Екінші кітап


Үлкен жүректі кішкентай адам



бет9/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   31
8.Үлкен жүректі кішкентай адам.
(А. Лекеров)

Белгілі сатирик, жазушы Илья Эренбургтың « Красная звезда» газетінде 1942 жылы 18 шілдеде жарияланған «Өлімнен де күшті» деген – екінші очеркі кезінде майдангерлерді қатты тебіренткен патриоттық шығарма болды. Мұнда қызыл әскердің табандылығына, қайсарлығына, өлімнен қорқу дегенді білмейтініне қарсы қайран қалған фашистердің «Шварце кор», «Дал рейх» газеттеріне тұжырымды жауап беріледі.


Автор біздің адамдарды ұрысқа ұмтылдыратын нәрсе – сүю – отбасын сүю. Отанды сүю, өмірді сүю екенін очеркіне арқау етіп алған. Мұны И.Эренбург қазақ жауынгері Асқар Лекеровтың өзіне жазған хаты арқылы дәлелдейді. И.Эренбургтың «Июнь» деген мақаласын оқыған А.Лекеров жазушыға өмір туралы өз ойларын білдіреді, өзінің туған өлкесін, туған жерін сүйетінін, өмір сүргісі келетінін, сол үшін фашистерді қыра беретінін айтады.
А.Лекровтен келтіре отырып И.Эренбург – бұл хатты Совет жауынгерлерінің күші неде екенін дәл тауып айтатын, қарапайым да, адамгершілікке толы хат деп бағалайды. Осы тұста түйдек-түйдек ой тастап ерлік пен елдіктің сырын ашады.
И.Эренбург былай дейді; «Қазақ Асқар Лекеровті бастап жүрген нендей керемет» - дейсіз ғой? Ол өзінің туған өлкесін, ұлан байтақ мал өрісін, таудан аққан мөлдір бұлақты, Октябьрден соң Отанымыздағы барлық халық кенелген бақытты өмірді сүйген қасиетті махаббат. Жауынгер А.Лекеровті қан майданға бастап отырған – оның тұла бойын кернеген кек, жауға деген өшпенділік туған жерінен, жақын адамнан айырып отырған кім екенін ол жақсы біледі, фашистерді ол жендеттер деп атайды; Иә бұлар – біздің Отанымызды жаулап келген жәндеттер...әрбір совет адамы өмірді қалай сүйсе, Асқар Лекеров те сондай сүйеді. Оның өлгісі келмейді. Ол өлімге емес, өмірге, жеңіске құштар. Сондықтан өмірге деген осы құштарлық біздің жауынгерлерді қан майданда қайыспай қарсы тұруға бастайды.
Илья Эренбургтің бұл очеркі кешегі сұрапыл күндерде қолына қару ұстап, ел намысын қорғаған қайсар солдат, талантты журналист, дарынды жазушы марқұм Асқар Лекеровтің абзал бейнесін, кіршіксіз адамгершілік қасиетін көз алдыңа келтіреді.
Асқар майдан жолымен Ленинград түбінен Берлинге дейін барады. Ол содан кейін Шығыс майданына қатысты. Хинган тауларынан Порт-Артурға дейінгі жолынан өтті. Онда да қаламын қарумен бірге ұстады. Орыстың белгілі жазушыларының бірі Борис Горбатов өзінің «Үлкен жүректі кішкентай адам» деген мақаласында А.Лекеров туралы.
.... Мен танк десантшыларының ортасынан кішкентай қазақты кездестірдім. Оның еш шырайынан шаршағандықты емес, құдыретті күштілікті көрдім. Оның құдыретті күші – айналасындағы достарында. Өйткені ол адамды сүйе біледі, қадірлей біледі, құрметтей біледі. Өйткені ол – қазақтың ғана емес, қаһарман халықтың баласы, жауынгер партияның баласы» ,-деп жазды.
Міне, осы «Үлкен жүректі кішкентай адам» майданнан жеңіспен оралған соң соғыста ерлікпен қаза тапқан жолдастарының он екі баласын қолына алып, тәрбиелеп өсірген. Оның өмірінің бұл оқиғалары кейіннен «Айналайын» деген кітабына арқау болған.
