ХҮ – ТАРАУ. ПЕНИТЕНЦИАРЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДЕГІ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ
Мемлекетте заңмен белгіленген мінез-құлық нормалары мен ережелерді бұзған адамдар сотталуға және арнайы мекемелерде жазасын өтеуге тартылады. Мемлекет мұндай адамды жасаған қылмысы үшін жазалау ғана емес, оны қайта тәрбиелеу мен қоғамға әлеуметтік тұрғыда дені сау адам етіп қайтару міндетін орындайды. Мұндай мәселелерді шешу және жүзеге асыру пенитенциарлық мекемелерге жүктелген. «Пенитенциарлық» ұғымы (латынның poenitentiarius – құқықтық) қылмысқа тән жазауға қатынасты білдіреді.
Пенитенциарлық мекемелер адамның қылмыстық-жазалық ісіне жаза қолдану қызметтерін орындауға, сотталғандарды түзету мен қайта тәрбиелеуге арналған арнайы (мемлекетке қарасты) ұйымдарды білдіреді. Мұндай мекемелердің қызметін зерттеумен әлеуметтік педагогиканың айрықша бір саласы айналысады. Ол жеке тұлғаның адамгершілік ақауларын жөндеу мүмкіндіктерін зерделейді, оларға қылмыстық жазасын (әсіресе бостандығынан айыру жазасын) өтеу жағдайларында қайта тәрбиелеуге ықпал етеді. Бұл ғылым саласы пенитенциарлық (түзеу, жөндеу) педагогика деп аталады.
Арнайы әдебиеттерде «түзетушілік-еңбек педагогикасы» тіркестері кездеседі. Түзетушілік-еңбек педагогикасы дегеніміз қылмыс жасаған және бостандығынан айырылған, сондай-ақ басқа да әр түрлі жазалармен сотталған адамдарды қайта тәрбиелеу бойынша ұйымдастырылған қызметтерді зерттейтін әлеуметтік-педагогикалық ғылым саласының бірі.
Түзетулік (пенитенциарлық) педагогикалық қызметтің шығуы ерте дәуірлерге саяды. 1841 жылы Ресейде алғаш рет Петербург колониясының кәмелет жасына толмаған қылмыс бұзушыларына арнап А.Я.Гердт адамның жеке тұлғасын сыйлау барысында өзін-өзі басқаруға, педагогтар мен тәрбиеленушілердің серіктестігіне және т.б. негізделген еңбек арқылы қайта тәрбиелеу идеяларын ұсынды. 1871 жылы Мәскеу университетінде «Түрметану» курстары ендірілді. Университет профессоры И.Я.Фойницкий алғаш рет түзетушілік мекемелерінің қызметшілерінің қылмыскерлермен қатынас жасау, адамгершілік-діни құралдары және әдістері арқылы қамалғандарға ықпал ету мәселелерін көтерді. 1923 жылы психологиялық-неврологиялық институттың профессоры С.В.Познышев «Пенитенциарлық ғылым негіздері» атты монографиясында пенитенциарлық педагогикаға қылмыскерлерді түзету бойынша тәрбиелік-білім беру қызметі тұрғысынан анықтама берді және мынадай ұғымдардың мәнін ашты: құқықтық және адамгершілік түзету; қамалғандарды түзетудегі жалпы білім берудің, мәдени-ағартушылық жұмыстарының, еңбектің тәрбиелік мүмкіндіктері.
Түзетушілік (пенитенциарлық) педагогикалық теория мен практика жүйесінің білімі педагогикалық қызметтің жеке саласы тұрғысынан ХХ ғасырдың 60 жылдардың басында қалыптасты. Бұл осы кезеңде түзетушілік-еңбек қызметінде көрініс алған мәнді өзгерістермен байланысты болды.
Достарыңызбен бөлісу: |