында жетістік, өскендікпен қатар ел тұрмысында, мәдениетінде әлі де ерекше көзге түсетін талай жайсыздық баяғы атам замандағы әдеттердің баршылығын айтады. Мысал ретінде «қол сүртетін орамал – сулық, майлық, келін салақ болса, бес батпан кір қалпымен алдыңа келеді» деп нақты мысал да келтіреді. (52)
Достарыңызбен бөлісу: |