4.2.2 Субъектілік фактормен байланысты әлеуметтік-педагогика ұстанымдары
Субъектілік фактор кімге нақтылы әлеуметтік-педагогикалық қызметті қалыптасқан жағдайға байланысты тапсыру қажеттігін және оның нәтижелілігіне қажеттіліктерді (талаптарды) анықтауда маңызды. Бұл фактор және әлеуметтік-педагогикалық қызмет үдерісін және (немесе) нәтижесін бағалауда да (талдауда) маңызды.
Аталмыш фактордан туындайтын неғұрлым маңызды ұстанымдар: әлеуметтік-педагогикалық қызметтің (тәрбиенің) жеке тұлғаға, жеке тұлғаның өсуі және әлеуметтік педагогтың беделіне негізделуі, әлеуметтік-педагогикалық қызметтің кәсіби біліктілігі мен нәтижелілігінің өзара байланыстылығы.
Әлеуметтік – педагогикалық қызметтің жеке тұлғаға негізделу ұстанымы
Ұстанымның бастауы. Жеке тұлға жеке тұдғаны қалыптастырады. Бұл – ежелден белгілі ақиқат. Бұл өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу бойынша мұғалімдер мен мамандарды арнайы даярлауға ұмтылудың мәнін түсіндіреді. Мұғалімдерді даярлау үшін оқу орындарын 1679 жылы - Брауншвейг (Германия), 1687 жылы – Везел, 1701 жылы Кенингсберг қалаларында құруға талпыныс жасалды. Еуропадағы алғашқы мұғалімдік семинария 1748 жылы Германияда, Берлиндегі Геккер реалдық училищесінің жанынан ашылды. Ресейде Екатерина ІІ императрицаның Жарлығымен (1729-1796) 1782 жылғы 7 қыркүйекте халық училищелерін құру туралы комиссияның міндетіне «қабілетті мұғалімдерді даярлау» енгізілді.
Ұстанымның мәні. Маманның жеке басы үлкендердің кішілерге мәдениеттілікті үйретуіне тікелей жұмыс істейтін адамдардың оған және оның қызметіне деген өзгеше қарым-қатынасын анықтайды. Ол әлеуметтік педагогтың беделін, оған деген сенімді, өзі бейнелейтін мәдениеттіліктің өзгешелігін сөзі және ісі арқылы көрсетеді. Шынын айтқанда, әлеуметтік-педагогикалық қызметті адам өзінің индивидуалдық стилімен жүргізіп, іске асырады. Қызмет үдерісінде объекті мен субъекті арасында мәдениеттерінің, ерік-жігер күштерінің, эмоционалдық өзгешеліктерінің өзара алмасуы жүреді. Нақтылы адамның, оның үстіне түрлі адамның педагогикалық қызметі жағдаятқа қарай ерекшеленеді. Басқаның еңбегін көшіруі, тәжірибесін қолдануы мүмкін, бірақ тура соның авторындай болуға болмайды. Игеру арқылы міндетті түрде орындаушының сүйкімі мен эмоциясын, ерік күшін, мінезі мен сөйлеу өнерін сіңіріп алады.
Мұндай құбылысты актерлік қызметтен байқауға болады. Бұл бір қарағанда, бір ғана көшірме жұмыс, бір ғана орта – сахна сықылды, нәтижесі міндетті түрде өзгеше. Өзгешелік актердің басқа актерлердің ішкі және эмолциялық көңіл-күйіне, көрермендердің актердің ойынын қабылдауы, оны түсініп-сезінуі және басқа факторларға байланысты.
Педагог та актер сықылды кәсіби міндеттерді кез-келген күйінде шеше білуге тиіс деп саналады. Алайда, бұл олай емес. Әдетте, актер спектакль алдында кейіпкердің бейнесіне ену үшін өзін-өзі бағыттайды.
