Әлеуметтік педагогика


ХІ- ТАРАУ. ҚИЫН ТӘРБИЕЛЕНЕТІН БАЛАЛАР: МӘНІ, СЕБЕПТЕРІ, МӘСЕЛЕСІ



бет38/90
Дата25.09.2022
өлшемі1,49 Mb.
#150614
түріОқулық
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   90
Байланысты:
аза стан республикасы ылым ж не білім министрлігі леуметтік п

ХІ- ТАРАУ. ҚИЫН ТӘРБИЕЛЕНЕТІН БАЛАЛАР: МӘНІ, СЕБЕПТЕРІ, МӘСЕЛЕСІ
11.1 Әлеуметтік педагогикада «қиын тәрбие» түсінігі

Балалар тәртібіндегі ауытқушылық алыс және жақын шетел және отандық ғалымдарды, тәжірибелі-педагогтарды, бүкіл ғылыми орта, педагогика тарихы мен тәжірбиелік педагогикалық іс-әрекет барысында толғандыратын мәселеге жатады.


К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, П.Ф.Лесгафт тәрбие мәселеcімен қатар, жеке тұлғаның өзгеруінің алдын алуға, балалар тәртібінде ауытқулардың бастамаларын дер кезінде байқап және ерте анықтауына көп көңіл бөлген. Н.К.Крупская, П.П.Блонский, Л.С.Выготский, В.П.Кащенко, Н.В.Мясищева еңбектерінде «қараусыз қалған», «тәртібіндегі ауытқу» терминдерін қолданумен қатар – «қиын балалар», «тәрбиесі қиын», «педагогикалық қалыс қалу» түсініктері алғашқы рет қолданды.
В.Н.Мясищев тәрбиеге көнбеушілікті педагогикалық қолайсыз немесе антиәлеуметтік ортада пайда болған, жағымсыз педагогикалық жағдайдың әсер ету нәтижесі ретінде санай отырып, алғашқы рет тәрбиеге көнбеушілік құбылысын дәл, тура мағынасында берді.
Н.К.Крупская, П.П.Блонский қиын баланы ең алдымен табиғи, қалыпты тегіне тартушылығы бар кәдімгі бала ретінде айқындаған. Оның басқа балалардан айырмашылығын педагогикалық қалыс қалуы, ақыл-ойының толық жетілмегені деп түсінген. Осыған сәйкес оны дені сау, бірақ қалыс қалған бала ретінде тәрбиелеу керек деп санаған ғалымдар.
А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий, В.А.Сухомлинский негізінде бір пікірде болды: тәрбиеге қиын көнетіндер – бұл көбінесе қалыпты жағдайдағы балалар, яғни, оларды балалардың жалпы тобынан бөлудің қажеті жоқ, оларды қиындар қатарына қосуға себепші болған себептер мен жағдайларды бір мезгілде шеттете отырып, құрбыларымен еңбек ұжымында тәрбиелеу немесе қайта тәрбиелеу қажет. Олар қиын балалар тәрбисін алдын алу мәселесіне аса көңіл бөлді, маңызды педагогикалық зерттеу жұмыстары мен ғылыми тұжырымдады. Олардың ұсынған, мәселені шешу тәсілі, жеке тұлғаны тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу ұстанымдары мен қағидаларын қалыптастыру мен мінез-құлықтың жағымсыз жақтарын жоюға негізделген.
XX ғ. 60 ж. бастап балалар тәртібіндегі ауытқушылық мәселесін анықтау, диагностикалау және түзету-тәрбиелеу жұмыстары кеңінен тарап, үлкен маңызға ие болды. Алайда, бұрынғы және қазіргі уақытта қиын бала, қиын жасөспірім, тәрбиесі қиын, педагогикалық қалыс қалған, әлеуметтік қалыс қалған, делинквентті, девиантты тәртіп деген түсініктерді әр жағынан талқылау орын алған. Тәртібіндегі ауытқуды білдіретін біркелкі терминді анықтаудағы әр түрлілік пен келіспеушілік, қиын балалар типологиясындағы айырмашылықты осы санаттағы балалармен жұмыс жасаудың түрлі ыңғайын табу салдары ретінде шарттастырады.
Педагогикалық әдебиетте делинквентті тәртіп деп - жүйелі түрдегі тәртіпсіздікті, кінәлі болуды, қатаңдығы жағынан қылмыстық жазалау әрекетіне жетпейтін құқық бұзушылықты түсінеді.
Делинквентті тәртіпке: сабақтан қашу, бұзақылық, кішкентайлар мен әлсіздерді жәбірлеу, қалта қаражатын тартып алу, қыдыру мақсатымен велосипед ұрлау, бау-бақшаға және саяжайларға ұрлыққа түсу және т.с. жатады.
Девиантты тәртіп:
адамның арнайы бекітілген немесе берілген қоғамдағы нақты құрылған ұстанымдарға сәйкес келмейтін әрекеті ретінде;
адам әрекетінің көпшілік түрінде айқындалған, арнайы бекітілген немесе берілген қоғамдағы нақты құрылған ұстанымдарға сәйкес келмейтін әлеуметтік құбылыс ретінде түсіндіріледі.
Бірінші мағынада девианттық тәртіпті зерттейтін көбінесе психология, педагогика, психиатрия пәні болып табылады. Екінші мағынада – әлеуметтік педагогика, әлеуметтік психология және әлеуметтану пәні болып табылады.
Кейбір зерттеуші ғалымдар (В.В.Ковалев) девиантты тәртіпке антитәртіптік, антиәлеуметтік, деликвентті, аутоагрессивті құбылыстарды ендіреді, олар патологиялық, яғни тұлға патологиясының түрлерімен негізделген, және патологиялық емес, демек психологиялық, және олардың пайымдауынша, біріншіден микроәлеуметтік-педагогикалық қалыс қалумен негізделген.
Көптеген психолог-педагогтар (М.Буянов, С.А.Беличева) тәртіптегі ауытқушылықты жеткіншектің жанұядағы әлеуметтену тәсілімен және бағыттылығымен байланыстырады. Жанұя ерте әлеуметтенудің маңызды институттарының бірі болып табылады. Жанұяда бала анағұрлым терең, базисті негізді, құндылықтарды, ұстанымды, мінез-құлық стереотиптерін меңгеріп, оның психикасының эмоционалды аймағы қалыптасады.
Ерте жанұялық тәрбиенің кемшіліктерін түзету қиын. Алайда, дұрыс берілмеген келеңсіз салдарына, соның ішінде агрессивті тәртіп дағдыларына, пайдакүнемдік мақсаттарына мамандардың, дәлірек айтқанда әлеуметтік педагогтардың, тәжірбиелік психологтардың дер кезінде араласуымен жол бермеуге болады. Әлеуметтен тыс және антиәлеуметтік бығыттылықтағы жанұялар көбіне, балалар тәртібінде терең ауытқушылықты қалыптастырады. Тәртібі қиын балалардың жартысынан көбі тәрбиелеуге қажетті барлық объективті жағдай жасалғанына қарамастан, тәрбиелеу міндеттерін орындай алмайтын функционалды жағдайы жоқ жанұяларда тәрбиеленеді. Яғни бұндай жанұяның қажетті материалды жағдайы бар, ата-аналары салауатты өмір салтын ұстанады, өз балаларына қамқорлық көрсете біледі, және осындай жанұядағы балалар тәрбиесінің қиындығының себебі, педагогикалық қисындықтың жоқтығы, ата-аналар мен балалардың, ерлі зайыптылардың арасындағы эмоционалды қарым-қатынасында, олардың бала тәрбиесіне қолайлы әсер ететін, жанұялық атмосфераны құра білмеуінде болып отыр.
Балалық және жасөспірім шақтарда балалар тәрбиесінде ауытқушылықтың пайда болып дамуына ықпал ететін ең маңызды тәрбие факторларының бірі ол мектеп. Мектептегі тәрбие жұмысының кемшіліктеріне ең алдымен төменде аталған жағдайлар жатады:

  1. Мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы кемшіліктер: асыра ұйымдастырушылық, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысының бір- сарындылығы, бірікпеушілік, тіпті ұстаздар ұжымының ұдайы жанжалдасуы, оқушылар ұжымының және оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының тәрбиелік мүмкіндіктерін толық пайдалана алмауы, оқыту-тәрбиелеу жұмысын ұйымдастыруда қиындық туындататын материалды-техникалық базаның осалдығы және т.б.

  2. Оқушыларға дұрыс педагогикалық ыңғай таба білмеуіне байланысты қателер. Ұстаздардың жүзеге асыратын тәрбиелік жұмыс стилі авторитарлы болуы мүмкін, ондай жағдайда тәрбие жұмысы функционалды мінез-құлықты болады және тіл алғыштыққа, тәртіптілікке, сыртқы жайлылыққа қол жеткізуге бағытталған. Бұл жағдайда қолданылатын педагогикалық тәсіл арсеналында жазалау, тиым салу, шектеулер басым болады. Жеке және дифференцалдылық тәрбие жұмыстары жоқтың қасы. Оқытудың әдісі, түрі, ұйымдастырылуы әр баланың, жасөспірімнің жетістікке жету мүмкіншілігін тудырмайды. Тәрбие түрі либералды (өз бетімен жіберу) болуы мүмкін, ол жалпы мектепке ғана емес, кейбір мұғалімдер тобына да қатысты. Осы тұста тәрбие мақсатына жету үшін қажетті, жүйелі және бірізді жұмыс болмайды. Тәрбиешінің тәртібінің басқа да стилдік желісі– жеке үлгісі, іскерлік жолы немесе формалды қарым-қатынас стилі - болуы мүмкін. Соңғы жағдайда педагогикалық құндылықтар жүйесінде білімді игеру мен сыртқы тәртіп ұстанымына бейімделу басымдырақ болады да, бала өмірінің жеке тұлғалық тұстары ұстаздардың назарынан тыс қалады.

  3. Оқыту әдістемесін осал меңгерген, оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыра алмайтын ұстаздардың кәсіби деңгейінің төмен болуына байланысты қателер, соның салдарынан оқушылардың оқуға деген жағымсыз қарым-қатынасы туындап, мектеп бағдарламасын меңгеруі қиындай түседі, мектептегі ұрыс-керістер ұлғайып, мектептен алыстайды. Осы жерге мұғалімдердің өзін-өзі ұстай алмайтындығы, қоқан - лоқы көрсетулері, оқушыларды балағаттаулары жатады.

  4. Ата-аналармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмауы, олармен қарым-қатынаста әдепсіздік, дөрекілік көрсетуі, жанұя тәрбиесінің мәселесін, жанұяның өзара қарым-қатынасын көпшілік алдында талқыға салуды асыра пайдалану т.б.

  5. Жанұяның тәрбие жағдайларын білмеуі, сауықтыру мақсатында оларға ықпал ете білмеуі және оларды оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізгенде ескермеуі. Мектеп тарапынан жанұяға қажетті психологиялық-педагогикалық көмектің жоқтығы, ата-аналарға психологиялық-педагогикалық кеңес пен ағартушылық білім берудің жоқтығы.

  6. Оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру және тәрбие мәселелерімен айналысатын (мектептен тыс мекемелер, жасөспірімдер клубы, жеткіншектер бірлестігі, мәдениет мекемелері, спорттық құрамалар және т.б.) өзге де әлеуметтену институттарымен өзара дұрыс қарым-қатынас орната алмауы. Тәрбие тәжірбиесінде ауданда, ықшамауданда орналасқан материалды-техникалық, мамандар мүмкіндігін пайдаланбауы.

Оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда өзіндік ішкі кемшіліктерімен қатар мектептегі тәрбиелік - алдын алу жұмысына жалпы алдын-алу жұмысы жүйесінің дамымаған түріндегі сыртқы себептері(әлеуметтік-психологиялық қызмет, жанұяға, балаларға, жасөспірімдерге әлеуметтік емдік көмек көрсету және т.с.с.). кері әсер етеді, мектеп мұғалімдердің жеткілікті өкілеттілігі, қажетті кәсіби білімі жоқ және оларды тікелей міндеттерін атқарудан алаңдататын өзіне тән емес функцияларды орындауға мәжбүр.
Тәрбиеге көнбеушілік баланың, жасөспірімнің дамуындағы жас ерекшеліктік дағдарыс кезеңдерінің нәтижесі ретінде көрініс табуы мүмкін (Л.С.Выготский). Сондай-ақ, ұстамсыздық, эгоистік, менмендік, ересектер мен жолдастарын менсінбейтін қарым-қатынас шегімен үйлестіре алатын, «ыңғайсыз» атанған оқушылар да белгілі бір тәрбиеге көнбеушіліктің өкілі бола алады. Тіпті мұғалімдердің өздері осындай балалармен өзара қарым-қатынасты ушықтыра түсіріп, қажет емес дау-жанжалды тудырып, олармен қарым-қатынаста дұрыс емес көзқараста жиі болады.
Сонымен, тәртіптегі ауытқушылық генезисін негіздейтін әртүрлі, өзара байланысты факторлар қатарына төмендегіні атауға болады:
а) индивидтің әлеуметтік бейімделуін қиындатып, ауытқуы бар тәртіптің психобиологиялық бастамалар деңгейінде әрекет ететін индивидті(дара) фактор;
б) мектеп пен жанұя тәрбиесіндегі ақауларда көрінетін психологиялық-педагогикалық фактор;
в) кәмелетке толмаған баланың өзінің жақын туыстарымен, көшеде, оқыту-тәрбиелеу ұжымында өзара әрекеттестіктің жағымсыз ерекшеліктерін ашатын әлеуметтік-психологиялық фактор;
г) индивидтің ең алдымен қолайлы ортаға,ұстаным мен айналасындағы құндылықтарға, жанұяның, мектептің, қоғамның педагогикалық ықпалына, сонымен қатар, өз тәртібін өзі жүйеге келтірудегі жеке құндылық бағдары мен жеке қабілеттілігіне белсенді - таңдаумен қарым-қатынас жасауда көрінетін жеке тұлғалық фактор;
д) қоғамның әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық жағдаймен өмір сүруін анықтайтын әлеуметтік фактор.
11. 2 Тәрбиесі қиын балалардың белгілі топтары және олармен жүргізетін тәрбие жұмысының ерекшеліктері

Көптеген факторлардың әсер етуі барысында тәрбиеге қиын көнушінің өзіндік өзгешелігі қалыптасады. Тәрбиеге көнбеушілік тәрбиедегі, баланың «МЕН»ін қалыптастырудағы, оның қабілетсіздігі мен педагогикалық әсер етуге және оларға белсенді пікір білдіруді игеруді қаламаудағы қиындықты ескертеді. Тәрбиесі қиын бала – ол тәрбиеге белсенді қарсылық көрсетеді, сыйласымдылық көрсетпейді, ұстазға сенімсіздік танытады, педагогикалық үрдіске келеңсіздік көрсететін, даулы жағдайлар тудыруға азғырады. Толыққұнды және уақытында әлеуметтік-педагогикалық түзету жұмыстары жүргізілмесе бала қалыс қалып, оның тәрбиеге көнбеушілік аумағының көрінуі кеңейе түседі.


