Әлеуметтану


Қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымы дамуының мәселелері



бет34/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

1. Әлеуметтік мобильдік.

Қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымы дамуының мәселелері


Кез-келген қоғамдағы адамдардың топтары әлдебір өзгерістерге ұшырамайды деп қарастыруға әсте болмайды. Оларды үнемі қозғалыста болатын және бірінің орнын екіншісі басып, алмасып тұратын адамдар топтары ретінде қарастыру керек. Бұл ауыспалықтарды әлеуметтануда «әлеуметтік мобильдік» деп атайды. Әлеуметтік мобильдік – қоғамның әлеуметтік теориясының ажырамас бөлігі. Сондықтан ол әлеуметтік стратификациямен тығыз байланыста, өзара әрекет ету үстінде қарастырылады. Әлеуметтік мобильдік дегеніміз – адамдардың бір әлеуметтік топтардан немесе қабаттардан екіншісіне, басқасына қарай жылжуы, соған өтуі.
Әлеуметтік мобильдік категориясын әлеуметтануға тұңғыш енгізген П. Сорокин еді. Ол әлеуметтік мобильдікті горизонтальды және вертикальды деп екіге бөлді. Мысалы, горизонтальды мобильдікке қалалық қабаттан ауылдық қабатқа немесе керісінше өту процесі жатады. Халықтың әлеуметтік мобильдігіне қаладағы немесе ауылдық жердегі өмір жағдайларының өзгеруі, адамдардың жаңа мамандық алуы немесе қызмет түрін өзгертуі сияқты жағдайлар ықпал етеді. Осылар қоғамның әлеуметтік құрылымдарының өмір сүруінің маңызды сәттері болып саналады. Ал қайсыбір мамандықтың басқаларға қарағанда артық екендігі жөнінде қоғамда қалыптасқан пікірдің өзгерістерге ұшырауы және соның салдарынан әр түрлі топтардағы адамдардың кәсіби мүдделеріндегі болатын өзгерістер вертикальды мобильдіктің күшею себептерінің қатарына жатады. Мысалы, көптеген адамдар кәсіпкерлікке, саяси және ғылыми қызметке қызығушылық танытады, ал қазіргі таңда бұған керісінше ауыл шаруашылығындағы жұмыспен айналысуға қызығушылық әлдеқайда азая түсті. Дәл осы жағдай қазіргі кезде басқа да көптеген елдерде байқалады.
Еңбектің сипаты мен мазмұнына және сол саладағы тұрмыс пен өмір жағдайларына қызығушылык, «елу жылда ел жаңа» дегендей, ұрпақтың жаңғыруына орай өзгеріске түседі, ал кейде бұл процесс адамдардың бір ұрпағы екіншісімен алмаспай жатып іске асуы мүмкін, ондай көрініс өмірде жиі байқалады. Соның нәтижесінде адамдардың бір кәсіби және әлеуметтік жіктен екіншісіне өту процесі қарқынды жүреді.
Вертикальды әлеуметтік мобильдікте индивидтің жоғарғы қабатқа өтуі өршең әлеуметтік мобильдік деп аталады. Себебі мұнда қызметі, лауазымы артады, т.б. өзгерістер болады. Ал бұған керісінше, төмен қарай қозғалу индивидтің әлеуметтік құлдырау мобильдігін сипаттайды, бұл дегеніміз оның статустарын жоғалтуын, деградацияға ұшырауын, банкротқа отыруын, идеяларының күйреуін айқындайды.
Адамдардың және басқа да объектілердің әлеуметтік тұрғыда бірінің орнын екіншісі басып, ауысып тұруы жеке тұлғалар тұрпатында да және бірлесе, ұйымдасқан түрде де жүзеге асатын болғандықтан әлеуметтік мобильдікті индивидуалдық және ұжымдық деп те бөлуге болады. Индивидтің стратификация жүйесіндегі орнының өзгеруі үш негізгі факторлардың ықпал етуі арқылы жүзеге асуы мүмкін: а) вертикальды және горизонтальды мобильдік; б) әлеуметтік құрылымды қайта құру; в) стратификацияның жаңа жүйесін енгізу. Вертикальды және горизонтальды түрде ауысу әрдайым тұрақты әрекет етеді және көбінесе индивидке қатысты дүниелердің сипаттарын айқындайды. Қоғамның құрылымы өзгерістерге ұшырай бермейді, оның өзгеруі әдетте өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында осы бағыттағы жаңа салалардың пайда болуы арқылы, яғни адамның жаңа мамандықты, кәсіпті менгеруіне және т.б. байланысты жүзеге асады. Ал үшінші фактор – бұл өте сирек кездесетін және өте күрделі құбылыс.
Ұжымдық әлеуметтік мобилъдік стратификациялық құрылымға үлкен өзгерістер енгізеді. Горизонтальдық бағытта, әсіресе вертикаль бағыты бойынша жаппай ауыспалықтардың орын алуы бірнеше себептер арқылы: біріншіден, экономикадағы ұйымдастыру, ынталандыру және бағыт-бағдар беру мақсатында жүргізілген құрылымдық қайта құру процесіне орай өзара байланысқан экономика саласындағы терең өзгерістер; екіншіден, осы қайта құруларды басқаратын тұлға ретіндегі белгілі бір топтардың пайда болуы; үшіншіден, идеологаялық бағыт-бағдарлардың, құндылықтар мен нормалар жүйесінің, саяси басымдылықтардың алмасып ауысуы арқылы бір-бірімен байланысады. Халықтың көңіл-күйіндегі, ұстанған бағыт-бағдарындағы және күнделікті қажеттілігін өтеу барысында болып тұратын өзгерістерді дер кезінде дәл тауып, дөп басу саяси күштердің ұжымдасқан түрде жоғары қарай көтерілуіне ықпал етеді. Қаншалықты қиын болғанымен, алайда өмірдің өзі қажетсініп отырған саяси элитаның ауысуы қалыптасқан стратификацияның бүкіл жүйесің, оның негіздерін қайта құрады да, билік жүргізуші шешуші әлеуметтік қызметтерге өздерін жақтап-қолдаушыларды тағайындауды жүзеге асырады.
Әлеуметтік мобильділікті зерттеу ғалымдармен қатар мемлекеттік қызметкерлерді де енжар қалдырмайды, солар үшін де аса маңызды. Әлеуметтік сатылардан өтудің нақты көрінісін, бет-бейнесін, олардың себептері мен ұстанған негізгі бағыттарын толығырақ білу қажет, сонда ғана қоғам бұл процестерді белгілі бір дәрежеде өзінің бақылауына ала алады, сөйтіп, әлеуметтік динамиканы сақтау мүддесімен қатар, қоғамның тұрақтылығын орнықтыру және адамдардың өмірін жақсарту мақсатында оларға саналы түрде ықпал етеді.
Әлеуметтік құрылым мен әлеуметтік мобильділік мәселесі азаматтық қоғам проблемасымен тікелей байланысты. Бұл проблеманы тұңғыш рет XVIII ғасырдағы Еуропа ойшылдары көтерген болатын, ал кейінірек бұл мәселені Гегель терең әрі жан-жақты қарастырды. Ол азаматтық қоғам мен мемлекет ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарастырды, жеке қажеттіліктер мен мүдделерді іске асыру саласында адамзат қоғамын мемлекеттік жүйемен тәуелсіздік тұрғысында салыстыра сипаттады.
Азаматтық қоғам, Гегельдің пікірі бойынша, жеке меншік пен адамдардың жаппай формальды түрдегі теңдігі негізінде жүзеге асатын субъектілердің қажеттіліктері мен мүдделерінің өзара әрекеті ретінде алға шықты. Басқаша айтсақ, азаматтық қоғам жеке меншік пен құқыққа арқа сүйеген коғамдық қатынастар жүйесі ретінде түсіндірілді. Бұл жерде жеке меншік пен құқық институттары өздерінің дамуында ауқымды, кең көлемді кеңістік алған буржуазиялық қоғамның қалыптасуы әңгіме арқауы болып отыр.