Сондай-ақ, Асқардың «Айналайын» деген жан жүйесінің елжіретер жақсы сөзін, адамға деген игі тілегін оның «Сөнбейтін жұлдыз» «Түз гүлі», «Ең қымбатты» атты шығармаларының да негізгі желісінен кездестіреміз. Оның бұл еңбектерін оқырман кезінде жылы қарсы алып, сүйсініп оқыған.
Сөйтіп, Ұлы отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майданға аттанған А.Лекеров сол қаһарлы жылдарда қолына автомат алып, алдыңғы шепте жүрді.Неміс фашизіміне қарсы қаруды қаламымен қатар жұмсады.
Ол майдандық және орталық газеттерге қазақ жауынгерлерінің жауға қарсы көрсеткен қаһармандық қимылын үзбей жазып тұрды. Оның очерктері майдан шебінде қан кешкен, жаумен жолбарыстай шайқасқан қазақ жауынгерлерінің рухын көтерді.
Басқаша айтқанда ол әрі қиян-кескі майданның толарсақтан қан кешкен қаһарманы болса, әрі майдан даласынан жазылған жалынды туындылардың кейіпкері. Олай деуімізге себеп, мәселен сол кездегі Солтүстік Батыс майданы газетінде істеген қазақ жазушыларының бірі – Сағынғали Сейітов өзінің «Қаламымен де, қаруымен де» деп аталатын мақаласында:
«Жауынгер жазушы Асқар Лекеров қанды майдан үстінде қаламымен де, қаруымен де, от-жалынның ортасында жан аямай күресуде. Оның қазақ жауынгерлерінің ерліктерін көрсете жазған жалынды очерктері газетімізде үздіксіз басылып тұрды...» деп жазды.
Осының айғағы ретінде А.Лекеровтың «Қарындас» деген очеркін алсақ,онда қарапайым қазақ қызының теңдесі жоқ ерлігі былай суреттеледі: Мәншүк пулеметті оң жағындағы томаршаның түбіне әкеліп орнатып, таянып қалған жауға жапыра оқ боратты. Селдіреген фашист топтары біртіндеп серпілді, жаудың алдыңғы қатары шалғымен шапқан шөптей жайрады. Бір кезде «Максимка» жаудың оң қанатынан қиғаштай соқты. Қаптаған жау беті тағы тойтарылды. Осы кезде бізге көмекке әскер бөлімі де жетті. Полковник бастаған төрт офицер «Максимканың» соңғы үні естілген жерге қарай қарды омбылап, бірінен-бірі озып жүгіріп келеді. Пулеметті құшақтай құлап, кеудесінен өзінін туған баласындай қолына көтеріп алып, бетінен сүйіп, оның құлағына «Мәншүк, Мәншүк»,-деп айқайлайды.
Енді әскери публицистің «Әке сыры» деген очеркін оқып көрелік. «9-май. Соғыстан кейінгі жылдардың бірі. Өзіміздің Алматы. Көгілдір аспанда жүзген күннің шұғыласында бүгін ерекше бір жылылық бар. Көшедегі адамдардың жүзінен де, күн нұрынан да күшті бір ыстық сезесің .
Келе жатқан қалың топтың ортасынан «Әскен!» деп санқ ете шыққан дауысты естідім. Жалт қарасам екі аяғы тізесінен жоқ: астында қолдан жасалған төрт кең дөңгелекті арбасы бар бір жас жігіт құшағын кең жайып, маған қарай ұмытыла түсті. Ол шын жүрегімен күлімдеп отырғандай сезілді маған. Мен де ыстық сезіммен келіп, еңкейіп оң қолымды ұсына бергенде ол қолымды алмай, шап беріп мойнымнан құшақтап, жас баладай аймалап сүйіп жатты. Мен де сүйдім. Сол минутта күлкі аралас көзімізден шыққан жасты өзіміз де сезбей қалыппыз. Тек құшағымыз жазылған кезде айналамызды қоршап, жиналып қалған халықтың арасынан:

  • Майданда бірге болған достар болар!...

  • Шын досты таныттыратын ауыр күндер ғой!...

