ГИПОТАЛАМУС
Орталық ішкі секреция жүйесінің құрамына кіретін гипоталамус аралық мидың есебіне кіріп, таламустың астына қарай орналасқан нейросекреторлық және өткізгіш жүйкелік жасушалардан түзелген мүше. Гипоталамус эндокриндік қызметтердің реттелуін қадағалайтын жоғарғы жүйкелік орталық болып табылады. Сонымен қатар аралық мидың бұл аймағы вегетативті жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің орталығы. Ол ағзаның барлық висцеральдық қызметтерін бақылап, біріктіреді және эндокриндік реттеуді жүйкелік реттеу механизімімен үйлестіреді. Атап айтсақ гипоталамус эндокриндік, иммундық, вегетативті жүйке жүйелерінің қызметін реттейді, дене қызуын реттеуге, глюкозаның, кальцийдің, электролиттердің алмасуына, инстинктілік түрде болатын адамның мінез-құлқына, қан қысымына ықпалын тигізеді.
Гипоталамус ростральды-каудальды (алдыңғы-артқы) бағытта алдыңғы, ортаңғы және артқы бөліктерге бөлінеді, сагиттальды жазықтықта гипоталамуста бүйірлік, аралық және медиальды бөліктерді ажыратады. Гипоталамуста жүйкелік және эндокриндік қызмет біріктірілген. Гипоталамустың өндіретін нейромедиаторлары шын мағынасында гормон қызметін атқарады: қанның көмегімен таратылады, жасушалардың рецепторлары арқылы ықпалын жүзеге асырады. Эндокриндік қызметті атқарушы нейросекреторлық жасушалар. Олар гипоталамустың жұпты ядроларын (42 жұп) түзейді. Ядролар жүйкелік жасушалардың жиынтығынан және ақ заттан (жүйкелік талшықтар мен нейроглия) құралады. Гипоталамус мидың барлық бөлімдерімен және сопақша мида және көпірде орналасқан бас-ми нервтерінің ядроларымен тіке жүйкелік деңгейде байланысады.
Алдыңғы гипоталамуста супраоптикалық және паравентрикулярлық жұп ядролар орналасады. Супраоптикалық ядро үлкен көлемді холинергиялық нейросекреторлық жасушалардан тұрады. Бұл ядролардың нейрондарында ақуыздан тұратын нейрогормондар вазопрессин және окситоцин өндіріледі. Жасушалардың аксоны медиальдық эминенциядан және гипофиздің аяқшасынан өтіп гипофиздің артқы бөлігіндегі гемокапиллярдың қабырғасында аяқталады.
Паравентрикулярлық ядролардың құрылысы күрделірек. Онда екі аймақты ажыратуға болады: орталық және шеткері. Орталық аймағы үлкен көлемді холинергиялық нейросекреторлық жасушалардан тұрады. Олардың аксоны супраоптикалық ядроның жасушаларының аксонымен бірге артқы гипофизге өтеді. Бұл жасушалар (супраоптикалық және паравентрикулярлық ядролардың үлкен көлемді орталық аймағының жасушалары) вазопрессин және окситоцин бөледі (1 сурет). Адамда вазопрессиннің бөлінуі көбінесе супраоптикалық ядрода, ал окситоциннің түзілуі паравентрикулярлық ядроларда жүреді. Паравентрикулярлық ядроның кіші көлемді адренергиялық нейросекреторлық жасушаларының аксондары медиальдық эминенцияға өтеді. Вазопрессин артериолалардың қабырғасында орналасқан жазық бұлшықет жасушаларының тонусын арттырады. Вазопрессиннің екінші аты антидиуреттік гормон (АДГ). Ол организмде антидиуретті әрекетті, яғни нефронның дистальды бөлімінде судың кері сорылуын реттеуді қамтамасыз етіп, зәрдің концентрациялануын жүзеге асырады. Окситоцин жатырдың бұлшық еттеріне, сүт безінің миоэпителиоциттеріне үлкен әсер етеді, бұл жасушалардың окситоцинге сезімталдығы босану алдында және босанғаннан кейін эстрогендердің әсерінен жоғарылайды.
1 сурет. Гипоталамустың паравентрикулярлық ядросында анықталған окситоцин
Орталық гипоталамустың адренергиялық жасушалардан тұратын аркуатты (инфундибулярлы), вентромедиалды, дорсомедиалды ядролары бар. Оларды құрайтын нейросекреторлық жасушалар аденогипофиздің жұмысын реттеуші статин және либерин гормондарын бөледі. Либериндер (рилизинг-факторлар) аденогипофиздің гормон бөлуін жоғарылататын болса, статиндер оны тежейді. Бұл гормондарды паравентрикулярлық ядроның шеткері аймағының жасушалары, гипоталамустың преоптикалық аймағының жасушалары және супрахиазмалық ядролары бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |