Өкілдік туралы жалпы ережелер
Өкілдік ұғымы. Жалпы ереже бойынша, азаматтық құқық субъектілерінің басқа тұлғалардың - өкілдіктің жәрдеміне жүгінбей-ақ мүліктік айналымға өз бетінше қатысу мүмкіндігі болады. Солай болса да, азаматтық айналымда өкілдік институты кеңінен қолданылады. Азаматтық құқықта бір адамның екінші адамның атынан жасаған мәмілелері немесе басқа да заңдық маңызы бар әрекеттері (мысалы, сотқа талап-арыз беру немесе сот отырысына қатысу) тікелей екінші адам үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызатын, өзгертетін немесе тоқтататын құқықтық қатынастар өкілдік деп аталады. Басқа адамның мүдделері үшін мәміле жасайтын адам өкіл деп, оның мүддесіне мәмiле жасалатын адам - сенім білдіруші немесе өкілдік беруші деп, ал сенім білдірушінің (өкілдік берушінің) мүдделері үшін өкіл мәміле жасайтын адамдар - үшінші жак деп аталад. Бірқатар мәмілелер немесе заңдық маңызы бар әрекеттер, мысалы, некелесу, еңбек шартын жасасу, өмір бойы күтіп-бағатын келісіммен үйді иеліктен шығару шартын жасасу заң актілерінде тікелей тыйым салынбағанның өзінде өзінің сипаты бойынша өкілдің өзі қатысуын талап етеді, сондықтан оларды өкіл арқылы жасау мүмкін емес.
Өкілдің өкілдік беруші адамның мүддесіне заңцық мәмілелер жасауы өкілдіктің елеулі қызметі болып табылады. Бұл АК-ның өкілдікке анықтама беретін 163-бабында тікелей баянды етілген. Өкілдік өкілдiң сенім білдіруші адамның атынан мәміле жасалуын көздейді. Өкілдік қатынастардың субъектілері.Өкілдікте өкіл, өкілдік беруші (сенім білдіруші) және үшінші тұлға арасында қатынастар туындайды. Өкілдікте және өкілдіктің көмегімен жасалған мәміле бойынша қатынастардың тууы үшін үш тұлғаның бірлескен және үйлесімді еркі болуы қажет: өкілдік беруші адам арқылы құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін - өкілдің; өкілдік беруші адаммен қатынас орнату үшін - үшінші адамның; өкіл арқылы мәміле жасауға өз келісімін ертерек немесе кешірек беру үшін - өкілдік берушінің еркі болуы керек Өкілдік өкілеттіктер.Өкілдің жасауына рұқсат етілген мәмілелер ауқымын өкілеттік деп атайды. Өкілеттік өкіл үшін ғана емес, сондай-ақ оның өкілдік берушінің атынан құқықтық қатынас орнататын адамдары үшін де міндетті, өйткені кейін оларды өкілдік беруші мақұлдайтын жағдайлардан басқа реттерде өкілеттігі жоқ немесе өкілеттігі көп өкілдік заңдық салдар туғыза алмайды. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, өкілдің өкілеттігі оларды үшінші жақтың танысуына және тексеруіне болатын әдістермен бекітіледі. Өкілдің өкілеттігі, әдетте, өкілдікке негіз болған заңдық фактінiң мазмұнынан туындайды. Заң немесе шарт өкiлдіктің пайда болуының негізі болып табылады. Заң арқылы пайда болатын өкілдік заңды немесе қажетті өкілдік деп аталады. Шарттың негізінде пайда болатын өкілдік шарттық немесе ерікті өкілдік деп аталады. Белгілі бір адам кемістіктерінің немесе әрекетке қабілетсіздігінің орнын толтыру қажет болатын жағдайларда заңды өкілдік пайда болады. Әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған кәмелетке толмағандарға (есі ауысқан, нашақор, маскүнем және т.с.с. науқастарға) қамқоршылық белгілеу заңды өкілдікке мысал болады. Заңды өкілдіктің пайда болу жағдайлары зандарда баянды етілген. Заңда заңды өкілдіктің пайда болуына қажетті заңдық фактілердің белгілі құрамы көрсетілген.
Заңды өкілдік тікелей мынадай заңдық фактілердің негізінде пайда болады: - өкілдік қатынастардың басталуына себепші болатын оқиғалар,мысалы, заң баланың туылуына байланысты ата-аналарға өкілдік қызметін атқару уәкілеттігін береді; - өкілдік қатынастарды белгілейтін сот шешімі,мысалы, соттың шешімімен азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану және оған қамқоршылық белгілеу әрекетке қабілетсіз азамат пен оның қамқоршысы арасында өкілдік қатынастар орнатады; - заңға сәйкес өкілдік қатынастар туғызатын әкімшілік акт,мысалы,бала асырап алушылықты ресімдеу. Коммерциялық өкілдік.Құқықтық реттелуінде елеулі ерекшеліктер бар коммерциялық өкілдік ерікті өкілдіктің ерекше түрі болып табылады, оның құқықтық реттелу ерекшеліктері АК-ның 166-бабында баянды етілген. Коммерциялық өкілдіктің айырым ерекшелігі - өкілдікке ерекше субъект - коммерциялық өкілдің қатысуында. Кәсіпкерлер өкілдік беруші адаммен еңбек қатынастары жоқ, өкілдік беруші адаммен жазбаша түрде жасасқан шарттың негізінде жұмыс жүргізетін, өзінің қызметі үшін сыйақы алатын және өзіне берілген тапсырманы орындауда әдеттегі кәсіпкердің қамқорлығындай әрекет етуге міндетті кәсіпкерлік қызмет саласында шарт жасасуда кәсіпкерлердің атынан ұдайы және өз бетінше әрекет ететін адам коммерциялық өкілдеп танылады. Коммерциялық өкілдік кәсіпкерлік қызметтің дербес түрі болып табылады
Достарыңызбен бөлісу: |