5. Жезқазған туралы жыр
(Қаныш Сәтбаев)
1926 жылы «Сібірдің жаңа Афинасы» атанған – Томск қаласының технология институты тау-кен факультетінің геология факультетін үздік бітіріп, «Сібір геология мектебінің негізін қалаушы» академик В.А.Обручевтің лайықты ізбасарларының бірі атанған Қаныш мемлекет ұсынған жылы орынға құлшынбай (Атбасар тресінің Москвадағы кеңсесі) Сарыарқаның қиыр шетіндегі Ұлытау даласына бет бұрады.
Кезінде Сарыарқа білгірі атанған, белгілі геолог И.С.Яговкин ағылшын инженерлерімен бірлесе отырып жүргізген барлауында Жезқазғанның жер астында бар-жоғы 61-62 мың тонна қара мыс қоры бар деп алдын-ала «жаназа» шығарып қойған болатын. Бірақ, жастайынан алған бетінен қайтпайтын және «Өз көзің алмаз, өзгенікі шыны...» дейтін, өзіне тәлім-тәрбие берген орыс ғылымының небір саңлақ ғұламалары В.К.Кузнецов, В.Я.Мостович, Янышевский, Лаврский, Тове, Урванцев сияқты Сібір геологтарының тәжірибелеріне сүйенген жас инженер Геолком тағайындаған ресми сарапшы, есімі әйгілі кен іздеуші, Профессор В.К.Котульскийдің: «Что касается вопроса о возможных запасах Джезказгана, то они, по-видимому, в лучшем случае, могут превысить вдвое известные сейчас...запасы металла» деген болжамына қарсы ашық күреске шығады (29).
Осыған орай ол «Қарсақпай ауданы және оның мүмкіндіктері» атты мақаласында оқырмандарына өз ойын: «Ұлытау қиырынан алғаш естілетін зауыт дауылпазының ғаламат үні кең байтақ қазақ даласының әр түкпірінен жаңғырған жауап алары сөзсіз. Себебі, бұл «жаңғырықты» шексіз күшейтетін қуатқа: 1) Ұлытаудың тарихи тиімділігі; 2) оның кіндік ортада орналасқандығы; 3) қазақ халқының білуге ынтызарлығы және 4) ән-жыр шығарымпаз табиғи қабілеті де .. әсер етпек. Әлбетте, бұл сарыннан бұрынғыдай қайғы-қасірет, азап-мұңы, иә үмітсіздік әуені емес, мүлдем басқа саз-ерлік пен жасампаздық толғау естілмек. Ол енді жаңа да жаңғырған индустриялды Қазақстанның асқақ әуенді әні болмақ...», - деп жеткізген ғалым Жезқазған қазынасының көлем-нарқы жүз тоннаға дейін көбейгенін мәлімдейді(30).
Бұл туралы химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нұхұлы өзінің «Ғасырымыздың ғұламасы» атты мақаласында: «Әрине, бұл күндері үлкен Жезқазған деп аталынатын Орталық Қазақстанның күрделі таулы-қазба кен орындарын апталар мен айларда ашу мүмкін емес еді. Ол үшін жылдар керек болатын. Себебі, оның таулы жыныстарының күрделілігі өз алдына бөлек те, Сарыарқаның шөлді даласы, жазында аптапты ыстығы, қысында бет қаратпас бораны мен үскірік аязы өзгеше және ең жақын деген темір жолдың өзі 400 километр қашықтықта болатын. Оның үстіне арнайы кәсіби мамандардың (барлаушы геологтар, бұрғышылар және т.