  • Осы кездесулерінің өзі ұнап тұр... деген сөздер шыққанда, біз өз

жанымыздың сырын ұқтық.
Көз алдымызда өмір белестері біртіндеп өтіп жатты...
6-Наурыз, 1942 жыл. Алдымыздағы жау жайлап жатқан Красная Горка деревнясын басып алу керек. Бірақ қыстан бері бекіген жау оңайлықпен бермейді. Бірақ алуымыз керек. Шабуыл таңғы сағат алтыда басталды. Алдымыздан оқ боратып жатқан жар қабақтағы жау доты тыным табар емес. Осы кезде мен алып денелі жас солдатты көрдім. Ол доттың оң бүйірінен келді. Оның бұл қимылын көзі шалған өзіміздің арттилерияның барлаушылары сол доттың желкесінен асыра оқ атты. Әлгі еңгезердей солдат осы минутты күткендей, орынан атып тұрып, фашистердің дотына кірді. Одан әрі не болғанын білгеніміз жоқ, әйтеуір алдымыздан оқ боратып, бас көтертпеген жау пулеметінің үні өшті...
Біз Красная Горка деревнясына кіргенде, баяғы еңгезердей солдат бір фашист офицерін айдап келе жатты. Міне, мен Николай Григорьевичпен тұңғыш рет осылай танысқанмын. Оның қазіргі көз қарасында да сол жеңістердің ізі жатыр. Оған қайта-қайта қараған сайын үнсіз тілдеседі... Міне, Ригаға келіп кірдік. Шаумейден асып барамыз. Шығыс Пруссия... Берлиннің түбінде...
9-мамыр. Таң мезгілі. Жараланған солдаттардың ортасында отырмын. Николай Григорьевичті де осылардың ортасынан кездестідім, Оның қуанышы мен ренішін дәл қазір айыру қиын. Өңінде әлсірегендік бар. Бірақ жан түршігерлік даусымен әлденені айтып жатыр:
- Міне, соғыс деген осы! Бұл алаңда не болып жатыр? Бұл тек бір-ақ көрініс, Үш мың километрге созылған соғыс алаңын оймен бір шолып өткізіңдерші. Мүмкін көз алдыңыздағыдан да қиын жағдайда кездестіресіз! Өмір үшін күрес деп осыны айтамыз. Бақыт үшін күрес деп осыны айтамыз!
... 1945 жылы, мамыр айының 3-күні осындай күрсінген көңілсіз ортада-«Жеңіс!» – деген бір сөзді естігенде екі аяғының бірдей жоқтығын ұмытып, тұруға ұмтылған Николай Григорьевичті мен әзер басып жатқызғанмын. Сол минутта ол мені құшақтап сүйіп: Барлығын ұмытармыз, тек осы минут ұмытылмас- деген еді.
А.Лекеровтің бұл очеркі ә, - дегеннен-ақ оқушысын өзіне баулап алатын туынды. Очерк қызғылықты, өте тартымды жазылған. Өйткені, шығармадағы батыр жауынгер Николай Григорьевич те жеңіс күнін асыға күткен жандардың бірі. Берлинді аларда ауыр жараланып, екі аяғынан айырылды. Бірақ, ол ешқандай күйректікке салынбай, өзін-өзі асқақ ұстады. Қиын жағдайда жүріп-ақ оның жүрегі жеңіс деп соғып жатты. Жеңіс сағаты соққаның естігенде «барлығын ұмытармыз, тек осы минут ұмытылмас!»-дейді.. Бұл майдангерлердің жүрегін жарып шыққан сөз болатын.
Сюжет жемісі- адамдардың характерін ашуға көптеген көмегін тигізген. Автор очерктің композициясын бір оқиғаның төңірегінде өрбіткенімен, сол оқиғаның өзін үлкен шиеленіске құрған. Кейіпкерлердің көрген қиыншылықтарын, соғысқа деген жиеркенішті сезімдерін, жеңіске деген нық сенімдерін очерктің өн бойынан кездестіруге болады.