Ол үшін киімін ауыстырады, гримденеді, өзінің осы сәтке дейінгі проблемаларынан, ішкі жай-күйінен қол үзіп, рөлге енеді. Тәрбиешіде мұндай мүмкіндік болмайды. Ол бірден жағдаятқа қарай әрекет етуге және шешім қабылдауға тиісті. Тәрбиенің бағыты және ықпалдылығының қарқыны тәрбиешінің қызметіне байланысты.
Педагогтың педагогикалық қызмет өнері жеке сипатта болады. Белгілі бір қызметтік тәжірибені қабілет деңгейінде игеруге болады, бірақ оның ұтымдылығы мен нәтижелілігі басқаша болмақ.Ол не артық, не кем болып шығуы мүмкін. Істің нәтижелі болуы көбіне педагогтың педагогтік шеберлігіне ғана байланысты емес, сонымен бірге, оның қызметін атқару өнеріне, тұлғалық өзгешелігіне де байланысты. Өзгенің индивидуалдық қызметінің стилін, іске деген ынтасын игерсе де, оның тартымдылығын көрсете алмауы мүмкін.
Педагогтың жеке тұлғаға негізделу ұстанымы мынадай ұсынымдарды ескеруді талап етеді:
- әлеуметтік-педагогикалық қызмет объектісі;
- міндеттер шешілетін орта педагогтың ерекшеліктерін, оның істің нәтижелілігін қамтамасыз етуге қабілеттілігін ескеруді талап етеді;
- адаммен (топпен) жұмыс істеуде педагогқа өзін онымен (олармен) жұмыс істеуге және болжамды нәтижеге бағыттай білу маңызды;
- әлеуметтік педагог болжамды нәтижеге қол жеткізу мүмкіндіктеріне лайықты болмаған жағдайда, не оған жәрдемдесу, не оны ауыстыру қажет;
- педагогикалық қызметте әлеуметтік педагогтың тәрбиелеу қызметінің жеке даралық стилінің ерекшеліктерін бағалау маңызды және бұл оның өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуына негіз болып табылады;
- басқа адамның педагогикалық тәжрибесін игеруде оның тұлғалық өзгешіліктерін, ұсынған әлеуметтік-педагогикалық қызметі әдістерінің құралдары мен тәсілдерінің неғұрлым тиімділерін қандай дәрежеде меңгеруге болатынын ескеру қажет.
Әлеуметтік педагогтың жеке тұлғалық өсу және беделділік ұстанымы:
Ұстанымның бастауы. Әлеуметтік педагог (мұғалім, тәрбиеші, ата-ана) тәрбиеленушінің жеке тұлғасының қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Оның ықпалы көбінесе өзінің тартымдылығымен және беделділігімен айқындалады. Нақ осы факті С.Т.Щацкийдің мынадай пікіріне негіз болды: «Педагог өзін-өзі өсіруге (интеллектуалдық) тиіс, бұл балалар үшін де тиімді болмақ, өйткені, оларға деген қызығушылығы артады. Балалар мұны әрқашанда түйсіктерімен сезінеді».
«Беделділік, – деп жазды А.С.Макаренко – қажетті нәрсе, онсыз жұмыс істеу мүмкін емес, ал отбасында бұл – ең бірінші қажет нәрсе».
Ата-ананың беделі туралы педагог бедел, бұл – өмірге және ата-ананың жұмысына, олардың мінез-құлқына, өз балаларының өмірін білуіне және оларға өз пікірлерін таңбай, жалықтырмай, шаршатпай көмек беруге ұмтылуы – балаларына өздеріне тән мінездерін қалыптастыра отырып, қиыншылықтан дербес түрде шыға білуге мүмкіндік беруіне негізделгендігін жазды. Бұл сипаттама әлеуметтік педагогтың өзара қарым-қатынасы мен қызметіне толықтай сәйкес келді.
Ұстанымның мәні. Әлеуметтік педагогтың (тәрбиешінің, ата-ананың) мәртебесі және мақсаты одан тұрақты түрде шығармашылықты тұрғыда өзін-өзі жетілдіруді, жетістікке жетуді талап етеді. Тап осындай білімдар, интеллектуалдық даярлығы мол, өзін-өзі үзбей жетілдіретін әлеуметтік педагог ғана өзінің тәрбиеленушілері үшін қызғылықты, тартымды әрі беделді болмақ. Балалар ондай педагогпен өзара белсенді араласып, жандарына жақын тұтады.
Әлеуметтік педагогтың, ата-ананың, тәрбиешінің беделі тәрбиешінің өз тәрбиеленушілерінің алдындағы жеке қасиеттері мен өмірлік тәжірибесінің аса маңыздылығымен және осы арқылы олардың мінез-құлықтарына ықпал етуге негіізделуімен сипатталады.
Әлеуметтік педагогтың жеке тұлғалық өсуі мен беделділігі ұстанымынан туындайтын ұсынымдар:
- өзін-өзі жетілдіруге тұрақты түрде мақсатты бағытталған жұмыстың өзін-өзі жетілдірудің қажеттігі. Әлеуметтік педагогтың бұл қасиеті білім беру мекемесінде тәрбиеленеді, уақыт өте келе бұл ұмтылыс жеке тұлғаның табиғи қажеттілігіне айналады;
- әлеуметтік педагогтың өзі жұмыс жүргізетін тәрбиеленушілерінің мүдделері мен кәсіби қызметі саласындағы жетістіктерден, нақтылы өмірден кеш қалуына жол беруге болмайды. Нақтылы өмірден қалып қою оп-оңай;
- әлеуметтік педагогтың беделі туралы тұрақты қамқорлық қажет. Педагог беделі оның бүкіл өмірі бойында және кәсіби қызметі жолында қалыптасқанымен, оны бір сәтте ғана жоғалтып алуы мүмкін.
Әлеуметтік педагог қызметінің кәсіби біліктілігі мен нәтижелілігінің өзара байланысы ұстанымы.
Ұстаным бастауы. Тәрбие қызметінің ықпалдылығы тәрбиешінің шеберлігіне байланысты екені жақсы мәлім. Кәсіби біліктілігі қаншалықты биік болса, соғұрлым ол әлеуметтік-педагогикалық қызметтің оңтайлы нұсқасын таңдап алуға және оның кәсіби түрде іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті болмақ. Ежелден-ақ балалардың тәлімгері ретінде, оларға жақсы және нәтижелі тәрбие беретін, неғұрлым тәжірибелі және беделді адамды белгілейтін болған.
Ұстанымның мәні арнаулы түрде айқындап беруді қажет етпейді. Ол әлеуметтік педагогтың кәсіби даярлығы мен жинақтаған тәжірибесін ескерудің қажеттігіне негізделеді. Бұл өлшемдер мына жағдайларда:
кәсіби іріктеуде (талапкерден қандай дәрежедегі маманды қалыптастыруға болады);
жас маманмен жұмысты ұйымдастыруда;
болжамды нәтижені қамтамасыз етуде;
мамандардың кәсіби қызметтегі жауапкершілігін көтеруде маңызды.
Әлеуметтік педагогтың кәсіби дайындығы оның нақтылы жағдайда және белгілі бір объектіге байланысты, әлеуметтік-педагогикалық қызметте өзін-өзі танытуға деген ішкі дайындығымен анықталады.
Ұстанымның негізгі талаптары:
субъект әлеуметтік-педагогикалық қызметтің болжамды
мақсаттарына, оны іске асыру жағдайларына, объектінің өзгешелігіне байланысты анықталады. Практикада бұл талап ылғи да орындала бермейді (бұл ретте жұмыс тәжірибесі жоқ маман бұл қызметке жіберілмеуге тиіс);
сараланған тәсілдеме;
- Жұмыс тәжірибесі жоқ маман оны меңгеру және өзін-өзі кәсіби тұрғыда таныту үдерісінде әдепті көмек пен қолдау қажетсінеді;
- әлеуметтік-педагогикалық қызметте тәжірибесі бар мамандармен жұмыста кәсіби қызметіне жауапкершілігін ынталандыратын индивидуалдық тәсілдеме қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |