Әлдихан Қалдыбаев



бет317/340
Дата06.02.2022
өлшемі0,75 Mb.
#48445
1   ...   313   314   315   316   317   318   319   320   ...   340
АРМА, ӘЗ НАУРЫЗ!


«Ауырып ем ізде,
Ауырмайтын жол ізде!»
«Фарабиз» деген дәрінің қорабына осылай жазылыпты.
Бұл дәрінің иесі «ФитоГауһар» ЖШС таңдану белгісін (!) қоймаса да таңданасыз.
О заманда бұ заман «Ауыр» деп бұйырғанды кездестіріп отырғаным осы.
Енді осы шіркіндердің дәріні жарнамалаған мәтініне көз жіберейік.
«Жүрек қантамырларына қолайлы әсер етеді: оның қабынуына, ауырған тұсын тыныштандыруға және өт қалтасына. Бұл асқазан жарасын жіңішке ішек ауруларын өт қалтасы мен өт жолын, бауырды және ішектің қабынуын емдеуге арналған қосымша дәрі-дәрмек ретінде, сондай-ақ, олардың алдын-алу үшін кеңінен ұсынылады».
Ал, енді осының орыс тілдегі мәтінін келтірейік:
«Оказывает благоприятное действие на желудочно-кишечный тракт: противовоспалительное, обезболивающее, желчегонное. Рекомендован для профилактики и в качестве вспомогательного средства для лечения при гастрите, язвенной болезни желудка, двенадцатиперстной кишки, острых и хронических заболеваниях желчного пузыря, желчных путей и печени, воспалительных процессах кишечника».
Масқара! Қазақша мәтін – орысшаға алыстан маңайлайтын былдыр-батпақ. Ең сорақысы бұл дәрі қазақшадағыдай, жүрек қан тамырларына әсер етпейді, орысшадағыдай, «оказывает благоприятное действие на желудочно-кишечный тракт». Бұл біздің қазақшалауымызда, ішек-қарын жолына қолайлы әсер етеді.
Сонда бұл дәріні «ФитоГауһар» ЖШС-нің жазуы бойынша ішкен адам ауру таба ма, айыға ма, белгісіз. Жоқ, белгілі, өздері жазып отырғанындай, ауырып, ем іздейтін болады.
Шақыру – айдарын қазақшаласақ, біздіңше былай:
Ауырып, ем іздегенше,
Ауырмайтын жол ізде.
Бұл енді құлаққа кірер еді.
Құрметті оқырман, бұл жазушының сонша ұсақтағаны несі, - деп сөгіп отырған боларсыз.
Мен бұл жерде аударманың да үлкен өнер екенін ескерткім келіп отыр. Абай, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов тәрізді ұлы аудармашыларды былай қойып, кәдімгі еңбек торылардың өзі де аудармаға мықтап мән беруі керектігін, ешкімнің де ауа жайылуына болмайтынын қолыма түсіп қалған дәрі қорабындағы жазудан шошып отырып айттым. Шынында да, дүниедегі ең қымбат – адам өміріне қатысты айтатынын осылай аударған сабаздарға не айтарсың?
Осы жерде қазақ тілінің үлкен проблемасы жатыр.
Қазақ тілін ғылым, өндіріс, қаржы салаларына енгізуді, ресми тіл етуді мықтап жөнге қоймай, көсегеміз көгеріп, көрпе-жастығымыз ұзармайды.
Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі айтып тауысқысыз. Бірақ қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тілінің хал-ахуалын оңалту емес, сорлатуға жұмыс істеп жатқандай. Оның басты себебі өмірдің барлық саласы тәрізді БАҚ-та да ұрпақ алмасуы жүріп жатыр. Қазақ тіліне уызынан жарыған аға ұрпақтың орнына асфальтта өскен жастар шықты басылым беті мен эфирге. Осы өзгерістің оңды жағы көп дегенімізбен, ойласатын тұстары да аз емес екен.
Соның бірі, тіптен ең бастысы, орыс тілінен аударма.
Иә, аударма қашаннан тілді байытудың тиімді көзі болып келген, бола береді. Егер жөнді аударма жасай алмасақ, тіліміз шұбарланады, адам түсінбес ми батпақка батамыз. Мен өмір тәжірибемнен білемін, орыс тілінен ат-тонын ала қашатын журналистер – аудара алмайтындар.
Олардың уәжін көп естігенмін, сондағылары – қазақ тілін дамытуға қамқорсыну. Шын мәнінде бұл – әлсіздігіне сылтау. Ал, орыс тілінің «тіл ұстартып, өнер шашудағы» рөлі әлі кеміген жоқ.
