Күнімбала. Шарасыз адамның көрген күні осы, Бөпем!
Солтай (Ақбөпенің әнін іштей айтып тұрып). Әкпе, мен әніңізді өзіңізден бір кем айтпаймын.
Ақбөпе (езу тартып). Дұрыс. Солтай – сен әншісің, бірақ бұл әнді өзім құсап ешкім айта алмайды. Бұл – ән емес, менің мұңым, қайғым, арманым.
Солтай.Бұл әнді менен үйреніп Сауытбек аға айтатын болады.
Ақбөпе. Сауыт айтады. Мен өлген соң да айтып жүреді ол.
Күнімбала. Қой, қай-қайдағыны айтқаның, Ақбөпе!
Ақбөпе.Рас. Солай болады, апа. Мені Сауытбектей түсінген бір адам жоқ бұл дүниеде. Шіркін, дүние, қандай кең ең, содан титімдей орын табылмайтындай кімнен кем ем?!
Күнімбала. Сен өйтіп түңілме, қызым. Әлі-ақ бақытты боласың.
Ақбөпе(жылап). Апа, менің бақытым – Сауытбек. Одан айырылған өмірім – жылау-сықтау.
Күнімбала. Қайтеміз енді, мұны әкең де, мен де білеміз. Осы күнімізге амалсыз көнеміз.