Солтай. Айтамын. Жолыңыз болсын, аға!
Сауытбек. Айтқаның келсін!
Екінші бөлім
Сегізінші көрініс
Сақ қарияның үйі.
Төрде қарияның өзі, дөңгелек үстелді айнала баласы, келіні, немерелері отыр. Есіктен үсті-басы шаң-тозаң, бет-ауызы айғыз-айғыз, екі көзі
қып-қызыл Сауытбек кіреді.
Сауытбек. Ассалаумағалейкум, қария!
Сақ. Уағалейкумассалам! (Сауытбектің бас-аяғын шолып шығады). Түрің қандай адам шошырлық еді, ерім! Жылағалы тұрсың ғой өзің. Қайғың басыңнан асқан адам сияқтысың, жөніңді айтшы, кімсің, қайдан келесің?
Сауытбек. Аттан жығылып, шаңға аунап тұрған адаммын.
Сақ. Жоқ, сен – шерлі адамсың. Аты-жөнің кім, қай елдің адамысың? Айтшы, білейік.
Сауытбек (солқ етіп, өксіп кетіп). Ашадағы шымыр күнтумін. Есімім – Сауытбек. Сіз біліп қойдыңыз, қайғым көп менің. Ауылыңызда түнеп жатқан ана көш – менің сүйген қызым Ақбөпенің ұзатылып бара жатқан көші. Қу кедейліктен ғашығыма қолым жетпей, зарлап қалған шермендемін мен, аға.
Сақ (елең етіп, сергіп). Өй, сен Сауытбек болсаң, ел аузында жүрген бозым жігіт болдың ғой. Сыртыңнан естуім бар, сені жұрт ақын, сал демейтін бе еді. Мына ұзатылып бара жатқан қызды Ноғайбайдың келіні деп естідік. Ол бейбақ сені әуелі өлердей ғашық етіп, енді өлімші қылып тастап, бидің баласына тиіп кетіп барады екен ғой.
Сауытбек. Қария, Ақбөпе амалсыз, қан жылап кетіп барады. Ажыратып алатын менің түрім – мынау.
Сақ. Сауытбек екеніңді білейін, осы кейпіңді әнге қосып айтшы.
Сауытбек:
Маған айтқан, Ақбөпе, сырың қане,
Сауытбектің сені іздеп ұрынғаны.
Тұмсығында Ұланның қуып келіп,
Сауытбектің ит болып ұлығаны.
Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Өміріміз жылаумен өтер ме екен,
Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?
Адамзаттың түспеді рақымы,
Арызымыз Құдайға жетер ме екен?
Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Бір жолықсам, Ақбөпе, шырағыма,
Осы даусым жетер ме құлағыңа?
Шыныменен кеттің бе, ақ балапан,
Қара құстың түйреліп тырнағына?
Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Шырылдатып қара құс кетті алып,
Шеңгелінде барасың естен танып.
Мұңымызды зарлаған екеуіміздің,
Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.
Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Сақ (көкірегі қарс айырылып). Ой, жалған-ай! Сауытбек шырағым, сенің еркек басыңмен егіліп жылап отырғаныңды жақтырмап едім. «Арсыз неме ғой мынау бір» деп едім іштей. Жоқ, басқа екенсің. Шіркін, ғашықтық адамның өзегін шалған жалын, жоқ, өрт қой. Мен де сен сияқты сүйгеніне қосыла алмаған сорлымын.
Достарыңызбен бөлісу: |