Ал, жауынгер жазушы А.Лекеровтың екінші бір «Кездесу» атты очеркінде соғыс ғаламаты, арпалыс, аттаныс сәттері шынайы қалпында көрсетілген. Онда автор әдемі ой-кестесін жасап, оқушылармен сырласып отырады. Мәселен, оның Лобать өзенінің жағасында болған ұрыста қаза тапқан Рашид Файзрахмановты, кейін елге оралған соң батырдың баласы жеңіспен кездесуін суреттеген жерлері ерекше.
«Бұл Жеңіс атты бала баяғы майданда оққа ұшқан Рашидтың баласы екен.Бала жүгіріп барып қайта комбайынға мінді. Шанаққа толған бидайды келген машинаға құя бастады. Баланың бұл қимылдары Лобать өзенінің жағасында қалған Рашидты есіне түсіреді. Оның ақтық минутта баласының қалтадағы суретін қолымен басып жатқан көрінісі көзге елестетеді.»
Жалпы А.Лекровтың қай бір шығармасы болмасын өмір мен өлімнің күресіне, әділеттік пен озбырлықтың қақтығысына құрылған.
Осы орайда жазушы өзінің «Ортақ ой» атты очеркін «Өмір жолы әрі қызықты, әрі қиын. Өмір қызығының өзі – сол қиындығында», - деп бастайды. Бұл очерк тәлім-тәрбие тақырыбына және жас ұрпақтарды еңбекке, қажырлылыққа баулуға арналған. Екі көзі су қараңғы адамның тамаша мүсінші болып шыққаны, ешбір нәрсеге мойымайтын табандылығы, өмір үшін күресте қиындықтың бәрін де көтеріп, барған сайын жігерлене түсетіні жазушы әсерлі суреттейді.
А.Лекеровтың оқушысын өзіне тартып, селк еткізер тағы бір очеркі «Қарапайым адам» деп аталады. Бұл шығарма автордың алғашқы ұстаздарының бірі, белгілі журналист Саттар Ерубаевқа арналғпн.
Бұл орайда «Қазір менің алдымда орыс халқының ойшыл суретшілерінің бірі Левитанның «Күз» деген суреті тұр. Оған үңіле қараған сайын жанданып көрінеді. Ол, Саттар ойының терең тамырындай әсер етеді маған»,-дей отырып, «Осы суретке қайта қарасаң тағы бір ой келеді. Жас кезімізде өмірдің осы үлкен өткеліне барлығымыз да келеміз, барлығымыздың көкейімізде де сонау көрінген биік шынардай бір арман – мақсат болады. Оған мына шытырманды қақ жарып әрқайсымыз өз жолымызды өзіміз салып жетуіміз керек. Бұл өте қиын жол, ойланған адам үшін оның қызығының өзі – осы қиындығында»-деген сыр түйеді жазушы.
Ал «Эстетика және химия» деген очеркінде болса автор айналасындағы ортаның табиғат құбылыстарын, минут сайын оның нәзік сезім тілдерін басып, көңіл күйін тербейді. Кейде шалқыта қуантады, кейде егілдіре күйіндіреді, кейде тежеп, кейде алға ұмтылдырады. Бұл очеркін ол «Қалалық архитекторлар галериясының пікір алысу кеңесіне тап болдым. Қатысушылары: жұмысшы, композитор, химик-инженер, ақын, архитектор, жазушы, дәрігер, философ, биолог – барлық мамандықтың өкілдері. Сырттай қарағанда симфония оркестрінің құрамы сияқты. Әр аспаптың өзіндік үні бар, - деп топшылаймын іштей, - иә, бұлар көпшілік аңсаған бір ғажап. «Күйдің» нотасын жазбақ» – деп бастап. «Біз тек адамды алға ұмтылдыратын дәуірде өмір сүріп отырмыз. Тек сұлулық – көркемдікті ғана көргіміз келеді. Оны қолымызбан жасауға құштар халықпыз. Тек музыка ғана емес, көркем өнердің қай түрі болсын ойсыз болса – жансыз, өлі дүние болып шығады. Ал өлі дүние сезімді тербей алмайды», - деп аяқтайды.