Тәртібінде ауытқушылықтың дамуының бірінші кезеңінде тәрбиеге қиын көнушіліктің алғашқы белгілері көрінеді. Ауытқушылық сипаттамасына келеңсіздік, келіспеушілік, тыңдамаушылық, мойындамаушылық, кейбір әлеу меттік талаптарды (отбасы, мектеп) орындамау кіреді. Бірақ әлеуметке қарсы тәртіп әлі жоқ. Тұлға қалыпты, өз құндылықтарына және ұстанымдарына сәйкес деп қабылданады.
Бұл кезеңде баланың жеке басының дамуының табиғи, тұлғалық-жеке дара және педагогикалық факторлардың үйлесуі тәрбиеге қиын көнушіліктің себептері болып табылады. Осы кезеңдегі педагогикалық іс-әрекеттің екі жолы бар. Бірінші жағдайда ол түзетуші ықпалында болу керек (ата-аналарға, ұстаздарға көмек). Басқа жағдайда көмек баланың жеке басына бағытталып, оның себепті-мағыналық аумағындағы өзгеріске бағдарлауы мүмкін. Аталған кезеңде баланың жеке басы туралы қоғамның бастапқы негативті пікірлері: ескертулер, ата-аналар, тәрбиешілер және т.б тарапынан тәртіпке салу шаралары орын алуы мүмкін. Алайда, тәртіп ауытқуын бұл жағдайда болжау өте күрделі. Егер жасөспірімге көңіл аударылмаса немесе сәтсіз көмек көрсетілсе, ол екі нәтижелі болуы мүмкін: тұлға мәселелерді өзі шешеді немесе тәртіп бұзушылығы ұлғая түседі.
Екінші кезеңде: әлеуметтік-адамгершілік талаптардың, ұстанымдардың бұзылуы және алғашқы бейәлеуметтік әрекеттердің көрініс беруі (ұсақ ұрлықтар, өтірік айту, бұзақылық) жалғасын табады. Ол тәртіптің айқындалған сипаттамасы бар шағын топтарды да қамтуы мүмкін.
Бұл жерде баланың жеке басына көрсетілген көмек (Поварницына В.А., Прокопьев И.П.) түзету - тәрбиелеу іс-әрекетінің сипаттамасына ие. Оның мақсаты – көрініс берген бейәлеуметтік тәртіпке дайын элементтерді қирату, қоғамның ұстанымы мен құндылықтарына сәйкес келетін құндылықтар мен ұстанымдар жүйесінің тұрақтылығы мен бірізділігін қалыптастыру.
Бұл кезеңде, мектептегі және түрлі қосымша білім беру ұйымдарындағы жеке және топтық жұмыстар, қоғамдағы өзін танытудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру мен тұлғалық-маңызды қызығушылықтарын қалыптастыратын одақтарда, ұйымдарда, түрлі қозғалыстарда балалардың бірлестігімен жасаған жұмыстар оқушылар тәртібінің кері кетуіне тосқауыл болады. Аталған кезеңде қайта тәрбиелеудің тәртіптік және мәжбүрлеу шараларын қолдануға болады. Уақытында назар аударып сәтті көмек көрсеткен жағдайда жағымды нәтижеге қол жеткізуге болады. Егер көмек уақытында көрсетілмесе, онда тәртіп бұзушылық тереңдей түсіп, негативті әрекет тұрақты әдетке айналуы мүмкін.
Үшінші кезеңде заңға қайшы әрекеттердің асқынуымен, осы қатынаста жинақталған тәжірибесімен (ұрлық, зорлық, дөрекі бұзақылық, алып-сатарлық және т.б.) сипатталған ситуациялық немесе тәртіптің бейәлеуметтік сипатымен үнемі айқындалатын бейәлеуметтік тәртіп орын алады. (Фельдштейн Д.И., Ермаков В.Д.). Тұлғаның қоғамдық ұстанымдарға қатысының және олардың санадағы айқындалу формасының өте терең өзгеруі соншалықты, жасөспірім өз тәртібін өзінің құндылық түсініктері мен ұстанымдарына сәйкес қалыпты деп санайды. «Сәйкестендірудегі дағдарыс», яғни, өз жеке басы мен өзі туралы қоғамдық пікірді бағалау туралы түсінігі басталып, бұрмаланған «МЕН» концепциясының пайда болуына әкеледі. Нәтижесінде, көбінесе жеке тұлға бейнесімен теңестірумен аяқталып, жанжалдық жағдайға әкеп соғады. Басқа сөзбен айтқанда жасөспірім «өзін ешкімге ұқсамайтын» және «жақсы нәрсеге қабілетім жоқ» дегенмен келіседі.
Осы кезеңде көмектің кәсіби түрде көрсетілгені маңызды, ол әлеуметтік-қарама-қайшы орналасу мен жаңа әлеуметтік-релеванттық орналасуды жою мақсатында, түзету-тәрбиелеу мен қарқынды әрекеттердің сипатында болуы керек. Педагогикалық ықпал ету әдістері: жеке және топтық тәрбие жұмыстары, сонымен қатар, жасөсіпірімдердің қызығушылығын дамыту үшін, олардың сыйласымдылықты қажетсінуі, абыройын құрметтеуі үшін құрылған жағдайлары арқылы жеке қабылдау түріндегі және топтық еңбек терапиясы мен қызықты да,беделді кәсіби біліктілікке жету. Бұл кезеңде жасөспірімнің өзін түзеу, өзін тәрбиелеу мүміндігі мүлдем аз. Бейәлеуметтік тәртіп пен бейәлеуметтік тәжірибені меңгеруді байытуға тұрақты дайындықтың өмірлік мәнінің кері бейімделу жүйесін қалыптастыру мүмкіндігі басымдырақ.
Төртінші кезең – рецедивті тұрақты жүйесімен және заңға қарсы әрекеттердің күрделенуімен, қауіпті қылмыстың байқалу мүмкіндігімен, үнемі бейәлеуметтік сипатымен айқындалатын топтарға қосылуымен сипатталатын тұрақты бейәлеуметтік тәртіп. Бұндай кезеңде, отандық және халықаралық тәжірбие көрсеткендей, көрсетілетін көмек ашық типті мекемелер мен олар үшін тәрбиешілердің арнайы дайындығын құру керек Сәтсіз көмек көрсетілгенде жасөспірімдерде бейәлеуметтік тәртіпке деген тұрақты дайындығы қалыптасады.
Бесінші кезең – тұрақты ауытқушылығы бар тәртіп, бұл тұрақты заңға қайшы іс-әрекеттермен сипатталатын ерекше қауіпті бейәлеуметтік тәртіп. Бұл кезеңнің сипаты педагогикалық және психологиялық аспектілер мәселелелерінің шегінен шығып, заңгерлер әрекетінің мәнін құрайды.
Н.Ю.Максимова, педагогикалық ықпалға қарсыласуды қиын тәрбиеленушіліктің жетекші нышандары ретінде қарастыра отырып, қиын жасөспірімдердің келесі тобын айқындап көрсетті:
1) педагогикалық ықпалға қарсыласуы саналы түсінігі мен әлеуметтік – қолдау тәртібі дағдыларының төмен деңгейде дамуымен негізделген жасөспірімдер;
2) педагогикалық ықпалға қарсыласуы жоғарғы жүйке іс-әрекетінің даму ерекшелігімен негізделген жасөспірімдер;
3) педагогикалық ықпалға қарсыласуы ұстаздың білместік әрекетінен туындаған жасөспірімдер («қиын тәрбиенің алдамшы түрі»);
4) «қарсыласуы» әлеуметтік болмыстың кейбір оңтайлы құбылыстарына теріс қарауға түрткі болатын жеке тұлғаның ерекшеліктерімен негізделген жамөспірімдер («шындығындағы қиын тәрбиеленуші»).
Тәртіптегі ауытқушылық ретінде қиын тәрбиеленушіліктің түрлеріне басқа да көптеген ыңғайын табу жолдары бар. Олардың негізіне түрлі көрсеткіштер алынады.
Хевитт және Дженкинс сынды ағылшын психологтары қиын балаларды екі үлкен топқа бөледі: а/ антиқоғамдық тәртіптің әлеуметтенген түрі деп аталатын балалар, оларға эмоционалдық жабырқаулар тән емес және өздеріне тән жақын туыстары мен жолдастарының антиқоғамдық топтарының ішіндегі әлеуметтік нормаға тез икемделеді; ә/ басқа балалармен, өз жанұясымен өте нашар қарым-қатынаста болатын және келеңсіздікте, агрессияда, дөрекілік пен кекшілдікте көрінетін эмоционалдық жабырқаулары бар әлеуметтенбеген антиқоғамдық агрессивті тәртіпті балалар.
Басқа зерттеуші, П. Скотт, аталған топтаманы дәлелдей отырып, әлеуметтенген қиын жасөспірімдер санаты екі топтан құралғанын көрсетеді: ешқандай тәртіп жүйесін меңгермеген және қоғамға қарсы нормаларды меңгерген балалар.
Ауытқушылығы бар тәртіптің әлеуметтік-психологиялық аспектісі И. Невскийдің топтамасында көрініс тапты. Ол жасөспірімдердің келесі топтарын бөліп көрсетті:
• 1-і топ – оң бағытты, бірақ тұрақсыз, біреудің кері ықпалына тез түсетіндер;
• 2-і топ – ынталы, бірақ дұрыс дамымаған, оқуда өз қатарластарынан қалыс қалатын балалар;
• 3-і топ –енжар, ынтасыз, жалқау балалар;
• 4-і топ – ұйымдаспаған, жинақы емес, зейіні тұрақсыз, қимыл-қозғалыстары баяу;
• 5-і топ – тәртібі нашар, тыңдамайтын, дөрекі, қарсылық көрсетуде белсенді ұйымдастырушылар, құрбыларына теріс ықпал ететін тәртіп бұзушылар;
• 6-ы топ – ата-аналарынан дұрыс үлгі алмаған және теріс тәрбие көрген, ешкіммен сиыспайтын қиын мінезді балалар;
• 7-і топ – қызуқанды, тұрақсыз, жиі өзгермелі мінезді, үйлесімділігі жоқ балалар.
Қиын жасөспірімдер типологиясы тек диагностика құралы ретінде ғана емес, сондай-ақ, нәтижелі алдын-алу жұмыстарын ұйымдастыру үшін, олардың бетімен кету себептерін табу үшін, олармен диференсация принциптеріне сәйкес жұмысты жоспарлап, жүзеге асыруға көмектесетін құрал ретінде де қажет. Ерекше топты дарынды (супранормалы) балалар құрайды. Дарынды балалар – бұл, дамуында өз қатарынан озып кеткен балалар. Жеке бас ерекшеліктеріне қарай, мұндай балалар өз іс-әрекеттерін, тәртібін және ойлауын бағалауда ерекше сезімтал, олар сенсорлы ынталануды аса қабылдағыш келеді және қатынас пен байланысты жақсы түсінеді. Дарындылықтың түрлі типіндегі балаларға түрлі жол табу керек, олардың мәселесі әртүрлі, сондықтан мұғалімдер мен психологтарға олармен жұмыс жасаудың түрлі жүйесі қажет. Педагог біріншіден, баланың мүмкіншілігін дұрыс бағалап, оған мәселесін шешуде көмек көрсетіп, болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыттау үшін дарындылық типін білуі қажет. Екіншіден, баланың дарындылық типін білмегендіктен, баланың ойлау және шығармашылық іс-әрекетінің өзгешелігін оның тәртіпсіздігі немесе тіпті оғаш мінезі ретінде қабылдай отырып, кейбір дарындылық түрін байқамай қалуы да мүмкін.