Жеке меншіктік қатынастарды, азаматтық құқық пен бостандықты одан әрі дамытушы, алға апарушы — адам және азамат мәселесін Гегель алдыңғы қатарға шығарып, бірінші кезекке қойды. Оның көзқарасы бойынша, меншік пен тұлға азаматтық қоғамда заң мен оның маңыздылықтарын мойындатуға
1 итермелейді, ал құқық заңның жалпы маңыздылығы болуы тиіс . Гегельдің құқықтық жалпы маңыздылық идеясы шындығында да құқықтық мемлекет құру жөніндегі идея еді. Бұл жерде Гегель өндіріс құралдарынан және сол арқылы өндірілген өнімдерден жеке меншіктің жан-жақты көрініс табуының негізінде дамыған буржуазиялық мемлекетті мысалға алып отыр. Бұл қоғамдағы жеке меншік иелерінің қолындағы өндіріс құралдары мен өндірілген өнімдер заң арқылы, бүкіл құқық жүйесін қолдану мен сақтау арқылы қорғалады. Азаматтық қоғамның негізгі элементтері ретінде Гегель: 1) әлеуметтік қажеттіліктер жүйесін және олардың субъектілерін; 2) әділ сотты; 3) әділ сот заңдары мен актілерін күнделікті өмірде жүзеге асыратын полиция мен корпорацияларды атаған.
Азаматтық қоғамда ең алдымен кімдердің мүддесі қорғалып, жүзеге асырылуы тиіс? Бұл сұраққа жауап бере келіп, Гегель, біріншіден, заң алдында құқықтары, азаматтықтары тең әрбір тұлғаның мүдделері, екіншіден, негізгі сословиелердің: жер иелерінің (бұған дворяндар мен шаруаларды жатқызды); өнеркәсіп сословиесінің: фабрика иелері, қолөнершілер, саудагерлердің; бәріне де қатысты деп аталатын сословиенің: чиновниктердің мүдделерінің қорғалатынын жазды. Бұдан Гегельдің азаматтық қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси саланың өзара байланысты болғанын, субъектілердің әлеуметтік қажеттіліктері мен мүдделерінің, жеке меншік пен құқықтың өзара әрекет еткенін нақты мәселе ретінде ұсынып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп шешкені байқалады. Бұның бәрі азаматтық қоғам проблемасын түсіну мен қазіргі таңдағы жағдайларға орай осы мәселені дұрыс шешудің аса маңызды екендігін айғақтап отыр.
Азаматтық коғам жөнінде кезінде К. Маркс те жазған болатын. Ол азаматтық қоғамды – тарихи процестің негізгі мазмұнын құрайтын қоғамдық қатынастардың өзекті саласы болып табылады деп санады. Сонымен қатар ол «азаматтық қоғамның анатомиясын саяси экономиядан іздеу керек»2 деп жазды. Бұл кездейсоқтық емес еді. Өйткені марксизмнің логикасы бойынша адамдардың әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласы – қоғамдық өмірдің ең басты әрі, бүкіл басқа салаларды анықтайтын және олардың қоғамға ықпал етуін өзі жүйелеп, бір ізге салып отыратын сала болып


  1. Гегель. Философия права. - М. 1990. С, 256-257.

  2. Маркс К., Энгельс Ф. Сочинения. 2-е изд. - М.: Политиздат, 1959. Т. 13. С. 6.

саналады. Ол сөз еткен адамдардың әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласы азаматтық қоғам дамуының негізгі буынын құрайды.
Азаматтық қоғам идеясын пайымдаған кезде және ертеректегі ойшылдардың бізге қалдырып кеткен осы мәселенің теориясы төңірегіндегі тұжырымдарымен қарулана отырып, бүгінгі күннің ақиқаты мен проблемасын әзірлеудің қазіргі деңгейін естен шығармау қажет. Азаматтық қоғамды бағалаған кезде қазіргі таңдағы қоғамда қалыптасқан бүкіл үлкенді кішілі әлеуметтік топтардың өзара әрекеттерін, соның ішінде таптардың және оларды құрайтын әлеуметтік, кәсіби және демографиялық топтардың, сонымен қатар ұлттық қауымдастықтардың өзара әрекеттерін тұтас жүйе ретінде қарастырған жөн. Қоғамда объективті түрде пайда болған әлеуметтік топтар мен қабаттардың (жіктер) қызметі мен соған сәйкес орайластырылған мүдделерін ескерумен катар, адамдардың саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани тұрғыдағы талаптары мен сұраныстарын жүзеге асыру мақсатында олардың өздері құрып қалыптастырған функционалдық топтар мен ұйымдарды да естен шығармау керек.