  • Сотқар балалар қайдан шығады?

  • Олар сабақты неге нашар оқиды?

  • Мұндай балалар мектепте ұстаздарын, үйде ата-аналарын неге

сыйламайды, неге тыңдамайды?
Міне, А.Лекеровтың ендігі бір « Ән мен күй» және «Өнеге шамшырақтары жоқ па?» деп аталатын очерктері осы сауалдар төңірегінде өрбиді.
Жоғарыда аталған шығармаларында автор көршісі, медицина ғылымының кандидаты Естөре Оразақов пен оның әйелі дәрігер Рашида Оразақова мен осы мәселелер төңігегінде пікір алысады.
« - Баланың сотқарлығы биологиялық емес, психологиялық «ауру», олардың барлығына бірдей біріңғай рецепті қолдануға болмайды. Ең алдымен әрбір ата-ана өз балаларына жастайынан дұрыс тәрбие беруі керек. Өйткені, кейбір жағдайларда «етпен бірге біткен мінез, сүйекпен бірге кетеді». «Жасынан ата-ананы тыңдап, сыйлай білген бала екінші үйі-мектеп коллективін де, оқытушылары, оқушы жолдастарын да сыйлап, құрметтей біледі. Міне, бала жүрегіндегі саналылық туған үйінің отының басынан басталады екен. Бұл – толассыз, қағида.
Екінші бір жағдай, баланың ой-санасы кеңейген сайын әр неге әуесқойлығы артады, өзінше іздене бастайды. Осы кезде балаңнын жолдастары кім екеніне, нені қызық көріп, неге еліктейді...тіпті , мінез-құлықтарына дейін зер сала үңілуге тура келеді. Бұл жерде өскен ортаның баланың келешегіне үлкен ықпал жасайтынын естен шығармау керек.
Үшінші бір жағдай, -уақыт. Балалар жастар түгіл уақыттарын дұрыс пайдалана білмеген үлкендердің де өмірдің қатал күйзелісіне ұшырауы мүмкін.
Міне, осы тұрғыдан қарағанда, әсіресе, мектеп жасындағы балалардың уақыты ата-ана бақылауында болуға тиіс. Ол үшін үйде әр баланың мектептен тыс уақытының өлшеулі ережесі болса, балалар сол қағидаға бара-бара өздері қалыптасады. Бұл өлшем үстінде балалардың ойын сағаттарын ұмытуға болмайды. Өйткені, өскелең, жас дене үшін ойын керек.
Егер осының барлығы үйдегі уақыт өлшемінен орын алса, балалардың жан-жақты болып өсуіне, оқуды жақсы оқуына себепкер болар еді, балалар уақыттың бағасын жасынан түсінер еді.
Төртінші бір жағдай, жас балалардың қатал сыншы екенін ешқашан да ұмытпау керек. Балалардың алдында өрескел қылықтар қылып, не орынсыз балағат сөздер айтып отыратын ата-аналар да бар. Олар өздерінің осы қылықтарымен баланың таза жүрегін кірлетіп, ыстық сезімін суынтып, өздерінің бала алдындағы беделін төмендетіп алғанын да сезбейді.
Балаларды ұрып-соғу, ащы тілмен күйіндіру емес, ата-аналардың өзара шын – мағынасындағы адамгершілік қарым-қатынастарымен, адал жанды мейірімділігімен, қылықтарымен тәрбиелеу керек,» – дей отырып автор – жақсы оқитын саналы оқушылардың үлгісін, олардың ата-аналарының тәжірбиесін кең пайдалануымыз керек деп түйеді ойын. Иә, сөйтіп байыптап қарасақ А.Лекеровтің публицистикалық мақалаларының көпшілігі негізінен педагогика, тәрбие мәселелеріне арналған екен. Оның бұл тақырыпқа жазған қай шығармасын оқысаң да, өмір талабына сәйкес уақыт тынысын сезініп, жүрегімен үн қатып отырғанын байқайсың.
Міне, осы тұрғыдан автор өзінің «Өмірге жол» деген публицистикалық мақаласында: «Он жылдықты бітіретін жастардың барлығы жоғарғы білім алуға ұмтылады. Ол заңды, қуанарлық талап.
Бірақ, олардың барлығы бірдей талпынумен талғаудың мағынасын жете түсінбейді. Сырттай қызығу мен іштей бейімділігін ажырата алмайды. Әйтеуір жоғары дәрежелі білім алсам деп талпынады.
Талпыну жақсы! Бірақ жастардың жол табуы өскен ортасында, семьялық өміріне, мектептегі мұғалімдердің тәрбиесіне байланысты. Әр баланың көңілінде жастайынан бейімдеушілік сезімі оянады. Баланың бойындағы бейімдікті ең алдымен оқытушылары аңғаруы тиіс. Совет мұғалімдері жай оқытушы ғана емес, жастардың жақын достары, олардың алдағы өміріне жолдама берушілер.
Сондықтан біздің оқытушылыр қарамағындағы балаларды тек өздерінің оқытқан пәндерінен ғана емес, оларды өмірге бейімділік жағынан да сыннан өткізіп, әр пәннің оқушылары өзара пікір алысып, әр балаға дұрыс баға беруі тиіс»,- деген көзқарасын білдіріп, ұстаздар мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас мәселесін сөз етеді.