11.3 Тәрбиесі қиын балаларға тәрбие көрсету түрлері және қиын тәрбиеленушілерді тәрбиелеу мәселесі


Қиын тәрбиеленушілерді әлеуметтік байланыстың бұзылысымен (деформациялануымен) және жасөспірімдердің негізгі әлеуметтену институтарынан: біріншіден, отбасы және мектептен алшақтауымен бірге жүреді, сондықтан психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің маңызды міндеттерінің бірі осы алшақтатуды жеңіп шығу, жасөспірімдерді позитивті әлеуметтік тәжірибені жетістікпен меңгеретін қоғамдық маңызды қатынастар жүйесіне енгізу. Осы міндетті шешу әлеуметтік-педагогикалық шаралардың отбасындағы, мектептегі жағдайларын оңтайландаруға және жеке дара қиын тәрбиеленетін тұлғаның психологиялық-педагогикалық түзету, оның құрбылары арасындағы әлеуметтік орнын қалпына келтіруге бағытталған толық кешенді меңзейді. Қайта тәрбиелеу үрдісі тәрбие үрдісі сияқты, біріншіден жасөспірімнің жеке дара-психологиялық қасиетін ескере отырып, түрлі бейәлеуметтік көріністері мен ауытқуларының пайда болуына ықпал ететін тәрбиелеудің жағымсыз және нақты жағдайларын ескере отырып құрылуы тиіс. Маңызды ұстанымдардың бірі - жасөспірімнің жағымды қасиеттеріне тірек ету болып табылады. Болашақ мамандығын таңдауы мен кәсіби бағдарлылығына байланысты жасөспірімнің болашақ өмірлік талпыныстарын қалыптастыру да маңызды болып табылады.


Тәртіптің агрессиялық формасының көрінуі жасөспірім кезеңінің өзіндік көрінісі болып табылады. Агрессияны - зиянқорлық тәртібі деп түсінеді. Қоршаған орта агрессияны қабылдамағанымен, кейде оны позитивті бағалау жағдайлары болып тұрады, мысалы, жарыстарда жеңіске жеткізетін жағымды мақсатты іске асыруға бағытталған «спорттық ызақорлық» агрессия түрі сирек кездеседі.
Жасөспірімдік жаста тәртіптің агрессивті түрі көбіне: «сотқарлық», «бәлеқорлық», «оспадарлық», «өшпенділік», «ызақорлық», «қатыгездік» түрінде және ешкімге бағытталмаған келесі агрессиялар түрінде анықталады:

  1. Ашушаңдық– кішкене тітіркендіргішке қызбалық, лезділік, дөрекілік көрсетуге дайын тұруы.

  2. Келеңсіздік – әдетте басшыларға қарсы бағытталған тәртіптің оппозициялық шамасы; бұл тәртіп бекітілген заңдар мен салттарға қарсы селқос қарсыласудан белсенді күреске дейін ұлғаюы мүмкін.

  3. Өкпелеу – нақты немесе алдамшы күйзелістер үшін бар әлемге ыза болу сезімі салдарынан қоршағандарды жек көру және қызғану.

  4. Күдіктену – қоршағандар оған зиян келтіреді деген ұстаныммен адамдарға сенімсіздікпен және сақтықпен қарау.

  5. Ауызша агрессия – формасы арқылы да, мазмұны арқылы да білдіретін негативті сезімдер. Ұялу, кінәлі болу сезімдері қоғам нормасы тарапынан қолдау таппаған тәртіп түрлерінің білінуіне кінәлі болу сезімінің ұстамдылықпен ықпал етуін көрсетеді. Бұндай агрессияның түрі аутоагрессияға ауысуы мүмкін.

Жасөспірімдер мен балалардың арасындағы тәртіптің ауытқуларының психологиялық–педагогикалық алдын-алу келесі іс-әрекеттердің бағыттары енуі қажет:
• тәрбиеленушінің өзін-өзі позитивті бағалауы және балалар ұжымының басқа мүшелеріне жағымды көзқарастарын қалыптастыру;
• оқушыларға қатысты педагогикалық әдеп нормаларын орындау;
• бейімделу үрдісінде көмек көрсету, мектептің ережелері мен нормасын түсіндіру;
• бос және ойын-сауыққа арналған уақытты оңтайлы ұйымдастыру;
• салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды және залалды әдеттермен күресу және алдын алу шаралары;
• балалар ұжымын нығайту жұмысы.
Жасөспірімдердің жеке және әлеуметтік құзыреттілігін қалыптастыру, олардың тәртібінің жағымсыз көріністерін түзетуді, оларда позитивті «МЕН» бейнесінің, өзін-өзі құрметтей білу сезімінің, сынмен ойлау қабілетінің дамуынан, әлеуметтік мағынасы бар мақсаттарды қоя білуінен және жауапты шешім қабылдай білуінен бастау маңызды. Жасөспірім салауатты таңдау жасай білсін десеңіз, оны эмоциясын басқара білуге, күйзелістерді, мазасыздықты, жанжалды жағдайларды игере білуге, сынға агрессивті емес тәсілдермен жауап бере білуге үйрету қажет. Өзін-өзі қорғай білу дағдыларын, бөтен адамдар тарапынан болған қысымшылыққа қарсыласа білуін, зиянды дағдыларға тосқауыл қоя білуін дамытумен қатар, балаларға салауатты таңдау жасауға және пайда болған мәселелелерді әлеуметтік – позитивті құралдармен шешуге мүмкіндік беретін құндылықтарды қалыптастыруды дамыту өте қажет. Жасөспірімдер мен балалардың тәртібі мен жеке басының дамуындағы ауытқулардың алдын алу жұмыстары келесі негіздежүзеге асқанда ғана нәтижелі болады:

  1. оқу іс-әрекетінің сәттілігі;

  2. Оқушылардың өзара қарым-қатынасының эмоционалды жағымды, қанағаттандырарлық жүйесі;

3) психологиялық тұрғыдан қорғалған.
Соңғы жағдай тікелей түрде:
1) оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін білуін;
2) оларды мұғалімдер мен өзге субъектерінің оқу-тәрбие үрдісінде бұлжытпай орындаулары;
3) қандай да болсын дискриминацияны кез-келген нышаны бойынша қоспайтын, оқушылардың психологиялық және әлеуметтік теңдіктері;
4) оқушылардың дербес өзгешелігі мен өздігінен шешімге келу құқығын сақтау.
Тәртіптегі ауытқудағы педагогикалық түзетудің бастамасы болып:

  1. олардың танымдық мүмкіндіктерінің, себебінің немесе оқу іс-әрекетінің, эмоционалды-ерікті сфера жағдайының диагностикасы;

  2. жасөспірімдермен оқыту-түзету жұмысын құру:

а) білімідегі кемшіліктерді жою тікелей және жанама көмектің сипатында болуы мүмкін;
б) тікелей көмек біржолғы,жергілікті сипатта болады,ол оқу-танымдық іс-әрекеттегі кемшіліктерді шұғыл түрде жоюға икемделіп, оқу жағдайына байланысты құрылады;
в) жанама көмек үлгермеушілікті тудыратын себептерді жоюға, жалпы оқыту жағдайын жақсартуға бағытталған - бұл ұзақ мерзімді және кең ауқымды көмек.

  1. Жасөспірімдердің оқу-танымдық іс-әрекетіндегі түзетудің келесі тұрғысы болып, оқу іс-әрекетіне психологиялық-педагогикалық дайындық, оқу-танымдық үрдісіне дәлелдер: жаңа тақырыпты қабылдау кезеңінде білім алу; оқу іс-әрекетінің сезімдік көрінісі ретінде табылады.

  2. Сабақтан тыс іс-әрекеттің шамасын қамтитын тәрбиелеу-түзету жұмыстары.

Сонымен, оқу-тәрбие үрдісінің барысындағы түзету іс-әрекеті сезімдік, жылдам және мазмұнды қасиеттің бірегей үрдісін білдіреді, ол оқу-танымдық іс-әрекеттің тек сыртқы емес, сонымен қатар ішкі жағын да түзетуге мүмкіндік береді.
Іс-әрекеттің аталған бағыттарын тәжірбиеде іске асыру оқушылардың тәртібінде делинквентті және девиантты ауытқуларды болдырмауға көмектесе отырып, жағымды ықпал етуі мүмкін.
Тәрбиеге көнбеушілікті болдырмау әдістері:

  • мінездің жағымсыз типін жою әдісі;

  • өзіндік түйсік пен себеп-салдар сферасын қайта құру әдісі;

  • өмірлік тәжірбиені қайта құру әдісі;

  • теріс тәртіптің алдын алу және жағымды тәртіпті ынталандыру әдісі.

Ықпал етудің қандай да бір әдістерін қолдана отырып, «МЕН»ді түзету әдісінің санаға, сезімге, тәртіпке, жалпы алғанда жеке басқа әсер ететінін ескеру керек. Сондықтан тәрбиеге көнбеушілікті жеңу әдісі бір - бірімен өзара әрекетсіз, тәртіпті түзету құралы болып табылады, оларды кешенді түрде пайдалану осы әдістерді жасөспірімнің жеке жүйесін қайта құру құралы етеді.
Педагогикалық ықпал ету тәсілдері кешенінде: тәрбиеленушінің жеке басының теріс дамуына тежеу болатын, бөгет тәсілін және жеке бастың жақсы қасиеттерінің дамуына ықпал ететін, тәрбиесі қиын жасөспірімдердің сезім, қарым-қатынас, тәртіптерінің бұрыс бағытын түзеуге көмектесетін жасампаз әдістерді ерекшелейді.
Түрлі жүйке - психикалық ауытқулары мен патологиясы бар балаларға есептелінген арнайы оқыту - тәрбиелеу мекемелерінің жүйесін кеңейтудің, медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің, отбасының мәдени дамуының, педагогизация мен психологизация іс-әрекет органдарының алдын алу қажеттілігіне,алдын-алу – тәрбиелеу шамасының кешенді сипатына нұсқай отырып, тәрбиеге көнбеушілікті ескертуде жетекші роль жалпы әлеуметтік-педагогикалық сипаттағы шараларға берілетінін айқындай түсу керек. Яғни,өсіп келе жатқан буынды тәрбиелеу мен оқытудың жүйесін, балалар мен жасөсіпірімдердің қоршаған ортасын сауықтыруды және ең алдымен,олардың отбасы тәрбиесіндегі жағдайды шыңдауға орын беріледі. Тәрбие жұмысының мысалы ретінде В.А.Сухомлинский келтірген оқытудағы қиындықтарды жеңу жөніндегі тәжірбие технологиясын келтіруге болады.
1.Баланың ойлау әрекетіндегі аздаған болса да алға жылжу сәтін күтудегі шыдамдылығын және өз күшіне сенімін нығайту. Шын мәнінде бұл алға жылжу өте шағын, бір қарағанда тіпті кездейсоқ жетістік болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл жетістіктен бала жаңа қуат алып, оны қуанышты жетістік ретінде қабылдайды.
2. Жетістіктен жетістікке – бұл жерде қиын баланың ақыл-ой (тек ақыл-ой ғана емес) тәрбиесі тоғытылған.
3. Баланың жағымды іс-әрекетін қолдап, оның танымдық белсенділігіне жағдай жасау. Егер бүгін тапсырманы орындай алмаса, сол үшін ұрыспай, «екілік» қоймау керек. Үлгерімін бағалау нұсқаулығына сәйкес, оның нәтижесін бағалау қажет емес. Бұндай бала басқаша бағалау белгілерін талап етеді. Бастапқы кезеңде оның нәтижесін бұрынғы жетістіктерімен салыстырған жөн. Осал, нәзік өсімдік қолдау мен күтімді қажет етеді.
4. Бала үмітін үзіп, шешімін таппай қалатын жағдайда қалмауы керек.
5. Сабақта қиын бала өзінің қабілетті құрбысының қасында отырғандағы тамаша зейінділік пен төзімділігіне аса көңіл бөлінгені жөн. Сөзбен де, іс-қимылмен де мұғалім оның болашағына сенімін жоғалтқанын көрсетпеу керек.
6. Әр сабақта сондай оқушының кішкене болсада танымдық қадам жасап, қандай да бір жетістікке қол жеткізуіне тырысу абзал.
7. Бірнеше апта, тіпті айлар бойына қиын оқушының орындаған тапсырмасы басқа оқушылардың негізгі бөлігі орындайтын тапсырмадан анағұрлым жеңіл болады деп, қорқудың қажеті жоқ. Оған арнайы іріктелініп алынған тапсырманы орындасын – соның нәтижесін бағалаңыз.
Қиын оқушының түсінбегеніне аса төзімділікпен, түсіністікпен, сондай-ақ бірізділікпен, табандылықпен қараe қажет. Бұл жағдайда оның нұрлану кезеңі басталады деп үміттенуге болады. Бұл орасан эмоционалды түрткі болады. Жан сезімталдығын, бала психикасын білу, төзімділік пен табандылық - осының бәрі қиын баланың ақыл-ойының дамуының біртіндеп түзелуіне ықпал етіп, ол қиын бала болудан қалады.
В.А.Сухомлинскийдің бұл көзқарастары мен ұстанымдары XX ғ. соңындағы жаңашыл - педагогтардың тәжірбиесінде жалғасын тапты (Ш.А. Амонашвили, Е.Н. Ильина, В.Ф. Шаталов және т.б.).
Сонымен, қиын тәрбиенің себептері мен факторлары көпсалалы және көпдеңгейлі. Олар өзара әрекеттеседі және өзара келісілген. Себебін біліп, баланың жеке бас деңгейіндегі әрекеттестік – қиын тәрбиенің алдын алып, жеңіп шығу жетістігінің негізгі жолы.

СҰРАҚТАР МЕН ТАПСЫРМАЛАР





  1. Балалар тәртібіндегі ауытқу мәселесіне бұрынғы педагогтардың көзқарастарын сипаттаңыз.

  2. Балалардың девиантты, делинквентті тәртібіне және қиын тәрбиеленуге анықтама беріңіз.

  3. Балалардың тәртібіндегі ауытқуға алып келетін мектеп тәрбиесінің негізгі кемшіліктерін атаңыз.

  4. Қиын балалардың қалыптасуына отбасы тәрбиесі қалай әсер етеді?

  5. Заманауи әлеуметтік-экономикалық жағдайда тәртіптегі ауытқудың негізгі себептерін атаңыз.

  6. Қиын жасөспірімдердің даму ерекшеліктерін сипаттаңыз.

  7. Тәртіптегі ауытқуды топтастыру неге маңызды?

  8. Әлеуметтік педагог жұмысына қандай топтастыруды білген маңызды?



ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ



  1. Социальная педагогика /Под ред. В.А.Никитина.- М.,2000.

  2. Мардахаев Л.В. Социальная педагогика: Учебник. — М.: Гардарики, 2005. — 269 с.

  3. История социальной педагогики. Хрестоматия-учебник: Учебное пособие / Под ред.М.А.Галагузовой. - М., 2000.



  4. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   90




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет