Оспан. Жоқ, ол мүмкін емес.
Тәттігүл. Немене, сонда бір жаман құрылысшыға да әлің келмегені ме?
Оспан. Келмегені.
Тәттігүл. Сонда қалай, құрылысшы, әулие болғаны ма?
Оспан. Адам тағдыры ойыншық емес. Қатар құрбысымен ойнап-күліп еңбек етіп жүрген баладан айналу керек. Оның үстіне қазір ондай мәселені бастық емес, ұжым шешеді.
Тәттігүл. Сонда ата-анасы баласына тілін алғыза алмайтын, бастықтың өз бағыныштысына әлі келмейтін мұның қандай заман болғаны?
Оспан. Еркіндік дейді мұны.
Тәттігүл. Өйткен еркіндігі құрысын. Өйтіп еркіндік деп едірейткенше, ауа жайылу десейші мұны.
Оспан. Қой, сонша шала бүлініп не болды саған?
Тәттігүл. Не болсын, қыз бақытты болса екен деймін мен бар болғаны.
Оспан. Сонда бақытты болу – сүйгеніне қоспау ма?
Тәттігүл. Оспан, сен әлі көп нәрсені түсінбейді екенсің?
Оспан. Түсінетін түк те жоқ мұнда.
Тәттігүл. Бар. Басқасын былай қойғанда, қыздың бар жерге барғаны жақсы емес пе ата-анаға?
Оспан. Жақсы емес. Жастарға қиянат жасау, дүниеқоңыз бол деу неге керек. Өзің айтшы, екеуіміз үйленгенде екі чемоданнан басқа неміз бар еді?