Осы тақырыпты одан әрі жалғастыра отырып, жазушы: Біздің әке мен бала арасында ешқандай үзіліс жоқ. Өйткені, олардың өмірге көзқарасы, ниет – тілдері бір. Бұдан бала әкесінің көшірмесі ғана деген ұғым тумайды. Қазіргі балалар біздің бала күнімізден көп біледі.Сондықтан оларға қойылатын талап та күшті. Өмір сұлулығы тек көріністе ғана емес дегенді ескерткіміз келеді. Бір кезде біз: Ұлы Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтаймыз деп ант бергенбіз. Қиын күндерде біз бұл антымызды орындадық, Ұлы Отанымызды сендерді, сендердің келешектерінді қорғап қалдық. Енді әке эстафетасын алға алып баратын күш – жастар, сендерсіңдер»,-деген талап-тілек білдіреді. Ол өзінің «Ерлік ізі» деген мақаласында.
Ал, «Уақыт – қатал сыншы» атты мақаласында болса, осы ойын былай деп тереңдетіп, сабақтай түседі: «Қарапайым совет адамдарының барлығына ортақ бір ой бар. Ол- жарқын келешек үшін ең болмағанда бір кірпіш қалап, бір дән егу. Осы ниет-тілектің үстінде ол аққан терімен, тіпті кейде шаршағанмен де есептеспейді. Қалаған үйі бой көтерген сайын, еккен дәні өнген сайын нәр алады, жаңа күш- қуатпен, ертеңіне үлкен сеніммен аттайды.
Қарапайым совет адамдарының басып өткен жолы қандай қиын, қандай қызықты. Үңіле қараған адамға өмір жолының қызығының өзі сол қиындығында. Біз балаларымыздың бүгінгі қызығы үшін, ертеңгі сәулетті келешегі үшін тер төктік, қан төктік. Өмір мен өлім күресі алаңында ерлікпен қаза тапқан замандастарымызды көрдік. Біздің тұрған сәулетті үйдің әр кірпішінде әкесінің ащы тері барын, қызыға қол созған гүлдің де еңбекпен өскенін ойламайды. Өзіміз оларды ойландыра білмейміз. Ойсыздық өмірден орын тапқызбайды. Балаларға өмірдің осы шындық қағидасын жеткізе түсіндіруіміз керек.
Адамға тән асыл қасиеттердің ұрығын бала жүрегіне жасынан еге білуіміз керек. Ол ерекше уақыт тілемейді, бала жүрегіне үздіксіз, арқашанда үңіліп, назар аударып отыруымыз керек. Ең алдымен балаларымызға өз жүрегімізді оқыта білейік. Кітапты оқи білу, жақсы, ал адамды оқи білу онан да қасиетті. Олар ертең бұдан да қызықты өмірді өз қолдарымен жасаушылар. Біздің қоғамда бүгін мен ертеңнің арасында ешқандай үзіліс жоқ».
Иә, өмірге осылай ой көзімен қараған публицист А.Лекеров «Кешірімділік» деген мақаласында: «Өмірдің ауыр күрсіндіретін трагедиясы да, ашындыра күлдіретін комедиясы да, шексіз қуантатын келелі жағдайлары да адам мінезінің алалығынан туады.
«Тек осындай мінезден аума», - деп мінездің нақтылы бір рецептісін беруге тіпті болмайды. Барлық адамдарға ортақ асыл қасиеттердің болуы таңғажайып нәрсе емес, ол сыртқы мінездің біркелкілігі жоқ болуы мүмкін де емес. Шын мағынасындағы адамгершілік асыл қасиеттер адалдық пен әділеттілік. Адамның мінез-құлқының өзгеріп, қалыптасуы, өмірге көзқарасының жаңғыруы, оның сана-сезімінің кеңейіп, шын мағынасындағы адамгершілікке тән қасиеттерді бойына сіңіруі қабылетінің даму шапшаңдығына байланысты».
Міне осы тұрғыдан қарағанда адамдар мінез-құлықтарының қалыптасуының негізгі түйіні – кешірімділік, - деп жазды.
Характер - өмір шындығын көтерудің басты құралы, адамның психологиялық, мінездік ерекшеліктерінің жиынтығы. Көркем очеркте кездесетін осы ерекшелік әртүрлі жағдайда, адамның табиғатпен қарым-қатынасында, қоғамдық және жеке өмір өткелдері үстінде көрінеді.
Осы орайда А.Лекеровтің шығармаларында адам характері қалай жасалады деген сауалға жауап беру үшін оның – «Ән мен күй» очеркінен үзінді оқып көрелік:
...Көз алдымызда казполктің ауласы, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып жатқан ала-құла киімді адамдардың бет-бейнесі.Бүгін бұлар Совет Армиясының қатарына аттанады.
Бұрынғы ауыл мұғалімі, мәдениетті, қу тілді Махмұт Жұбанов біздің қасымазға келіп:

