Ақбөпе. Жаным, қой!
Сауытбек. Қалай қоям, сен ендігі жерде маған жоқсың! Бұл – соңғы жырымыз, жоқ, тұяқ серпуіміз.
Ақбопе. Солай... Онда... Өзің біл..
Үнсіздік.
Таң сібірлеп атып келеді.
Ну қамыс сылдыр қағады.
Қамыс арасынан Сауытбек пен Ақбөпе шығады.
Бір-бірін қимай, құшақтаса береді.
Сауытбек(күйзеліп). Бөпе, таң атып келеді, қайтеміз? Не істейміз?
Ақбөпе (екі көзі жайнап):
Алып кел, Сауыт, атыңды,
Жолығу осы ақырғы.
«Тәуекел түбі – жел қайық»,
Білерсің деген нақылды.
Мінейік те кетейік,
Көз – қорқақ, қолың – батыр-ды.
Жөнел. Сауыт, кетейік,
Салса да заман ақырды.
Сауытбек (жан-жағына қарап, қарауылдап жүрген кісілерді көріп). Бөпе, аналарды қарашы. Олар – бізді қашып кетпесін деп қарауылдатып қойған Сақ қарияның адамдары.
Ақбөпе (үнсіз өксіп).Онда бар, жолың босын! Таң атып қалды, көзге түсеміз. Біліп қалса, ана дүлейлер аямайды. (Ілбіп басып, ұзай беріп). Қош, Сауыт!
Сауытбек (егіліп, езіліп тұр). Қош, Бөпе! Құдай бізді қосылуға жазбаған екен.