Балқия. Ол рас қой. Бірақ адамның анадан аяйтыны болмайды.
Зәуре. Мен де анама мендегінің бәрін беремін. Сұраса, жаным да пида. Тек жалғыз ғана махаббатымды бере алмаймын. Махаббатсыз тірі өлік болып, сүлдерімді сүйретіп жүре алмаймын.
Тәттігүл (құшырланып). Міне, не айтып болады бұған?
Балқия. Зәуре, сен өзің сол махаббатты қалай түсінесің?
Зәуре. Түсінетін не бар? Ерланды сүйемін, бітті.
Тәттігүл. Міне, делқұлы болып қалған бұл, тегі.
Балқия. Құр сүю махаббат емес. Ғашық болу, күйіп-жану – әншейін еріккеннің ермегі. Қыз Жібек, Баян сұлу ғашық болса – баяғының, байдың қыздары. Ол заман кеткен келмеске. Қазір – адам махаббатты емес, қайтсем қатарымның алды болам дегенді ойлайтын кез.
Зәуре. Мұныңыз – сезімсіз адамның сөзі, емшектегі баланы алдау.
Тәттігүл. Тәте-ау, алтын сөзіңізді қор қылмай-ақ қойыңыз бұған. Көрдіңіз бе бетбақтырмайды. Әбден ақылы толған, ырық бермейді жан адамға.
Балқия. Мейлі, ендеше, махабббат де, деме, ғашық бол, болма, қыздың пешенесіне әйел болу жазылған. Адам осы заманғы отбасы болуды ойлауы керек, махаббат деген қалған әлдеқашан.
Зәуре. Балқия апа, адам сезімі бұрынғы, қазіргі заман дегенді білмейді. Қоғамдық құрылыс құбыла берсін, мейлі, ал, махаббат – мәңгі. Ол – тұрақты, адамдар қонақтар биік тұғыр.
Балқия. Түу, шынында, бұл Зәуреге біздің әліміз жетпейді екен.
Тәттігүл. Жетеді. Сен қыз бар ма, сен қыз осыдан мына Балқия тәтемнің Ерланына тимесең, мен ақ сүтіме жүгінемін. Саған беген ақ сүтім – арам, кешпеймін... Ақ сүтім атсын сені!
Зәуре (еңіреп жылап жібереді). Ақ сүт!.. Ақ сүт!.. Бәрі... Ана да, ақсүт те махаббаттан жаралған. Ана!.. Махаббат!.. Ақ сүтін пұлдаған ана... Жоқ... Айта алмаймын...
Зәуре жүгіре басып үйден шыға бере, есік көзінде маскүнем Ерланмен бетпе-бет келіп қалады.
Достарыңызбен бөлісу: |