  • Етіктерің кемедей болып келісе қалған екенсіңдер,

шалбарларыңды шешіп қолдарыңа алыңдар. Сендерге жалғыз гимнастерка да жетеді, - дегенде барлығы ду күлді. Біз Телғараев екеуміз бір-бірімізге қарап, не күлерімізді, не күлмесімізді білмей тұрып қалдық.

  • Сен де жүнін қырықтырғын серкедей бола қалыпсың,- деп ол

Үмбетаевқа тиісіп қойды. Өйткені ол толқынды қара бұйра шашын алғызып, кең балақ шалбарын тастағаннан кейін, көзі бақырайып сыдия қалған екен.

  • Қатарға тұрыңдар!-деген бұйрықты тағы естідік. Сапқа тұрдық.

Енді әскери киімін киген соң қадамымызды да нық басқымыз келеді. Тек, Жаңғылбаев қана серендей басып, аяғы түгіл қолын қатардың ырғағына көндіре алмай келеді.
Бұл журналистің суреттеуіндегі әскерге енді ғана шақырылған ауыл жігіттерінің бейнесі. Әрқайсысының бойында қандайлық мінез барлығы азғана нәрседен-ақ шым-шымдап көрініп тұр.
Мына бір мысалдан да жазушының адам характерін ашуға ұтымды сәттерді шебер пайдалана алатындығын көреміз:
.... Өмір осылай да кездестіреді екен ғой. Бармысың, саумысың! – деп қайта құшақтап, мені сілкіп алып,- білесін бе, алдағы демалыстарда әр бөлім өнерпаздарының кездесуі болады. Соған дайындалуымыз керек.

  • Сонымен сен өзің осындасың ғой, - деді ол.

  • Иә, осындамын.

  • Айналаңда «Әу» деуге жарайтын жастарың бар ма?

  • Иә, бір шегір көзім бар.

  • Оның орыс па?

  • Жоқ. Көзі шегір болғанымен, өзі қазақ.

  • Кәне, тағы кімің бар? – деп ол блокнотын ыңғайлай берді.

Автор бұл очеркінде адамдардың характерін ашуға,міне, осындай детальдарды таба білген.
Сонымен, қорыта айтар болсақ, Асқар Лекеров қашан да болмасын өз кейіпкерімен қоян-қолтық араласып, өз өмірінің ыстық-суық күндерін солармен бірге өткізеді. Әрі оның шығармаларының кейіпкерлері де өмірде бар, болған адамдар. Олар ержүрек командир Илья Чипицин, суретші Кенбаев, әртістер Әбжанов, Үмбетбаев, Телғараев, ақын Әбділдә Тәжібаев, дәрігер Естөре Оразақов және т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет