Педагогикалық қарым-қатынастың екінші кезеңі педагог белсенділікті
өзіне алған жағдайдағы тікелей қарым-қатынастың ұйымдастырылуын
қарастырады, бұл қарым-қатынасты
басқаруда кейбір артықшылықтарға ие
болуға мүмкіндік береді. Осы мақсатпен алдағы тұрған қарым-қатынас
жағдайында бағдарлай білу жүзеге асады. Оған мына сәттер енуі мүмкін:
педагогтың оқушылармен өзіндік қарым-қатынас стилін ой елегінен өткізу; сол
сыныппен қарым-қатынас тәжірибесін ойша еске түсіру; жаңа коммуникативтік
жағдайлардағы қарым-қатынас стильдерін айқындау. Мұнда қарым-қатынас
объектілерін нақтылау да жүзеге асады. Әдетте қарым-қатынас объектісі ретінде
жалпы сынып алынады. Бірақ нақты педагогикалық міндеттерге байланысты
педагог балалар тобына немесе жекелеген тәрбиеленушіге жеке-жеке көңіл бөлуі
керек.
Педагогикалық қарым-қатынас үдерісіндегі екінші кезеңнің маңызды тұсы –
педагогтың балалар зейінін өзіне қарата алуы, себебі оқушылардың зейіні
педагогқа қаншалықты шоғырланған болса, сыныппен қарым-қатынас та
соншалықты нәтижелі болады. Бұны ағымдағы коммуникативтік міндеттердің
маңыздысы ретінде қараған жөн.