Күнімбала. Қайтейін, Солтайжан әлі жас. Жігіт болғанда саған араша түсетін еді.
Ақбөпе (күрсініп). Әй, қайда-а-ан!
Мақұлбек кіреді.
Ақбөпе бетін орамалымен жауып алады.
Күнімбала үн-түнсіз отыр.
Мақұлбек (зілді). Құдағи, жұмбақ ойнағанымыз жетер. Ноқаң адам жіберіпті, «Келінді бүгін ұзатсын», - депті. Ақбөпені бүгін ұзатыңдар, өйтпесеңдер, сөз басқа. Ноқаңды ашуландырған адамның оңғанын көрген емеспін мен.
Күнімбала(шарасыз). Құда да, сіз де қызық екенсіздер. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғының» кері ме бұл, нелеріңіз?
Мақұлбек (ширығып). Құдағи, біздің көзіміз соқыр, құлағымыз керең емес. Көріп, естіп, біліп отырмыз, Ақбөпе өтірік ауырады екен. Сауытбекті күтіп жатқан көрінеді.
Күнімбала.Құда ондай ащы сөз айтып, тәтті ауыздың дәмін кетіріп қайтесіз? Ат-көліктеріңізді дайындаңыздар, Ақбөпені ұзатамыз бүгін.
Мақұлбек. Міне – сөздің төресі. Біз дайынбыз. Мен Тантайларға барайын, қуантайын.