Әлбетте, осы топтардың баршасының өмір сүруінің өзіндік экономикалық, саяси және рухани негіздері бар. Егер экономикалық негізді алатын болсақ, онда ол тек жеке меншіктік қатынастармен шектеліп қалмайды, сонымен қатар ол корпоративтік, акционерлік меншікті, кооперативтердің, ұжымдық және қоғамдық ұйымдардың меншігін, экономиканың кейбір салаларында сақталып отырған және сақтауды қажет ететін мемлекеттік меншікті өз құзырына қосып алады.
Өндіріс құралдарына деген жеке меншіктің аталмыш бүкіл түрлері қазіргі капиталистік және социалистік елдерде орныға бастады. Ендігі міндет — осы экономикалық негізге сүйене отырып, азаматтық қоғамды дамыту және жетілдіру. Бұл қоғамдарда әрбір азамат өзін-өзі еркін ұстап, білімдарлығы, шығармашылығы арқылы көрінуі тиіс. Басқа адамдар мен бүкіл қоғамға пайдасын тигізе отырып, олар өздерінің қажеттіліктерін де қанағаттандырар еді. Оның үстіне кез-келген адам өзінің құқығын жүзеге асыру мақсатында қолданылып жүрген зандар, заң қорғау органдары тарапынан қолдау тауып, жан-жақты қорғалуы қажет. Мемлекет барша адамзат қауымына, жеке адамдарға қызмет етуі, олардың құқықтары мен азаматтық еркіндіктерін қорғауы керек. Өз кезегінде әрбір азамат басқа азаматтар алдындағы — жақын және алыс азаматтар, мемлекет пен қоғам алдындағы өз міндеттерін орындауы қажет. Мәселе дәл осылай заңды түрде дұрыс қойылған жерде азаматтық қоғамды жетілдіру мәселесі — құқықтық мемлекетті құру және оның қызметін жетілдіру проблемасымен органикалық түрде тығыз байланысады. Осы екі проблеманы шешу – біздің қоғам алдында тұрған негізгі міндет, ТМД елдеріндегі осы проблеманың өзекті мәселе ретінде көтерілуі, соның негізінде әлеуметтік құрылымының өзгеруі төңірегінде әңгіме қозғап көрелік. Бұрынғы КСРО-ның әлеуметтік құрамы мен оған енген барлық одақтас республикалардағы топтар негізінен жұмысшы табы, шаруалар және интеллигенциядан тұрды. Барлық одақтас республикаларда жұмысшы табы халықтың басым бөлігін құрады. Саны жағынан екінші әлеуметтік топ – қызметкерлер мен интеллигенция тобы болды.
Халыктың мұндай әлеуметтік құрылымының қаншалықты тиімді болғанын дөп басып айту қиын. Алайда, оның қоғамның дамуына қажетті динамиканы қамтамасыз ете алмағаны анық. Қазіргі танда дамып келе жатқан жаңа әлеуметтік топтардың әлеуметтік белсенділік көрсету тұрғысындағы бағыттары кейде өзге әлеуметтік топтардың және қоғамның мүддесінен алшақ жатқанымен, олар қоғамның алға қарай козғалуына күш беріп отыр. Қоғамның тың тұрпаттағы әлеуметтік құрылымы пайда бола бастаған соң жаңа әлеуметтік топтардың есебінен олардың қатары ең алдымен кәсіпкерлер, фермерлер, кооператорлармен толыға түсетіндігіне еш күмән жоқ. Бірақ бұрыннан өмір сүріп келе жатқан әлеуметтік топтардың, ең алдымен жұмысшылардың, шаруалардың және интеллигенцияның қызметін толықтырып, олардың белсенділігін арттыру қажет. Бүгінде бұл – ТМД елдеріндегі даму процесінің іргелі әлеуметтік-экономикалық проблемасы болып табылады.
Жаңа әлеуметтік топтардың ішінен ерекшеленіп, көзге түсе бастаған жаңа кооператорлар, фермерлер категорияларын және қалалар мен ауылдық жерлердегі жеке-дара тіршілік ететін еңбек қызметінің өкілдерін атап айтуға болады. Алайда, ен алдымен өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді, қаржы мен делдалдык бизнеспен айналысушыларды, сонымен қатар бірлескен кәсіпорын иелерін де осы топқа қосуға болады. Бұл әлеуметтік топтар қазір ТМД елдерінде белсенді түрде әрекет етуде. Дегенмен, аталмыш жаңа әлеуметтік топтар қоғамда әлі де болса онша көп емес және олардың көпшілігі экономиканың дамуына елеулі түрде ықпал ете алмай отыр. Дәлірек айтсақ, отандық бизнесмендердің экономикаға қосқан бүгінгі үлесі саусақпен санарлыктай. Бұл – фермерлерге де қатысты. Соған қарамастан күн өткен сайын шаруашылықтар мен кәсіпкерлік қызметтің жаңа түрлері дами түсуде. Ал бұл болса уақыты жеткен өз кезегінде осындай әлеуметтік топтардың көбейіп, өсуіне әкеп соғады және қоғамның әлеуметтік құрылымының одан әрі өзгеруіне ықпал етеді. Қазір тәуелсіз және егеменді мемлекеттердің бәрінде де осы процесс жүріп жатыр.
Қоғамның қазіргі әлеуметтік құрылымының дамуында негізгі екі тенденция байқалады. Оның бірінші тенденциясына қоғамның белсенді түрде әлеуметтік тұрғыда жіктелу процесі, халықтың жаңа әлеуметтік топтары мен қабаттарының пайда болуы жатады. Екінші тенденция – бұл бүкіл дүниежүзінде жүріп жатқан экономикадағы интеграция процесі, ол қоғамның әлеуметтік құрылымына сөзсіз әсер етеді. Әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдерінің еңбек ету тұрғысындағы жағдайлары, оның сипаты мен мазмұны бір-біріне жақындаса түсетін болады. Соның негізінде олардың өмір жағдайлары мен мүдделері де жақындасады. Осының бәрі олардың әлеуметтік-экономикалық, көпшілік жағдайда рухани және саяси бірігуіне әкеп соқтырады.
Мемлекеттік қызметкерлер өздері жүргізіп отырған әлеуметтік саясатта өзара органикалық байланыстағы және динамикалық тұрғыда өзара әрекет етуші осы екі тенденцияны есепке алуы қажет. Бұл – әлеуметтік құрылымның одан әрі дамуы мен қоғамдағы әлеуметтік динамикаға саналы түрде ықпал жасау үшін және осы процестерді қайткен күнде де ғылыми басқару үшін де аса қажет.
Әлеуметтік саясат – бұл қоғамдағы бүкіл әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған саясат. Мұндағы басты нәрсе — халықтың барлық әлеуметтік топтары мен қабаттарының материалдық хал-ахуалы мен тұрмысын жақсарту, олардың тіршілік етуіне қажетті дұрыс жағдайларды жан-жакты қамтамасыз ету және әлеуметтік әділеттікті сақтау. Осы мәселелерді шешу – әлеуметтік саясаттың негізгі мазмұнын құрайды.
Әрине, мемлекет, саяси партиялар мен қозғалыстар өкілдері арасында бұл проблемаларды түсіну және оларды шешу, жүзеге асыру барысында әрқилы тәсілдерді қолдану жөнінде әр түрлі көзқарас болуы мүмкін. Алайда, нағыз демократиялық әлеуметтік саясаттың ең басты және түбегейлі мақсаты – барлық әлеуметтік топтардың арасындағы қатынастарды үйлестіру болып табылады. Билік басында тұрған саяси күштердің бүгінгі тандағы дұрыс та дана әлеуметтік саясаты қаңдай болуы керек дегенге келсек, олар әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілігіне, әрекетіне, олардың мақсат-мүдделеріне барынша сай, үйлесімді келетін жағдайлар жасаулары, олардың осы мақсатмүдделерін орайластыра аларлық әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың тиімді механизмін дайындап, өмірге енгізулері болады. Сонымен бірге бүгінгі таңдағы қоғам дамуының нақты жағдайларын есепке алу арқылы объективті әлеуметтік заңдар қабылдап, оларды жүзеге асыру қажет.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы жоғарыда баяндалған жағдайлармен ғана шектелмейді. Ол этностарды да қамтиды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет