Қазақ балалар әдебиетінің теңдесі жоқ классигі Бердібек Соқпақбаев тұла бойы тұнып тұрған әзіл-қалжың, күлкі-келемеж кісі еді.
Торсықтай маңдайын астынан атқылаған ақыл тырсылдатып тұратын тәрізді көрінетін Бекең қазақ «Айтқыш» деп атайтын адамның да дәл өзі еді.
Қазақ балаларын тәрбиелеуге теңдессіз үлес қосқан жазушының осы бағыттағы ойлары ұшан-теңіз болатын.
Студент кезімде, кейін Алматыға жолым түскенде ұстазым іспетті болып кеткен ағаға әдейілеп жолығып, әңгіме-дүкен құрған сәттерім аз болған жоқ.
Сондай бір кездесуде Бекең:
– Балаларды «өйт-бүйт» деп түртпектеу жақсы емес. Оныншы класты бітірген қазақ балаларын қолына Абайдың кітабын беріп, оңаша үйге қамап қойып, «Осындағы өлеңдерді түгел жаттап алған күні шығасың жарық дүниеге» деу керек. Абайды жаттаған, түсінген бала өмірден таяқ жемейді, - деді.
Мен аға сөзінің астарын сол сәтте де түсінгенмін, тәнті болғанмын, қазір де солаймын.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін».
Байқайсыз ба, өлеңдерінің кімге, не үшін керек екенін Абайдың өзі айтқан.
Жұмбақ адамның жүрегінің түбіне терең бойлау үшін, әрине, оның өлеңдерін жаттап алу керек. Қазіргі еліктегіш, солықтағыш жасқа зорлап жаттатқаннан басқа амал жоқ.
Бердібек ағаның жоғарыдағы сөзіне Абай талантына табынумен бірге жастарға жаны ашу да арқау болған ғой.
Ешкім де баласын қамап қойып, Абайды жаттатпас, бірақ жазушыны осы сөзді айтуға мәжбүр еткен проблема – балаларымыздың өмірге еш дайындықсыз, білімсіз араласып, таяқ жеп жүргендігі.
Бекең өмір сүрген кезде, яғни жиырмасыншы ғасырда қазіргідей ешкім қыстамай-ақ, балалардың өздері барып топырлайтын компьютер залдары жоқ болатын.
Жазушы ағамыз балалардың көзін көгертіп, өңін бозартқан осы компьютер залдарын көрсе, «Бұларың дұрыс екен, Абайды жаттап керегі не, өстіп ойнай беріңдер» демес еді, әрине. Өйткені Бекең – өмірден жүрегі қазақ деп соғып өткен жазушы. Халықтың болашағы – бала. «Баланы – жастан» деген де тәрбие айтылған. Тәрбие ұлттық реңк алмай, бала ойлағандай болып өспейді. Ұлттық тәрбие берудің ең құнарлы қайнарларының бірі – ұлылар өнегесі. Ол ұлыларымыз: өлеңде — Абай, жырда – Жамбыл, ғылымда – Қаныш, жазушылықта – Мұхтар, батырлықта – Бауыржан, әнде – Бибігүл. Осы алыптарды асқар тұтып, өнегесімен өсірсек, жастардың көсегесін көгертеміз.
«Атаға қарап ұл,
Анаға қарап қыз өседі».