Балқия. Қос.
Оспан (кекесінмен күліп). Сонда бұларыңыз мені кемсіткендеріңіз бе?
Балқия. Әрине, сен еркек болмасаң, қатын емей кімсің?
Оспан. Еркек болу – Зәурені сіздерге келін ету ме? Мен қызым үшін ештеңеден тайынбаймын. Аулақ жүріңіздер!
Балқия. Бопты. Сенің қызыңсыз да бір ұзын етек кезігер, не ғыпты? Әлекең аман болса, әлі-ақ талайлар жармасады біздің шаужайымызға.
Әлім. Бұл Оспан оны білмей жүр екен әлі.
Балқия. Біледі. Білмесе, білгіземіз.
Тәттігүл. Білгіземіз, білгіземіз.
Балқия (ызбарлы). Әлеке, жүр кеттік. Адам баласы байланысатын адам емес екен бұлар.
Тәттігүл. Ой, қойыңыздар, отырыңыздар, шәй қайнап қалды.
Балқия. Басиесі басынған үйдің сыйы кімге керек?
Тәттігүл (ызаға булығып). Ешкімге керегі жоқ. Маған да енді ешкім де, ештеңе де керек емес. Мына қайысқан гарнитурдың, құжынаған хрустальдің – бірде-біреуінің қажеті жоқ. (Ас үйден барып балта әкеледі). Қиратамын мен мынаның бәрін қазір.
Оспан. Қират. Осылар құрыса, сенің бойыңдағы жамандық атаулы да құриды.
Тәттігүл (балтамен әр шкафты ұрмақ болып оқталып, ешқайсысын қимай). Жоқ, қирата алмайды екенмін. Мұнда сен тапқан түк те жоқ, бәрі — өзімнің маңдай тер, табан ақым. Сенің соқа басың кімге дәрі, дүнием – өзіме.
Әлім. Әй, Балқия, неменеге аузың аңкия қалды, жүр, кеттік. Маған десе, бірі өліп, бірі қалсын екеуінің.
Тәттігүл. Жоқ, жезде, сіз өйтіп бізді қырылыстырып кете алмайсыз. Осының бәрі – сіздің сойқаныңыз.
Балқия. Не дейді мына шіркін?! Сен абайлап сөйле, қарағым!
Тәттігүл. Абайлайтын түк те жоқ. Мен өз үйімде өз сөзімді сөйлеп отырмын.
Әлім. Жар-р-райды, балдыз. Байың екеуің жеткен жерде сөйлесесіңдер енді бізбен.
Балқия. Сөйту керек. Сен босқа кіжінгенше әрекетке көш дереу. Осы бүгін турала бұлардың шаруасын.
Достарыңызбен бөлісу: |