967. Технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде жедел-диспетчерлік басқарудың негізгі міндеттері:
1) бұзушылықтардың дамуын, персоналдың жарақаттануы мен жабдыққа зақым келтіруінің алдын алу;
2) тұтынушылардың энергиямен жабдықталуын және электр энергиясын тұтынушыларға қойылатын қалыпты параметрлерін тез қалпына келтіру;
3) сенімді авариядан кейінгі схемалар мен жүйе жұмысының режимін әзірлеу;
4) ажырап кеткен және ажыратылған жабдықтың жай-күйін анықтау және оны іске қосу мүмкіндігі болған кезде желі схемаларын қайта қалпына келтіру болып табылады.
968. Әрбір диспетчерлік пунктте, энергетика объектісінің басқару қалқанында типтік нұсқаулық пен жоғары тұрған жедел-диспетчерлік басқару нұсқаулығына сәйкес әзірленетін технологиялық бұзушылықтардың алдын алу мен жою жөніндегі өндірістік нұсқаулық және жылу желілерінде, электр станциялар мен қазандықтың газ шаруашылығындағы технологиялық бұзушылықтарды жою жоспары болуы тиіс.
Қалалар мен ірі елді мекендердің жылу желілеріндегі технологиялық бұзушылықтарды жою жоспарлары биліктің (әкімшілік) аумақтық атқарушы органдарымен келісіледі.
Қалалар мен энергетикалық объектілердің авариялық-диспетчерлік қызметтері энергетика объектілеріндегі технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде олардың өзара әрекетін анықтайтын құжаттармен келісілуі қажет.
969. Қазақстанның ҰДО ЖО, ӨДО, жедел-диспетчерлік желілер қызметінің диспетчерлері мен электр станцияларының жедел-диспетчерлік персоналының арасындағы технологиялық бұзушылықтарды жою бойынша қызметтерді бөлу тиісті нұсқаулықтарда регламенттеледі.
Қазақстанның БЭЖ мен егемен елдердің энергетикалық жүйелерінің арасындағы технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде қызметтерді бөлу жекелеген келісімшарттарда регламенттеледі.
970. Электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтарды жоюды станцияның ауысым басшысы басқаруы қажет.
Қосалқы станцияларда технологиялық бұзушылықтарды жоюды басшылыққа алу қосалқы станцияның кезекшісіне, қосалқы станцияларда қызмет көрсету түріне байланысты қосалқы станциялар тобының шеберіне немесе бастығына жүктеледі. Жылу желілеріндегі технологиялық бұзушылықтарды жоюды басшылыққа алу жылу жүйесінің диспетчерімен жүзеге асырылады. Оның нұсқаулары ЖЭО-ның немесе басқа да жылу көздерінің жедел-диспетчерлік персоналы үшін міндетті болып табылады.
Энергия жүйесінің жұмыс режиміне қатысты емес және жергілікті маңызы бар электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар электр желілерінің диспетчері немесе осындай бұзушылықтардың таралу аумағына және желіні басқару құрылымына байланысты тірек қосалқы станциялардың диспетчерінің басшылық етуімен жойылады.
Біріккен энергетикалық жүйелердің жұмыс режиміне қатысты технологиялық бұзушылықтарды жою ӨДО диспетчерінің басшылық етуімен жүргізіледі.
Бірнеше біріккен энергетиалық жүйелерді құрайтын технологиялық бұзушылықтарды жоюды басқару Қазақстанның ҰДО ЖО-ның диспетчеріне жүктеледі.
Қажеттілік туындаған жағдайда жедел басшылар немесе әкімшілік басшылар жоғарыда көрсетілген адамдарға технологиялық бұзушылықтарды жоюды басқаруды тапсыруы немесе жедел журналға жазба қалдыра отырып, өзі басшылыққа алуы мүмкін. Ауыстыру туралы жоғары тұрған жедел персоналға да, бағынысты персоналға да хабарланады.
971. Технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде ауысымды қабылдау мен тапсыруға жол берілмейді. Ауысымға келген жедел персонал технологиялық бұзушылықтарды жоюды басқаратын адамның қарап-шешуі бойынша жұмысқа тартылады. Технологиялық бұзушылықтарды жою ұзаққа созылған кезде сипатына қарай жоғары тұрған жедел-диспетчерлік персоналдың рұқсатымен ауысымды тапсыруға жол беріледі.
Технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде операциялар жедел басқарылмайтын немесе жоғары тұрған жедел-диспетчерлік персоналдың қарамағына кірмейтін жабдықта жүргізілген жағдайда, ауысымды технологиялық бұзушылық орын алған энергетика объектісінің басшы әкімшілік-техникалық персоналының рұқсатымен тапсыруға жол беріледі.
972. Жедел-диспетчерлік персонал әкімшілік-техникалық персонал қатарындағы адамдардың қатысуына қарамастан, қалыпты режимін қалпына келтіру бойынша шешім қабылдай отырып және іс-шараларды жүзеге асыра отырып, технологиялық бұзушылықты жою үшін жауапты болады.
973. Диспетчерлік басқарудың барлық деңгейлеріндегі диспетчерлердің барлық жедел келіссөздері мен өкімдері, сондай-ақ электр станцияларының ауысым басшылары мен ірі қосалқы станциялардың кезекшілері технологиялық бұзушылықтарды жою кезінде жазу құралдарына (тасымалдағыштарына) жазылады.
974. Энергия жүйесінің орнықты жұмысының бұзылуына жол бермеу үшін қуатты қабылдаушы энергетикалық жүйедегі жүктемені ажыратудың жүйелік автоматикасы және қуат беретін энергетика жүйелеріндегі электр станцияларының автоматтық жеңілдету жұмыстары жүргізіледі. Автоматты құрылғылардан бас тарту кезінде персонал іске қолмен кірісуге дайын болуы тиіс.