Сотталушыны алған құжаттар негізінде жазасын өтеу орнына орналастырады және онымен әңгімелесу барысында педагогикалық диагностика өткізіледі. Осы диагностика бойынша сотталушының тұлға тұрғысынан оның девианттық мінез-құлқының себептері, тұлғалық жағымды аспектілері, сот шешіміне, жазасын өтеуге қатынасы және т.б. анықталады. Алынған мәліметтер тәрбиешіге оның жазасын өтеуінің бастапқы және кейінгі кезеңдерінде қайта тәрбиелеу мақсаты мен міндеттерін, сотталушылармен өзара әрекет ету ерекшеліктерін, әлеуетін және оларды жүзеге асыруын анықтауға мүмкіндіктер береді. Осындай негізде осы пенитенциарлық мекемедегі қайта тәрбиелеу технологиялары арасынан әрбір сотталушыға арналып жүзеге асыратын түрлері таңдалып алынады. Содан кейін жаңа түскен сотталушыға арналған қайта тәрбиелеуді жүзеге асыру жоспарланады.
Тікелей жүзеге асыру кезеңі.
Технологияны жүзеге асыру сотталушының оған жаңа болып есептелетін жағдайларға бейімделуіне көмек көрсету қызметінен басталады. Қылмыскерлермен жұмыс істеу барысында оның ортаға ену ерекшеліктері және оны мен ұжым арасындағы шиеленістер туындауы мүмкіндіктері есепке алынады. Мұндай жағдайда педагогикалық іс-әрекет сипаты ортамен және тәрбиешінің тәжірибесімен анықталатын өзіне тән мазмұнға ие болады.
Сотталған адам біртіндеп өзіне белгіленген мерзім кезеңінде жалпы қалыптасқан түзетушілік-тәрбиелеу процесіне тартылады. Оның бейімделуі жалпы еңбек ритміне, демалысына, айналасындағылармен өзара қарым-қатынасқа біртіндеп енуімен аяқталады. Жеке түзетушілік процесс бірқатар кезеңдерден тұрады.
Түзетушілік технологияларды жүзеге асыруы барысында тәрбиешілерден әрбір сотталған адаммен тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында ерекше үлкен шыдамдылық, икемділік, шығармашылық, бастамалық және оптимистік көзқарас, жағымды нәтижеге қол жеткізудегі өзінің қабілетіне деген сенімділік талап етіледі. Түзетушілік процесін практикалық тұрғыда жүзеге асыру ісі тәрбиешілердің білікті педагогикалық іс-әрекеттерімен қамтамасыздандырылады, оның тиімділігі сотталған адамның түзелу дәрежесімен анықталады.
Сотталған адамдар түзелу дәрежесі бойынша үш топқа бөлінеді.
Бірінші топ – түзелу жолына қадам басуы. Сотталған адамдар еңбекке, тәрбие іс-шараларына жағымды қатынасымен, тәртіп талаптарын сақтауымен, жалпы білімділігін және кәсіптік деңгейін көтеруімен, мекеменің қоғамдық өміріне және өнерпаздық іс-шараларға қатысумен сипатталады.
Екінші топ – түзелу жолында нық тұруы. Сотталған адамдар еңбек іс-әрекеттерінде бастамалармен көзге түсуімен, тәртіп талаптарын сақтауымен және басқа сотталған адамдарға жағымды әрекеттерімен ықпал етуімен, өткізіліп жатқан түзетушілік іс-шараларға тікелей қатысуымен, мектепте білім алуға және кәсіптік даярлыққа жағымды қатынасымен, өнерпаздық ұйымдар жұмысында белсенділік танытуымен, өзінің кінәсін мойындауымен, жасаған қылмысына өкінуімен сипатталады.
Үшінші топ - өзінің түзелгенін дәлелдеуі. Сотталған адамдар жоғарыда айтылғандардан басқа өзін-өзі тәрбиелеумен, өздігінен білім алуымен ерекшеленеді. Олар өнерпаздық ұйымдарында жетекшілік рөлдерді иеленеді, өздерінің бұрынғы қылмыскерлік істерін ашық талқылайды.
Тәжірибеде сотталған адамдардың түзелу дәрежесі бұдан да бөлшектеліп, жіктеліп талданады.
Түзетушілікке қадам баспаған сотталған адамдардың да үш тобы бар. Олардың ішінде:
Бірінші топ – «батпақ» (Бұл ұғымды А.С.Макаренко енгізген) – бұл сотталған адамдардың айқындалмаған мінез-құлқымен сипатталады.
Екінші топ – белгіленген тәртіпті дөрекі бұзушылар – бұл сотталған адамдардың әкімшілік талаптарына бағынғысы келмейтіндігімен, жазасын өтеу тәртібін дөрекі бұзуға жол беруімен, формальды емес жағымсыз көшбасшыларды ашық түрде немесе жасырын қолдауымен сипатталады.
Үшінші топ – зиянды бұзушылар – жағымсыз топтардың көшбасшылары және олардың тіректері.
Сотталған адамдар арасында аз зерттелген жоғарыда аталған топтардың ешқайсысына жатпайтын түрлері кездеседі.
Сондай-ақ басқа амал-әдістер кездеседі, мәселен стратификациялану, яғни сотталған адамдардың өзін-өзі топтарға, касталарға бөлуі.
Олармен жұмыс істеуде аса маңызды мәселенің бірі болып олардың отбасындағылардың, туыстарының, неғұрлым өзіне жақын адамдардың ойымен, сезімімен бөлісуін қайта қалыптастыру (егер онда сәл де болса жағымды әлеуеті бар болса). Әрбір нақты жағдайда жеке сипатқа ие болады.
Тұтқындалғандармен жұмыс әкімшіліктен және тәрбиешілерден жеткілікті икемділікті, әрбір кезеңдегі педагогикалық іс-әрекеттің тиімділігін өз уақытында талдау, өзінің күш-жігерін нығайту, тәрбиелік іс-әрекеттерді көбірек жекешелендіруді қамтамасыздандыру талап етіледі.
Тәрбиелік іс-әрекеттердің ішкі кезеңдері өзінің мазмұны мен бағыттарына қарай әр түрлі факторлардан талап етілетінін атап өтуге болады, соның ішінде:
сотталған адамға арналған пенитенциарлық мекемеде болу мерзімі;
сотталған адам ұжымының ерекшелігі, оның жағымды тәрбиелік мүмкіндіктері;
әкімшілік пен тәрбиешілердің педагогикалық тәжірибесі;
осы мекеменің тәрбиелік мүмкіндіктері.
Мұндай факторлар сотталған адамды түзету (қайта тәрбиелеу), бойынша педагогикалық іс-әрекеттің ішкі кезеңдерінен туындайтын сапалық-сандық сипаттамаларында; әрбір ішкі кезеңнің ұзақтығында; сотталған адамның өзін-өзі түзеу, өзін-өзі тәрбиелеу және т.б. процесіне қосылуында көрініс табады.
Педагогикалық іс-әрекеттің қорытынды кезеңі айрықша сипатқа ие. Ол көп жағдайларда алдыңғы кезеңде сотталған адамдармен жүргізілген тәрбие жұмыстарынан талап етіледі. Бұл кезеңде жаңа проблемалар пайда болады: өзін-өзі қамтамасыздандыру, олардың жақын адамдарымен байланыстарын қайта орнату, тұрақты тұратын үйінің болуы, жұмыспен қамтамасыздандыру және жазасын өтеу процесінде шешілмеген және т.б. мәселелер.
Осы кезеңде әлеуметтік тәрбие мен әлеуметтік жұмыс іс-әрекеттерін үйлестірудің маңыздылығы ерекше артады. Олар көп жағдайларда барлық түзетушілік қызметтің әрекет ету перспективасын айғақтайды.