Сондықтан да мен ойлаймын: журналист, жалпы қаламгер аударма жасауға жүйрік, сауатты болуы керек. Ондай шеберлікке жетудің көп құпиясы жоқ, ең алдымен, филология, журналистика факультеттеріне әдебиетті жан-тәнімен сүйетін, қаламының желі бар жас түсуі тиіс; екіншіден, ол жақсы оқуы керек; үшіншіден, ол екі-үш сөздің басын құрастыра салып, редакцияға тұра жүгірмей, өзіндік шыңдалу мектебінен өтуі қажет; төртіншіден, БАҚ-қа көп үңілгені мақұл; бесіншіден, «оқығанды көңілге тоқығаны»; алтыншыдан, кейбіреудің көңіліне келсе де айтайық, қолынан жазу келмейтін адамның редакция маңынан нан табудан күдер үзгені жөн; ақырында, адамда Құдай берген талант болмай, бәрі бос.
Қазіргі БАҚ қызметкерлерінің соншама жүдеп кеткені туралы бір-ақ мысал келтірейін, Наурыз мейрамын барша халқымызбен бірге республикамыздың телевизия қызметкерлері де қуана қарсы алып, небір тамаша хабарларын көрсетті. Олардың бәрі дерлік өз қуаныш-тілегін: «Ар ма, әз Наурыз!» - деп білдірді.
Құдайым-ау, сонда бас мейрамымызға жөндеп құрмет көрсете алмағанымыз ба? Мұның дұрысы – «Арма, әз Наурыз!»
Арма – аман-есен бе, есен-сау ма деп сәлемдесу.
«Қазақ тілінің сөздігінде» (Алматы – 1999) бұған мынадай бір әдемі мысал келтірілген:
Жасық пышақ өтпейді жаныса да,
Жаман арма демейді таныса да.
Қазақстандағы бүкіл тележурналистердің бірде-біреуі арманың – амандасу екенін білмей жатқаны көңілге қорқыныш ұялатады. Арма – архаизм емес, екінің бірі дерлік кездескенде айтып жүрген сөз.
Қолыңа қалам алған екенсің, біліп жаз. Ол үшін оқы, ізден, үйрен.
Журналист – ат, жұмыс аты.
Ат бір сүрінген жерінде қайта сүрінбейді.
Журналист те бір жазғанында қателескен екен, қайталамауы керек.
Мен «Еңбек туында» (қазіргі «Ақ жол») екі рет қателестім, екі қатемді де қайтып қайталаған емеспін. Бір материалымда «Кафэ» деп жазып жіберіппін. Редактор Баттал Жаңабаев шақырды. Бардым. Қатемді көрсетті. Мойында- мадым. «Кафэ» деп жазылады», - деп қасарыстым. «Ана «Шолпан» кафесіне барып, оқып кел», - деді Бәкең. Бардым. редактордікі дұрыс болып шықты – «Кафэ» емес, кафе екен.
Ендігі бір материалымда «экскаваторды» «эксковатор» деп жазып, қате жібердім. Бәкең шақырып алып, қатемді бетіме басты.
Бәкеңнің де, орынбасары Төленді Оңғарбаевтың да тәрбиелеу тәсілі жазғанымыздың әріп қатесі тұрмақ, үтір қоя алмасақ, алдына шақырып, кемшілігімізді бетімізге басатын.
Мен – филологпын, жазушымын. Сонда да қате жібердім, редактор қателеспеді. Сөйтсем, мұнда бір заңдылық бар екен, редактор қаламынан шыққан өз сөзіне ғана емес, тілшілердің жазғанына да мейлінше жауапкершілікпен қарайды екен.
Кейін мен редактордың орынбасары, бас редактор болған 28 жыл ішінде бұл тірлікті армансыз атқардым. Бірақ мен ешкімді де қолжазбасындағы қатесі үшін алдыма шақырып, қабақ шытып көрген емеспін. Есесіне, тілшілер мен қараған материалдарды оқып шығып, өздері ойға қалар еді.
Сондағы менің ұстанғаным орыстың ұлы жазушысы Г. Короленконың үлгісі болды.
Бірде Короленкоға бір жас жазушы шағын әңгімесін әкеліпті.
– Ертең келіңіз, - депті Короленко әлгіге.
Жас жігіт ертеңіне келіп, әңгімесін көрсе, Короленко бір сөзін де өзгертпепті, тек тыныс белгілерін қойып шығыпты. Сонда ұлы жазушы жас жазушыға бір сөз де айтпапты.
Автор әңгімесін оқып шығып, танымай қалыпты, құлпырып кеткен.
Бұл жас жігіт Антон Чехов екен.
Болашақ ұлы жазушы үшін бұл үлкен сабақ болған.
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз», - деп Абай айтпақшы, редактор ағаларымнан үйрендім, классик жазушыларға ұқсадым, онымнан не шықты, оны мен емес, басқалар, тәлім-тәрбиемді көргендер айтар.
Менің айтарым: ауызекі айтқан сөзің – өзіңдікі, маған десең, оттай бер, баспа бетін көрген сөзің – халықтікі, жанып тұрған оттай көр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   313   314   315   316   317   318   319   320   ...   340




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет