Күнімбала. Бәрі болсын, бірақ бақыт жоқ.
Өтелбай. Содан бақытты болатын жерді Меккені үш айналсаң да таба алмайсың.
Ақбөпе (ақырын басын көтеріп). Көке, апа, мен үшін ұрысып-таласпай-ақ қойыңыздар. Мен сіздерді әуре-сарсаңға түсірейін деп ойлаған жоқ едім, өзіме-өзім өкінгеннен басқа не амал бар енді?
Өтелбай. Өкінбе, қызым, өмірің алда.
Өтелбай шығып кетеді.
Күнімбала (жігерлі). Әкеңе ренжіме, айналайын! Ол қайдан түсінсін әйел жанын? Сауытбек бір амалын ойластырар.
Ақбөпе. Сауытбектің «Келемін» деген күні өтіп кетті. Төрт күн өтті, жоқ. Тантайлар енді күте ме?
Күнімбала. Күтпейді.
Қойшы бала Солтай кіреді.
Солтай. Сәлеметсіздер ме?
Күнімбала. Кел, Солтайжан, қозың қайда?
Солтай. Қос талдың көлеңкесінде жатыр.
Күнімбала. Онда отыр.
Солтай (Ақбөпе жаққа көз салып). Әкпе, қалай, айықтыңыз ба?
Ақбөпе (күрсініп). Солтай, менікі айықпайтын ауру. Сен мына әнді үйреніп алшы. Сауытбек келгенде айтып бер. Сенің дауысың менікінен айнымайды. Міне, былай айтасың:
Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,
Екі қолым байлаулы көзім жұмық.
Ықтиярсыз барамын зорлықпенен,
Қол-аяқта салулы құрсау-құлып.
Болмады, Сауыт, хабарың,
Арманда кетіп барамын.
Уәдеңде тұрмастан,
Тістеулі кетті бармағым.
Мен секілді бар ма екен қайғысы асқан,
Босамады жылаудан көзім жастан.
Көкірегім қайғылы, көңілім шерлі,
Сауытбекті барамын көре алмастан.
Болмады, Сауыт, хабарың,
Арманда кетіп барамын.
Уәдеңде тұрмастан,
Тістеулі кетті бармағым.
Күнім қандай болады, біле алмаймын,
Көтеріліп көңілім жүре алмаймын.
Қайғыменен қан жұтып сарғаямын,
Гүл ашылып, күн шығып күле алмаймын.
Болмады, Сауыт, хабарың,
Арманда кетіп барамын.
Уәдеңде тұрмастан,
Тістеулі кетті бармағым.
Көп қарадым Сауытбек келеді деп,
Төрт күн жаттым ауырып, көремін деп.
Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,
Айтып еді: «Жазаңды беремін», - деп.
Болмады, Сауыт, хабарың,
Арманда кетіп барамын.
Уәдеңде тұрмастан,
Тістеулі кетті бармағым.
Күнімбала (Ақбөпені құшақтап жылап). Сорлы қызым, қор қылыппыз-ау! Қарағым-ай, қайтсе болды. Сені аюдың тырнағынан айырып алар күш, қане?! О, Құдай, қу Құдай, шұнақ Құдай, Бөпемді осыншама жылататындай не жаздық саған?!
Ақбөпе. Апа, Құдайға тіл тигізбеңіз. Қарғасаңыз теңсіздікті, кедейлікті қарғаңыз.
Күнімбала. Бәрі – Құдайдан. Сауытбекті де келтірмей отырған – Құдай.
Ақбөпе. Сауытбекті маған жеткізбей тұрған күш – кедейшілік. «Бір жақсы ат тауып мініп келіп, алып қашамын», - деп еді, соны таба алмай, қор болып жүр ол.
Күнімбала (шарасыз). Қайдам? Кешікті. Амал жоқ, бүгін сәскеде ұзатамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |