Зәуре (Балқияны көріп).Балқия апа, сәлеметсіз бе?
Балқия. Ой, айналайын, амансың ба? Денсаулығың қалай? Оқу жақсы ма?
Зәуре (отырып). Жақсы.
Тәттігүл.Жақсысы сол, айттым ғой жаңа, қай-қайдағы бір жалаңаяқты тауып алып, айтқанға көнбей, әуреге салып тұр мені.
Зәуре. Мама, тағы...
Тәттігүл. Несі тағы?.. Балқия апаң әдейі келіп отыр.
Балқия. Зәуре шырағым, біздің саған бөтендігіміз жоқ, көпті көргенбіз, біразды білеміз. Саған жар табылады, әке-шешеңе адам табылмайды. Қыз сырдеске жерге барса – игі. Ондай адамдар – бізбіз.
Зәуре.Апа, мен сүйгеніме барамын.
Тәттігүл. Тәте-ау, міне, бар айтатыны – осы. «Сүйем-сүйем!» дегеннен басқа сөз жоқ мұнда. Өстіп жұлқынып тұрған бір сұмдық әкесі екеуі. Қайтіп адам боламыз?
Балқия. Зәуре қарағым, бәріміз де қыз болғанбыз. Сүюдің не екенін байымызбен төсекке бір жатып тұрған соң барып білгенбіз. Осыдан «Ата-анамның тілін алайыншы» деші, сол сәттен бастап біздің Ерланды сүйетін боласың.
Зәуре. Мына айтып тұрғаныңыз – азғынның тірлігі. Ал, мен – адаммын. Адамға алысқан қол – серт.