б.) саусақпен санағандай аз болғандығын қосыңыз. Міне, осындай қиындықтардың бәрін, Томск технология институты тау-кен факультетінің геология бөлімін үздік бітіріп келген қазақтың алғашқы кен инженері жеңе білді. Сол кездің өзінде-ақ, алғашқы барлау жылдарынан кейін, өзіне сенімді берік Сәтбаев: «Жезқазған дүние жүзіндегі ең бай мыс кенінің бірі, алдағы жылдарда Американың аты-шулы мыс ошақтарын басып озып, ширегіне де келтірмей кетеді», - деген екен. Бұл сөздер іс жүзінде кейіннен орындалды да, соның алғашқы сатысын 1932 жылы жарық көрген «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» деген монографиялық еңбегінде дәлелдей түсіп және оны тез арада игерудің негізгі міндеттерін алға қойып береді. Алайда, оны алдан қиындығы көп күндер күтіп тұр еді. 1933 жылы барлау жұмысы енді қызған кезде Одақтық Геология комитеті қаржы мәселесін қысқартып, тоқтатуға дейін апарды. 35 жасар Қаныш көптеген қиыншылықтарға қарамай, Одақтық Ғылым академиясының сессиясында: «Мыс, көмір, темір-марганец рудалары және Жезқазған-Ұлытау ауданының басқа да қазба байлықтары» деп аталатын баяндамасын жасап, орасан зор кен байлығы осы аймақта жатқандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсетті. Алайда, кен орындары қорының мол екендігіне Одақтық геология комитеті онша сенбей, күмән туғызды. Міне осындай Жезқазғанның «тағдыры таразы талқысына түскенде теңдесі жоқ табандылық танытқан Сәтбаев СССР Халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болады. Осындай келісімді кездесуден кейін ғана Үлкен Жезқазғанның тағдыры шешілгендей болады. Осы бір шешімі оң болған сәт туралы Қанакеңнен үлкен өнеге алған марқұм академик Евней Букетов: «Егерде сол кезде осы ұлы істің басында қажымасс қайраты мол Қ.И.Сәтбаев болмағанда , Үлкен Жезқазған кейініректе ғана ашылар ма еді, мүмкін, қазір біздер соны игерудің алғашқы баспалдағында жүрер ме едік»,- деген екен – деп орынды пікрлер айтқан(31).
Осыған орай «Қан ағаның (қазақ жұмысшылары оны солай атаған) ұйымдастырушылық қабілетіне тоқтай кетелік. Алғашқы бесжылдықтар, яғни, өнеркәсіпті индустрияландыру жылдарында КСРО –ның халық шаруашылығы Кеңесі жердегі түсті металл өндірістерінің күш-қуатын арттыру үшін қомақты қаржы қорын бөледі. Сондықтан, Атбасар тресінің Москвадағы басқармасы таратылып, Қарсақбай мен Спасск мыс комбинаттары дербес ұжым аталып, комбинаттың бас геологы әрі бөлім меңгерушісі Қ.И.Сәтбаев бөлінген қаржының бір бөлігін барлау жұмыстарына жұмсайды.
Осындай шаралардың нәтижесінде алғашқы кезеңде Ресей мен Украинадан жалдап әкелінетін бұрғышылардың орнын енді қазақ жұмысшылары басады. Бұл туралы қазақтың белгілі жазушысы, Сәтбаев танушы Медеу Сәрсеке өзінің «Ғасыр перзенті» атты еңбегінде: «Дер кезінде жасаған дайындықтың арқасында, бұл болса «Саужой» («Сауатсыздықты жою») мектептері ғана емес, қысқа мерзімді түрліше курстар ашып, әмбе соны әрбір бұрғылау станогының басында, химия лабораториясында, кендер қоймасында, шеберханалар алаңында, тіпті кәнігі автомобиль жүргізушінің қасына жолсерік болып ере жүріп, күні-түні һәм айлар, жылдар бойы тынбай үйретудің сонында кешегі кіреші, түйеші, сушы, май тасушы арбакештер ортасына Баку мен Свердловтан арнайы шақырылған бұрғылау шеберлерінен титтей де кем түспейтін, қайта олардан гөрі шөл даланың аптап ыстығы мен қысқы боранында да станок құлағын ұстаудан жанылмаған кәнігі мамандар шығады....», деп жазған(32).
Бір сөзбен айтқанда, осындай жанкешті жұмыстардың арқасында бұл Геологиялық іздеу мекемесінде (ГРК) 1933 жылы 500 жұмысшы болады. Олардың 90 пайызы жергілікті тұрғындардан құралған. Бірақ, мұнын екінші жағы да болды . Орталық көп уақыт бойы бұл игі іске қарсылық жасап бақты. Мәселен, кезінде жоғарыда айтқан Геолкомнің шовинистік бағыттағы эксперттерінің бірі В.П.Симонов: «Сәтбаев жолдас түйе мінген қазақтан шебер бұрғылаушы әзірлеймін деген бопса қиялмен бекер малданып жүр, ал онысы – бос әурешілік, ешқашанда орындалмайтын, болмайтын қияли жоба!....», - деп сәуегейлік танытқан.
Бірақ, қазақ инженері осының барлығын бос сандырақ екенін ісімен дәлелдеп берді. Бұл туралы Медеу Сәрсекенің «Ғасыр перзенті» деген еңбегінде: «...Тоқ етерін айтқанда, тәжірибесі аз, есімі беймәлім, бұрын –соңғы іздеп тапқан кен орны жоқ...деп жүрген қазақ геологы басқарған ГРК 1931 -1932 жылдардың соцжарысының қорытындылауда Түсті металл басқармасы жүйесінде бірінші орынға шығып, қаржы игеру мен бұрғылау көлемі жөнінде алдына ешбір ұжым шығармаған озық контораға айналды», - деп жазды (33).
1932 жылы Қ.И.Сәтбаевтың Москвадағы «Цветметиздат» баспасынан «Жезқазған ауданының мыс кені және оның минералдық қорлары» атты алғашқы ғылыми ізденістерге толы жеке еңбегі кітап болып шыққан. Мұнда автор Жезқазған кенінің қажеттілігі мен болашағы туралы мынадай нақты тұжырымдар жасаған: «Жезқазғанмен қоры жөнінен тең түсер Кеңес одағы көлемінде тап қазір де бірде-бір мыс кені жоқ: әмбе ол қазуға өте тиімді және өзі құрылыптас кеніштерде кездеспейтін экономикалық, технологиялық өзгеше сипаттарға ие: сонымен қатар Жезқазған ауданы темір, марганец, күкірт колчеданы, көмір, қорғасын, асбест, отқа төзімді саз, фарфор, фосфорит, шыны, барит тәрізді аса пайдалы қазба байлықтарға, құрылыс материалдарына ерекше бай. Демек, оның осыншама зор мүмкіндіктерін халық шаруашылығының ділгір қажетіне тезірек пайдалану үшін мынадай игі шараларды жүзеге асыру қажет:а) Жезқазғанды Атасу темір кендері арқылы сенімді отын ошағы – Қарағанды көмірімен темір жолмен жалғастыру; б) Үлкен Жезқазған комбинатын салуға жедел кірісу: в) бұл төңіректегі геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жан-жақты дамыта беру – оның қазба байлығын әлі де көптеп ашуға себепші болмақ; г) екінші бесжылдықтың жоспарында Жезқазғанда қара металл және ферромарганец өндіретін ірі комбинаттар тұрғызуды жобалау...»(34).
Осының нәтижесі ретінде Бүкілодақтық Халық шаруашылық кеңесінің арнайы қарарымен 1932 жылдың соңында Үлкен Жезқазған зауытын салу туралы шешім қабылданады. Бірақ, өкінішке орай, бұл пайдалы іс екі жыл бойы кертартпа шенеуніктердің кесірінен жүзеге аспай тұрып қалды. Тек ұлы ғалымның жігерімен, өз ісіне сенімділігінің арқасында ғана 1934 жылы КСРО ҒА-ның қараша айында шақырылған кезекті ғылыми сессиясында қаралып, Қ.И.Сәтбаевтың бес рет қатар жасаған баяндамасының арқасында бүкілхалықтық қолдауға ие болып, қазіргі Жезқазған қаласының орны салынып, темір жолдар жүргізіліп, соғыс басталған уақытта өндіріс орындарының тамыры соға бастаған болатын.
Кезінде ұлы ғалым өзінің бұл басты мақсаттарын жүзеге асыру үшін баспасөз беттеріне жүгінгендігі анық. Енді оның осы қаламгерлік қырына назар аударатын болсақ, онда Қ.И.Сәтбаев жоғарыда атап кеткен еңбектерінен басқа, 1928 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында «Қарағанды, Спасск зауыттарының қазіргі күйі мен келешегі», «Тұрлан кендерінің шамасы мен келешегі» атты бірнеше проблемалық мақалаларын жазып, заман талабына сай, күн тәртібінде тұрған өткір мәселелерге үн қосқан. Осы мақалаларға орай профессор Т.Қожакеев «Егемен Қазақстан» газетінің бетіне «Білім мен балға» деген мақала жариялап, ғалымның публицистикалық еңбектеріне төмендегідей үлкен баға береді(35).
«Біріншіден, Сәтбаевтың публицистикасы ғылыми, танымдық сипатта жазылады. Бұл оның кен орындарының табылу, зерттелу, іске қосылу тарихына шолу жасауынан байқалады. Мәселен, «Нілді мыс кенін 1847 жылы орыс көпесі Ушаков тапқан да, 1858 жылы айналасындағы 22 шаршы шақырым жерді қазақ иелерінен 86 сом күміске сатып алған. Ал, Тұрландағы қорғасын кені орыстарға 1800 жылдан белгілі болған. 1870 жылы жасалған Түркістан бас штабының картасында ол «Көпес Петрушин зауыты» деп көрсетілген.
Екіншіден, оның қаламгерлігі жер қойнауы жаратылысын, ондағы түсті металдар табиғатын терең түсіндіретінін, кәсіби жағынан білгірлікпен жазылатын публицистика екендігін байқатады. Мысалы, «Нілді мысы сияқты майысқақ, Майысқақ жағы оңтүстікке қарайды. Кен тастары басында сұйық күйінде тереңнен қайнап шығып, жердің үстінгі қыртысындағы жарыққа келіп қатқан. Кеннің жотасы Шығыстан Батысқа қарап жатыр. Ұзындығы 160 (80 құлаштай), құлашы 70-80 градусқа жетеді. Кен тасының жер үстіндегі көрнекті ені 32 метр, құлама тереңдігі 200 метрге барады. Ал Қарағанды ошағында 1 метрден 4 метрге баратын тас көмірдің 8-ден аса жеке қыртысы бар. Мұның жотасы 25 шақырымға созылады. Қыртыстың бәрі қаз-қатар көлбей созылып жатыр, құламы 10 градусқа, қызу колориті 7200-7500. Байлығы жағынан Қазақстанда бірінші, Ресей бойынша төртінші орында».
Үшіншіден, Сәтбаевтың қаламгерлігі – алдағыны болжаушы, шолғыншы публицистика. Әр кеннің не бергенін, бүгінін көрсетіп келіп, түбінде не берерін, келешегі қалай боларын сендіре алатын публицистика. Осыған орай автор: «Спасскіде 1919 жылға дейін 18 млн. 800 мың пұттай кен балқытылған, одан 3млн. пұттан аса таза мыс алынған. Ресей кен кәсібінің ең өркендеген кезі – 1913 жылы оның қорытқан барлық мысының 15,8 пайызын, яғни оннан бірін осы Спасск беріп тұрған. Бұл аймақта Қайрақты, Алмалы, Ақшоқы, Бесшоқы сияқты кен орындары бар. Олардың 2-3-ң игерілсе, 1 млн. 500 мың пұт кен шығару керек. Тұрланның 60 метрден жоғарыдағы қоры 109856 тонна болады. Одан 106338 тонна қорғасын аламыз», - деген болжамдар жасаған.
Төртіншіден, геолог публицистикасы - әрбір кеннің орналасу орнын, географиялық панормасын, қайда, немен шектеліп, немен жалғасып жатқанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп елестететін публицистика. «Тұрлан кені,- деп жазады Қ.Сәтбаев, - Түркістан қаласының шөлейтті шығыс жағында, 65 шақырым жерде, Қаратаудың оң бөлігіндегі Көкқия мен Ашасай деген екі бұлақтың арасындағы биіктеу жотада. Ашасай бұлағы – «Қатын қамал» өзенінің бір тармағы. Осы өзеннің бойында, Тұрланнан 6,5 шақырым жерде, 350 метр төменде Лесман салдырған зауыт тұр. Одан 250 метр төменде кеншілер поселкесі бар. Қарсақпай – Ташкент темір жолы бойындағы Жосалы стансасынан 375 километр жерде, Көкшетаудан 750, Ақмоладан 500, Шортандыдан 400 километр қашықтықта. Ағылшындар Қарағанды – Спасск арасында 45 шақырымдық тар табанды темір жол салған. Түркістан мен Тұран арасында 45 шақырымдық арба жолы бар. Қарсақбай, Қармақшы, Жосалымен кіре жолымен байланысады».
Бесіншіден, инженер-ғалым публицистикасы кен орындарының тарихын, сипаттамасын беріп болған соң, олардың Кеңес үкіметі орнағанан кейінгі тағдырына, жай-күйіне талдау жасайды. Оның мәліметінше, 1919 жылы Спасск зауыты тоқтаған. 1928 жылға дейін «қорық» күйінде сақталған. 1922 жылдан Қарағанды шахталары Еңбек қорғау кеңесінің 1925 жылғы маусымындағы жарлығымен ол одақтық «Атбасар тресіне» берілген. Ал Түркістан шаруашылық кеңесі 1919 жылы «қорыққа» айналған. Ол 1925 жылы Қазақстанға өтті.
Алтыншыдан, Қ.Сәтбаев публицистикасы кен ошақтарын атап, оларды іске қосу қажеттігін айтып қана қоймайды, соны қалай іске асыруға болатынын, бұл үшін не істеу керек, қандай шаралар қолдану керектігін саралайды. Олардың қазіргі жәй-күйін талдап, қалай жүргізудің жолдарын көрсетеді. Оның айтуынша, Нілде екі зауыт бар. Олар жұмысқа қосуға жарамды. Машина саймандары сақтаулы, сырты сүртіліп, іші майланып тұр. Ондағы тұрғын үйлер де жақсы күйде. Керегі – кенді бұрғылап, оны жоғары шығаратын машина, саймандар ғана. Нілдіні үш айда жүргізуге болады. Қарағандыда екі шахта бар. Оларды су басып қалған. Машина, саймандары толық сақтаулы күйінде».
Жетіншіден, әдетте өндіріс ұйымдастырушысының мақаласы күн тәртібіне қойып, шешпек болып отырған проблемасын аз күш жұмсап, аз қаржы шығындап, жүзеге асырудың жолдарын көрсетуге тиіс. Қанекең мұны да ескерген. Кендерді бұрғылайтын, машина, саймандар алуға, шахталарды құрғатуға, жаңа шахта қазуға, үйлерді жаңартуға, кіре тартуға, жұмыс күшін жалдауға, отын-сумен қамтамасыз етуге қаржының тиімді көздерін ұсынған. Мысалы, Тұрланда 1 пұт қорғасын қорыту үшін 1,8 пұт кокс, 2 пұт тас көмір қажет. Бұл көмірді алыстан тасымай-ақ, 40 шақырым жердегі Бабатай, Батпақ көмірін игеру керек. Ал Қарсақпайдан Жосалыға дейінгі кіре жолына 7-7,5 мың пұт қана жүк тасуға болады. Бұл оның келешегіне, тез өсуіне үлкен кедергі. Мұны жою үшін ғалым Жосалы – Қарсақпай, болмаса Ақмола-Жезқазған-Бірқазан стансасының тиімді, тиімсіз жақтарын атап көрсетеді.
Кезінде ұлы ғалымның Жезқазған кеніне байланысты «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде де қос тілде жазылған «Үлкен Жезқазғанды құрамыз» (36), «Қазақстандағы Родезия» деген бет ұйымдастырып, онда «Мыстың әлемдік қоры» және «Су бар» деген, «Қазақстанның мысы», «Жезқазғанды қолға алуға уақыт жетті», «Ұлытаудың табиғат байлықтары, оларды пайдалану жолдары» атты мақалалары да жарық көрген. Автор бұл мақалаларында ғылыми-зерттеу жұмыстары жайлы, су жетістіру мәселесі қақында, кадр дайындау, құрылыс және өнеркәсіпті өркендетудің жаңа жолдары туралы ой бөліскен.
Достарыңызбен бөлісу: |