Жалпы тіл білімі 23 билет
1.Неолингвизм де жас грамматизм бағытына қарсы XX ғасырдың бас кезінде қалыптасқан лингвистикалық мектеп. Бұл атау гректің жаңа деген мағынаны білдіретін неос деген сөзі мен лингвистика деген сөздің бірігуінен туған.
Бұл мектеп Италияда қалыптасты. Оның негізін салушылар Маттео Бартоли (1873—1946), Джулиано Бонфант, Джулиано Бартони (1878—1946), В. Пизани, т. б.
Неолингвистер жас грамматистерді сынаған, өз принциптерін баяндаған көптеген еңбектер жазды. Сондай еңбектердің бірі — 1925 жылы Дж. Бартони мен М. Бартоли жазған «Неолингвистиканың қосымша очеркі» атты кітап. Онда лингвистикалық жаңа мектептің әдістері мен принциптері қысқаша баяндалады. Бұдан кейін Дж. Бонфант өзінің «Неолингвистиканың ұстаған жолы» (1947) атты еңбегінде неолингвизмнің жас грамматизм бағытынан қандай өзгешелігі барлығын елу бір пунктке бөліп тәптіштеп баяндап берді. Эстетизм өкілдері сияқты бұл мектеп өкілдері де өздерін идеалистерміз деп жариялайды. Неолингвизм бір-біріне үйлесе қоймайтын әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың — В. Гумбольдттың, Г. Шухардттың, К. Фосслердің, кейбір мәселеде Г. Паульдің принциптеріне сүйенеді. Сондықтан бұл мектеп кейде эклектикалық неолингвизм деп те аталады.
2.Тілдің жүйелілік сипаты оның барлық деңгейінен (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) көрінеді. Мысалы, кез келген тілдің фонетикасында "дауысты дыбыстардың жүйесі", «дауыссыз дыбыстардың жүйесі" деген тақырыптар бар. Ол, әрине, тегін емес. Дауыстылар жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң болып бөлінеді. Бұлай жұп-жұбымен және бір-біріне қарама-қарсы топтасуы тілдің дыбыстық қабатында белгілі бір жүйе бар екендігінің белгісі. Дыбыстар бір белгісі бойынша бір-біріне қарама-қарсы қойылса, екінші белгісі бойынша олар біртектес больш келеді. Мысалы: ы мен і дыбыстары тілдің қатысы жағынан бір-біріне қарсы дыбыстар (ы - жуан, і - жіңішке), ал еріннің қатысы жағынан олар біртектес дыбыстар (екеуі де езулік).
Құрылым - жүйедегі тілдік элементтер арасындағы қатынастардың жиынтығы. Ендеше, бұл тақырыптағы әңгіме тілдік жүйелердің құрылымы туралы болуы керек. Яғни тілдік құрылым – тілдік жүйенің құрамдас бөлігі. Тілдік элементтер арасындағы қатынастардың мынадай түрлері болады:
синтагмалык қатынас және 2) парадигмалық қатынас. Синтагмалық қатынас деп - көлденең бағыттағы қатынасты, ал парадигмалық қатынас деп — тік бағыттағы қатынасты айтамыз. Тіл білімін оқып үйрену – сайып келгенде, тілдік элементтер мен жүйлерді, олардың құрылымы мен қатынастарын оқып үйрену, меңгеру болып шығады.
3.Дескриптивтік мектеп 20 ғасырдың 20-жылдарында Америкада қалыптасқан. Мектепті қалыптастырушылар АҚШ тіл білімінің классиктері профессорлар Эдуард Сепир (1884-1939), Леонард Блумфилд (1887-1949). Бұл структурализмді қалыптастыруда екеуінің атқарған рөлі мен ұстанған принциптері бір емес. Сондықтан бұл екеуі қазіргі АҚШ тіл біліміндегі – этнографиялық, структуралық деп аталатын екі мектептің дем берушілері болып саналады.
Дескриптивистер тіл – ішкі, сыртқы байланыстары бар сигналдар жүйесі дейді де, тіл білімін металингвистика, микролингвистика деп екі салаға бөледі. Америка структурализмі дескриптивтік мектеп немесе дескриптивтік әдіс деп аталады. Бұл әдіс бойынша тілдің белгілі бір дәуірдегі күйі, статикалық қалпы эмпирикалық тәсіл бойынша сипатталады, ондағы өзгеріс-құбылыстар, даму, тарихы дегендер ескерілмейді. Дескриптивтік мектеп-тілдік текстерді талдаудың әдіс-тәсілдерін қалыптастыру, жетілдіру, лингвистикалық терминдерді айқындау мәселелеріне ерекше мән береді. Америка структуралистеріне бірден-бір материал болған және сол әдісті дүниеге келуіне себепші болған индеецтер тілдерін ең алғаш зерттеген адам –Американың көрнекті тіл ғалымы белгілі антрополог Франц Боас (1858-1942). Л. Блумфилд өз зерттеулерінде бихевиоризмдік психалогияның концепцияларын басшылыққа алды. Бұларша, психология тек мінез -құлықты ғана зерттеу керек, ал мінез-құлық дегеніміз-организмнің сыртқы реакциясының жиынтығы, реакция қоршаған орта туғызатын стимулдар арқылы механистік жолмен пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |