5
Алғы сөз
Саясаттану Қазақстан Республикасы
жоғары оқу орындарының оқу
бағдарламаларына енген «әлеуметтік-саяси білімдер модулінің» құрылымдық
компоненті болып табылады. Саясаттану білім алушылардың әлеуметтік-
гуманитарлық дүниетанымын қалыптастыруда өзіндік рөлге ие ғылым саласы
және оқу пәні.
Саяси білім негіздерін меңгеру, азаматтардың
саяси сауаттылық
деңгейін көтеру бүгінгі ақпарат ағыны жағдайында тіпті күшейіп отыр. Соған
сәйкес «саясаттану» пәні білім алушы жастардың азаматтық ұстанымдарын,
саяси мәдениеті мен мінез-құлқын, саяси санасын
қалыптастыруда шешуші
маңызға ие.
ХХ ғасырдың 50-жылдары дербес ғылым саласы және оқу пәні ретінде
қалыптасқанымен, саяси биліктің тоталитарлы жүйесі үстемдік еткен
Кеңестер елінің білім беру жүйесінде саясаттану тәрізді оқу пәніне орын
болмады.
Білім алушыларға адамзат қоғамындағы
саяси мәселелер бойынша
нақты білім беретін, ондағы негізгі саяси институттар, ұйымдар, қозғалыстар
мен үрдістер, саяси қатынастар жүйесіндегі жеке тұлғаның құқықтық жағдайы
мен оның саяси өмірге қатысу жолдарын жан-жақты ашып көрсететін
саясаттану пән ретінде посткеңестік кеңістікте XX ғ. 90-жылдарынан бастап
қана оқу бағдарламаларына енгізіле бастады.
Саясаттанудың оқу пәні ретіндегі мақсаты - болашақ жас мамандар мен
еліміздің азаматтарын қоғамдық және саяси құрылыстың мәні мен табиғатын
түсіну, қалыптасқан саяси жағдай мен
өзгерістерге дұрыс баға беру,
азаматтық саяси мәдениеттерін қалыптастыру, өз құқықтары мен мүдделерін
қорғай білу, сонымен қатар өз замандастарының құқықтары мен мүдделеріне
түсіністікпен қарау, кез-келген күштеу, заң бұзушылық, адам құқықтары мен
бостандықтарының бұзылуына төзбеушілікпен қарау тәрізді қасиеттерді
қалыптастыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ата заңында
көрсетілгендей шынайы
демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекетті құру
жолында еркін ойлайтын, ойлау қабілеті терең, өз еркімен шешім қабылдауға
дайын, саяси санасы
мен мінез-құлқы қалыптасқан, саяси мәдениеті жоғары,
қоғамның түрлі саласында еңбек ететін кәсіби мамандарды даярлауда
«саясаттану» пәнінің рөлі ерекше.