Ән – көңілдің ажары
Ән – көңілдің ажары. Ән салатын киелі мекен – сахна. Әлемді тыныштықта - мейірімділік пен махаббат тербейді. Қазақтың ән өнері, тіл байлығымыздың кеңдігі секілді өзінше бір әрі мен нәрі бойына тараған қазақы иісі бар, ән әлемінде, өнерде алар белесімізді өрнектеп көрсетеді.
Жуырда Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ұстай отырып «Қазақ халқының композиторларының өмірбаяны мен әндері» атты мектепішілік 8-11 сыныптар аралығында іс-шара өтті. 8 «а»- сынып оқушылары (сынып жетекшісі Альжанов Е.С.) Ақан сері Қорамсаұлының өмірбаянымен таныстыра келіп, сынып жетекшісі Е. С.Альжановпен «Балқадиша» әнін тамылжыта орындады. 8 «ә»-сынып оқушылары (сынып жетекшісі Д.Н.Джумагулова) Ескендір Хасанғалиевтың өмірбаяны және отбасы жайлы толық мәлімет бере отырып «Атамекен» әнінің шығу тарихын айта отырып, әнді нақышына келтіре отырып, орындағанда көрермендердің қошеметіне ие болды. Осы әннен оқушылардың Отанға, туған жерге деген махаббаттарын сезіндік.
9-сынып оқушылары (сынып жетекшісі Б.Қ.Искакова) Нұрғиса Тілендиевтің өмірбаяны, шығармашылығы жайлы айта келе, сынып жетекшілерімен бірге «Құстар қайтып барады» әнін шырқады. Әннің шығу тарихы жайлы да қысқаша айта кетті. Ағаш жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіреніп күз жеткенде құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Осы бір табиғи құбылысты дара тұлға Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әніне салған еді.
Қазақ халқында «Шәмші, Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болмасын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші әндерінің тақырыбы десек – артық айтқандық болмас...
Сазгердің «Ана туралы жыры» әрбір аналар мерекесінің, аналар тойының сәні болса, марш екпінді, мағына - мазмұны терең «Менің Қазақстаным» әні бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің әнұраны болып отыр. Ш. Қалдаяқовтың көптеген әндері Р. Бағланова, Р. Абдуллин, Б. Төлегенова, Р. Мұсабаев, З. Қойшыбаева т. б. әншілердің репертуарынан берік орын алды. Ш. Қалдаяқов 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Ш. Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі телефильм түсірілді-дей келе 10-сынып оқушылары (сынып жетекшісі Н.А.Шакиров) «Ана туралы жыр» әнін орындап берді. Әннің сезіміне берілген көрермендер көздеріне жас алды.
Алтынбек Қоразбаев 1948 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Қызылсай ауылында туған. Алтынбек үшінші сыныпта оқып жүргенінде Бескемпір ағасы оған қаладан сегіз ішекті мандолин әкеліп береді. Оның өзі де орыстың әлде бір частушкаларын, әндерін шебер орындайтын. Алтынбектің тағы да бір серігі гармошка болды. Ол он екі жасынан бастап гармошканы қайда барса, сонда алып жүретін әдет шығарды. Осылай Алтынбек қос музыкалық аспапты игеріп ән салу өнеріне алғаш қадам басты. Халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» «Үшқоңыр» әндерінің авторы. 11-сынып оқушылары «Үшқоңыр» әнін шырқады. (Сынып жетекшісі К.М.Кенчимбаева).
Іс-шараның тобықтай түйінін оқу ісінің меңгерушісі Н.А.Уразова оқушыларға тебіренерлік кеш сыйлаған оқушыларға жүрекжарды тілегін білдіре отырып, алғыс хаттармен марапаттады.
Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем әнмен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар әнді сүйсең, менше сүй, - деп дана Абай қазақтың ән мен күй құдіретін осылай жырлаған. Себебі, қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Осы әсем әндерді жанына сүйіп өскен оқушылар елінің нағыз патриоттары болып өсері сөзсіз. Осындай мерекелер жиі өтсе нұр үстіне нұр болар еді.
Аманжолова Аружан,
Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінің
8 «ә» сынып оқушысы.
Достарыңызбен бөлісу: |