Келіншек (төмен қараған күйі). Мақұл, ата.
Сақ.Сауытбек, Құдай сәтін салса, сен енді Ақбөпемен жолығасың, бірақ «Алып қашамын» деп жүрме. Өзің білесің, күйеу жігіт – Ноғайбай болыстың баласы. Болыс аяғыңды қия бастырмайды, ұстатып алады. Маған жақсы мәлім, сүйгенінен айырылу азаптың азабы. Мен – ол азапты он бес жыл өткерген адаммын. Маған бәрі белгілі. Амал қайсы, жағдай осылай болған екен, көнесің. Тағы айтамын, Ақбөпені алып қашамын деп әуре болма. Өйткен екенсің, оныңды Ноғайбай болыс кешпейді, өзіңді былай қойғанда, зияның еліңе тиеді, жар басында жарбайып отырған бізді де аямайды.
Сауытбек. Шын айтасыз. Бәрін түсінемін, аға. Қауіптенбеңіз, ондай әбестікке бармаймын.